ФРАНЦИЯ КҮНДЕЛІКТЕРІ (Басы)
Париж!.. Ол шынында да ең әдемі қала ма? Эйфель мұнарасы ең ғажайып сәулет туындысы ма? Шындығында да Луврды бір көрген адамда мүлдем еш арман қалмай ма? Француз келіншектері расында да әлемдегі ең адемі киінетін сәнқойлар ма? Француз багеті дәмдірек пе, әлде круассаны ма? Міне, осы сұрақтар бұрын-соңды Францияда болмаған адамды қызықтырары хақ. Осы жолсапар очеркін жазу барысында жоғарыда айтылған және одан да басқа сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз.
Ресми атауы: Француз Республикасы (République Française)
Астанасы: Париж
Мемлекеттік құрылымы: Унитарлы республика
Ұлттық құрамы: француздар, бретандықтар, фламандықтар, баскілер, корсикалықтар, африкалықтар, арабтар.
Ұраны: «Азаттық, Теңдік, Бауырластық!» ( Liberté, Égalité, Fraternité!)
Әнұраны: «Марсельеза»
Президенті: Франсуа Олланд
Премьер-министрі: Мануэль Вальс
Ең ірі қалалары: Париж, Марсель, Лион, Тулуза, Бордо, Лилль
Халқының саны: 65 447 374 (әлем бойынша 20-орын)
Жер аумағы: 674 685 шаршы шақырым (әлем бойынша 47-орын)
Ресми тіл: француз тілі
Әр тұрғынға ЖІӨ : US$ 42,747
Валютасы: Еуро
Телефон коды +33
Интернеттік домен: .fr
Дерек пен дәйек
Франция – Батыс Еуропадағы ең ірі мемлекет, жерінің ауданы жағынан ол Ұлыбританиядан екі есе үлкен. Францияның құрамына Корсика аралы, Жерорта теңізі мен Бискай шығанағындағы ұсақ аралдар енеді. Француз одағы деп аталатын бірлестікке бес шалғай департамент (Кариб теңізі алабындағы Гваделупа, Мартиника, Оңтүстік Америкадағы Гвиана, Үнді мұхитындағы Реюньон, Атлант мұхитындағы Сен-Пьер мен Микелон) және т.б. жатады. Француздар өз елін «гексагон» (алтыбұрыш) деп атайды. Еуропаның батысында орналасқан елдің негізгі аумағының құрылықтағы шекаралары солтүстікте Бельгия мен Люксембург, шығыста Германия мен Швейцария, ал оңтүстік-шығыста Италия және Монакомен, оңтүстік-батыста Испания және Андоррамен шектескен.
Әуежайда
Міне, атағы жер жарған, «Бір көріп, өле беруге болады» деген тұрақты тіркес теңеуіне арқау болған, Наполеон Бонапарт пен Александр Дюманың, Жанна д`Арк пен Коко Шанельдің, Антуан де Сент-Экзюпери мен Виктор Гюгоның, Вольтер мен Альбер Камюдің елі Францияға да табан тіредік. Париждің әуежайы бізді «жымиып», бірақ «қатқыл жанармен» қарсы алды. Кедендік тексерістен өтер алдында мұздай киінген полицейлер пистолеттерін бүйіріне қыстырып қойып, алдын-ала құжаттарымызды қарап шықты. Кедендік бақылау терезесіне жақындағанда «Боңжу!» деп сыпайы және өз мемлекеттік тілінде амандасқан қызметкер төлқұжатымызға ұзақтау үңілді. «Ұзақтау» дегенде, салыстырмалы түрде ғой. Бізге дейінгі 7-8 адамның әрқайсысына көп болса 1-2 минут қана уақыт бөлген француз қызметкерін "стан" деп аяқталатын еліміздің атауы «ойлантса» керек, 7-8 минутын сарп етіп, біраз шұқшиды. Демімізді ішімізден алып, сабыр сақтаудан басқа амал жоқ еді...
Әуежайдың іші ығы-жығы халық. Мыңдаған адам ерсілі-қарсылы жүргенін көргенде, басың айналып, тура бір бұрышқа сая тауып отыра кеткің келеді екен. Бірақ болмайды, әрине. Жөңкіп бара жатқан жолаушылар «көшіне» ілесіп отырып, ондаған айналмалы лентадан өз жолағыңды тауып, жүгіңді алуың керек. Бір қызығы, жаңа жылға екі күн қалған уақытта келсек те, әуежайдың іші-сыртында қызыл-жасыл жарқыраған шыршалар, безендірілген ойыншықтар көрінбеді. Тойласа, осы Еуропа «туған мерекесін» дүркіретіп тойлайтын шығар деген жорамалымыздың күлі көкке ұшты.
