Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 5819 0 пікір 2 Наурыз, 2015 сағат 07:44

БОРИС НЕМЦОВ: ҚАЗАҚТАР АҚЫЛДЫ ХАЛЫҚ

Борис Немцов (суретте) Ресей президенті Путиннің саясатын ашық сынаған саясаткерлердің бірі болды. Ендеше мұндай адамның пікірін елемей, ескермей кету мүмкін емес. Сол Немцов «Forbes.kz» журналына сұхбат беріпті. Еуразиялық одақ, Украина, Солтүстік Қазақстан мен Қырымды салыстыра отырып біраз жерінде бетің бар, жүзің бар демей турасын айтқан екен. Сұхбаттың ең елеулі деген тұстарын тіліп алып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Сауда-саттықта Ресейдің ең ірі әріптесі кім?

Ел Қытай деп ойлайды. Жоқ. Еуроодақ. Ресейдің 50 пайыз сауда айналымы осы одаққа тиесілі. Тіпті 50-ден де көп! Ал Қазақстан мен Беларусьтің үлесі 10 пайызға да жетпейді. Украинаның үлесі шамамен 6-7 пайыз. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады, білесіз бе? Путин өзі еш саудаласпайтын, алыс-берісі, барыс-келісі аз елдермен одақ құрды деген сөз. Іс жүзінде Батыс біздің ең негізгі сауда әріптесіміз, ал ресейлік БАҚ-тың ақпарына қарағанда біздің ең басты жау.

«Одаққа демократиялық елдер ғана біріге алады»

Оның (Путиннің) түсінігі таяз. Ресейдің айналасында бұрынғы КСРО-ға ұқсас әлденені жасап шыққысы келеді: жарайды, бұған келісейін. Бірақ, бұл оның қолынан келмейді: бұған сенімдімін. Неге? Түсіндіре кетейінші. Экономика өз алдына, мәселе осы одаққа біріккен елдердің билік құрылымында жатыр. Табиғаты дейміз бе… Одаққа демократиялық елдер ғана біріге алады. Тарихта диктатуралардан құралған одақ жоқ. Мұндай мысалды білмеймін. Путин – авторитарлық көшбасшы. Мұндай диктатор билікті бөліспейді.

Еуроодақ қалай құрылды, білесіз бе? Еуропадағы ең соңғы диктатура – Грекиядағы қара полковниктер (Георгиос Пападопулос, Димитриос Иоаннидис) режімі құлағанда ғана осы одақ туралы әңгімелер айтыла бастады. Ал оған дейін Батыс мұны армандамаған.

«Назарбаев & Лукашенко тереңдетілген интеграцияға қарсы»

Интеграцияны қолдайтындардың бұл одақтың болашағы жайында не ойлайтынын білмеймін. Белгілісі, Қазақстан және Беларусь басшылары тереңдетілген интеграцияға қарсы. Бұл айқын көрініп тұр. Назарбаевқа Путиннің тілін табу керек, тату тұруы қажет. Ол ақылсыз емес қой, Ресеймен араздасып қалса, Украинаның кебін киюі мүмкін екенін жақсы біледі.

Солтүстік Қазақстан…

Путинмен тату тұрса, Назарбаев Солтүстік Қазақстанға қауіп төнбейді деп ойлайды. Бірақ, ол мәңгілік емес қой. Анығы, Назарбаевтың көзі тірі кезінде Путин Қазақстанның солтүстігіне ауыз сала алмайды. Бұған 100 пайыз сенімдімін. Дегенмен, тағы қайталап айтайын, ол мәңгілік емес. Былық, төбелестің көкесін ол кеткесін көреміз. Бұл әрбір авторитарлық жүйеге тән. Себебі, мұндай жүйелердің қалай күйрейтінін ешкім болжап біле алмайды. Постназарбаев дәуіріндегі Қазақстан қандай болмақ? Құдай оған денсаулық берсін дейік. Бірақ жаман айтпай, жақсы жоқ қой. Назарбаев кеткеннен кейін украин сценарийі қайталануы ғажап емес. Айқай-шу, жанжал, жаға жыртысу… Осы сәтте Путин пайда болып, Қазақстан территориясының бір пұшпағын тартып алуға тырысады. Таңғалатын түгі жоқ, ол Қырымға дәл солай істеді, қазір мұны Донбасста жүзеге асырмақ. Бірақ Назарбаев билікте отырғанда мұндайға жол бермейді.

Лукашенко мен Назарбаевтың қандай айырмашылығы бар?

