Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 7425 0 пікір 26 Ақпан, 2015 сағат 01:45

НАҒЫЗ ҚАРИЯ

ДИАЛЕКТОЛОГИЯ ДАРАБОЗЫ. Халқымызбен қоса жасасып келе жатқан бай ана тіліміздің өткені мен бүгінгісін егжей-тегжейлі зерттеп, қазақ тіл білімі аталатын іргелі ғылымның ілгері дамуына еселі үлес қосып келе жатқан қаламы жүйрік, зердесі биік аға буын өкілі – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, түрколог-ғалым, ұстазым Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтың өзгелерге үлгі етіп көрсетерліктей өнегелі өмірінің кейбір тұстарын шәкірттік көзбен көзі қарақты қалың оқырманға қажет болар деген ниетпен қал-қадерімізше жеткізуді жөн көрдік.

Шора Шамғалиұлының шығармашылық шеңбері кең, ауқымды, әр алуан. Ғалымның қаламынан шыққан 300-ден астам ғылыми мақалалар, оның ішінде 20 шақты монография, оқулықтар, сөздіктер жарық көрген. Академик ағамыздың еңбектері тек елімізде ғана емес, бұрынғы одақ көлемінде шығып тұрған «Вопросы языкознания», «Советская тюркология», «Народы Азии и Африки», «Советское востоковедение» тәрізді ғылыми-теориялық журналдарда, сондай-ақ қазіргі таңда алыс-жақын шетел баспаларында жарық көріп келеді.

Ғалымның еңбектері қазақ тілінің өзекті салаларына, атап айтқанда, қазақ тілі тарихы, диалектология, лексикология, лексикография, грамматика, т.б. көкейкесті мәселелерге арналған. Ағамыз күшін сарп етіп зерттеген екі саланы ерекше бөле-жара атауға болады. Оның бірі – диалектология болса, екіншісі – тіл білімінің тарихы.

Сөз байлығының жергілікті қазынасын танып-білуге деген құштарлық, қазақ сахарасының алысы мен жақынын толассыз жылдар бойы кезіп, суығына тоңып, ыстығына күйіп, ел-жұртымыздың сөз жиһазын қалт жібермей парақ бетіне түсіріп, ол туралы білген-түйгендерін ғылым әлеміне мәшһүр еткен көрнекті ғалым екенін шәкірттері мақтан етеді. Жарты ғасыр Тіл білімі институтында директордың орынбасары, тіл тарихы мен диалектология бөлімінің меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері қызметтерін атқарғанда еліміздің түкпір-түкпіріндегі шалғайда жатқан тұрғындар тілінің және республикадан тыс жердегі мекендейтін қазақтар тілінің мол байлықтарын жинау үшін жүйелі түрде диалектологиялық экспедициялар ұйымдастырып, ел аузынан әріптес ғалымдармен бірлесе жүріп, сөз байлығын жинауға басшылық етті. Тіл білімі институтының картотекалық қорын молайтуға өзіндік үлесін қосқанын ерекше айтқымыз келеді.

Жиналған мол диалектілік материалдар негізінде бірнеше ғылыми-зерттеулер жарық көрді. 1976 жылы жеке кітап ретінде жарияланған «Қазақтың аймақтық лексикографиясы» атты докторлық еңбегі түркітану ғылымында аймақтық лексикография теориясына арналған алғашқы монография еді. Әлемдік деңгейде өткізілген халықаралық конференцияларға, симпозиумдар мен форумдарға қатысып, «Диалектілік сөздіктерді құрастыру», «Диалектілік лексикографияның талас мәселелері», «Тіл мәдениеті және жер­гілікті ерекшеліктер», «Әдеби-сөйлеу тілі сөздігі», «Диалектілік терминология», «Түркі тілдерінің аймақтық лексикографиясы» сияқты тақырыптарда баяндама жасап, әлемдік түрколог ғалымдардың назарын өзіне аударғанын шәкірттік сезіммен мақтаныш етеміз.

