Нұра Матай. «Қыз Жібек» жылаған күн...
Қоңыр күздің алғашқы айының соңғы аптасында халықаралық «Евразия» кинофестивалі болып өтті. Бұл фестиваль осымен алтыншы рет өткізілді. Биылғы фестиваль Орта Азия және түркі тілдес халықтардың киносына арналды. Халықаралық десе, менің есіме бірден қазақ билігі түсе кетеді. Неге екенін білмеймін... Мүмкін қазақ билігінің тым әлемдік мастабқа құмарлығынан мезі бола бастағанымнан ба екен? Әйтеуір, Қазақстанда өтетін халықаралық іс-шара десе, көз алдыма әр үйге табақ алып жүгірген қазақтар, әр қонақтың аузын бағып, оған басы артық сұрақ қойған адамға «тәйт, әрі» қонақ емес пе?! Қазақтың қонақжайлығын көрсетпейсің бе одан да деп зекіген дауыстар келеді. Халықаралық «Евразия» кинофестивалінде мұндай дүниелерге орын болмайтынын білсемде, халықаралық деген атаудан әбден шошынып қалсам керек, тартыншақтап бардым.
Қоңыр күздің алғашқы айының соңғы аптасында халықаралық «Евразия» кинофестивалі болып өтті. Бұл фестиваль осымен алтыншы рет өткізілді. Биылғы фестиваль Орта Азия және түркі тілдес халықтардың киносына арналды. Халықаралық десе, менің есіме бірден қазақ билігі түсе кетеді. Неге екенін білмеймін... Мүмкін қазақ билігінің тым әлемдік мастабқа құмарлығынан мезі бола бастағанымнан ба екен? Әйтеуір, Қазақстанда өтетін халықаралық іс-шара десе, көз алдыма әр үйге табақ алып жүгірген қазақтар, әр қонақтың аузын бағып, оған басы артық сұрақ қойған адамға «тәйт, әрі» қонақ емес пе?! Қазақтың қонақжайлығын көрсетпейсің бе одан да деп зекіген дауыстар келеді. Халықаралық «Евразия» кинофестивалінде мұндай дүниелерге орын болмайтынын білсемде, халықаралық деген атаудан әбден шошынып қалсам керек, тартыншақтап бардым.
Әуелі, шетелден біраз қонақтар келді. Біз танитындардан дәлірек айтқанда, ныпсыларын емес, жүздерін танитын Билли Зейн мен Кевин Костнер болды. Билли Зейн әділқазылар алқасының төрағасы болды. Феситваль режиссер Сәбит Құрманбековтің «Кеш келген махаббат» фильмімен ашылды. Бұл фильмдегі басты рөлдің бірін француз актері Жерар Депардье ойнайды. Режиссер Сатыбалды Нарымбетов: «Шетелден келген актерлер біздің киноға түссе, қазақ актерларының ансамблін бұзады деген әңгіме тараған еді. Бірақ, «Кеш келген махаббатты» көріп отырып, жоғарыдағы әңгіменің бекер екенін көресіз», - деді.
Сонымен не керек, фестивалде қырық шақты кинотуынды көрсетілді. Оның ішінде «Динамикалық даму үстіндегі Қазақстан киносы» деген айдармен 12 қазақ киносы көрсетілді. Олар: атышулы «Келін», «Секер», ұлтаралық әңгімеге арқау болған «Ирония люби», «Сказка о розовым заяце», «Кто Вы, господин-Ка?», «Прыжок афалины» және жекеменшік кинокомпаниялардың өнімі саналатын: «Обратная сторона», «Лавэ», «Ойпырмай, или дорогие мои дети» сияқты бірқатар фильмдер көрсетілді.
Оның арасында, Жерар Депардьенің құрметіне деп ойламаймыз әрине, француз халқының мәдениеті мен өнеріне деген құрмет болса керек, «Бүгінгі француз киносы» деген айдармен француз кинолары көрермендерімен қауышты.
