«ЖЕТІ» СӨЗІНІҢ ЭТНО-МӘДЕНИ ЖӘНЕ ТАНЫМДЫҚ СИПАТЫ
Жеті саны – бүкіл әлем халықтарында символдық, сакральдік мәнге ие сан болып табылады. Кез келген мифтің, ертегінің сюжеттерінде жеті сөзі үнемі белгілі бір циклдік, инициациялық ұғымды білдіреді. Қазақ тілінде жеті сөзімен келетін көптеген тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер, бейнелі сөздер бар. Жеті ата, жеті атасынан қара көк (бай), жеті ғалам (бүкіл дүние жүзі), жеті кентті құртты ( жою, жалмау), жеті қабат жер астында (тым тереңде), жеті қараңғы түнде (тастай қараңғы беймезгіл уақыт), жеті қырдың астында (адам жетуі қиын, алыс жер), наурыз көжеге жеті тағам қосу, адам өлгенде жеті рет айналу, т.б. сөздердің астарынан жеті сөзінің ерекше мәні бар екенін ұғуға болады. Жеті тек қазақ халқында емес, барлық ұлтта қасиетке ие сан болып табылады. Осы сөздің этимологиясы жайында белгілі тілтанушы М.Томанов былай деп жазады: «Алты» , «жеті» сан есімдерінің арғы негізі «ал» және «же» байырғы етістіктер болуы керек, жеті жейтін, ұстайтын саусақ мағынасында жұмсалса керек» деп жеті сөзінің пайда болу табиғатын саусақтың қызметіне байланысты туындаған деп есептейді[1]. Бірақ бұл жеті сөзінің табиғатын толық түсінуге мүмкіндік бермейді. Осы сөздің шығу табиғаты жайлы ерекше талант иесі С.Қондыбай өзінің «Арғықазақ мифологиясы» деп аталатын кітабының 1 томында дүниенің алты күнде жататылу схемасымен түсіндірген. Мысалы Құран Кәрімде әлемнің пайда болуы былайша сипаталады: «Ол сондай Алла, көктер мен жерді алты күнде жаратып, сосын ғарышты игерді. Ол жерге кірген нәрсені әрі одан шыққан нәрсені және көктен түскен нәрсені, оған көтерілген нәрсені біледі. Сондай-ақ, Ол, қайда болсаңдар да сендермен бірге. Алла не істегендеріңді толық көруші» (Хадид 57:3). Ғаламдық алты күнде жарату Тауратта да бар. С.Қондыбай бұны шоғым таңба арқылы көрсеткен. Бұл нүктеден алты сәуленің таралу схемасы болып келеді. Тоғысу нүктесі – бірінші күн болып та, жаратылудан кейінгі жетінші күн де болып табылады. Бұны бірінші аңғарған Р.Генон өзінің символға қатысты еңбегінде: «...творние есть дело шести дней, а не семи; седьмой день отдыха. Этот седьмой член, который можно было обозначить как субботный, поитине является также и первым, потому что этот «отдых» есть ннечто иное, как возвращение Творящего Первоначала в изначальное состояние непроявленности, из которого, впрочем, оно вышло лишь по видимости, по отношению к творению, и чтобы произвести последнее согласно шестиричному циклу, но из которого само по себе реально никогда не выходило...» - деп жазады [2].
Бұл алтының нәтижесі немесе туындысы. Ал бұл нүктенің атауы да жет ұғымына тікелей байланысты екенін аңғаруға болады. Бұл мәселені ғалымның (С.Қондыбайдың) осы тақырыпқа арнаған мақалаларын толық оқығанда ғана түсінесіз.