Ол белгілі ғалым С.Аманжоловтың тілдегі диалектілікті топтау теориясын әрі қарай да­мытты. Жаңа нұсқадағы диалектологиялық сөздік құрастыруға және диалектология саласындағы терминологияның қалыптасуына белсене араласып, өз тарапынан тыңнан бірнеше терминдерді ұсынғанын да айта кеткеніміз орынды болар. «Қазақ диалектологиясы» атты тұңғыш оқулықтың авторларының бірі де академик Ш.Сарыбаев екендігін ғылыми жұртшылық жоғары бағалайды. «Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы» атты сериямен шыққан 8 кітаптың белді авторларының бірі болуымен қатар, оған тікелей басшылық жасаған белгілі диалектолог-ғалым екенін айтсақ, артық болмас.

Қазақ және түркі тілдерінің диалектологиялық атласын жасауға белсенді түрде атсалысып, көп жылғы еңбектің жемісі ретінде академик Ш.Сарыбаевтың басшылығымен әрі редак­торлығымен 80 баспа табақ көлемді «Қазақ тілдің аймақтық сөздігінің» құрастырылуы қазақ тіл біліміне қосылған сүбелі үлес екенін тілші-ғалымдар талай рет тілге тиек еткен-ді.

БИБЛИОГРАФИЯ БІЛГІРІ. Академик Ш.Сарыбаевтың ерекше екпін түсіре айтатын еңбектері ретінде са­налы ғұмырының 70 жылға жуық уа­қытын сарп етіп бүгінгі күнге дейін қол үзбей айналысып келе жатқан са­ласы – қазақ тіл білімінің тарихын зер­делеудегі еңбегіне ерекше тоқ­талғымыз келеді. Оның өзіндік себебі де бар. Адам бойында аса бір сирек кездесер ұқыптылық, ыждағат иесі Шора Шамғалиұлының там-тұмдап болса да, қазақ тілі жайында өткен ғасыр мен қазіргі кезде жарық көрген үлкенді-кішілі еңбек атаулының баршасын тізіп, 7 томдық қазына етіп жинақтауы – шын мәніндегі қазақ тіл білімінің деректі жылнамасы, жүгінер шежіресі деп ауыз толтырып айтуға әбден болады.

Ғылыммен мықтап шұғылданған тілшіге шамшырықтай болатын «Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» кітабының жеті томын жариялау барысында, бір ғасырға жуық мерзімде жарық көрген том-томдаған кітаптарды шаң басқан мұрағаттардан аршып, мерзімді баспасөздерде жарияланған мақалаларды, моногра­фиялық еңбектерді екшеп, оларды картотекаға түсіріп (қазіргідей компьютер болса сөз басқа), жүйелеп, кітап етіп бастырып, көпшілікке ұсынуын бұрын-соңды қазақ тіл білімі тарихында кездесе бермейтін ерлік ретінде таныған академиктер Ә.Қайдар мен Ө.Айтбайұлы осы «Көрсеткіштер» арқылы барша қауым тіл білімінің тарихын біліп, осы салада еңбек еткен, еңбектеніп жүрген тілші ғұламалардың ой-пікірімен толық танысуға мүмкіншілік алып, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, Т.Шонанұлы, Н.Төреқұлұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатұлы, Қ.Кемеңгерұлы, О.Жандосұлы, Ғ.Тоғжанұлы, т.б. 1920-1930 жылдардағы маңдайалды қазақ зиялыларының еңбектерімен кейінгі ұрпақ алғаш осы көрсеткіштер арқылы табысқанын ерекше бағалағанын баса айтқанымыз абзал. Бірақ біреу білер, біреу білмес, елу жыл бұрын көрсеткіштің бірінші томы кеңес дәуіріндегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тарапынан жоғарыда айтылған қазақ зиялыларының еңбектерін жа­рия­лағаны үшін Шөкең қызметтен қуы­лып, ал кітап туралып кеткен болатын. Міне, байқасаңыз, жарияланған еңбектердің тізімін түзіп, кітап етіп шығара салу кейбіреулерге ұсақ-түйек болып көрінуі бек мүмкін, алайда, тіл жанашырлары үшін жасалған осындай игілікті істер көптің қажетіне жарап жатқанын өмірдің өзі дәлелдеп отырған жоқ па?!

