Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әдебиет 8378 1 пікір 20 Наурыз, 2015 сағат 10:40

Л.Н.Толстой. ЖҰМЫРТҚАДАЙ БИДАЙ

Осыдан 100 жыл бұрын "Қазақ" газетінде жарық көрген Әлихан Бөкейхановтың Лев Толстойдан аударған мына әңгімесінде ғибрат мол. Оқыңыз. Әңгімені тауып, оқырманға ұсынған М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Жылбек Сенбекұлына алғыс білдіреміз.

Abai.kz


Балалар ойнап жүріп, жұмыртқадай бір нәрсе тауып алады. Ортасында бидай сызығындай сызығы бар. Тұрпаты нақ бидайдай.
Бір жолаушы балалардан 5 тиынға сатып алып, қалаға апарып, табылмайтын нәрсе деп патшаға қымбатқа сатады.
Патша данышпандарды жиып сұрайды «бұ жұмыртқа ма, бидай ма?» деп. Данышпандар олай-бұлай алып қарады, бірақ патшаның сұраған сөзіне жөнді жауап бере алмады. Терезе алдында жатқан нәрсені тауық келіп шоқып теседі. Жұрт бидай екенін білді. Данышпандар патшаға айтыпты: «бұл кәдімгі арыш бидай екен» деп. Патша бидайды таң-тамаша қылып, қайда һәм қай уақытта шыққан бидай бұл, табыңдар деп данышпандарға жарлық қылады.
Данышпандар ойлайды-ойлайды, талай кітаптарды тінтті, түк таба алмай, патшаға келіп айтады: «Біз түк таппадық. Кітапта бұл туралы ешнәрсе айтылмаған екен. Мұның жайын мұжықтан сұрау керек».
Бұл сияқты бидай қай жерде һәм қай кезде егілгенін естігендері бар ма екен деседі. Патша шабуыл шаптырып, кәрінің кәрісі шал мұжық тауып әкелуге бұйырады. Айтқанындай шалды тауып, патшаға алып келеді. Аузында тісі жоқ, бойында күші жоқ, тәнінде ет жоқ, көз шала, құлақ мүкіс адам сыны жоқ қурап тұрған бір шал екі таяққа сүйеніп патшаға келеді. Патша бидайды көрсетеді. Шалдың көзі шала, оңды көре алмай, көргенін көріп, көрмегенін қолымен сипап қарайды.
— Ақсақал, бұл бидай қайдан шықты екен білесің бе? Өзің мұндай бидайды егіп көргенің бар ма? Өзің екпесең де сатып алғаны бар ма? Қайда һәм қай уақытта сатылғанын білесің бе? — деп патша шалдан сұрады. Шал құлағы мүкіс айтқан сөздерді әзер естіп, әрең түсініп, әзер жауап береді:
— Жоқ, мен мұндай бидайды егіп те, орып та, кісіден сатып алып та көргенім жоқ. Сатып алған бидай мұндай ірі емес, қу шөлмек болатын. Менің әкемнен сұрау керек. Мұндай бидай қайдан шыққанын сол білмес пе екен? — дейді өлімтік шал. Патша шалдың әкесіне кісі жібереді. Жігіттер таяғына сүйенген бір шалды патшаға алып келеді. Патша бұған бидайды көрсетеді. Шалдың көзі көрмейді екен. Бидайды алып қарайды. — Кәне, ақсақал, бұл қай жерге шыққан бидай һәм қашан шыққан бидай? Өзің егіп көргенің бар ма? — деп патша шалдан сұрады.
Құлағының азырақ қағысы болса да, баласынан анағұрлым пысық, бойы сергек, жас көрінеді. 
— Жоқ, мен мұндай бидайды өмірімде еккенім де жоқ, орғаным да жоқ, кісіден сатып алғаным да жоқ. Мен өмірімде ақша дегенді естігенім жоқ. Біздің заманымызда халық өз нанын өзі жейтін, ашаршылық болса, бар нанын көршісімен бөліп жейтін. Бұл бидай қашан һәм қай жерге шыққан бидай екенін мен біле алмадым. Біздің бидайлар осы күнгі бидайдан шығым да, үлкен болушы еді, бірақ нақ мұндай ірі болмайтын. Әкем айтушы еді, оның заманындағы бидайлар өте үлкен һәм шығымды болушы еді деп. Сонан сұрасаң екен, — дейді бұл шал да.
Патша шалдың әкесін шақыртады. Баладай ойнап жымпыңдаған, құп-қунақ шал патшаға жүгіріп келіп сәлем береді. Құлағы сап-сау, көзі жайнаған шоқтай, сөзі судай сырғиды.
Патша бидайды шалға көрсетеді. Шал бидайды қолына алып, айналдырып қарады.
— Көп заман болды шырағымды көрмегелі, — деп шал бидайды тістеп, үзіп алып, шайнап, нақ өзі дейді.
— Айтшы, ата, қай уақытта, қай жерде мұндай бидай шыққан? Өзің егіп, өзің орып па едің мұндай бидайды? Жоқ, еккендерден сатып алушы ма едің? — деп патша мұнан да сұрайды.
— Менің заманымда, — дейді шал — бұл бидай қайда болса, сонда шыққан. Менің жеп өскен наным, көршімді сыйлағаным осы бидай. Менің егетінім де, ора бастыратыным да осы бидай еді.
— Бұл бидайды, ата, өзің егетін бе едің, жоқ сатып алушы ма едің? — деп патша тағы қайтадан сұрады.
Шал мұртынан күлді.
— Біздің заманымызда сатқанды кім көрген? Сатқан күнә емес пе? Онда ақшаңды кім білген? Әркімнің өз наны өзіне жетерлік болатын, — дейді шал.
— Бұл бидайды қайдағы егіндікке ектің, ол егіндік өзіңдікі ме еді? — деп патша тағы сұрады.
— Менің егіндігім — құдай жері. Қай жерді жыртсам, сол жер менің егіндігім. Еңбегім, терім сіңген жер менікі. Құдай жері кім еңбек сіңірсе, соныкі. Жердің менікі — сенікі болуының жалғыз шарты жалғыз-ақ еңбек. Тағы да табан ақы, маңдай тер менікі-сенікі болады. Жердің менікі-сенікі болуы табан ақы, маңдай тер сіңуінен, — дейді шал.
— Тағы екі ауыз сөзіме жауап етші, ата, — деп патша сұрады:
— Бұрын неге мұндай бидай шыққан, енді неге шықпайды? Бұл — бірі. Сенің немерең екі таяқпен сүйретіліп келді. Балаң таяққа сүйеніп келді. Сен таяқсыз келдің. Көзің шоқтай жайнап тұр, тісің түгел, пышақтай өткір, сөзің анық, бойың қунақ, кескінің жақсы, пішінің түзу. Бұл неден мұнша екі түрлі болды? — дейді.
— Адам баласы құдай көрсеткен табан еті, маңдай терімен күнелткен таза жолдан шыға жайылды. Сығалағаны көрші қазынасы, көрші пұлы болды. Бұрынғылар өз табан еті, маңдай теріне жалданған. Құдай көрсеткен хақ жолмен жүрген. Ендігі адам іздегені арамзалық, көрші қазынасы, бөтеннің пұлы. Сен сұраған екі түрлі күй осыдан болған, — дейді шал.


Тәржімә еткен Қыр баласы (Әлихан Бөкейхановтың лақап аты)
Қазақ, 1915, № 139, 30 июль.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048