Жеті сөзі әу баста санды емес, белгілі бір ұғымды білдірген. Мәселен, ғалым «жет» сөзін жетпек, яғни инициациямен байланыстырған. Адам баласының ер жетуі, бой жетуі – белгілі бір уақыт межесіне жетіп, организмдегі түбегейлі өзгерісті көрсетеді. Сонымен қатар «арманға жету», мұратына жету деген сөздерден де әлдебір межені, соңғы шекті, нүктені көруге болады» деп жазады[3,176]. Инициациялық тұрғыда осы межеге жететін, белгілі бір сынақтан өтетін адамды жетім деп атайды екен. Яғни, жетім деп отырғанымыз о баста ата-анасынан айрылған тұл бала емес, инициациядан өтуші жасөспірімнің атауы. Латын тіліндегі инитио – начинать, посвящать, вводить в культовые таинства» .... Этимологиялық тұрғыда инициация ұғымы «вхождение внутрь» ...деген мағына береді. Міне, осы тұрғыда латынның инитио сөзінің қазақтағы ену, ентелеу, яғни ен ет әрекетін сөз түрінде де, мағына түрінде де көрсетіп тұрғанын байқауға болады» дей келе, автор бұны дей-түркілік жет ұғымынан қалыптасқандығын дәлелдейді [3,177]. Яғни осы жетпектен өткен жетім, не мұратына, мақсатына жеткен, кедергілерден аман-есен өткен адам жат болады. Яғни соңғы межеге жетіп кәміл атанады. Жете сөзін де автор назардан тыс қалдырмаған. Жете немесе интеллект сөздері ежелгі түркінің енгт/еңт праформасының бір варианттық өзгірісі деп санайды. Мысалы, жетік білу, жіті аңғарды деген сөздер инициациядан толық өткен адамға қатысты айтылуы мүмкін. Себебі ол сынақтан өткеннен кейін барлық ғылым мен білімді игерген болып есептелінген.
Абақ таңбадағы кіндік-нүкте абсолют, негіз, тудырушы орган, т.б. болып оқыла береді. Осы негіздің атауы – ЖЕТ. Бұл негізден алты шуақ тарайды, яғни дүниенің алты күнде жаратылу схемасына сәйкеседі.
Абақ таңбасындағы нүкте, яғни әйелдік бастаудың (әйелдің жыныс органның) символы болып та табылады. Бұл таңба қарапайым болса да, әмбебап оқылады. Нүкте сәбиді және сол сәби тұратын жатырды, сонымен оның дүниеге келетін есікті (мүшені) де білдіреді. Мысалы біз алтылық немесе он екілік санаумен есептейміз. Бірақ ол дұрыс емес, егерде абақ таңбасы арқылы түсіндіретін болсақ, алты да, он екі де нүктеге келіп түйіседі. Сонда нүкте 1 саны, оның аналогтары 4, 7, 9, 13 сандары болып табылады. Осы сандардың ішінде 7 саны ерекше көзге түседі. Бұл санның өзі жет, жат деген ұғымдарға негізделгенін қазақ халқында 7 атаға дейін қыз алысып-беріспеу ғұрпынан байқауға болатын секілді. 7 саны белгілі бір циклдің аяқталғанын білдіреді. 4 аптада 7 күн болады, оның қорытындысы 28 санына тең, яғни ай фазасының толық солғандығын көрсетеді. Бұл белгілі бір мезгілдің межеге жеткенін, уақыттың аяқталғанын білдіреді. Осы табиғи ритмдік айналыс көптеген жоралғы, салттардың пайда болуына себеп болған секілді. Мысалы, сақтар адам өлгенде, үйді 7 рет айналып, беттерін тіліп, қанды жастарын жерге ағызған. Яғни, жеті рет айналу ол адамды бұл өмірден жат өмірге, яғни о дүниеге жеткізу дәстүрін символдаған. 