Париж әуежайы дербес бірнеше ғимараттардан тұрады екен. Әрқайсысы бір-бір отау. Оларды біріне-бірін жалғап тұрған тунельдердің іші арнайы экскалатормен жарақталған. Жаңадан ғимарат салу үшін ескісін бұзбай, соның ыңғайымен, қасынан жаңа ғимарат салып үлкейткені көрініп тұр. (Астанадағы «ҚазТрансОйл» мекемесінің «реконструкция жасаймыз» деген желеумен әп-әдемі спорткешенін түгел қиратып тастағаны есіме түсіп кетті. Тәп-тәуір, тым қатты ескі де емес ғимаратты біздікілердің қалай бұзып жатқанын көрсе, француздар толассыз күлер ме еді, әлде есіл еңбек пен қайран қаражатты аяп, жылар ма еді, кім білсін?..)
Метрода
Жүгімізді алып, әуежайдан шықтық. Француздардың шынайы, қарапайым өмірімен тезірек танысқымыз келіп, бірден метроға билет алдық. Бұл жерде көп дүние, біз ойлағаннан да автоматтандырылған екен. Метроның билетін алмақшы болып, сондай бір автоматтың біріне арналған қаз-қатар кезекке тұра кеттік. (Айтпақшы, біз қолданатын «билет» сөзі француздың «billet» сөзінен шыққан екен, «қысқа хат» деген мағына береді.) Қаланың орталығына дейін метромен жету бір адамға 20 евроға, ал біздікіне шаққанда 4000 теңгеге шығады екен.
Қолымызда билет. Төбеде табло. Неше минуттан соң кезекті метро поезы келері көрсетіліп тұр. Әрине, Алматының жап-жаңа, тап-таза метросымен салыстыра алмайсың. Қанша дегенмен, біздің ел үшін метро әлі де таңсық: бұқаралық сипаттағы, күнделікті қалыпты көлік түріне әзірге айнала қоймаған ғой, ал мұнда 1898 жылдың өзінде метроның алты бағытын іске қосып жіберген. 117 жыл бойы қолданылып келе жатқан бұл көлік түрі француздар үшін ең қарапайым, ең жиі қолданылатын қоғамдық көлік.
Екі минутқа жетер-жетпес уақытта метроның ішінде болдық. Тек көзіммен жергілікті халыққа ұқсайды-ау деген «титулды ұлттың» азаматтарын іздегеніммен, басым көпшілігі қара нәсілді, өзге елден келген азаматтар екені көрініп тұрды. Осы сәтте «Франциядан французды табу мұң болып барады» деген сөз ойыма оралды... Жайғаса бергеніміз сол еді, бір қара нәсілді, ұзын бойлы, тәп-тәуір киініп алған жігіт визитка сияқты сары түсті қағаздарды кешірім өтініп тұрып, вагондағылардың бәріне тарата бастады. Қазақ елінде әдетте мұндай дүниені бір сауда желілерінде арнайы науқан немесе жаппай сатылым болғанда жарнамалық мақсатпен таратады емес пе? Менің ойым сол болғандықтан, француз және ағылшын тілінде компьютермен басылған сөздерге аса зер салып қарамаған едім. Бір 5 минуттай уақыт өткен соң, әлгі жігіт сол қағаздарын тағы да кешірім сұрап жүріп, жинай бастады. Кей жолаушылар, қалтасынан тиын-тебен беріп жатыр. Сонда барып бір-ақ білдім: бұл – кәдімгі мәдениетті қайыршы екен ғой... Біз секілді немқұрайлық танытқан жолаушы көбірек болды ма, білмедім, әлгі «сабазымыз» аздап ұнжырғасы түсіп, келесі аялдамадан түсіп қалды.
