Омар ЖӘЛЕЛ. Ұлттық мәдениет пен әдебиет арқылы ғана ұлттық иммунитет қалыптастыруға болады
Омар ЖӘЛЕЛ, абайтанушы:
- Омар аға, бүгінгі қоғамда ислам ішінде небір ағымдар пайда бола бастады. Сол ағымға кіріп кеткен жастарымыздың аузынан «қазақ дінсіз болған, Аллаға серік қосқан, аруаққа табынған, ата-бабаларымыз адасқан» дейтін сөздерді жиі еститін болдық. Сіз айтыңызшы, қазақтың діні қандай болды? Қазақ дінсіз болған ба?
Омар ЖӘЛЕЛ, абайтанушы:
- Омар аға, бүгінгі қоғамда ислам ішінде небір ағымдар пайда бола бастады. Сол ағымға кіріп кеткен жастарымыздың аузынан «қазақ дінсіз болған, Аллаға серік қосқан, аруаққа табынған, ата-бабаларымыз адасқан» дейтін сөздерді жиі еститін болдық. Сіз айтыңызшы, қазақтың діні қандай болды? Қазақ дінсіз болған ба?
- Діннің тарихына үңілетін болсақ, ислам діні Сауд Арабиясында VII ғасырда пайда болды. Ал қазақ даласына VIII ғасырда келеді. Тарихтан белгілі, Х ғасырда Қараханидтер дейтін ұлы мемлекет болған. Ислам соның мемлекеттік дініне айналады. Біздің исламды VIII ғасырдан бастап қабылдағанымыздың үлкен дәлелі - Х-ХІ ғасырларда қазақ даласында діннің үлкен ренессансы болады. Сол уақытта дін ғұламалары дүниеге келеді. Атап айтсақ, ислам дініне бағыт-бағдар көрсеткен, ислам дінінің қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ұлы даламыздың ғұламасы Қожа Ахмет Ясауи, оның шәкірттері - Хакім Ата деп аталып кеткен Сүлеймен Бақырғани, Софы Аллаяр, Ахмет Иүгнеки, Сайф Сараилар және әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Мұхаммед Хайдар Дулати сынды ғұламалар шыққан. Бір Отырардың өзінен 30-ға тарта әл-Фарабилердің болғанын қазіргі зерттеушілер зерттеп жазып жұр. Қарап отырсаңыз, ислам діні пайда болғаннан кейін бір ғасыр өтер-өтпес уақытта дін қазақ жеріне тарай бастаған. Сондықтан да қазіргі кезде кейбіреулердің «қазаққа дін тарамаған» дегені - бос сөз. Мұндай сөзді олар қазақтың тарихын білмегендіктен айтады.
Енді екінші бір мәселе, ХІХ ғасырда кейбір орыс зерттеушілерінің қазақтардағы мұсылман дінінің әлсіздігі туралы, кейбіреулерінің қос дінді ұстанатындығы жайында жазған пікірлері бар. Бұл пікірлер де негізсіз емес. Өйткені қазақ даласы орыс мемлекетіне қосылар алдында 300 жылға созылған қазақ-жоңғар соғысын бастан өткерді. Үш ғасырға созылған соғыстың кесірінен мұсылман ренессансының нәтижесінде дүниеге келген алып ислам мәдениеті бірте-бірте әлсірей бастайды.
