ГҮЛЖАНАТ
– Қойлы ауылдың түтіні-ай! Иісі өзгеше еді! Жусан аңқыған даласын айтсаңшы! – дейді бала кезді аңсағанда Гүлжанат Мақұлжанова құрбым.
– Ағаш атқа мініп алып, құйындата жөнелуші едік қой,– деймін сол кезде басымнан өткен бір қызықты сәт есіме түсіп.
– Таудың арқырап жатқан асау өзенінен тас-тасқа секіріп жүріп, екінші жағалауға өтіп кетуші едік. Жүрекжұтқан екенбіз, иә,– дейді ол қорқыныш деген ұғымды түйсінбейтін бала кездегі «батырлығымызға» таңғалып.
– Құлап кетіп, мұздай судан талай малтып шыққанымыз есіңде ме? – деймін «періштеміздің» молынан қаққанын меңзеп.
– Өрге қарай шығып келе жатқанымызда көк майса шөптен табанымыз тайғанап кетіп, домалағаннан - домалап сайдың табанына қайта түсуші едік қой,– дейді ол ішек-сілесі қата күліп.
Гүлжанат екеуміз кездесе қалсақ, өміріміздің ең тамаша, қайғы-мұңсыз күндерін осылай жамыраса айтып, мәре-сәре боламыз. Сол дарқан дала Гүлжанатты кеңдікке тәрбиелеп, ойын еркін, анық жеткізуге бейімдегендей. Тайсалмайтын мінезді Ақсуды бауырына басып жатқан Жоңғар Алатауынан алған. Бүгінде Ахмет ағаның сары қызы елге танымал журналист. Үлкендердің сөзімен айтсақ: «Ағып тұрған шешен». Керек жерде, әсіресе ойын түйіндеген тұста айтарын өлең жолдарымен төгіп-төгіп жібереді. Жүректен шыққан сөз осылайша жүрекке жетеді. Елпілдеген ақкөңілділігі Ахмет ағаның дәл өзі. Еңбекқорлығы анасы Үміт тәтеге тартқан. Медицина тілімен айтқанда генетикалық коды мықты қойылған. Үміт тәте кезінде баланы да тауып, ерінің жағдайын да жасай жүріп, көмекші шопандықты бірге атқарып, пысықтығымен ел аузына ілігеді. Дастарқаны жайнап, үйі тап-тұйнақтай жинаулы тұратын отанасы қонақтарды жарқылдап қарсы алып, жол болсын айтып шығарып салып, кеңпейілділігімен танылады. Үйінің есігі келіп-кетушілерге қашан да ашық. Осы қасиетін ескеріп, аудан басшылары Үміт Мақұлжанованы аудандық мәслихаттың депутаты етіп сайлайды. Ол бір емес, бірнеше рет қатарынан ел аманатын арқалайды. Анасының осы қасиетін бойына мықтап сіңірген Гүлжанат та журналистиканың тынымсыз тірлігін атқара жүріп, ері Руслан мен балалары Алмат, Малика, Мадиналардың бар жағдайын жасап үлгереді. Үйінен қонақ үзілмейді. Табалдырығын аттап кірген жанның бәріне, бала-шаға демей «көйлек» кигізеді. Жөні келсе, алтын тағып жіберетін шүлендігі де бар. Жаны ашығыш. Жабырқамайды. Көңілі қашан да көкте. Бәрін жақсылыққа жориды. Ырымшыл.