Есесіне, бір топ жолаушы дәл осы аялдамадан кірді. Отыра салысымен, бірнешеуі сөмкелерін, папкаларын ашып, ішінен бір-бір кітап, жастары журналдарын алып, оқи бастады. Қоғамдық көлікке мінсе, дереу «ақылды» телефондарына шұқшиятын біздің тұрғындарға көзім үйренген мен үшін мына көрініс күтпеген тосын көрініс болды. Маған қарсы отырған француз атамыздың өзі қолы дірілдеп отырып, 200-250 беттей болатын шағын көлемді кітабына үңілуін қояр емес. «Не кітап оқып отыр екен?..» деп қарағым келіп барады. Француздарды қызықтыратын әдебиет түрімен танысқым келді. Әлгі атамыздың түсер уақыты болды да, кітабының ортасына қай бетте екендігін ұмытып қалмайтын арнайы қыстырғышын мұқият салып қойды да, кетті...
Терезеден сыртқа қарап қоямын. Бізбен қатарлас тағы 20 шақты шойын жол сайрап жатыр. Желтоқсаның соңғы күндері болса да, күн жаймашуақ, әр жерден қылтиып гүлдер көрінеді, жасыл шөптер жайқалып тұр, бейнебір Астананың мамыр айын еске түсіреді екен. Бір кезде әр түрлі картондар мен қаңылтыр құрылыс материалдарынан біріктіріліп тұрғызылған «лашық» дейміз бе, «времянка» дейміз бе, қысқасы, уақытша басқа пана болуға жарарлық үйшіктер тізбектеліп көріне бастады. Бұл сірә, қала шетіндегі үйсіз-күйсіздердің тұрғызып алған «баспаналары» болса керек деп топшыладық. Әр жерден үйілген қоқыстар көрінеді. Мектеп бағдарламасынан бастап «дамыған» елдер деп сырттай тамсанатын Франциямызды мына көріністерге ішімнен аздап қимай тұрдым...
Дерек пен дәйек
Францияға африкалықтар мен арабтардың толассыз жер ауып келіп жатқанына бір жағынан Францияның өзі де «кінәлі» деуге болады. Тарихқа үңілсек, 1956 жылы Франция Марокко мен Тунистің тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болды. Африкадағы француз отарлары — Гвинея, Судан, Сенегал, Мадагаскар, Дагомея, Нигер, Жоғарғы Вольта (қазіргі атауы Буркина-Фасо), Піл Сүйегі жағалауы (қазіргі атауы Кот-д'Ивуар), Чад, Орталық Африка Республикасы, Конго, Габон, Мавритания, Того мен Камерун тәуелсіздікке ие болды. 1962 жылы ұзаққа созылған соғыстан кейін Алжир де толық тәуелсіздікке қол жеткізді. Дегенмен, ол елдердің көбі француз тілін екінші тіл ретінде меңгерген және визасыз келу құқығына ие.
Лувр
Францияға келгенде біздің елдің адамына ең алдымен қолайсыздық туғызатын тұсы – сағаттағы айырмашылық дер едім. Батыстың аты батыс. Біздің елде кеш болып жатса, күн бұл жақта кешірек атқандықтан, тиісінше кешірек батады. Айырмашылық – 5 сағат! Содан ағзаңыз да таң мен кештен жаңылып, асқазан да не сұрарын білмей, әрі-сәрі күйге түседі. Дегенмен, санаулы күнге келген саяхаттың әр секундын мәнді де сәнді өткізу үшін мұндай «майда-шүйде» факторларға назар аудармауға тура келді.
Сөйтіп, отағасымен бірге таңғы асымызды әдеттегіден 5-ақ сағат кеш ішіп алып, ең алдымен атағы жер жарған, даңқы әлемді дүрліктірген Луврға бой түзедік. Әзірге мен үшін бұл мұражай Париждің басты символы болып саналатын Эйфель мұнарасынан да маңызды нысан болып тұр.