Араб саяхатшылары Мауераннахр жайында былай жазады: «Сырдарияның жағалауынан тамның үстіне секіріп шыққан лақ тамнан түспестен секіріп отырып, Әмударияға дейін жетеді», - дейді. Яғни бұл Мәуренахрдағы, біздің бабаларымыздың ежелгі байтағындағы, былайша айтқанда, жиделібайсындағы қалалардың тығыздығын байқатқан. Сол қалалардың бәрінде: Сығанақ, Сауран, Янгикент, Тараз, Сайрам, Отырар, Ясы, Қарнақта медреселер, діннің ошақтары болған. Ясауиді, Сүлеймен Бақырғаниді, Жүсіп Баласағұниді, әл-Фарабиді, Софы Аллаярды тудырған ұлы мәдениет ошақтары жоңғар шапқыншылығының нәтижесінде қирап, медреселер күйзеліске ұшырап, көбісі құрып кетті. Сол шапқыншылықтың кесірінен қазақтар бұрынғы отырықшылық мәдениетінен алыстап, бірыңғай көшпелі шаруашылыққа көшуге мәжбүр болды. Жазушы Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегінде: «Сол кезеңде қазақтардың дінсізденуі, моральдық хал-ахуалының, ахлағының әлсіреуі басталды», - деп ашық жазады. Орыстардың «қазақтардағы дін әлсіз» деуінің себебі осыдан, яғни осындай бір сұрапыл, нәубет замандарды басынан кешіргендігінен. Содан ХІХ ғасырда қазақ әлеуметі орыс мәдениетімен бетпе-бет келіп, олардың боданына айналады. Отарлаудың қауіпті қыспағына түскен қазақтарға өзге жат мәдениеттің, әлеуетті мәдениеттің көмейіне жұтылып кету қаупі туды. Міне, осы кезде діннің екінші бір ренессансы пайда болды. Біздің қазақтың басшылары, ғұламалары, Құнанбай сияқты ел қамын жеген ерлері егер қазақ қазір дінге бет бұрмаса, бұрынғы дінді жаңғыртпаса, қазақтың орыстанып, шоқынып, ұлттың жойылып кету қаупі барын іштей сезді. Осы кезде батыста Жәңгір хан, Қарқаралыда Құнанбай қажы мешіт салдырса, оңтүстікте Маман бай, шығыста Әбдікәрім болыс медресе салып, үлкен қайрат көрсетті. Осы отарлану қаупі тудырған діни жаңғырығудың нәтижесінде ел ішінде Орта Азияның діни оқу орындарын тамамдаған Науан хазірет сынды ғұламалар пайда болды. Осы факторлардың барлығы қазақ даласында діннің екінші бір ренессансын тудырды. Қазақ балалары медреселерде оқи бастады. Алаш қозғалысы көшбасшыларының барлығы дерлік медреселерден тәлім алып шыққандар. Осындай күрделі де қиын процесті қазақ басынан өткерді. Объективті болу үшін осының бәрін ескерген жөн. Сондықтан да қазақ еш уақытта дінсіз болған емес.
- «Біз таза исламды ұстанамыз, діннің тазалығы үшін күресеміз» дейтіндер де бар? Бұлар кімдер?
- Ол рас, қазір біреулер «таза ислам» жайында жиі пікір айтатын болды. Арабтың «сәләф» деген сөзі «таза исламды ұстанушы» деген мағынаны береді. Олар VII-VIII ғасырларда өмір сүрген. Яғни Пайғамбарымыздың сахабалары. Таза ислам жайында пікір айтып жүргендер өздерін «сәләфиміз» дейді. Халық оларды ішінара «уаһһабшылар» деп те жүр.
- Жалпы, «дін тазасы» деген не өзі? Дін өзі таза бола ма?
- Дін Сауд Арабиясында пайда болды. Құран араб тілінде түсірілді. Алайда Алла тағала дінді арабтарға ғана емес, бүкіл адамзатқа түсірді. Құран арабша болғандықтан, араб тілін білу керек. Өйткені Абай атамыз: «Кімде-кім араб тілін білмесе, дінді таза білмейді, көп сөйлеп, басты ауыртады», - дейді. Жалпы, араб тілін білу шарт.