СӨЗ САРАПШЫСЫ. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.Ә.Назарбаев­тың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алдағы уақытта да, мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру табандылықпен жалғаса беретіндігі, сондай-ақ терминология мәселесінде де қолға алар істердің әлі баршылық екендігі қадап айтылған болатын.
Елбасымыз Жолдауда: «Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет» деп үлкен міндеттер жүктеді. Шынында да, ­Елбасы айтқандай, терминология бойынша бізде әлі даулы мәселелер жетерлік.

Ғылым мен техниканың дамуына байланысты енген көптеген термин сөздердің қазақ тіліндегі баламасын табу үшін түрлі сала мамандары бірлесе жұмыс істеуі қажет. Терминдерді қолдануда бірізді­ліктің болмауы, халықаралық термин­дердің қазақша баламасын бергендегі ұстанымдардың әртүрлілігі әр газеттің өз бетінше жазуына әкеліп соғары анық. Мәселен, бізде пуризм ағымын ұстанып, бұрынғы француздар секілді бірде бір шет тілі сөзін алмаймыз деп, терминнің бәрін аударып алу бағытын ұстанатындар кездесетіні шындық. Осындай мақсатпен кезін­де халықаралық терминдердің кейбіреулерінің орынсыз баламамен берілгендерін айтуға болады. Мәселен, телефонды – сымтетік, балконды – қылтима, ресторанды онда ас беру рәсімін де өткізетіндігімізге қарамастан, мейрамхана деп аударып алдық.

Кең қолданысқа ие бола алмаған, сәтсіз жасалған терминдердің бұқаралық ақпарат құралдарында көптеп жариялануы, халықаралық терминдерді қазақшалағанда бірнеше нұсқаларын ұсынуы оқырмандарды шатастыруға дейін жеткізді. Үкімет жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы мақұлдамаған терминдер де газет-журналдарда қаптап кетті. Кейбір газеттің тұтқасын ұстаған ағайындар өзіне ұнаған терминдерді қалай болса солай қолдануы қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны бізді, тілшілерді ғана емес, көзі қарақты оқырмандарды да ойландыруда. Бұл мәселенің орынды шешілу жолдарын қарастыру мақсатында ғылыми отырыстарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, қоғамдық пікір тудыру мақсатында академик Ш.Сарыбаев өз ой-пікірін әркез ашық айтып келеді. Халықаралық терминдерді қазақшаға аударуда басшылыққа алатын ұстанымдары да айқын.

«Терминдерді аударуда бізде қалыптасқан жаман әдет – сөздердің мағынасына мән бермейді, – дейді Шора Шамғалиұлы. – Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын «класс» сөзін «сынып» деп аудардық. Араб тілінен өзбек тіліне енген сөзді алдық. Ал осы сөзбен түбірлес «классик», «высший класс» секілді сөздер аударылмай қалды. Сондай-ақ «кроссворд» сөзін «сөзтізбек» деп аудардық та, қалған «чайнворд», «циклокрассворд», «сканворд» секілді сөздер сол күйінде қалды. Түбірлес сөздерді аударғанда олардың мағынасына баса мән беруіміз керек. Өткенде бір басылымда қит етсе, -хана жұрнағын жалғай беретін болдық деп кейіс білдірген мақаланы көзім шалып қалды. Мен біздің тілімізде -хана жұрнағы жалғанған 60 сөз жинадым. Өзбектерде «палаухана» деген әдемі сөз бар. Меніңше, бұл жұрнақты жалғағанда тұрған ештеңе жоқ, орыс тілінде де «столовая», «мастерская» секілді -ая жұрнағымен келетін сөздер өте көп қой.