Луврдың алдында ығы-жығы халық. Тіпті, қай елдегі қандай кезекпен теңерімді де білмеймін. Оны көзбен көру керек. Маған ерекше әсер еткен осынау көріністі естелік етейін деп фотоаппаратыма қай жағынан алып түсірсем де, объективке сыя қоймады... Ерте келдік дегеннің өзінде мынадай ұшы-қиыры көрінбейтін кезек болса, түске қарай халық нөпірі қандай болар екен деп ойладым. Бұл кезектің соңына барып тұру мүмкін болмағандықтан, балалы адамдар пайдалана алатын «артықшылықты» қолдануға тура келді. Кез келген мәдениетті қоғамдағыдай, сәбилі қонақтарға арнайы кезек бар екен, ол жерде 10-15 минут қана күтіп, жүздеген адам анталап жатқан лекке біз де келіп қосылу «бақытына» ие болдық. Бұл мұражайға 5 жақтан кіруге болады екен. Сырттан ішке енгенде алдымен атақты мұражайдың мөлдір әйнектен жасалған пирамидасының астынан шығады екенсің. Айналамызда тағы да жаңа кезекке тұруға ұмтылған нөпір халық. Билет алу үшін. Бұл жерде де автоматтандырылған жүйе жақсы жұмыс жасап тұрды. Оның өзіне төлем карточкасын ұстап, күтіп тұрған адам жетерлік. Әр адамға 12 еуроға шыққан (жобамен 2500 теңге) билетімізді алып, анықтама бөліміне келдік. Әлемнің 20-дан астам тілінде басылып шыққан мұражай маршруты көрсетілген анықтама картасының қанша данасын алсаңыз да өзіңіз біледі екенсіз. Солардың ішінен орыс және ағылшын тіліндегі нұсқаларын таңдап алып, мұражайды аралауды бастап кеттік. Айтпақшыдай, «Орыс тілін білгім келмейді» деп шіренетін кейбір қазақтар бар ғой бізде. Әлемдік деңгейде қарар болсақ, шет тілі ретінде, қосалқы тіл ретінде қажетіңе жарайтынын, көмекке келетінін осындай жайлар аңғартады екен. Сондықтан өз туған тіліңе, ойлауың мен сөйлеуіңе, ұлттық дүниетанымыңа салқынын тигізбесе, көп тіл білудің артықтығы жоқ екеніне тағы да бір рет көз жеткіздім.
Дерек пен дәйек
Франция корольдерінің бұрынғы сарайы болған Лувр мұражайын Түркиядағы Топкапы, Долмабақча сарай-мұражайларымен, Тайландтағы «Алтын сараймен, Санкт-Петербургтегі Эрмитажбен салыстыруға болады. Негізі XII ғасырда қаланған Луврға 1793 жылы «мұражай» мәртебесі беріледі. Мұнда ежелгі өркениеттердің, ортағасырдан бастап ХІХ ғасырға дейінгі ислам және батыс мәдениетінің ең бай топтамасы жинақталған. Лувр – әлемдегі келушілер саны ең көп мұражай (жылына 8,5 млн адам) болып саналады.
Алдымен Луврдың іргетасын аралап, оның салыну, даму тарихымен таныстық. Бұл ғибадатхана Ришелье қанаты, Денон қанаты, Сюлли қанаты деп аталатын негізгі 3 бөлімнен тұрады екен. Асты 2 қабаттан, үстіңгі бөлігі 3 қабаттан тұратын тарихи ғимаратты түгелдей аралап шығу үшін бірнеше күннің өзі аз болатын шығар деп топшыладым. Не де болса, тәуекел. Қолымыздағы мұражай картасында әр қабаттың маршрутынан бастап, сол бөлімдегі ең маңызды, ең қызықты деген экспонаттардың суреті берілгендіктен, мыңдаған туристпен бірге мұражай аралау аса қиындық тудырмады. О-о-й, кім жоқ дейсіз мұнда. Топ-тобымен қытайлар да жүр, шаштарын түрлі-түрлі етіп өріп алған африкалықтар да жүр, жұп-жұбымен ағылшындар да жүр, өз тарихын жақсырақ танығысы келе ме, кім білсін, француздар да жеткілікті. Бұлбұлша сайраған испандықтарды да, маң-маң басып, кербезденген түріктің қалталы азаматтарын да, қолдарын көкірек тұсына қойып басын иіп зырылдап бара жатқан жапондықтарды да, сондай-ақ әр түрлі ұлттан жасақталып, жоғалып кетпесі үшін, қолдарына басқалардан ерекшелендіріп тұратын бір-бір гүл, бір-бір жалау ұстаған жолсеріктері бар туристік түрлі мини-топтарды да көресіз бұл жерден.
