Жұма, 22 Қараша 2024
Шынның жүзі 7548 0 пікір 30 Наурыз, 2015 сағат 09:38

ҰЛТТЫҚ НАМЫС БАРОМЕТРІ. БҰЛ БІЗДЕ БАР МА?

Ұлттық намыс дегеніміз не?

Ол өзі көзге көрінетін, қолға ұстайтын, дәмін сезетін нәрсе ме, жоқ болмаса, адамға тәрбие үшін айтылатын, ал күнделікті өмірде бар-жоғы білінбейтін идея ғана ма? Бұл жерде пікір қақ жарылады: бір жағынан алып қарасақ, ол – дәмі сезілетін-ақ нәрсе! Мысалы, Афина олимпиадасының чемпионы атанып, ұлтының көк туын желбіреткен қазақ боксшысы Артаев Бақтиярдың Олимптегі көз жасы мен онымен қосылып «ақсарбас, ақсарбас!» деп жылаған мың-мың қазақстандықтардың көз жасының кермек дәмі − ұлттық намыс «дәмі» емей немене? Болмаса, Маловодное, Шелек, Шеңгелді, Ынтымақ оқиғаларында орын алғандай: қарындастың қорланғанына шыдамай, зорлықшының жағасына жармаса кетуге даяр жүздеген қазақтың өре түрегелгенін көргенде, ол – қолға ұстайтындай-ақ нәрсе болып шықпай ма?..

Кейінгі кезде бізде ұлттық намыс туралы көп айтылмайтын болып кетті. Сірә, соған қарағанда «ұлттық намыс» біздің мемлекетіміздің жүргізіп отырған ұлтаралық және халықаралық саясатының көптеген форматтарына сай келмейтіндей, тіптен оған қарсы болатын жағдайға тап болса керек деп топшылауға болады.

Оның түпкілікті себебі мынада: біріншіден, Қазақстанның өзін «көпұлтты» деп жариялады. Соның әсерінен «ұлтаралық қатынаста бір ұлтқа басымдық беру ұлттар арасындағы достыққа, мемлекет тұтастығына нұқсан келтіруі мүмкін» деген секемшіл саясат қалыптасты. Осы «секемшіл саясат» «Қазақстан – унитарлы мемлекет, оның тарихи егесі осы мемлекеттің пайда болу жолында ең көп қасірет шеккен, ел мен жерді сақтау үшін миллиондап қырылған, тепкіні де, езгіні де көрген ҚАЗАҚ ҰЛТЫНЫҢ мемлекеті болып табылады» деген қарапайым әрі ұлы ақиқатты мойындауға мүмкіндік бермеуде.

Сөйтіп, қазақ билігі өзінің ұлттық саясатында жалтақтық танытуы арқылы келесі бір қайшылықты туындатты: бір жағынан, Конституцияда «Қазақстан – унитарлы, яғни моноұлттық мемлекет» деп атап көрсетілсе, екінші жағынан, іс жүзінде – қоғамның келбеті «Қазақстан – көпұлтты мемлекет» деген қағидаға сай құрылды.

Сөйтіп, ұлттық мемлекетке тән «жетекші, мемлекет құраушы ұлттың мемлекеттік жауапкершілігі» атты қазақ ұлтының тарихи миссиясы оның (ұлттың) міндеті аумағынан шығып қалды.

Енді мына жағдайға назар аударайық: тәуелсіздік алмай тұрған кездің өзінде қазақ ұлтының алдында «тәуелсіздікке жету» деген «миссиялық» бағдар болып еді! Ал енді тәуелсіздік алғаннан кейін, қазақ ұлты ол миссиядан ажырап, «абдыраған күйде» дегенге сай келетіндей ұлтқа айналды. Сонда тәуелсіздікті не үшін алғанбыз − «миссиясыз мешел ұлтқа» айналу үшін бе? Ал «қазақ миссиясын» алмастыруы тиіс «азаматтық жауапкершілік» әртүрлі әлеуметтік теңсіздіктің орнауына байланысты ояна алмауда. Тіптен коррупциямен ұштасқан әлеуметтік теңсіздік шиеленіскен сайын, «азаматтық жауапкершілік» одан әрі әлсірей беру қаупі бар!