Тағы бір ескере кететін жайт, біздің тілімізде диалектілік ерекшеліктер бар. Термин сөздерге балама іздегенде осы диалектілерді сарқа пайдалансақ, жақсы болар еді. Бірақ терминологиялық сөздікте оны диалект деген белгімен көрсетуіміз керек. Мысалы, орыс тілінде «плоскогубцы», «гвоздодер», «шипцы», «кусачки» секілді құрал-саймандардың жеті-сегіз атауы бар. Ал қазақ тілінде осы саймандарды ажыратпаймыз. Осыларға балама болатын әр аймақта өз диалектілері бар. Мысалы, оңтүстікте –кемпірауыз, батыста – атауыз, шығыста – балғауыз, қысқаш деген сөздер. Осы сөздерді жеке-жеке мағынасына қарай жоғарыдағы саймандардың аудармасы ретінде пайдалануға болады».

ТЕРМИН ТІЛЕКШІСІ. "Қазіргі біздің терминкомдарда сілкініс жоқ. Баяғы кеңес дәуіріндегі бір терминге қол көтеріп дауыс бере салатын ескі әдісті ұмытқылары келмейді. Ал кезінде А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов бір сөзді әуелі секцияда қарап, талқыға салып, халық пікірін білу үшін басылымдарға жариялап отырған. Қоғамдық пікірді жинақтап болған соң ғана қорытындыға келетін болған. Бізге де осы әдісті жандандыру керек. Сонда көп кемшіліктерге ұрынбайтынымыз анық", – дейді Шора Шамғалиұлы.

Елбасымыздың терминология мәселесін Үкімет реттегені жөн деп жол көрсетуі – мемлекеттік терминология комиссиясының жұмысын одан әрі жетілдіре түсу керектігін айқындап берді. Ендеше, академиктің сыны – шын екендігі расқа айналып отырғанын айтқанымыз абзал. Халықаралық терминдерді аудару ісінде де өте мұқият болу керек екендігі, жұртты шатастырмау жағын көп ойлас­тыру керектігі айтудай-ақ айтылып келеді. Енді бұл мәселеге Елбасының өзі араласып отыр. Мұның өзі терминжасам мәселесінің аса күрделілігін аңғартса керек.

Күнде өзгеріп, жылдам дамып жат­қан қоғам өміріндегі өзгеріс­терге сәйкес, тіліміздегі терминдер қолданысы да өзгерістерге ұшырап оты­руы заңдылық. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытудың ең басты жолдарының бірі – оны ғылым мен техника тілі ретінде одан әрі дамыта түсу және салалық терминологиялық сөздіктерді жасауды бір жүйеге түсіру, ретке келтіру мен жетілдіру болып табылады.

Жеке ғылым салаларының термин­дерін қамтитын түрлі ғылым салалары бойынша құрастырылған сөздіктер саны кейінгі жылдары арта түскенін байқауға болады. Әрине, бұл – қуанарлық жағдай. Бірақ әр кезеңде жарық көрген кез келген терминологиялық сөздіктер теориялық лексикография талаптарына толық жауап береді деп айтуға әлі ерте.

Қазақстан Ұлттық жаратылыс­тану ғылым­дары академиясының жанынан құрылған жаратылыстану ғылымдары бойынша салалық терминологиялық сөздіктер құрастыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі ретінде тілші-ғалым Шора Шамғалиұлы бастаған бір топ ғалымдар жарық көрген терминологиялық сөздіктердің кемшіліктері ретінде, кең қолданысқа ие бола алмаған, сәтсіз жасалған терминдердің сөздіктерге енгізіліп кетуін, халықаралық терминдерді қазақ­ша­лағанда 2-3 нұсқасын қоса беру, термин­дердің әр сөздікке әртүрлі нұсқада енгізілуі, сондай-ақ Мемлекеттік терминология комиссия­сында бекітілмеген, мамандардың жеке өзінің бастамашылдығымен басылып кеткен сөздердің көп екендігін байқаған.

