КЕШЕГІ ОРЫС ПЕН БҮГІНГІ ОРЫС
Өзгермейтін нәрсе жоқ. Өлшемдер де, түсініктер де өзгереді. Біздің бала кезімізде үлкендер: «Әй орыс-ай» деп ризашылықпен таңдайын қағып отыратын. Себебі, бізге осы нұр шұғылалы бейбіт өмірді орнатқан, капиталистік жауларды жусатып, жуасытқан, әрі қазір де қорғап отырушы, оқу-білім, керек-жарақпен қамтамасыз етуші – мынау шекараның арғы жағындағы ұлы көрші Сәбет елі екен. «Сәбет деген не?» десең «орыс» дейтін. Сондықтан біз үшін сәбет пен орыстың айырмашылығы да, оны түсінетін деңгейіміз де жоқ еді. Оқулық бетінде жылы жымиған қасқа бас шалға деген шын ризашылықпен: «Ленин ата біз ұлан, сенен туған шат көңіл» деп тақылдайтынбыз. Біздің буынның санасында осылайша, сәбетке, былайша айтқанда орысқа деген риясыз бір құрмет қалыптасқаны анық еді. Үздік біткеннің арманы асса «Артек», қала берді «Манжерок» пионер лагерінде демалу болатын. Біздің бала кезімізде көрген орыс адамдары мәдениетті, мұнтаздай таза, мейірбан да қамқор, білімді де өнегелі жандар болып сезілетін. Әлде біздің жаққа расында да осындай жандарды жіберді ме екен?
Алайда жылдар өте келе баяғы мейірімді сәбет, қайырымды орыс бейнесі көмескілене түскендей. Себебі, «көрмегенге көсеу таң» дегендей, орекеңдер өзі сызып берген шеңберден ары аттатпағандықтан, өзге салыстырмалы балама болмағандықтан, біз әлемде орыстың ғылымынан, білімінен, техникасынан, жалпы өркениетінен артық ештеңе жоқ деген ұғыммен өмір сүріп келген сияқтымыз. Біз таңдай қағып келген «ГАЗ-дар» мен «УАЗ-дар» алып АҚШ, кәрі Еуропаны айтпағанда, кеше ғана есін жиған жапон мен кәріс техникасының алдында жіп есе алмайтынын түсіндік.
Адами тұрғыдан алғанда да, орекеңдер аса биікте емес екен. Себебі, қызыл жағалы ресми, қызыл жұдырықты бейресми тонаушылары реті келсе-ақ ары өткен бері өткенімізді тұттай тонап алып, мал садақа, жан сауғалатып жіберуден тайынбайтынына әбден көз жеткізіп болғанбыз.
«Аға» ұлт туралы байырғы қазақ жеріне келгендегі естігеніміз бен көргеніміздің өзі бір хикая. Сан ғасыр бойы осынау Ұлы Далада жел мен жаңбырдан өзге жауы жоқ, аман-есен тұрған мыңдаған кесенелер мен қорымдарды, қорғандар мен мұнараларды, яғни мәдени мұраны жермен-жексен қирату, сол мәдени мұраны жасаушы жергілікті халықты қынадай қырып, зорлықпен жер аудару, бас көтерер азаматтарын тып-типыл құрту, дінінен, тілінен, ділінен айыру – жақсылықтың нышаны ма еді. «Халыққа топырақ шашпасқа керек, билік қой мұны істеген» дейін десең, халқының өзі осыған құмбыл болғанын айқын аңдайсың.
Тәуелсіздікке дейінгі орысты қайдам, кешегі біз көргендерінің өзі кеудесіне орнатып алған бір-бір наубайханасының табы әлі суи қоймағандар еді. Жаңадан келген біз тұрмақ жергілікті қазекемнің өзіне нығарлап тұрып ақыл айтуға өздерін міндетті санайтындары әлей. Ежелгі құрмет ниеті болғанымен, бағыныш сезімі орнықпаған біздерді «мұртқа өкпелеп жүргенде шыққан сақалдай көретінін» анық-ақ аңғаратынбыз.
Міне, содан бері де сырғып ширек ғасырға жуық уақыт өте шығыпты. Қазақ даласында тұтаса сыңсыған орыс орманы Уақыт атты балташының тегеурініне отала-отала, бүгіндері Алатау, Арқа мен Алтайдың әр тұсында шоқ-шоқ болып көрінгені болмаса, жас өскінінен гөрі тамыры кепкен кәрі терегі көптеу ме қалай? Керісінше, өрттен кейінгі жасаңға өскен алаштың жасыл орманы жыл өткен сайын жайқалып келеді. Бұл да көзге қуаныш, көңілге медеу.