28 күнде ай өліп, қараңғылық, өлілер дүниесіне кіргені секілді, адамдар да өлілер дүниесіне аттанады деп сенген. Біздің бақылауымыз бойынша, бір айда 31 күн бар. Мәселен, айдың тууын 1-ші күннен бастап есептегенде, ай 31 күннен кейін қайтадан туады. Ай фазасының көрінісі 28 санымен байланысты, қалған үш күнді қазақ өліара деп атаған, ол күндері ай мүлдем көрінбейді. Осы қарапайым түсінік өлілер мекеніне аттандыру дәстүрінің қалыпсасуына уәж болған секілді. Меккені мұсылмандардың 7 рет айналуы да белгілі бір инициацияны білдіреді ғой. Ол да ай фазасымен, яғни 7 рет айналумен байланысты қалыптасқан түсінік. Енді қазақтың неге 7 атаға дейін қыз алысып-беріспенгенін осы ретпен есептеп көрсетсек. Жапон ғалымдары 2000-шы жылдардан кейін шынымен де қанның тазартындығын ғылыми тұрғыда дәлелдеген екен. Бірақ біздің бабалар оны атам заманнан біліп, бұл дәстүрді берік ұстаған. Бұл есепті 4 санының аналогы болып табылатын 13 санымен (1+3=4) есептеуге болады. Біз 13 санына қатысты мақаламызда: «13 саны қазақ халқынының дүниетанымында да үлкен рөл атқарған. Қазақ 13 жасында отау иесі атаған. Неге 13 жасында қазақ үйленген? Бұл кезде қыз бойжеткен, ұл бала ержеткен. Қыздың бойжетуі, ердің ер жетуі олардың кәмелетке жеткендігін білдіріп, отбасын құруға болатынын білдірген. Бұл кезде адам баласының 13 органының жетілгендігін көрсеткен.
Қазақ халқы 12 мүше туралы айтқанмен, ұлы мүшені айту ұят болып есептелген. Бала кәмелетке жеткенде, осы мүшесі жетілгенде, яғни белгілі бір циклден өткеннен кейін қазақ баласын үйлендірген. 13 –те отау иесі деп, бөлек отау құрғызған. 13 саны – төрт санының эквиваленті да болып табылады. 1 санымен 3 санының қосындысы 4 санына тең. Қарапайым формула. Бірақ 4 санының астарында жетілгендік, толғандық мағынасы жатыр. Мысалы, қазақ халқында төрт көзі түгел, төрт құбыласы тең, төртеу түгел болса, т.б. бірлікті, амандықты, саулықты білдіреді. Яғни, 13 мүше ұрпақты тудыратын, жасайтын мүше жетіліп, 13 мүшелден аман сау өтті дегенді білдірген» деген ой айтқан болатынбыз[4].
Төрттің аналогы болып табылатын 13 санын да жетіге көбейтуге болады. 7 мен 13 санының көбейтіндісі 91 санына тең. Яғни, 91 жылда қан ауысады, тазарады деген сөз. 91 саны абақ таңбасындағы нүкте мен шеңберге сәйкес келеді және 9+1 сандарының қосындысы 10 санына тең, ал бұл сан 1-дің аналогы (1+0). 1 саны жаңа тіршілік бастауының, бұл жерде белгілі бір циклден өтіп, ауысқан жаңа ұрпақтың символы болып тұр. Яғни, 91 жылдан кейін қан ауысты, жеті ұрпақ ауысты, енді ол жат (жеті) болды дегенді білдірген.
Жоғарыда келтірілген мысалдардың жетімнің жетпекке жетуі, одан кейін кәміл немесе жат атауы – бұлардың барлығының ар жағында табиғаттың заңдылығы жатыр. Инициация немесе сынақтан өту – табиғаттың ритміне негізделіп жасалынған дүние. Қазақтың жеті атасына дейін қыз алысып беріспеуі осы циклдік көріністің айқын мысалы.