Енді дін түскенге дейін арабтардың өздерінің ұстанған әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, діни наным-сенімдері болды. Исламды арабтар өздерінің наным-сенімдері, салт-дәстүрлері арқылы қабылдады. Әрине, олардың надандық заманындағы дәстүріне көптеген өзгерістер енгізілді. Көп құдайға табынушылық жойылды, қыздарды тірідей көмуге тосқауыл қойылды. Сол кезде мәдениет деген пайда болды. «Мәдениет» деген сөз «мадина», яғни «қала» деген сөзден шыққан. Былайша айтқанда, «қалалық мәдениет» деген мағынаға саяды. Арабтарда дін түскенге дейін жазиралық мәдениет болса, кейін Мекке мен Мәдина қалаларында діннің шарапатымен қалалық мәдениет қалыптасты. Содан бастап дін жан-жаққа тарай бастады. Ислам діні адамзатқа түскендіктен, басқа да жұртқа тарауы керек болды. Ал ол жұрттардың да өзінің ұстанған салт-дәстүрі, наным-сенімдері, өздерінің философиясы бар болатын. Осыны ескерген Пайғамбарымыз сахабаларына «дінді өзге халықтарға сіңдіру үшін сол халықтың салт-дәстүріне тиіспеңдер, нұқсан келтірмеңдер, егер шариғатқа қайшы келмесе» деген еді. Осы сөзді ұстанған сахабалар, Пайғамбарымыздың ұрпақтары - қожалар қазақ даласына келіп, қазақтың салт-дәстүріне, түріктік дүниетанымына негізделген ерекше бір ислам мәдениетін қалыптастырды. Оның көрнекті өкілі - Қожа Ахмет Ясауи. Ал қазір діннің тазалығы жайында әңгіме айтатындар - қазақтың салт-дәстүрін ысырып тастап, таза арабтың дінін қабылдатқысы келетіндер. Яғни арабтың салт-дәстүріне негізделген дінді. Олар соны таза дін деп ұғады. Ал қазақ халқы исламның сыртқы формасына ғана қанағаттанып қалмай, исламның ішкі мәйегіне үңілген, ішкі мағынасын тапқан сопылық ағымды қабылдады.
- Ата-бабамызды дінсіз деп шығарып жүрген алабөтен ағымдарға қалай тойтарыс бере аламыз?
- Шәкәрім өзге ағымдарды «шатақ діндер» дейді. Бізде шатақ діндерге хизбут тахрир, уаһһабилік ағымдар сияқты ислам дінінде пайда болған радикалды ағымдар жатады. Былтыр Новгородтан Волков деген сектолог келіп кеткен болатын. Сонда ол «шатақ діндер» жайында былай деді: «Бұл шатақ діндерге тойтарыс берудің бір-ақ жолы бар. Бұлармен тікелей күресіп еш нәтиже шығара алмайсың. Бұлармен күресу үшін ұлттық иммунитет керек. Ұлттық иммунитет дегеніміз - сол халықтың өзінің ұлттық салт-дәстүрі, ұлттық дүниетанымы. Соны мектептен бастап оқыту керек». Сөзінің жаны бар. Орыстар «святое место пусто не бывает» дейді, яғни қазақ руханиятында өзге ағымдар кіріп кететіндей бос жер болмауы керек. Ол үшін балаға мектептен бастап қазақ руханиятындағы ұлы тұлғалардың: Ясауидің, Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының еңбектерін оқыту керек. Ясауидің ілімі ауыр дейтін болса, ең болмағанда үш ғұламаның еңбегін оқытып, мектептен балалардың ұлттық иммунитетін қалыптастырып шы-ғаруымыз қажет. Оған арнайы мамандар дайындау керек. Англияда өздерінің ұлттық дүниетанымына негізделген «англиканская церковь» деген бар. Олар өздерінің діндерін балаларына қаншама қаржы бөліп, балабақшадан бастап оқытады. Сонда әлгілерден «Сендер неге соншама ақша шығарып, балаларға дінді балабақшадан бастап оқытасыңдар?» деп сұрағанда, олар: «Егер біз қазірден бастап балаларды өздерінің ұлттық мәйегімен қоректендіріп үлгермесек, ертеңгі күні олар басқа, бізге жат ағымдардың құшағына кіріп, қақпанына түсіп, бұзыла бастаған кезде, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіре бастаған кезде, оларды қайтару үшін біз бұдан бес-алты есе көп қаржы жұмсаймыз», - деген екен. Қазір бізде анасын жылатып, атасының сақалын жұлып, «сендер кәпірсіңдер», «сенің қолыңнан тамақ ішпеймін, өйткені сен намаз оқымайсың» дейтін радикалды ағымдардың ішіне кіріп кеткен жастар бар. Сол жастармен мемлекет не істерін білмей отыр. Күресетін еш дәрмен жоқ. Осындай қиын жағдайға душар болмау үшін біз мектептен бастап Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіптің еңбектерін оқытуымыз керек. Міне, сонда ғана біз ондай ағымдарға қарсы тұра аламыз.
- Мүмкін, ұлттық иммунитетті қалыптастыратын орталықтар ашу керек шығар?