Ал, сонымен құлағымызға электронды гидты қойып, мұражай ішіне саяхатты бастап кеттік. Не қажет, қандай тарих беттерін ақтарғыңыз келеді? Нендей жәдігерлер қызықтырады? Барлығын түпнұсқада, өз көзіңізбен көріп, қолыңызбен ұстауға мүмкіндік бар. Перғауынды Египет, Грекия тарихы, 7-19 ғ.ғ. Ислам өнері, Солтүстік Еуропадағы, Италиядағы, Испаниядағы мүсін өнері, Этрускілер, Африка, Азия, Америка, Парсы өнері... Кете береді, кете береді. Ал ең бастысы, әрине, Француз тарихы мен өнері, мәдени жаңғыруларының айғақтары орта ғасыры бар, неоклассицизм, рококо, қайта өрлеу кезеңі бар, барлығын қамти отырып, Наполеонның бай апартаменттерімен тамсанта отырып, алдыңызда сайрап жатады. Тек бір қымсынтқаны, Еуропа мәдениетінің көркемсуреті болсын, мүсін өнері болсын, жалаңаш денені салуға деген шексіз-шетсіз «құштарлықтың» құрбаны болып кете барған ба деген ой қылаң береді екен. Біздің хандарымыз еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып, тұлпарына мініп, жауына қарсы шауып жатқан кезде, олардың корольдері тырдай жалаңаш, айналасындағы көмекшілері бір-бір әйелді құшақтап алып, қылыштарын арасында жалаңдатып қойып, аспанға қарап қиялданған ба деп ойлайсың. Мысалы, Давид салған әрқайсысы бір-бір қабырғаны алып тұрған картиналарда бейнеленгені сол, енді. Сонымен қатар, біздің әншісымақтар «Мария-Магдалена» деп, шиқ-шиқ етіп әндететін өлеңнің арқауына айналған «Әулие Мария Магдаленаның» шашы жалбыраған, тырдай жалаңаш, қисайып тұрған сұлбасын көргенде... аузымызға сөз түспеді. XVI ғасырдың суретшісі Грегор Эгарт жасаған бұл мүсінді «біздің сабаздарға бір көрсетсе ғой, шіркін» деп ойладым... Оңға қарасаң да жалаңаш мүсін, солға қарасаң да жалаңаш мүсін, тіке жүрсең де жалаңаш денелер салынған картина, артыңа қарасаң да дәл қайтадан сондайлар... Ендеше адамзат дамуының бертінгі кезеңіне дейін осылайша, киім дегеннің не екенін білмей, азғындаудың түрлі үлгілерін көрсеткен Еуропаға неге өкпелеп, нені дәметіп, не үміт, не қайыр күтіп жүр екенбіз деп, күлкі қатты қыспасы бар ма?..
Үмітіміз «аздап» ақталмаған соң, Леонардо да Винчидің атақты «Мона Лизасы» - әйгілі «Джокондасын» көрейікші енді, деп шештік. Ең болмаса, суретшілер арасында аңызға айналған бұл туындыны көріп, шабыттанып кетіп, көзімізге жас алармыз деген ой болды. Денон қанатындағы 2-қабаттың D бөлімінде орналасқан «Джоконданы» көруге бір мезетте бізден басқа 2000-ға жуық адам талпынды. Қозғалыс тек бір бағытта. Үлкен залдың соңына қарай орналасқан, көлемі шағын ғана картинаны қаумалай ондаған күзет қызметкерлері «Суретке түсіруге болмайды!» деген ескерту тақтайшасын таптап өтіп, ентелей ұмтылған келушілерді игере алмай әуре. Сеңдей толқыған сол лекпен жүріп отырып, картинаны көз қиығымен көріп, одан арғы жағындағы есікпен шығып кетуіңіз керек. Ауа тар. Қапырық. Қарақұрым халық.
Француздарға риза болдым. 15-16 ғ.ғ. өмір сүрген Италия суретшісінің суретінің түпнұсқасын өзінің мұражайына іліп қойып, содан бренд жасап, жылына миллиондаған адам «тәу етіп келерліктей» мәдениет пен өнер ғибадатханасына айналдырып, секундына мыңдаған адамнан ақша түсіріп отыру... Керемет өнер туындылары мен мәдени құндылықтарға ие басқа да елдер бар, бірақ олардың ешбірі мұражай ісін дәл осылай пайда көзіне айналдыра алмағаны анық. Қысқасы, Лувр мұражайы Франциядағы ондаған мәдениет пен өнер ошақтарының ішіндегі тұғыры биік ордасы болып саналған және алдағы уақытта да сол дәрежесін сақтап қала беретініне көзім жетті.