Оның үстіне Қазақстанды мекен еткен өзге ұлттар Қазақстанды «тарихи Отаны» санамайды. Олар ресми түрде «көпұлтты» делінсе де – Қазақстанды ең алдымен «қазақ мемлекеті» деп түсінеді. Сондықтан өзге ұлт өкілдері «мемлекеттік жауапкершілікті» қазақ халқының міндеті санап, өздеріне мұны миссия ретінде жүктемейді. Соның нәтижесінде өзге тұрмақ, қазақ ұлтының өзі «ұлттық намыс» шеңберінен тыс қалып, «мемлекеттік жауапкершілікті» жат қолға өткізіп берді: оның бүгінгі қожасы − коррупцияланған жүйе!

Ал ондай жүйеде қандай да бір «ұлттық намыс» болуы мүмкін бе? Әрине, жоқ! Себебі, алдымен жеке басты ойлаған жерде – ұлт пен мемлекет мүддесі қорғансыз қалады. «Ұлттық намыс жоқ жерде жауапкершілікті талап ететін күш те жоқ» екенін сыбайласқан жүйе жақсы меңгерді. Соны біліп, мемлекет пен ел-жұрт үшін намысқа тырысудың орнына, бұл сыбайласқан жүйе өз есебін түгендеумен ғана әуре. Ондай «мемлекетшілік» біздің көз алдымызға «Мемлекет деген – мен!» деп айтқан Людовиктің сөзін келтіреді. Бұл жерде «меннің» орнында жүйе тұр.

Бұл іс жүзінде Бисмарктың саясатын елестетеді. Бірақ Бисмарк әлемдегі ең мықты ұлттардың бірі – неміс ұлтының негізін қалап, оның санасына «МЕН» деген сөзді мәңгілікке құйып кетсе, біздегі жағдайда бұл тек қана билік пен халықтың арасы ажырағанын білдіреді: біздің «бисмарк» пен «тамырлана алмай жатқан ұлт» екеуі екі бағытта, екі мақсатта өмір сүріп жатыр…

Ал «ұлттық намыс» қайда? Оған бір ғана жауап бар: «Өзінің тарихи миссиясы мен бағытынан ажырап қалған ұлтта ұлттық намыс болмайды» деген! Кезінде Абай ол туралы «Пайда ойлама, ар ойла» десе, бүгінде Ш.Мұртаза «Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел» дейді. Ол аз болса, президент Н.Назарбаевтың өзі де Абайдың 150 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде «Ар-намыссыз азамат өзгелердің көсегесі түгілі, өзінің көсегесін көгерте алмайды. Онсыз ұлттық сана мен ұлттық намыс та тұл» дейді. Бұл сөздерде мән бар!

Өкінішке орай, елбасы айтқан «көсегені көгерту» тетіктері бүгінде толығымен өзінің қолында тұрса да, ел басқару тізгінін сеніп тапсырған уәзірлері ұлттық намысты оятуға асықпайтындарын айтпай кете алмаймыз…

Сонымен, «Ұлттық намыс» дегеніміз не? Ұлттық намыс деп «адамның өз ұлтынан кіндігі ажырамағынын санасына сіңіруін, сөйтіп, Отанына деген сүйіспеншіліктің, оның тағдырына деген жауапкершіліктің пайда болуын, яғни әрбір азаматтың мемлекеттігін сезінуін» айтамыз.