- Оныңыз рас. Ұлттық иммунитетті қалыптастыру орталықтарын құру керек. Оны шартты түрде «қазақ мәдениетін жаңғырту орталықтары» десек те болады. Бірақ мақсаты ұлттық иммунитетті қалыптастыру болу керек. Және оның қоғамның бүкіл саласын қамтығаны жөн. Иранда ұлттық иммунитетті қалыптастыратын өздерінің ұлттық әдебиеті екен. Олар физикке де, химикке де, математикке де Фирдоуси, Рудакилерді оқытатын көрінеді. Олардан «физикке, химикке Фирдоуси мен Рудаки неге қажет?» деп сұраса, олар: «Егер біз қазірден бастап олардың ұлттық иммунитетін қалыптастырмасақ, ертеңгі күні оның химиясы мен физикасы кімге қызмет ететіні түсініксіз», - деп жауап береді екен. Бізге де осындай ұстаным қажет. Ал біз баланың мектеп кезіндегі руханиятын бос кеңістік етіп жіберіп аламыз да, ол сол бос кеңістікпен университетке келеді. Сол кезде радикалды ағымдардың ықпалына түседі. Олар қазақтың өрімдей ұл-қыздарын туған жұртынан, төл мәдениетінен, тілі мен ділінен алыстатып, өз халқынан жиіркендіріп, елін жамандатуға үйретеді, «ата-бабаң адасқан» деген улы уағызды саналарына сіңіріп, ұлттық нигилизм рухында тәрбиелейді. Қазір сырттан келетін ағымдар өзіне тарту үшін, ең бірінші, ұлтынан жиіркендіруге тырысады. Олар «әлемдегі ең ұлы халық - араб, әлемде арабтың шейхтерінен асқан дана ешкім жоқ» деген сана қалыптастырады. Бұған уланған жас ертеңгі күні қазақтың өзіне қарсы шығады. Ондай баладан патриотизмді, отансүйгіштікті күту бекер.
Сондықтан да ұлттық иммунитетті қалыптастыру - күттірмейтін шаруа, ауадай қажеттілік. Және мұны аса ыждаһаттылықпен, ақылға салып, кең пішіп, мамандармен кеңесе отырып, арнайы бағдарлама жасап, мектеп бағдарламасына енгізуіміз керек. Мектептің қазақ әдебиеті, дінтану пәндерінің мұғалімдерін абайтанудан, шәкәрімтанудан, мәшһүртанудан арнайы кәсіби біліктілігін көтеретін дайындықтан өткізу қажет. Өйткені арнайы дайындығы жоқ адам бұл аты аталған ғұламалардың еңбектеріндегі діни-философиялық ойлардың тереңіне бойлай алмайды. Осы бабаларымыздың ілімін бойымызға сіңіріп, ұлттық иммунитет қалыптастыра алсақ, онда іні-қарындастарымызды сырттан келетін теріс пиғылды ағымдар еліктіріп әкете алмайды.
- Сіздің ойыңызша, ұлттық иммунитетті қалыптастыру үшін мектеп балаларына ұсынылатын бағдарлама қандай сипатта болғаны жөн?
- Менің ойымша, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр сияқты ғұламалардың еңбегін жаттату керек. Жаттау - ол өзі жаттығу және бұдан жады пайда болады. «Жады» деген сөз дінде «еске алу» деген мағынаны береді. «Алпамыс» жырында «Бір Құдайды жад қылды» деген жолдар бар. Яғни бұл жерде «бір Құдайды еске алды» деген мағынада қолданылып тұр. Қазір бізде «Шәкәрім оқулары» өтіп жатады. Бұлар - өте керемет нәрселер. Өйткені Шәкәрімнің ілімін тек қана жаттау арқылы алуға болады. Жаттаған кезде ілім, нұр адамның бойына бірте-бірте сіңеді. Басында түсінбеуің мүмкін, бірақ кейін біртіндеп ілімнің сыры ашыла бастайды. Сондықтан да ғұламалардың шығармаларын тек жаттату керек. Шәкәрім былай дейді ғой:
- Қырықтан соңғы қырымды,
Сынамақ болсаң түрімді,
Көрейін десең нұрымды,
Жи-дағы оқы жырымды.