Дерек пен дәйек
Дәл қазір Франциядағы мұражай саны 1290 шамасында. Бұл көрсеткіш ауытқып тұрады, себебі, әр күн сайын кейбір мұражайлар жабылып, жаңа мұражайлар ашылып жатады. Ол мұражайлардың басым бөлігі Францияның мәдениет және бұқаралық байланыс министрлігіне қарайды. Бұл елдегі мұражай ісі XVIII-XIX ғасырларда қарқынды дамып, оның құқығы заңмен қорғалады. Франция мұражайларының Жоғары Кеңесі ұлттық музейлерге қатысты түрлі мәселелерді шешіп, құқықтық жағын қамтамасыз етеді. «Ұлттық мұражай» деген атауды заңсыз пайдаланған мекемеге 15 мың еуро көлемінде айыппұл салынады.
Париж – саяхатшы көзімен
Егер сіз алда-жалда Парижге барып қайтам деп шешсеңіз, ол жақта болып келген танысыңыз міндетті түрде Сена өзені бойымен батобаста серуендеуді ұсынары хақ. Батобас – судағы маршрутты кеме. Ыңғайлы жүйе. Қолжетімді баға. Билет сатушысының алдына келіп тұрған мыңыншы турист болсақ та, асықпай, күлімсіреп бәрін түсіндіріп берді. Көптеген елдің астанасында осындай үлкенді-кішілі өзендер ағып жатуы заңдылық десек, ол өзендерде қайықпен серуендеп шығу – қасиетті парыз десе болғандай. Туристер үшін жасалған тағы бір жағдай – бірнеше аялдамадан тұратын бұл серуеннің маршруты бас-аяғы екі жарым сағат уақытыңызды алады дегенмен, өзіңіз қалаған кез келген аялдамадан түсіп қалып, сол жердегі саяхатыңызды жасап, қайтып келіп, келесі батобасқа алдыңғы билетіңізбен отыра аласыз. Бір билет бір күнге жарайды. Керемет емес пе? Сена өзенін олай-да бұлай да шарлап, 200 жылдық, 100 жылдық тарихы бар көпірлердің астымен, тарихи ғимараттар бойымен салқын самалда серуен құрасыз.
Сондай бір аялдаманың бірінен түсіп қалып, Нотр-Дам сарайын көруге бет бұрдық. ІІІ ғасырда негізі қаланып, ХІV ғасырда салынып біткен, ал 1831 жылы Виктор Гюгоның осы аттас туындысына арқау болған бұл храмның бізге көненің көзіндей болған сырт келбеті қызықтырды. Бұл жерде де кезекте тұрған көпшілік. Тек Луврмен салыстырғанда анағұрлым аз, әрине. Бір қызығы, шырша жоқ. Астанада болса ғой, үлкенірек келген кез келген ғимараттың алдында зәулім-зәулім шыршалар тұрушы еді. Жәй тұрмай, ең күшті әшекеймен әрленіп, жарқ-жұрқ етіп, назарды аударып тұрушы еді. Ал христиандықтың қайнары шыққан, Еуропаның жүрегі болған Парижде желтоқсанның соңғы күндерінде шырша кездестіру мұң болып тұрғаны... Тізіліп тұрғандардың ішінен бір кезде қазекемдерді көзіміз шалды. Бірінің есімі «Айнұр» екенін естіп қалдық... Шет елде жүргенде өз қандасыңды көргенде көкіректі толқыған сезім билеп кететіні несі екен, осы?.. Айнұр... Құлаққа жылы естілді...
Келесі кезекте – Ұлттық Опера. Әрине, барамыз! Қазақтың мақтанышы Майра Мұхамедқызы Еуропа сахналарындағы алғашқы жұмысын дәл осы Париждің Ұлттық Операсында Роберто Аланьяның «Богема» қойылымындағы Мюзетта рөлімен бастады емес пе? Көрмей кетуге болмас. Опера ғимаратының төбесінде орналасқан қанатты мүсіндерге алтын жалатылғандықтан, ерекше жарқырайды екен. Айналасында тізбектеле бой түзеген жасыл түсті сылқым арулардың мүсіндері – Луврдың сырты мен ішіндегі жалаңаш мүсіндерден кем түспейтінін дәлелдеп тұр. Ал алтынға батырып алғандай, бірақ өзі тірі, өзі қозғалатын «ескерткішпен» естелікке түсу өте қызықты болды, тек қана ол шляпасын басыңа қойып жатып, бетіңе үңіле қарағанда, жүрегің «дір» ете қалады екен. Тиісті еуромызды Париждің қазынасына құйып, билетіміз бен жолнұсқар картамызды алдық та, Опера сарайын аралауды бастап кеттік.