«Ағаға» «інілік танытып» жәреукеленуді білмейтін, Абай атам айтпақшы, «тілін біліп, тең ырғасатын», қырық жыл қырда жүріп өсірген Мұса пайғамбардың үмбетіндей құлдық санадан азат ұрпақ өсіп келеді. Түбінде бір мөлдіреп тұнатын судың лай қоқысты көтеріп үйіре барып шайылатыны сияқты, қазіргі елуде елу бұлыңғыр қалпымыз – сол шайылып тазару алдындағы күйіміз болар.
«Аға ұлт» жайлы кешелі-бүгінгі ойларымызды сандағы естелікпен жаңғыртайықшы. Өйткені, санамызда өткен күннің белгісі бар.
***
Біздің ауылдың жайлауын қақ жарып өтетін керуен жолмен күні-түні сәбеттің машина сұбалары (монғолша цуваа, орысша колонна) арлы-берлі өтіп жататын. Біреулері Көгергідегі мал қабылдап, сәбетке экспортқа шығаратын базаға керек-жарақ тасыса, енді бір тобы Аргамжа заставасындағы әскерге отын-су, жем-шөп артып бара жатады. Орыстың өз жерімен жүруге жол күдір, қыста мүлде мүмкіндік жоқ болғандықтан, бауырлас елдің жерімен өтуге тура келетін. Кемінде оншақты «ЗИЛ-131» машинасынан құралған сұбаның Алтайдың алып жоталарын жаңғырықтыра өрлеген гүрілі тым алыстан естілетін. Кезек алмастырған әскер тиеген, брезент бүркемелі «ГАЗ-66» машиналары да жиі ағылатын. Ауылдың жанынан түнде өтетіндері тоқтамай, тарта береді. Ал шаңқай түске таман жеткендері аз-мұз аялдайтын. Машинадан секіріп-секіріп түскен солдаттар шөл басып, сусын ішу үшін, үй-үйді аралап кетеді. Шай қайнатып беруге қазақтың пейілі болса да, әскердің уақыты жоқ. Үлкендер: «Үйінен алыс жүрген бала ғой, орыс болса да», - деп, салқын сүтін, іркіт-айранын ішкізіп, жанторсығына құйып беріп жататын. Кетерінде әлгі солдаттар ризалышық белгісі ретінде балалар, біздерге әскери жұлдызша, значоктарын, тіпті кейбірі пилоткасын да сыйлап кетіп жататын еді. Значокты шымылдықтың желбіреуігіне тізіп, жұлдызшаны кепкімізге қадап алып мәз болатынбыз. Әрине, сол кезде біз үшін орыс солдатынан өткен мейірбан адам жоқтай көрінетін.
***
Бала кезімізде жаз болса ауыл үстінде ақ, қоңыр, көк түсті тікұшақтар қаптап кететін. Тынымсыз тыртылдап ұшып, кейде тым жақындап келіп өрістегі малды үркітіп «әзілдейтін». «Бұлар не істеп жүр?» деп сұрағанда үлкендер «күйгелектер ғой» дейтін. «Күйгелегі» не десек, Алтайдың қатпар тауларының қыртысын сығалап, кен іздеп жүрген геологтар екен ғой.
Сол «күйгелектер» жермен де жүретін. Көршіміз Кәмалаш шалдың ұлы Биғұмар аға бір күні бірнеше «күйгелектерді» ертіп келгені бар. Әлгілердің арасындағы бір қасқа бас орыс бізге жағалай батончик кәмпит үлестірсін. «Берсең балаға бер», - дегендей әлгі қасқа бас күйгелектің берген кәмпитін ауыл балалары аузымыздың суы құрып әңгімелеп жүретін болдық. «Күйгелек» орыстар да ақкөңіл екен.
