Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қоғам 8764 0 пікір 5 Сәуір, 2015 сағат 23:02

ҚАЗАҚТЫҢ ТЕКТІЛІГІ ҚАЛАЙ ЖОЙЫЛДЫ?

Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған,

Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан.

Торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда,

Жарқырап Лениндей күн шығып, атты таң...

...Дақ салмай Лениннің жеңімпаз салтына,

Ұрпағы қосты даңқ Отанның даңқына,

 Одақтас, ұрандас елдердің қамқоры,

Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына...

Бұл - орыстар билеген Кеңес Одағы кезіндегі қазақ елінің әнұраны. Қазақ халқының жартысынан көбін аштықпен, зорлықпен, қорлықпен, атып-асып, қырып-жойып жатқанда салған әніміз. Осындай жетесіздікке қалай түстік? 1918 жылы Ленин, Крупская, Дзержинский, Белинский, т.б. революция көсемдері, адам баласы пайда болғалы әбден сұрыпталып сынақтан өткен ұлттық педагогиканы «ескішіл, қараңғылықтың сарқыншақтары, буржуаздар педагогикасы» деп жоққа шығарды. Ойдан «кеңес педагогикасы» деген далбаса жүйе ойлап тапты. Балаға не білім, не тәрбие бермейтін осы жүйені әлі күнге дейін сары майдай сақтап, тістей қатып жабысып отырмыз.