Фестивалдің соңғы күні мен сияқты қарапайым қазақ көрерменінің көңіліне қаяу салған күн болды. Атақты «Қыз Жібек» кинокартинасының техникалық тұрғыдан жаңартылған нұсқасына масқара болғанда, саусақпен санарлық қана адам жиналды. Меруерт Өтекешова таң қалды. Онымен қоймай, жаңартылған нұсқа орыс тілінде болып шықты. Жерге қарадық. Кім үшін екенін өзімізде білмейміз... Орысша демекші, «Қазақфильмнің» және «Евразия» кинофестивалінің сайты орыс тілінде екен. Тіпті, фестиваль сайтында тіл таңдайтын тұста «kz» деген жазуда жоқ. Киноның майын ішкен, сол салада жүрген үлкен адамдар үшін біздің тіл мәселесін айтқанымызға ол кісілер тыжырынып, «какая разница бұл өнер ғой, оның қай тілде болғаны маңызды емес. Сендер өнерді түсінбейсіңдер, сендердікі сол ойбай, қазақ тілі, ұлттық кино, ұлт қойсаңдаршы, ұят емес пе?!» деп зекіп әрі осындай адамдардың өзінің ұлтынан болғанына сәл-сәл қорланып қалатын шығар. Кешіріңізші, біз көргенімізді ғана айттық. Ата заңда мемлекеттік тіл деп жазылған соң, өмірде де солай болады екен деп жүрміз қайдан білейік...
Қойшы, әйтеуір, «айрықша уақиға» айдарына енгізілген «Қыз Жібектің» жыларман жайын көрген соң, «айрықша уақиға» айдарына енгізілген келесі фильм «Гүлбикеге» бардық. Бұл киноға негізінен тарихи отанына оралғанмен, туған жерін сағынып жүрген адамдар жиналыпты. Залға сыймай кетті.
Кешкісін Лермонтов атындағы орыс драма театрына келдік. Біздің елдің киноактерлары мен режисслары және қонақтар қызыл кілемнен өтті. Сөйтіп, халықаралық «Евразия» кинофестивалінің жабылу салтанаты бір емес үш тілде қатарынан ашылды. Не деген демократия деп таңдай қақтық. Тіпті, көзімізге жас алдық....
Фестивалдің бас жүлдесін Қырғызстанның «Свет-аке» деген фильмі алды. Режиссері Ақтан Арым Құбат. Осы кісіден қазақ киносы жайлы сұрағанымызда: «Ермек Аманшаев келгелі коммерциялық, кассалық киноға көп көңіл бөлініп жатыр. Бірақ, авторлық киноны ұмытуға болмайды. Себебі, киноны - кино етіп келген авторлық кино» деді. Айтпақшы, осы сөзді айтып отырған Ақтан Арым Құбат «Келіннің», «Кеш келген махаббаттың» сценарий авторы. Қазақстанға қатысы бар дейтін сыйлықты ресейлік актер «ең үздік ер адам рөлі» үшін Андрей Мерзилкин алды. Бұл актер Ахан Сатаевтың «Адасқандар» фильмінде ойнапты. Кеш соңында Ермек Аманшаев американдық актер Кевин Костерге «әлемдік киноаға сіңірген еңбегі» үшін сыйлығын табыс етті. Кевин Костнер болса, концерт қойып берді.
Қазақстанда мұндай халықаралық кинофестивалдің өтуі - ең әуелі Қазақстанның беделін көтереді. Оның ішінде қазақ киносының әлемге еркін енуіне жол ашады және Қазақстандағы киноның дамуына жаңа серпін береді деді ұйымдастырушылар. Елдің беделін және оның киносының мәртебесін «Келін» мен «Ирония люби» және «Прыжок афалины», «Ойпырым-ай, или дорогие мои дети» секілді фильмдермен көтеріп тастағысы келген фестивалді ұйымдастырушылар айтарға сөз жоқ. Тек уақыты өткен, мұражайдағы заттай жетімсіреген «Қыз Жібекке» және оны менсінбеген көрерменіне, қайран киноны жаттың тілінде сайратып қойған «Қазақфильмге» жанымыз ашыды.
Айтпақшы, фестиваль келесі жылы да өтеді десіп жатты. Қайырын берсін Сіздерге...
Абай-ақпарат