***
Бір жылы, Соғақ су бойында жайлап қалған едік. Соғақтың аңғары жазда тым ыстық. Қолдағы азғана қой тауға қашып тоқтамайды. Бірде Майдақайдың етегінен асып үлгерген қойды өзенге қайырып әкеле жатсам, жағалауда бір орыс машина тұр екен. Бағана Қызыл мойнақтан орыс сұбасы түсіп, Тұрпан төбеге өрлегенін алыстан көргемін. Мынау содан қалып қойса керек. Неге сүйретіп ала кетпегені түсініксіз. Әлде жүгі ауыр болды ма екен? Таяп келсем, ішінде жалғыз шопыры бар екен. Шілденің қапырығында сусыны таусылып, әбден шөлдесе керек. Маған орысша әлдене деп қайта-қайта айта береді. Ақыры «чай, чай» деп сусын ішкендей ымдаған соң, «шөлдедім, сусын әкеліп бер» дегенін ұқтым. Ақобада отырған Тайран ағамның үйіне барып: «Анау машинадағы орыс бірдеңе-бірдеңе деп еді, ұқпадым. Негізі шай сұрап отыр-ау деймін», - дедім. Тәңкіш ағамыз қанша дегенмен, жоғары оқу орнын бітірген мұғалім, менімен ере барып, әлгі орыспен сөйлесіп, үйінен шай-тамақ алдырып, сусындатты. Ертеңінде Көгергіден келгендер машинаны түзетіп, алып кетті. Орыс адамына деген ел ықыласы осындай болатын.
***
Галдан Бошигт хан негізін қалаған, Батыс Монғолияның байырғы әрі тарихы бай қаласы Қобдада оқып жүрген кезім. Қала халқының үштен бір бөлігі – қазақ. Қаланың қазақ бөлігінде балшықтан құйған үйлерін бір-біріне іркестіре-тіркестіре салған сарттар да тұрады. Қалалық паркте Әмірсана қонтайшының атты мүсіні болатын-ды. Қаланың күншығыс бетінде кеңестік «СОТ-3» құрылыс тресі мен әскери бөлімі орналасқан.
Қысқы-жазғы каникулда елге қайтарда, қоңырқалта студент болсақ та, үйден жіберген аударым мен стипендиядан үнемдеген ақшаға өзімізше жарқырай киініп, артылғанына туыс-туғанға сәлем-сауқат алып баруға тырысамыз. Алайда Қобда дүкендеріндегі азық-түлік, киім-кешек біздің Өлгейде де бар. Егіздің сыңарындай жаттанды. Дегенмен, импорттық киім-кешекте проблема жоқ. Американдық джинсы, торлы кепка, электронды сағат сияқты заттарды астыртын сататын алыпсатарлық желі сексенінші жылдары жақсы жұмыс істейтін. Тек сұраған сомасын берсең болды, бөлмеңе жеткізіп береді.
Ал тәтті-тәбіз жағы қиындау. Бізге таңсық азық-түліктің бәрі мұндағы шетелдік «мамандар дүкені» мен кеңестік әскери бөлім дүкенінде толып-ақ тұр. «Мамандар дүкені» дейтіні – Кеңес Одағы және өзге де социалистік мемлекеттерден келіп жұмыс істейтіндерге ғана қызмет ететін арнайы сауда нүктесі. Жергілікті халыққа есік жабық. Біздің елде қат үнді шайы мен шетелдік кондитер өнімдеріне, жеміс-жидеккке қол жеткізу үшін кеңес солдаттарын жағалауға тура келеді. Олардың өзіне де белгілі мөлшерде ғана босататын сыңайлы. Алыпсатарлықпен тым айналысып кетпесін дегені болар. «Радуга» кітабынан үйренген орысшамыздың жалғау, жұрнағы түгел болғанымен, сөйлеспеге келгенде мұнда онша-мұнша жарамай қалды. Сол себепті әскери бөлімдегі қаптаған орыстан гөрі аз санды қазақ, өзбек солдаттарға күніміз түсетін. Қазақ солдаттардың бізге «экспорт шығаруға» артық мүмкіндіктері жоқ болып шықты. Себебі, олардың пединститутта оқитын апайлардың тапсырысынан босамайтынын аңдадық. Біздерге сол өзбектің жылпос жігіттері көмектесетін. Олармен ұғынысу – орысшамен салыстырғанда тіптен оңай болып шықты. «Елік тәңгә» – елу теңге екенін демде ұғып алғамыз. Осылай өзбек бауырлармен достасып кеттік. «Шіркін, совет адамы болғанның не арманы бар екен! Дүкендері анау, тіреліп тұрған», - деп біз тамсанып жүрсек, Қобда дүкендерінде үйіліп жататын былғары сөмке, бес саусақ қолғап сияқтылар бұларға таңсық екен. Кеңес адамына қат дүние де болады екен-ау! - дейміз
Сөйтіп жүргенде Қобдада демократия деген жік шықты. «Компартия басшыларын орнынан қуу керек, алаңға жиналыңдар» деген соң, студентте ес бар ма, тоқсаныншы жылы желтоқсанның жетісінде орталық алаңға беттеген шерушілерге қосыла әндетіп, азан-қазан митингілетіп, ақыры аймақ басшыларын орнынан алдырып тындық. Билік әскери күш қолданған жоқ. Қолданса бір бәле болар еді. Демократиялық билік орнады. Алайда біз ес білгеннен бері аса өзгермеген зат-тауардың бағасы бір күнде екі есе өсіп, тапшылық пайда болды, жұрт талонға көшті. «Экономика нарықтық, ұн мен шайға тарықтық. Өз тұсында тойдырған, Цэдэнбал деген жарықтық», - деп аңсайтынды шығарды ел. Қобдадағы кеңестік трест мен армия бөлімінен де мән кетті. Кетерінде өздері тұрған ғимараттарды өртеп, улап-шулап жүргендерін көретінбіз. «Бауырлас елдің мұнысы несі екен, бұлар кетсе бізді Қытай басып алмас па екен?» деген қорқыныш та талай басты шеңбіректегені анық еді.