Ұлттық Опера. Гранд Опера. Опера Гарнье. Осы атаудың барлығын иемденген, 15 жыл бойы салынып, 1875 жылдан бастап жұмыс жасайтын бұл ғимаратты кешкілік қойылымдардан тыс уақытта мыңдаған турист аралап көруге мүмкіндігі бар. Ескіліктің иісі. Түрлі-түсті мәрмәрдан жасалған тепкішектер, қоладан құйылған мүсіндер, түрлі музыкалық аллегориялар, жүз жыл бұрынғы сахна костюмдері мен опера ноталары түсірілген үлкен кітапхана – осылардың барлығы сізді қолыңыздан жетелеп отырып, 140 жыл бұрынғы өмірге сүңгітіп жібергендей әсерде болады екенсіз. Кезінде король сарайының ығай-сығайлары сайран құрған, көненің көзіндей болған орындыққа отырып, «сақалы» шыққан аураға қаншалықты бой үйреткіміз келсе де, жан дүниемізге өзіміздің Күләш, Роза, Бибігүл апаларымыз ән шырқаған, терезесінен Алатау баурайы көрінетін Абай атындағы Ұлттық опера театрымыз бен Тәуелсіз елдің жаңа өнерлі буыны өнер көрсетіп жүрген, өзі ақ, іші де жарығырақ, жаңарақ, биігірек, ал терезесінен Бәйтерегіміз бен Ханшатырымыз көрінетін Астана-Операмыз ыстығырақ болып тұрды...
Ендігі бағытымыз – атақты Люксембург бағы. Бұл баққа велосипедпен, итпен кіруге болмайды. Бірақ соған қарамастан қос-қостан күшік жетектеген бірнеше тұрғынды көзіміз шалды. Тарихи ескерткіштер мен жүзжылдық фонтандар орналасқан бұл саябақта ерекше бір тыныштық сезімі билейді екен. Ауа-райы салқын болса да, орталық шеңберлі фонтанның айналасында күншуақтап отырған кәрі-құртаңның қарасы көп. Мұз араласқан судың бетінде қалықтап жүрген құстарға жем бергісі келген жастар суретке де түсіп үлгеріп жатыр. Жаңа жылдың келуіне бірнеше ғана сағат қалғанға мүлдем ұқсамайды. Қазақта «Екі қойың бір сом» деген теңеу дәл бүгін, дәл осы француздарға арналғандай ма, қалай өзі?.. Үйіне жүгіріп, дүкенді «төңкеріп», қарбаласып дастархан жасап, отшашулар алуға ұмтылмайтыны жүздерінен көрініп тұр. Оны айтасыз, түнгі 11-ге дейін көшедегі саудагерлері үйіне қайтуға асықпағаны таңғалдырды. "Біздегі қарбалас пен біздегі ентігуді көрсе, бұлар шошып кететін шығар" деген ой келді маған.
Люксембург бағынан онша алыс емес жерде бір керемет мейрамхана бар. Соны арнайы іздеп таптық. Негізі 1884 жылы қаланған бұл мейрамханада кезінде Альбер Камю мен Эрнест Хэмингуэй түстеніп, шалқып отырып кофе ішкенді ұнатады екен. «Ле де Магот» деп аталатын бұл тарихи дәмхананың 70-ке таяған даяшы атасы бізді құшақ жая қарсы алып, зыр жүгіріп жүріп қызмет жасады. Тіл үйірер круассаны (фр. «croissant» – жарты ай) мен нағыз күртілдеген француздық багеттен ауыз тиіп отырып, жоғарыда аты аталған «көкелеріміздің» бұл жерді не үшін ұнатқанын түсінгендей болдым. Алайда, осы жаққа келер алдында ғаламтор арқылы оқыған жазбада: «Алайда... француздардың ұлттық нандарына дәмдеуіштердің көп қосылатындығы соншалықты, одан шығатын иіс парфюрмериядан да асып түседі» деген дерек бар еді. Мұрнымызға әтір иісі емес, ыстық нанның ғана иісі келді.
