Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5646 5 пікір 16 Наурыз, 2015 сағат 14:28

Жабал Шойынбет: ДӘСТҮР ӘЛСІЗДІГІ - ҰЛТ ӘЛСІЗДІГІ

Суретте: Жабал Шойынбет, Абай атындағы ҚазҰПУ «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры

– Ұлттың ұстыны – тілі, діні, дәстүрі десек, бұлар ешқандай бөліп-жаруға кел­мейтін рухани құндылықтар. Өкінішке қарай, бізде осыларды тұтас қарастырудың орнына, әрқайсысын әр топ бөліп алып, жеке-дара насихаттау белең алған. Бұған сіздің көзқа­расыңыз қалай?

– Расында да, тілді, дінді, дәстүрді бө­луге болмайды, бұлардың әлсіздігі – ұлттың әлсіздігі, ал бұлардың бірінің жойылуы – ұлттың жойылуына апарады. Біз алғашқыда тілді бір топ, дінді бір топ, дәстүрді бір топ болып жеке дара насихаттауға, күшейтуге күш жұмсадық. Ал діни секталар бұларды бөліп-жармай тұтас алып, тұтас бүлдіруге әре­кет жасады. Мысалы, «Иегова куә­гер­лері» шынайы христиандықты уағыздай­мызды желеу етті, шын мәнісінде сенім не­гіздері христиан көзқарасына да мүлде жат, мақсаттары – жетегіне еріп алдан­ған­дарды ұлттық құндылықтан да, ата-ана­дан да, қоғамнан да мүлде алшақтатып, санасын улау, айтқанына көнетін мәңгүрт дайындау. Америкалық протестант Чарлз Уеллердің «Қазақ халқының ұлттық мәде­ниеті» деген кітабын оқысаңыз: «Жалпы, қазақ халқы өмірге қыз келсе, аса қуан­ба­ған», «Қазақ бұрыннан өзі аш отырса да, ең қымбаттысын балаларына бермесе де бір асым етін, ең дәмді-тәттісін қонаққа сақ­таған», «қазақтардың алғашқыда шаман дінін ұстанғанын... кейбір рулардың нес­ториандық мәсіхшілер болғанын... Ислам дінінде болғанын... Бұл үш дін қазақ хал­қының тарихында басты рөл атқарғанын көрсетеді» деп жазады. 

Осыдан кейін қызды жек көретін, бала­сына дәмді асын қимайтын, үш дін ұста­на­тын ұлттың мақтанатын несі қалды?! Ал Абайдың қарасөздерін оқысаңыз, ұлтқа қажетті құндылықтар түгел қамтылған, бірін бірінен бөле-жармайды, Абай шығар­машылығының шынайы шыншыл, тау бұ­лағындай мөлдір, мән-маңызының тым те­рең болуы да – бастауын ислам дінінен, Құраннан алуында. Сондықтан тіл де, дін де, дәстүр де Абайда түгел қамтылған. «Ба­ла­бақша, мектеп, жоғары оқу орнында тү­гелдей жас ұрпаққа Абайдың шығар­ма­ларын оқытайық» деген Елбасымыздың сөзі бар. Соны жүзеге асыра отырып Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінің барлық факультетінде «Абай­тану» пәні ректор, академик С.Пірә­лиевтің бастамасымен енгізілген еді. Міне, осы «Абайтану» дәрісінде қазақтың тілі, діні, дәстүрі секілді ұлттық құндылықтарын Абайдың сөзімен байланыста жан-жақты сөз етеміз.

– Сіз кришнаит, иегово куәгерлері, мә­сіхшілер, ахмади т.б. секталармен талай-талай пікірсайысына шығып, ұлттық мүддені қорғадыңыз, елеулі еңбек еттіңіз, осы айқас­тардан не түйдіңіз, не айтарыңыз бар?