Кеңес Одағы кезінде дәуірі жүрген Кеңес педагогикасының негізі; Лениннің оттаған өсиетімен, Макаренконың мектепті түрмемен «шатастырып» алған жендеттік тәрбиесімен, дені сау жан түсінбейтін «коммунистік демократиялық централизм» қағидасымен қаруланды. Кеңес педагогикасы ұлтты жоюдың жойқын қаруына айналды. Сол кезде қазақтың көзін ашып «сауаттандырады» деген мұғалімдер Кеңес Одағының сойылын соқты. Қазақ балаларын толыққанды, білімді, жеке тұлға емес, басыбайлы бағынған, өз ой-еркі жоқ, ұлттық асыл мұрасынан безген, салт-дәстүрін тәрк еткен, тілі мен дінін менсінбейтін етіп тәрбиелейтін «кеңестік педагогика» деген сұрқия «ғылым» қазақты құрбандыққа шалды. Кеңес педагогикасы тәрбиелеп шығарған миллиондаған қазақ балалары: Кеңес Одағы үшін, елін де жерін де ата-анасын да сатып жіберетін дәрежеге дейін уланды. Кеңес педагогикасы қазақ халқын (ұлтты ) әлеуметтік топтар мен таптарға бөліп ажыратты. Қоғамдық айырмашылықтарды таптық қайшылықтарға әкеліп шиеленістірді. Бір қазақты - бай мен кедей деп екіге бөлді. Сауатсыз, надан кедейлерді қаруландырып, көзі ашық, ұлт мүддесі үшін күресетін, ұлттың зиялыларын атқызып, бас көтерер ерінің көзін жойғызды. Қазақ мемлекетінің алтын діңгегі - байлар мен оқығандар; қазақ елін мыңдаған жылдар сақтап, өркендеткен ешбір соғыста жаудан жеңіліп көрмеген көреген, баһадүр нарқасқалар еді. Олардың балаларын интернаттарға, жетімдер үйіне әкеліп мәңгүрттендірді. Мектепті білім беру үшін емес, қазақтың көзін жою үшін пайдаланды. Бұл ретте қаржыны аяған жоқ. Кеңес Одағының ұлтсыздандыру идеологиясы мен саяси террордан қазақ халқын сақтандырған алаш азаматтарын 1928-1929 жылдары Голощекин бастаған, Е.Елтаев,  О.Исаев, І.Құрамысов қостаған топас, «құдайсыздар» қуғынға салып,түрмеге тықты. Қазақ ұлтының жанына «қабысатын» Ж.Аймауытовтың  «Психология», М.Жұмабаевтың «Педагогика», Ә.Бөкейхановтың «География», А.Байтұрсыновтың «Қазақ тілі», Қ.Сәтбаевтың «Алгебра», М.Дулатовтың «Есеп кітабы», т. б. оқулықтарын өртеп, оқу бағдарламасынан алып тастады. Орнына Сталин мен Ленинді, социализм мен коммунизмді жырлаған, сатқындықты дәріптеген, қазақтың хан, бай, би, батырларына лағнет айтқан «қызыл сұңқарлар» мен «Қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың» «еңбектерін» қазақ әдебиеті мен қазақ тілі пәндеріне кіргізіп, қалған пәндерді түгелдей орыс тілінен аударып қазақ балаларын ғылым мен білімнен айырды. Жетпіс жыл бойы қазақ балалары мектепте орыстар жазған қазақшаға аударылған оқулықтармен оқып келді. Яғни, кеңестік кезеңде таптық жікшілдікке, шет жұрттық өктемдікке, мәңгүрттік соқыр санаға жол бердік. Ұлтты рухсыздандыруда, құдайға қарсы күресте мұғалімдердің «еңбегі» ұшан-теңіз. Қазақтың тектілігін жойды. Негізінен тексіздердің заманы туды. Кеңестік педагогиканың мұрагері болған мектеп, осы жүйені әлі күнге дейін сары майдай сақтап отыр. Біздің мектеп, колледж, ЖОО-дағы педагогика, физология, социология, психология ғылымдары таза ғылыми ой-санамен жазылмаған, «коммунистік идеяға» бұрмаланған. Коммунизм «елесіне» есі кеткен, социализм жүйесіне бағындыруды ғана мақсат тұтып, «кеңестік жаңа адам» жасау үшін адам бойындағы асыл қасиеттерін де жоққа шығарды. Кеңес Одағы кезінде өсіп-өнгендер, педагог ғалымдарымыз да осы «улы қазаннан» қайнап шықты. Тәуелсіздік алғаннан соң, педагог ғалымдарымыз ұлттық педагогикадан қашып, еуропалық санамен уланды. Ендігі ұрпақ та жатжұрттық педагогикамен өсуде. Себебі, педагогика ғылымын меңгерген ғалымдарымыздың бойында ұлттық рух, имандылық, ұлтшылдық жоқ. Сондықтан білім жүйесіндегі  педагогика, дидактика, тәрбие теориясы, баланың даму процесі, қалыптасуы жөніндегі іс-шаралар қазіргі заман талабына, қазақ ұлтына сай келмейді. «Ұлттық педагогиканы қалпына келтіреді» дейтін педагог ғалымдар, оқулық авторлары ұлттық салт-дәстүрді ұстамайды, көбісі жек көреді. Еркегі басына кепка киіп өзінің кім екенін ажырата алмай қияли, әйел ғалымдарымыз ажырасқан, байсыз бала тапқан, кәрі қыздар. Отбасының, бала бақытының не екенін білмей жүріп, педагогика ғылымын «меңгергендер». «Кеңес педагогикасының» қазы-қарта, жал-жаясын жегендер өз «теорияларының» жалғандығын мойындай алмай, жаңаша оқыту жүйесін шет елдерден іздеп әлек болуда. Бірі - орыс, бірі - ағылшын, бірі - америкалық оқыту тәсілдерін тықпалауда. Ол орыс мектептеріне жарап қалар, ал қазақ мектебіне қасіреттен басқа ештеңе әкелмейді. Өйткені, ол алаш көсемдері айтпақшы, қазақтың жанына «қабыспайтын» жат дүние. Құлдық психология сүйегіне сіңгендігі соншалық, әлі күнге тәуелсіз елдің азат қазақтары екенін сезіне алмай жүрген ғалымдарымыздың әрбір сызған-жазғандарынан айқын көрініп тұрады.

ЖОО-да ұлттық педагогика оқытылмайды. Ұлттық педагогика, психология ғылымдарын меңгермеген жас мамандар мектепке келгенде не оқытады? Ұлттық педагогиканы мектепте қолдану аясы; балаларды ұлттық ойындармен ойнатып, «Наурыз» тойын өткізуден аспайды. ЖОО-дағы ұстаздардың оқытатын «ғылымдары» - батыстық ғалымдардың жазған-сызғандары. Соны қазақшаға көшіріп алып, дінінен, ұлттық асыл қасиеттерінен мақұрым, рухсыз, елін, Отанын сүюдің не екенін білмейтін, салт-дәстүрден жиренген, технократ, өзге ұлттардың салт-дәстүрін, тілін, «мәдениетсымағын» «өркениет» деп қабылдайтын мамандар даярлап шығарып жатыр. Яғни, қазақ елі, қазақ жері, қазақ халқы бола тұра өзге ұлтты жақсы көретін, солардың мәдениетін насихаттайтын, тілін тарататын ұрпақтар тәрбиелеп отырмыз. Бұл не қылған ақымақтық қазағым, ағайындар, бауырлар?!

 

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ,

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасының иегері.                                                                                                                                                                  

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052