Көңілінің көкте болатын себебі, ол дүниеге келерде дәрігерлердің алыстағы қараша ауылға тікұшақ шақыртуымен тікелей байланысты ма деп қаласың. Гүлжанат Үміт тәтенің төлбасы. Ауыл акушері жас ана мен іштегі нәрестенің денсаулығына қауіп төнгенін байқап, елді мекенге тікұшақ (кукурузник) шақыртып, толғақ қысқан келіншекті орталық ауруханаға жеткізеді. Сонда үлкендер жағы: «Ойпырым-ай, бұл ауылға ұшақ қонады деп кім ойлаған?! Тумай жатып мына періштенің аспанды бағындырғанын қарашы?! Не де болса, ерекше бір бала дүниеге келеді-ау. Тіліміз тасқа! Аман болса бұл сәби ата-анасының басын өрге сүйрейді»,– деп көрегендік айтыпты. Тұңғыш бала қашан да ата-әженікі. Гүлжанаттың туғанын айтып, сүйінші сұрап келген ауыл адамына Нұршан апа қабырғадағы жалғыз кілемді жұлып алып береді. Перзентханадан келісімен нәресте бірден Нұршан әженің бауырына өтеді. Апасы ауыл-аймақтағы той-томалақта «мен» деген ақындармен айтыса кететін тілі орақты, жүректі шешен адам болған екен. Жай кездің өзінде мақалдатып, мәтелдетіп сөйлейтін көрінеді. Сұңғыла жан ағайын-туыстың арасында беделді. Нұршан апаны сыйлаған ағайын оның қасынан бір елі қалмай, ер-тоқымының артында жарбиып отыратын «бөктеріншегі» Гүлжанатты да бастарына көтереді. Сөз саптауына дейін апасынан аумай қалған бүлдіршін тілінің тәттілігімен ерекшеленеді.
...Бір күні орындалған, орындалмаған армандар туралы ой бөлістік. Сонда Гүлжанат: «Менде бір арман бар, сол орындалса ғой, – деп сөз бастады. Мен таңғалдым. Қасымда жүрген құрбымды жақсы білемін ғой. Күнде тәубесін аузынан тастамай, ата-анасының бары, ағайын-туыстың амандығы, отының түзу жанғандығы үшін Жаратқанға мың шүкір айтып отыратын. Арманым бар дегенін алғаш рет естіппін.
– Біз Ақсу ауданының Жаңақоғам деген ауылында тұрдық қой, – деп бастады ол сөзін. – Әкем бір шаңырақтың үлкені болғандықтан анасына көмектесу үшін оқи алмай, жастайынан мал бағуды кәсіп еткен. Бірақ барлық бауырының аяқтанып, қатарға қосылуына көмектесті. Өзінің алты баласын түгел оқытып, жоғары білім әперді. Бірақ осынша қиындықты қара нардай бір өзі көтерген әкем не жақсылық көрді деп ойлаймын. Сол Жаңақоғамда әкем мал баққан қыстау бар еді. Бұрын ел соны «Ахмет базы» дейтін. Шіркін, сол жерге «Ахмет базы» деген тақтайша ілініп, әкемнің аты жазылып тұрса ғой, – деді құрбым. Иә, бұл адал туған перзенттің әкеге деген махаббатын, ризашылығын білдіріп тұрған сөз. Күндердің күнінде жергілікті картаға да түсірілсе деген де ойы бар шығар. Дүниеге алты бірдей ұл-қыз әкелген ата-анада арман бар ма? Оның үстіне бәрі аман-есен. Тату-тәтті. Үлкені-кішісін, кішісі үлкенін қадірлеп тұрады. Ендеше, Ахмет аға мен Үміт тәтенің бақыты – балалары.
Бүгінде Гүлжанаттың тұла бойы тұңғышы Алмат өзімен бірге «Жетісу» телеарнасында қызмет істейді. Танымдық «Таңжарық» бағдарламасының жүргізушісі. Мәдина мен Малика мектеп оқушылары. Ата-анасының аялы алақанын сезіп, мұңсыз өсіп келеді. Гүлжанат Талдықорған қаласының Құрметті азаматы. Кәрі-жастың сүйікті журналисі. «Апта» жаңалықтар топтамасының авторы. Бүгінгі мерейлі мерекеде аты арып, тоны тозбайтын ақкөңіл әріптеске еңбегің жансын, көптің ықыласы көңіліңді аспандата берсін деген тілек тілемекшіміз.
Гүлжан ТҰРСЫН.
Алматы облысы.
Abai.kz