***
Алты құрлықты айбарымен жасқап, айтқанын орындатқан алып империя 1991 жылы жетпістің желкесінде құлады. «Ақ сандықтың ішінде көк сандық» дегендей, әлем сахнасына мұрагері Ресей Федерациясы шықты. 1992 жылы Семейде оқитын бетіміз. Айбат досыммен Көкшетаудағы үйге келіп, Құлынды арқылы Семейге кетіп бара жатырмыз. Барнаул-Барнаул дейтін айналма пойызбен Локоть бекетіне жетіп түсіп қалдық. Мұнан Семейге билет алайын десек, ұсақ ақшамыз жетпейді, кесек бес мыңдықты алмайды. Ол тұста Қазақстанның өзінде бес мыңдық берсең, ұсақтағаны үшін елу рублін алып қалатын «қызмет» бар-ды. Дәл Жаңа жыл күні. Бекеттің іші-сырты сылқия тойып алған кавказдық жігіттер екен, жағдай қиындауға айналды. Амалсыз бекет маңындағы селоның көшесін аралауға тура келді. Ақыры бір азық-түлік дүкеніне келіп кірсек, екі сатушы әйел ғана бар екен. Бұлдыр-салдыр тілімізбен жағдайымызды айтып едік, әлгі мың болғырлар дүкенді іштен кілттеп алып, бес мыңдығымызды күлдей ұсақтап, қалтамызға бөліп салдырып, «байқап жүріңдер, көше толған тонаушы» деп шығарып жіберді. Бейтаныс селодағы орыс әйелдердің бұл қамқорлығына ризашылығымызды лайықты жеткізгіміз-ақ келеді, амал не «ыспасиба, ыспасибадан» әрі аса алмадық. Бекетке келіп, ұсақ рубльмен билетті әп сәтте алып, «Иркутск-Ташкент» пойызына мініп Семейге жол тартқанымыз бар. Ана – қай жерде де ана ғой.
***
«Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады» депті бір данышпан. Соныкі де дұрыс дегің келеді. Біздің бұрын кездестіргеніміз жақсы, кейінгі кездестіргеніміз жаман орыстар болар, бәлкім. Алайда, Мәди атамыздың әніндегідей «атадан аямай-ақ кек қуысып», бір туысқан кекілді бауырларымен соғысу үшін көк сүңгілі самсаған сары қолын аттандырып отырғанын еш мойындамастан, аузы жетер атырапты адасқақ ақпараттың тұманымен тұмшалап, тоңмойындыққа салынып отырған басшысын өлермендене қолдаған халықын көргенде, «Бәлесінен аулақ, өзімен кетсін!» деп иманыңды үйіргеннен басқа шараң жоқ.
«Жақсы да болса, қарағым,
Жаман да болса қарағым.
Солтабай төре берер ме,
Жақсы туған Барағын», -
деп Зере анамыз айтпақшы, жақсы көршісін бізге кім берсін. «Қой асығы демеңіз, қолыңа түссе сақа тұт» дегендей, көршімен тату өмір сүргенге не жетсін!
Асылбек Байтанұлы,
Көкшетау қаласы.
Абай.kz