Назарбаев ешкіммен де араздасқысы, арақатынасын бұзғысы келмейді. Өзінің азиялық саясатын жүргізеді. Айталық, Порошенкомен кездескенде Украинаның біртұтастығын қолдайтындығын ашық айтады. Бірақ, Лукашенко сияқты асырып айтпайды, салмақпен, сабырмен жеткізеді. Ал әлгі (Лукашенко) мазасыз адам. Ресейден «біз сендерден Псков мен Смоленскіні талап еткен жоқпыз, соған рахмет айтыңдар» деп айғайлайды. Айтпақшы, бұған Брянскіні де қосып қойды. Екеуінің арасы жер мен көктей. Назарбаев Қазақстанға Томды, Омбыны, Жаңасібірді қайтаруды талап етіп жатқан жоқ. Ол көпті көрген тәжірибелі адам. Ал Путин долы, қояншық адам. Қазақстан президенті оның психотипін жақсы біледі.

«Қазақстан ешкімнің алақанына қарап отырған жоқ»

Бұл елді Беларусьпен салыстырмаңыз. Қазақстан қалыптасқан заманауи ел. Заманауилығы жағынан путиндік Ресейден де асып түседі. Олардың мұнай-газ секторы мықты. Олар ешкімге тәуелді емес. Себебі, қу. Жан-жаққа сатады, нақты бір сатып алушының алақанына қарап отырған жоқ. Біздікіндей Батысты жау, АҚШ-ты дұшпан санайтын даурықпаны да кездестірмейсің. Алайда саяси қуғындалғандар, өз ұстанымы үшін түрмеге тоғытылғандар бар. Айтпақшы, Белов-Поткин деген орыс ұлтшылы Әблязовтың ісі бойынша біздің түрмеде жатыр.

«Қазақтар ақылды халық»

Еуроодақтағы елдер әртүрлі. Мұнда қуатты Германия және шағын Эстония да бар. Еуразиялық одақта көшбасшы – Ресей. Бірақ кез-келген кіші елге ірі мемлекетпен экономикалық интеграцияға түскен тиімді. Неге? Бұл ауқымды алыс-беріс нарығы. Айталық, қазақтар алма өсірсе, оны өз ішінде ғана емес, Ресейде де саудалауға мүмкіндік алады. Экономикалық интеграцияның пайдасы боларын Назарбаев түсініп отыр. Айталық, Балтық елдерінде қазір дағдарыс. Бірақ, тұрғындарының дерлігі Францияда, Италияда жұмыс істейді. Тапқан табысын елге жібереді. Егер билік, жүйе дегенді шетке ысырып қойсақ, бұл тұрғындар үшін тиімді.

Америкада Мексика және Канадамен біріккен ортақ аймақ бар. Интеграцияның негізгі салмағы ірі елге түседі. Мысалға, Германия Грекияны арқалап келеді. Бірақ, қазақтар ақылды халық, олар Путинге сенбейді, интеграциядан қауіптенеді. Экономиканы қойшы, оларға өз тәуелсіздігі қымбат және олар одан айырылғысы жоқ. Қазақтар қазіргі путиндік Ресейдің соншалықты тартымсыз кейіпке түскенін, ксенофобия шектен шыққанын, билік жүйесін басынан аяғына дейін жемқорлық жайлағанын көріп те, біліп те отыр.

Путин киевтік сценарийдің Ресейдің өз ішінде қайталануынан өлердей қорқады. Украин революциясын барынша бұрмалап жатыр. «Фашистер төңкеріс жасады» дейді. Бірақ, бұл өз алдына. Айтылып жүрген дүние ғой. Украина дағдарыстан шығып, Еуропамен біржолата интеграцияланып табысқа жетсе… міне, бұл Путекеңнің тіпті түсінде де көргісі келмейтін қорқынышы.

Украина тағдыры

Украинаның жалғыз жауы – Путин. Ол киевтік сценарийдің Ресейдің өз ішінде қайталануынан өлердей қорқады. Украин революциясын барынша бұрмалап жатыр. «Фашистер төңкеріс жасады» дейді. Бірақ, бұл өз алдына. Айтылып жүрген дүние ғой. Украина дағдарыстан шығып, Еуропамен біржолата интеграцияланып табысқа жетсе… міне, бұл Путекеңнің тіпті түсінде де көргісі келмейтін қорқынышы. Егер дәл осы сценарий жүзеге асар болса, украиндер орысқа үлгі көрсетіп, путинизмнің тамырына балта шабар еді. Сайып келгенде, Путин қорғанып жатыр. Украинаның күллі жоспарын күл-талқан еткісі келеді. Себебі, ресейліктердің украин халқының тура жолға түскенін білсе, бұл путиндік жүйенің ақыры болады.

Дайындаған Думан БЫҚАЙ

Дереккөзі: «Қала мен Дала» газеті

Түпнұсқадағы тақырып: «Украинаның жалғыз жауы – Путин»  

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564