Кейбіреулер «ұлттық намыс» дегенде оны «ұлттық эгоизм» деп қабылдап, намыстың оянуын «фашизммен» ұштастырды. Бұл өрескел бұрмалаушылық пен ұлтшылдыққа жабалған жала, ұлттық намыстың оған еш қатысы жоқ! Керісінше, ұлттық намысы бар адам ғана өз ұлтының кемшіліктері жөнінде ашық айта алады. Ал санасы «ұлттық эгоизммен» уланған жан ондай кемшіліктерді көрудің орнына, ұлттық мінездің кертартпа жағын да дәріптеуге, оны жетістікке бағалауға бейім келеді. «Ұлттық эгоизм» ұлттың дамуын әлемдік тенденциялармен байланыстырудан кенже, тіптен кейде қиял мен мифологияның жетегінде жүргенді жаны қалап тұрады… Ал ұлттық намысы бар жан қиын кез бола қалғандай болса − өз ұлтының нағыз қорғанышына айналады. Бірақ мұндай биік «ұлттық намыс» күнделікті өмірде айқайлап тұрмайды. Алайда ол − қоғамның белгілі бір даналық сатысына жеткенінің белгісі болып табылады.

Біз оған қашан жетеміз?..

Ұлттық намысқа жетудің жолы – соқпақ…

Мақала жазу барысында осы мәселе туралы кім не жазды екен деп іздей бастадым. Арнайы зерттеу жұмыстары кезікпеді. Тек қана Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ-і Саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы Сейілбек Мұсатаевтың «Ақиқат» журналының 2014 жылғы қыркүйектегі санындағы «Қазақтың ұлттық намысының құны қанша?» деген мақаланы кезіктірдім. Тәп-тәуір жазылыпты: қазақы намыстың психологиялық, педагогикалық астарлары біршама талданған екен. Мысалы, «Кез келген адамның адами болмысы мен мінез-құлқын анықтайтын басты психологиялық қасиет – ар-намыс. Ол жеке адамның бойындағы адалдық, әділеттілік, шыншылдық, ар, абырой, тектілік, көргенділік сияқты сапалық қасиеттерді бағалайтын кешенді моральдық-этикалық және әлеуметтік-психологиялық түсінік. Намыс сан-қырлы қызмет атқарады: ол бейне бір адамның ішіндегі көрінбейтін тәртіп сақшысы − адамгершілікке жат іс-әрекеттер жасаудан сақтап қана қоймай, пасық ниеттерден арылу үшін де қажет», – дей келе, «жеке адамдардың ар-намысының жиынтық сапасы, түптеп келгенде, қандай да бір ұлттың, елдің, діннің, әлеуметтік топтың ар-намысының деңгейін анықтайды. Кез келген ұлт өкілдерінің ар-намысы қаншалықты болса, сол ұлттың ұлттық намысының сапалық деңгейі де соған сай болмақ» деген қорытынды шығарады.

Мен Сейілбекті ізбасар іні ретінде сыйлаймын. Алайда оның бұл ойымен келісе алмас едім. Неге дейсіздер ғой? Себебі, жеке адамдар намысы жиынтығы не қосындысы еш уақытта «ұлттық намыстың» сапалық деңгейінің анықтаушысына айнала алмайды. Кезінде дана Абай «Бас-басына би болған өңкей қиқым!» деп бекер айтты дейсіздер ме? Абай айтқан «қиқымдардың» кеудесін намыс (жеке) керіп кеткені соншалық, олар өзінің емес, елінің қамын ойлаған Абайды таяққа жықты. Сондықтан әр «адамның жеке намысы ұлттық намысқа ұласады» деген тұжырым принципті тұрғыда қате пікір. Ел билігіндегі «жеке намыс» – елді аздырады, ал ондағы «ұлттық намыс» – оздырады!

Міне, мәселенің төркіні қайда?! «Жеке намыс» әрі кетсе ұлттық тәрбие, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің сапалық көрсеткіші бола алады. Ол – алдымен «қазақылықтың» көрінісі. Ал «ұлттық намыс» − елдіктің көрінісі, әрі ол әр адамның мінез-құлқынан емес, ұлттың іскерлік қабілетінен, бірлігінен, білімге ұмтылысынан және т.б. ізгілікті істерден көрінеді. Мұндағы ең маңызды нәрсе деп «ұлттық намыстың тек қана қайырымды қоғамда ғана туындай алатындығын» айтар едік! Сондықтан «ұлттық намыстың» басты критерийлерін қоғамның үйлесімділігінен, қоғам саналы түрде қабылдаған, оның барлық мүшелері үшін «жазылмаған заңдық» күші бар «ұлттық идеологиядан» іздеу керек. Ол идеология біздің өміріміздің ішкі-сыртқы жағын толық қамтуы тиіс.