Бұл ритммен қазақ дыбыстары да үйлесетіні жайлы біз бір мақаламызда жазған болатынбыз. Сонда ң дыбысын абақ таңбаның нүктесіне қойып, қалған дауыссыз дыбыстардың белгілі бір тәртіппен орналасатынын көрдік. Алты қатаң (қ, к, п, т, с, ш), алты ұяң (ғ, г, б, д, з, ж), алты үнді (й, м, у, р, л, н). Осы дыбыстардың архетипі – ң болып табылады. Бұл дыбыстарды ң дыбысына қоссақ, 7 саны шығып отыратын байқайсыз. Сонда әлемнің 7 күнде жаратылу схемасына қазақ дыбыстарының сәйкес келетініне көзіңіз жетеді.
Ай фазасы аптасына төрт рет өз қалыбын өзгергетеді. Аптада 7 күн бар. Бізге қызығы – апта сөзі. Біз білетін абақ таңбаның атауы – «аб» немесе «еб» – «үй», ұя (ұйа) тұратын жер, баспана деген мағына бере алады және оның суреті де құстың ұясына, аңның ініне, адамның тұрағына ұқсайды . Абақты, апан, жайлау, қыстау, үнді-еуропа халықтарының дом, қабға, хаус, хом деген сөздерде ескі форма сақталып қалған секілді. Енді түркілердің үйді жеті рет айналу дәстүріне қарап, жеті мен үйдің байланысы бар екенін көресіз. Сонда апта сөзі үй және жеті дегенмен мағыналас сөз болып шығады. Аб праформасы арабтың абгаль (жеті қорушы), орыстың семь, ағылшынның севен, т.б. толып жатқан сөздерінің туындауына негіз болған.
Жет ұғымына сәйкес келетін пайғамбарлардың бірі ретінде С.Қондыбай Ыдырысты көрсеткен (Адам Атадан бастап есептегенде, жетінші пайғамбар). «Оның есімі де таңба арқылы оқылатын кіндік нүктенің атауы болған ingt-ur праформасынан шыққандығы көрініп тұр». Яғни, ішке кіргізу, есікке кіру мағыналары оның өлілердің жанын бұ дүниеден о дүниеге жеткізіп салушы деген функциялармен байланысты болып келеді. Біздіңше, Ыдырыс сөзінің ыд компонентінің өзі жеті деген сөзбен байланысатын секілді. Ыд>ыт>жыт>жіт(жет) деген праформалардың дыбыс алмасуында ғана ерекшеліктер бар, ал мағыналары жағынан ұқсас сөздер. Қазақ пен қырғыз тілінде жыр мен ыр екеуі де бір сөз, тек бірінде ж дыбысы сақталған, ал екіншісінде түсіп қалған. Бұл да сондай құбылыс болып табылады.
Жеті немесе жет сөзі от сөзімен де байланысты екенін темірді үйді өртеу, адам өлгенде, оның күлін жеті рет айналу секілді детальдардан байқауға болады.
Қорыта айтар болсақ, жеті ұғымының, оның негізі болып тұрған жет сөзінің мәселесі С.Қондыбай еңбегінде айтылған. Көптеген мифтік, ертегілік, салт-дәстүрлік, т.б. деректер арқылы егжей-тегжейлі дәлелденіп, қилы болжамдар жасалған. Біз соны осы шағын мақаламызда шамамыз жеткенше беруге тырыстық және С.Қондыбай еңбегінен түркі филологиясына қатысты тың мағлұматтар алуға болатынына көзіміз жетті. Біздің осы шағын мақаладағы үлесіміз – қазақ неге жеті атадан кейін қыз аласып-беріседі деген дәстүрдің де белгілі бір инициацияға қатысты екенін айту еді. Бұл мәселеге біз біраз уақыт өткеннен кейін (тәңірі қолдаса!), әлі сан рет соғатын боламыз.
Болат ХАСЕНОВ,
зерттеуші.
Abai.kz
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Томанов М. Қазақ тілінің грамматикасы. Алматы, 1988. 202 бет.
-
Генон Р. Символы священной науки. – М: Беловодье, - 2002. С. 487
-
Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. – алматы:Дайк-Пресс, 2004. 512 бет.
-
Хасенов Б. 13. Еуропа өркениеті неге өлердей қорқады? Abai.kz