– Түйгенім де көп, айтарым да бар. Бұ­лармен айқаса жүріп көп нәрсе үйрендім, тіпті өзіміздің имамдарға «сендерде со­лар­дың әдіс-тәсілін зерттеп, керекті жерін үйре­ніңдер» дегенді айттым. Миссионерлер, секталар айтар ойын тек күлімдеп, жылы шыраймен, майда сөйлеп жеткізеді, ере­гес­пейді, кешірімділік танытады. Әңгімені қа­лай, неден бастауды жақсы біледі, жана­шыр­лықпен «өмір сүру неге қиындап кетті, қиыншылықтың себебі не деп ойлайсыз?», «Экологиялық жағдай неге нашарлады, біз­ге неге теріс әсер етіп жатыр деп ойлайсыз?» деп пікірлесуге шақырады, тым қатты кетіп дауыс көтерсеңіз, үндемей құтылады. Қар­сылық танытпайды, шыдамды. Бұлар ар­бауына түсірген «адасқан қазақтарды» да өздеріне қызмет істеу үшін неше түрлі әдіс-тәсілді тез әрі нәтижелі үйретеді. Мы­салы, «адасқан қазақ» Досым Омаров Абай­ды кришнаит етіп «Абайтану» оқулығын 1999 жылы шығарғанда Веда, Кришна, Аб­солют жайлы ашық жазса, мен баспасөзде сына­ғаннан кейін, 2002 жылы кітабын қай­та шығарғанда негізгі айтар ойын бүрке­мелеп сақтап, Алланы айтқан болып, оның елшісі Пайғамбардың хадистерін ойларына ың­ғайлап із жасырмақшы болған, оны да сы­нап едім, енді кітаптың атауын «Абайдың рухани мұрасы» деп өзгертті. Соңына түсіп қоймағасын кітаптың атауын да, мазмұнын да өзгертіп мүлде жаңа тәсілге көшті: «Жа­сару құпиясы» (2006 ж.), «Рух пен тән сау­лығы», «Аштықты ұстау денсаулық кепілі», «Жүйке жүйесінің тылсымы» (2007 ж.) деген кітаптарды бұрқыратып шығарды. Оқырман денсаулық туралы пайдалы кеңес жазған кітап екен деп ойлайды, ал түптеп келгенде айтары – Кришнаны уағыздау, сананы шым-шымдап білдіртпей улау, шошытпай сендіру. 

– Сіз облыстардың бас имамдарына дә­ріс оқып, шеберлік сыныбын өткізген екенсіз...

– Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­масына бас мүфти болып Ержан қажы Малғажыұлы келгелі біраз жақсы істердің куәсі болудамыз. Имамдар мен уағыз­шы­лар­дан қазақ халқының салт-санасы мен әдет-ғұрыптарын, әдебиеті мен мәдениетін білуін талап етуі қуантты. «Дін мен дәстүр» кітабы көпшіліктің көңілінен шыққан, сүй­сіне оқитын кітабына айналғанына көзіміз жетуде, кітаптың жалғасын күтудеміз. Ме­шіттегі уағыздардың тақырыбы да түрленіп бір жүйеге түсе бастады. «Төле би» мешітінің бас имамы Кенжәлінің уағызын мазмұнды, әрі батыл айта білуі, «Таугүл» мешітінің бас имамы Нұржанның ұтқыр, шешен сөйлеуі, Алматы қаласының бас имамы Нұрбектің қарапайымдылығы, сөзден гөрі іске ұм­тыл­ған ұйымдастырушылық қарым-қабі­лет­те­ріне ризамыз.

Бұрын намазхандар үйлерінде қарайтын ешкім болмағандықтан кішкентай бала­ла­рын ертіп келіп, қайда қоярын білмей қи­на­латын, мешіттің қасынан балаларға арнап ойын алаңы пайда бола бастауы игілікті іс де­сек болар. Діни басқарманың имамдарға қазақтың тарихын, әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрін зерттеп жүрген ғалымдарды ар­найы шақырып дәріс оқытуы, пікір алысу кездесулерін ұйымдастыруы да имандылық ісіне оң ықпалын тигізетіні анық. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имам­дар форумының өтуі, онда «Қазақстан мұ­сыл­мандарының тұғырнамасы», «Қазақстан мұ­сылмандары Діни басқармасы қызмет­керінің этикасы», «Имамның тұлғалық кел­беті», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» тәлімінің қабылдануы кеште болса өте орынды құптарлық іс болды. Кеште болса деп айтуымыз, бұл тәуелсіз ел атанғанда Діни басқарма осы құжаттарды бірден қолға алуы қажет еді, сонда еркінсуге тосқауыл болатын еді...

Сұхбаттасқан Төреғали ТӘШЕНОВ

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408