Күнтізбе бойынша 2014 жылдың түгесіліп, жаңа 2015 жылдың басталуына бірер сағат уақыт қалды. Қонақүйімізге жетіп алайық деп кері қайттық. Әдеттегідей, жер асты әлеміне түсіп, 1900 жылдан бері үздіксіз жұмыс жасап тұрған, бүгінде 16 желіден тұратын метрополитен арқылы діттеген жерімізге санаулы минуттарда жетіп бардық. Біздің елдегідей 10 минуттан 30 минутқа дейін автобус күту деген атымен жоқ, барлық қоғамдық көлік таблода көрсетіп тұрған 2-7 минут сайын келетініне тағы да бір көз жеткіздік.
Жолай дүкенге соғып, кішкентайымызға қажетті заттарды алмақшы болық. Сол жерде бір француз қариясы қолымдағы сәбиге байланысты өз тілінде бірнәрсені тез-тез айта бастады. Өзі күлімсіреп, жауабымды күтіп тұр. Мен аңтарылып, не жауап берерімді білмей, ағылшын тілінде ол кісіні түсінбегенімді айтып, кешірім сұрадым. Сондағы әлгі қарияның түрін көрсеңіз!.. «Неге?.. Французша қалайша білмейсің?!» деп жазғыра да, кінәлай қарап, қатқыл жүзбен кете барды. (Неге екенін кім білсін, дәл сол реніш сөздерін түсіндім...) Жылына өз халқының санынан да көп турист келетін елдің тұрғынының өз тіліне қатысты ұстанымы, міне, осындай екен. Туған тілі туралы соншалықты жоғары пікіріне қызыға да тамсана қарап, мен қалдым...
Супермаркеттің шыға берісінен бақылап тұрып, біраз нәрсеге көз жеткізуге болады екен. Сатып алушылар дөңгелекті сөмкелерімен келіп, оны бақылаушының қасына қалдырып, ішке еніп кетеді де, қажет заттарын алып, өзіне өзі қызмет жасататын автоматты құрылғының қасына келіп, штрих-кодын өткізе бастайды. Ең соңында терминалға пластикалық картасын салып, есеп айырысады. Сондай автоматты төлем жасайтын 8-9 құрылғы тұр. Ал төлем жасаудың балама түрі ғана болып қалған «тірі» кассир біреу ғана. Қалғанының бәрі – автомат. Затын төлеп шыққан сатып алушылар бір реттік пластикалық пакетің қайда деп сұрамайды екен, алған затын әлгінде қойып кеткен дөңгелекті сөмкесінің ішіне сүңгітіп-сүңгітіп жіберіп, кетіп бара жатты.
Бөлмемізге келдік. Теледидарды қоссақ, үйдегі балаларымыз «Балапан» арнасы арқылы күнде көретін "Джунгли кiтабы", "Пороро" мультфильмдерi болып жатыр екен. Бiздiң «балапандар» Еуропаның дамыған елдерi көрiп жатқан мультиктердi заман көшiнен қалмай көреді екен ғой! Ал ауа райын айтатын тележүргізушілері олпы-солпы киімдерімен, сәнделмеген бет-әлпетімен бiздiң «арулармен» салыстырғанда, тiптi "жайдақ" көрiндi...
Дерек пен дәйек
Эйфель мұнарасы (фр. Tour Eiffel) - Париждің ең танымал сәулеттік туындысы. Өзінің әйгілі құрастырушысы Густав Эйфельдің атымен аталған. Париждің бұл нышаны уақытша ғимарат ретінде, 1889 жылғы әлемдік көрменің кіреберіс дарбазасы қызметін атқару үшін жобаланып, салынған болатын. Манхеттендегі Крайслер салынғанға дейін 40 жыл бойы әлемдегі ең биік мұнарасы болып саналды. Әлемнің замануи 7 кереметінің ішінде Эйфель мұнарасы екінші орында тұр. Осы уақытқа дейін мұнараның үшінші қабатына 200 млн адам көтерілген. Ол бүгінде Францияның символына ғана айналып қоймай, жылына 53 миллион евро әкелетін үлкен табыс көзіне айналды. 2007 жылы Эйфель мұнарасының 120 жылдық мерейтойы аталып өтті.
(жалғасы бар)
Алма САЙЛАУҚЫЗЫ, журналист
Abai.kz