Айтқан кемшіліктерді жою үшін, келешекте жарық көретін терминологиялық сөздіктерді жасау тұжырымдамасы, жаңа үлгідегі сөздіктер түзуде қандай ұстанымдарды басшылыққа алу керектігі және халықаралық терминдердің қазақша баламаларын қолданысқа түсіруде қандай ұстанымға иек артуымыз қажеттілігі туралы мәселелерді көпшілікпен ақылдасып шешу орынды болатыны жөнінде ғалымдар кеңес береді.

«Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастау­ымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады», – деп көрегендік танытқан Елбасымыз бұл мәселеге бейжай қарамау керектігін айтып келеді. Ендеше, қазақ тілінің шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілуіне, ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселеге әрбір азамат өзінің хал-қадерінше атсалысып, ­Елбасы айқындап берген мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруда өзіндік үлесін қосуға ұмтылуы керек. Өзіндік өнегелі өмірімен, игілікті істердің иесі ретінде, азаматтық көзқарасымен үлгі болып жүрген ұстаздан үйренеріміз көп-ақ.

ФУТБОЛ ФАНАТЫ. Ғалымның ғылымға сіңірген еңбегіне қысқаша шолу жасасақ, оның қатардағы аспиранттан Ұлттық Ғылым академиясының академигіне дейін, қатардағы қызметкерден Тіл білімі институтының директорының орынбасары деңгейіне көтерілуі «қазақ тіл білімінің еңбек торысы» деген атқа әбден лайық екендігін айқын көрсетсе керек.

Шора Шамғалиұлының ғылым­да­ғы жеткен жетістіктері мен атақ-дәрежелері өз алдына, енді жұрт­шылыққа «ұсақ-түйек» болып көрі­нетін, шынтуайтқа келгенде, көп­шіліктің көңілінен шығатын игілікті істердің бір шоғырын ғана сөз етпекпіз.

Жалпы, қай нәрсені болса да құнттап, ыждағаттылықпен барын салып, рет-ретімен, жүйе-жүйесімен жинастырып, ұсақ-түйекке дейін ұқыптылықпен мән беретін қасиеттерді бойға сіңірген жандар көп те емес шығар. Солардың алдыңғы қатарында академик Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтың есімін атауға әбден болады.

Ұлы ойшыл Сократтың: «Хорошее начало – не мелочь, хотя начинается с мелочи» деген қанатты сөзі ұстазымыз Шора Шамғалиұлына арналғандай болады да тұрады. Алғашқы рет, бұдан отыз жыл бұрын Шөкеңмен кездескен күннен бастап, бүгінге дейін ұстазымның ұқыптылық пен тиянақтылықты талап ететін қасиеті біз сияқты шәкірттеріне үлгі-өнеге болып келе жатқанын мақтаныш сезіммен айтқымыз келеді.

Алғашқы ғылыми мақаламды ұстазыма апар­ғанымда: «Театр киім ілгіштен басталады, ал ғылыми жұмыс библиографиядан басталады», деп ізденуші сала бойынша жарияланған ғылыми еңбектерді түзіп шығуды тапсырғаны есімде. Қазір ойлап отырсам, кезінде хош көрмеген, соншама еңбектерді түзіп, картотекаға түсірудің «азабын» тартқанмен, бертін келе Шөкеңнің берген ақыл-кеңесінің пайым-парасатын терең түсінбегеніме әлі де ұяламын…

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысында спорттың бір түрі – футболға деген көпшіліктің көңілі мықтап ауған кезі болатын. Жас жеткіншектер «Қайрат» футбол командасындағы ағаларына еліктеп, аяқдоп өнеріне қызығушылықпен қарап, солар сияқты атақты футболшы болуды армандайтын. Шора Шамғалиұлы ғылыми жұмыстан қолы қалт еткенде, «Қайрат» командасы туралы газет-журналдарда жарық көрген материалдарды жинап, жүйеге түсіреді.