Егер тарихи бір кезеңде мемлекет өзінің алдында тұрған түйінді мәселені «ұлттық намысқа» сүйене отырып шешу қажеттігіне тап болса, онда ол ешқашан «жеке намысқа» емес, өзінің ұлттық идеологиясына сүйеніп әрекет етеді. Өйткені, мұндай жағдайда ұлттық намысты оятатын күш әр адамның санасындағы «мемлекетім – менің мәртебем» деген идеологиялық ұстаным болып табылады. Ондай «ұстанымы» бар мемлекетті өте күшті мемлекет десе болады. Басқаша айтқанда, бұл − «мемлекет халықтың мүддесіне орай жұмыс жасап жатыр» дегенді білдіреді. Егер осыны басшылыққа алсақ, онда авторитаризм – «жеке намыс», ал халықты мемлекеттілігін сезінетін субъектіге жетелейтін демократия – «ұлттық намыс» болып шығады, яғни екеуінің «шығар тегі» екі бөлек екенін көреміз.

Сондықтан «ұлттық намыс» − ұлттың дамуымен бірге қалыптасатын құбылыс: егер халық ұлт ретінде ұйыса алмаса, билігі оны ұлт ретінде ұйыстыра алмаса – бұл ортада «мемлекеттігін сезіну» жоқ. Сондықтан қанша жерден «жеке намыс» ішті жарып бара жатса да, ондай мемлекеттің азаматтары өзін мемлекетінің егесі деп санамайды. Сөйтіп, ұлттық намысы да оянбаған күйде қала береді...

Жоғарыда біз «ұлттық намыстың» спорт, өнер және басқа салаларда жеткен табыс кезінде өрлейтіні туралы айттық. Бірақ өмір үнемі жеңістерден құралмайды. Ол жеңістер қысқа сәттілік − аз уақыттан соң ұмытылады. Ал ұлттық намыстың оянуы мемлекеттің тұрақты өрлеу бағытымен сәйкес келеді. Ол үшін азаматтардың көңіл түкпірінде «мемлекетімен мақтану» сезімі орнығуы тиіс. Өкінішке қарай, біз мүмкіндігіміз бола тұра, ондай ахуалға қол жеткізе алмаудамыз. Сөйтіп, елге іштен, не сырттан қауіп төнетіндей жағдай кезіксе, елбасының өзі айтқандай, «өзгелердің көсегесі түгілі, өзіміздің де көсегемізді көгерте алмайтын» хәлдің алдында тұрмыз. Бүгінде ұлт тағдырын ойлап жүргендердің бәрі осыған алаңдаулы. Біз серпілтетін, сілкіндіретін атамұра демократиялық жолымызды жаңғырта алмай, ол кездің келуін аңсаумен келеміз...

Жақында сайлау болады деп күтілуде. Кейбір басылымдар қазірден бастап, сайлауды халық «бірауыздан қолдады» деп әндете бастады. Ертең «президентті бірауыздан қолдап шықты» деп тағы да жырлайтын болады. Бірақ «ұлттық намысқа» жету «бірауыздан» болуы ешбір мүмкін емес. Егер біз халықтың санасы «ұлттық намысқа» ұлассын десек, онда ол «сананы» бесікке бөлеп, тербете беруден құтылу қажет! Сонда ғана халық «намысын қайрап», өздері көзбен көріп отырған әділетсіздік атаулыны қирата бастайды. Бұл – күрес. Халық та осындай күресте жанығып-шынығады. Ондай халықты ешбір жау ала алмайтыны, ондай халықпен кім де болса «разведкаға» баруға даяр екендігі – талассыз шындық. Ендеше бұл сайлау қазіргі «ұлттық намыстың» барометрі болғалы тұр. Ол − айтпаса да түсінікті шығар…

 

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ.

 

Abai.kz

 

Дереккөз: «Общественная позиция» газеті. (проект «DAT» №12 (283) от 26 марта 2015 г). 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1458
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282