Күн сайын яки айында,
Жаттап оқып пайымда.
Жан мен Тәңірі жайында
Дәлелім көп тынымды.
Шәкәрім өзін тану методикасын өзі айтып отыр. Бала түсінбейді деп қорықпау керек. Шәкәрім ілімі бірте-бірте өзі ашыла береді.
Осылардың бәрін мектеп бағдарламасына енгізетін болса, бала әрі қазақ әдебиетін игереді, әрі діннен, мәдениеттен хабардар болады. Ең бастысы - ұлттық иммунитеті қалыптасып шығады.
- Бүгінде мешіттерімізде жүріп жататын діни насихатқа қандай баға берер едіңіз? Көңіліңіз тола ма? Ұлттық иммунитетті қалыптастыруға қаншалықты үлес қосып жатыр?
- Діни насихат бізде өте жақсы жүріп жатыр. Бір ғана жетіспейтін нәрсе, ол - қазақтың мәдениеті. Біздің елде ашылған медреселердің ешқайсысында қазақтың төл мәдениеті тереңдетіп оқытылмайды. Қазіргі кезде біз дінді жалаң оқытпауымыз керек. Дінді қазақтың мәдениетімен байланыстырып оқыту қажет. Біздің діни насихатымыз сонда ғана халықтың көңілінен шығатын болады, сонда ғана ұлттық иммунитеттің қалыптасуына септігін тигізеді.
Алашқа айтар датым...
Қазіргі дін ұстанған кейбір бауырларымыз бір-бірін «ахи», «ухти» дейтін болды, яғни «ахиы» араб тілінен аударғанда - «бауырым», «ухтиы» - «қарындасым» деген сөз екен. Міне, осымен-ақ шатақ діндер жастарымызды «аға», «апа», «қарындасым», «сіңлім», «бауырым» деген сөздерден ажыратып жатыр. Тіпті қазақша аттарын арабшаға ауыстырып жатқандарын да кездестірдік. Біздікілер Көтібар, Боқкөт, Итбай болып-ақ әулие болған ғой. Қазақта Қуат, Суат Әбусейітовтер дейтін атақты әншілер бар. Олардың есімдері алғашында діни мағынада болған екен. Бір күні Мәшһүр-Жүсіпке аталары екеуінің аузына түкіріп беруін сұрапты. Мәшһүр-Жүсіп әлгілерден есімдерін сұрайды. Екеуінің де есімі Алла тағаланың атымен, сипаттарымен байланысты болып шығады. Мәшекең сонда аталарына қарап: «Әй, сенің Аллада нең бар? Сен өмір бойы Алланың берген қуатымен жылқы бақтың (жылқышы болса керек), Алланың берген суатымен жылқыңды суардың, сөйтіп, бала-шағаңды асырадың, елге құрметті болдың, сондықтан да бір балаңның аты - Қуат, бірі Суат болсын, тфу-тфу», - деп ауыздарына түкіріп берген дейді. Ал қазір қазақтың аты жоғалып барады. Атты өзгерту дегеніміз - мәңгүрттенудің бір тәсілі.
МОЛДАЛАРДЫҢ ҚАПЕРІНЕ
Алла тағаланың уәде берген даналықтарының барлығы - қазақ тілінде. Сондықтан ғалым болам десең, әулие болам десең, молда болам десең, қазақтың тілін меңгеру керек. Қазіргі молдалардың халық арасындағы беделінің жоқтығы неде деп ойлайсыз? Олар араб тілін біледі, хадис, аятты біледі, бірақ қазақ тілін білмейді, қазақтың рухани мәдениетінен мақұрым. Сондықтан да қазаққа жақындай алмайды. Ал бұрын қазақтың молдалары қандай болған? Олар қисса-дастандарды жатқа сапырған ғой. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Фархат - Шырын» сияқты дастандарды жатқа айтып отырған. Молда - «ғұлама» деген сөз. Қазір бұл сөз «девальвацияға» ұшырап, жаназа шығаратын, Құран оқитын деңгейге дейін түсіп қалған. Ал бұрын олар ғұлама болып, бала оқытқан, нандарын адал еңбекпен тапқан. Сондықтан да қазақ балаға бата бергенде «молда бол» деген.
Салтан Сәкен
«Алаш айнасы» газеті