Қазіргі күні Шөкең 100-ден астам футбол туралы альбом жасап, 3 кітап, футбол күнтізбелерін басып шығарумен қатар, мыңдаған футболға қатысты төс белгілері мен доп белгіленген спорт киімдерін, «Қайрат» командасының аға буын өкілдерінің қолы қойылған доптарды жинаумен айналысатыны кейбіреулерге түсінбеушілік туғызуы мүмкін. Ал Шөкең жастарды патриоттық тәрбиеге баулуда, отаншылдық рухта тәрбиелеуде спорттың алар орнын ерекше таныту керектігін, Елбасымыздың көпшілікті бұқаралық спортқа барынша көптеп тарту міндетін абыроймен атқару қажеттігін күн тәртібіне көтеріп отыр және жақын арада елімізде футболдан ұлттық мұражай ашу керектігін айтып қана қоймай, оған қойылатын заттардың өзінен көптеп табылатын тілге тиек етеді. Яғни Шөкеңше айтсақ, өз елінің ертеңін ойлаған әрбір азамат, сөзден іске көшіп, мәселені майда-шүйде деп қарамай, өзінің нақты үлесін қосқаны абзал.

Осы жерде Шора Шамғалиұлының кеңестік одақтың дәуірі жүріп тұрған кездің өзінде, Мәскеудегі мықтыларға хат жолдап, Алматыдан заман талабына сай футбол стадионын салу керектігі жөнінде бастама көтергенін, талай есіктерді ашып жүріп, ақырында футбол жанкүйерлерінің арманы орындалып, қазіргі Орталық стадионның ашылуына септігі тигенін айта кеткіміз келеді. Шөкеңнің Мәскеу мен Алматыдағы спорт саласын дамытуға жауапты шен-шекпенділерге жазған хаттар топтамасы, олардан алынған жауаптар көшірмесі келешекте ашылуы тиіс футбол мұражайынан орын алатыны күмәнсіз.

«Қайраттың» бас жанкүйері – Шора Шамғалиұлының ұлының атын Қайрат деп қойғаны, футбол фанатының перзенті Тәуелсіз еліміздің қалыптасуына үлес қосып жүрген қарымды қайраткер болып қалыптасқаны баршаға белгілі.

КОЛЛЕКЦИЯ КОРИФЕЙІ. Бір қарағанда, Шөкеңнің теміржолға не қатысы бар деуіңіз мүмкін? Тікелей болмаса да, қатысы бар екенін аға буын ағалардан естіп-білгенімізді несін жасырайық. Кеңес Одағы кезінде еліміздегі барлық өзгерістер Мәскеудегі орталық партия комитетінде қаралып болған соң, қаулы-қарарлар қабылданатын. Тағы да ұсақ-түйек болып көрінетін мәселенің мәнісіне назар аударайық. Жоғарыда айтылған кезеңдерде теміржол вокзалдарында перронға шығу үшін шығарып салушылар қосымша ақы төлеуі тиіс деген тапсырма Мәскеуден келеді. Бұл, әрине, көпшіліктен қолдау таппай, халықтың ренішін туғызады.

Қайтеміз, жұртпен бірге көреміз ғой демей, халықтың қамын ойлаған Шөкең КСРО Жол қатынастары министріне хат жолдап, соңғы шыққан қаулының көптің қолдауына ие бола алмай жатқанын тілге тиек етіп, еңбекшілердің өтінішіне сай перронға шыққандарға төленетін ақыны алып тастау керектігін айтады. Көп кешікпей жауап хат алады, онда жақын арада сіз көтерген мәселе министрлікте қарастырылып, қаулының күші жойылды деп хабарланады. Ұстазымның сарғайған хаттарды мұрағаттарынан алып көрсеткенде: «Ұлы істерде ұсақ-түйек болмайды», - деген даналардың сөзі ойыма орала кетті.

Ұлы Шоқан Уәлиханов бастаған коллекцио­нерлік өнерді Сарыбаевтар әулеті дамытып келе жатқанын көзі қарақты оқырман еліне етене жақын «Егемен Қазақстан» газетінен оқып құлағдар болса керек. Ал біздің айтайын дегеніміз, көпшіліктің көбінесе коллекция дегенге аса мән бере бермейтіндігі. Кейбіреулер «ұсақ-түйек» десе, бәзбіреулер «кәкір-шүкірдің» қатарына жатқызады. Ал Шөкең коллекцияны тарих деп түсініп, заманымыздың шежіресі сол ұсақ-түйек заттар арқылы жазылатынын ескере бермейтінімізге қынжылады. Осындай ұсақ-түйек деп түсінетіндерге оның айтатын уәжіне құлақ түрейік. Ертеректе музыка зерттеушісі, профессор, туған інісі Болат Сарыбаевқа қазақтың көне музыкалық аспаптарын жинауға кеңес береді. Талай жылғы жиналған музыкалық жәдігерлердің негізінде бүгінгі күні елордамыз – Астанадағы Президенттің мәдени орталығында Ұлт аспаптар мұражайы ашылғанын айтсақ артық болмас. Кезінде кейбіреулердің «кәкір-шүкір» дегендері ұлттың игілігіне айналғанын тарихтың өзі-ақ таразылаған жоқ па?

Ал Шөкең өзінің Шоқан туралы жинастырылған мұражайлық заттарын үйінде сақтап қоймай, келешекте бұйырса ашылады деп үлкен үмітпен күтіп жүрген «Ұлы адамдар мұражайы» серия­сымен дайындалған материалдардың Шоқан Уәлихановқа қатыстыларын өзі оқып білім алған Алматыдағы №12 мектепке тапсырған. Қазір ол мұражай да жас жеткіншектердің ұлы ғалым туралы мәлімет алуына мүмкіндік тудыруда.

КҮЛКІ КОРОЛІ. Біздің тойды жақсы көретініміз рас қой. Оның үстіне дөңге­леніп келетін мерейтойлардың орны тіпті ерекше. Ал ұстазымның ұстанымына қайранмын. Марапатталған медальдар мен ордендерден, алған ғылыми атақ-дәрежелерінен «ат үркетін», түркі әлемі түгел білетін түрколог ғалымның 70 жылдық мерейтойын тойлаудағы тосын «мінезі» талайды таңғалдырды.

Әдетте, мерейтой иелері аста-төк той өткізіп, әкім-қарарларға қоңырау шалдырып, ел аралап, шапан киіп, қазіргі тілмен айтсақ, «темір тұлпар» мінетіні әдетке айналғанына етіміз үйренгені қашан? Ал Шөкең өзі бітірген Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінің құрылғанына 70 жыл толуы­мен тұспа-тұс келген мерейтойында өз қаражат есебінен Абай атындағы опера және балет театрында қойылатын «Біржан-Сара» операсына билет сатып алып, мектеп оқушылары мен ұстаздарына сыйлық жасады. Мұндай бастамасы 80 жылдық мерейтойында да қайталанды.

«Бұйырса, 90 жылдықта да жалғасын табатын болады», – дейді академик Шора Сарыбаев. Билеттерге кеткен шығын, бай-шоралар үшін қомақты қаржы да болып көрінбес. Бірақ ұстазымның пәлсапасын әрбір адам ұлттың келешегі үшін жауапты екендігіне, келешек жастарымызға үлгі-өнеге болатын істерді әркім осындай кішігірім нақты істерден бастау керектігіне бас­тамашы болу қажеттігінде деп ұқтым. Дұрыс ұққандар үшін бұл – ұсақ-түйек емес.

Шора Шамғалиұлы жақында Қазақстан емшілер қауымдастығының медалімен мара­патталғанын естігенбіз. Жұртшылық Шөкеңді емшілер қатарына қосып, телефонға дамыл болмапты. Әркім өз ауруының дауасын іздеп, қашан қабылдай алатындығынан хабардар етуді өтінген. Мәселенің мәнісі мынада: талай жылдан бері ұстазым халық емшілігі туралы коллекция жинайды. Қазірдің өзінде аурулардың салалары сараланып, бір жүйемен жинақталған 1000-ға тарта папкілер жиналған. Егер сіз ауруыңыздың ем-домын білгіңіз келсе, реттілікпен тізілген картотекадан оп-оңай біле қоясыз.

Ертеректе менің кенже ұлым Нұрдәулет бір жасқа толар-толмас диатезбен ауырғанда, бармаған дәрігеріміз қалмады, шипалары дауа болмады. Шөкеңнің жиған материалдарынан керекті ем-домды тауып алып, соларды қолдану нәтижесінде ұлым құлан-таза жазылып кетті. Бұл айтып отырғаным өзіме қатысты бір көрініс. Ал ұстазымның «емшілігінен» жанын қинаған дерттен қаншама жан дауа тауып, елдің ертеңі үшін еңбек етіп жатыр десеңізші. Қайдағы бір «кәкір-шүкір» картотека адам тағдырына арашашы болды.

Ұстазымның өзгелерден өзгеше қасиеттерінің қатарына әсем әзілқойлығын, сезімтал сергектігін, орынды ойын-қалжың отырысының асабалығын қосар едім. Бір қарағанда, атағы дардай академиктің әрқашан той-домалақтардың төрінен табылып, жастармен жарасып, би алаңдарының көркін қыздырып, бірнеше халықтың әндерін тамылжыта орындағандары, Шөкеңше айтқанда: «ата қаздай қоқырайып», жұртқа өзін көрсету үшін келіп, атақ-лауазымдары толық айтылмай қалса, асабаға томырайып, өкпелеп қалатындар үшін ерсілеу көрінуі әбден мүмкін. Бірақ ұстазымның қисынына (логика) қарайласақ, адам күліп жүруі керек, күлкі адамның көңіл күйін көтереді әрі өмірді ұзартады, күлкі болғанда да жарасымды күлкі ғана жаныңды жадыратады. Күлудің түрі осы екен деп, неге болса соған ыржалақтай беруге тағы да болмайды.

Халықтың қамын жеген ғалым ғылыми жұмысымен қатар, күлкі терапиясын терең зерттеп жүр. Кейіпкеріміз таяуда екі мыңнан астам анекдот жинақталған кітабын жарияламақшы. Адамдардың бойындағы бүкіл күш-жігері мен қабілетін арттыруға, әрқашан сергек сезінуге себепші болатын әрі адамдардың тез қартаюын тежейтін тетіктерді тыңғылықты зерттеуді ойластыру еріккеннің ермегі ме? Тағы да бәзбіреулерше – «майда-шүйде» ме?

Иә, Шора Шамғалиұлының «ұсақ-түйектеріне» үңіле берсек, түбіне жететін түріміз жоқ. Хош, осы жерден бір тоқтап алғанымыз дұрыс болар. Мақаланың жазылу мақсаты – ұсақ-түйек, майда-шүйде деп әншейінде елемейтін нәрселердің игілікті істердің бастауы болатындығын басып айту.
Ендеше, данышпан Сократтың қағидасын қаперінде ұстаған, мемлекет тарапынан «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталған, көрнекті ғалым, ұстазымның игілікті істерге жетелейтін ұсақ-түйекке деген ұқыпты­лықты ұқтырғанына дән ризамыз.

*   *   *

Сонымен, диалектология дарабозы, библиография білгірі, сөз сарапшысы, термин тілекшісі, футбол фанаты, коллекция корифейі, күлкі королі, осы қасиеттердің бәрін бір бойына жинақтаған менің ардақты ұстазым, академик Шора Сарыбаев тоқсан жасқа толды. Езуінен күлкісі кетпей, сергек жүргенінің арқасында осы берекелі белеске шаршамай-шалдықпай жетті. Бұл – өзгеше өмір сүрудің үлгісі. Тоқсанның тұғырында нық тұрған ғалымның ғибратты ғұмыры жалғаса берсін деп тілейік! Алла сәтін салса, ұстазым туралы «Ғасырдан ұзақ ғұмыр» деген мақала жазсам деген ниетім бар екенін несін жасырайын…

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы,  профессор.

 

Abai.kz

 

Дереккөз: egemen.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053