Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5250 0 пікір 16 Ақпан, 2015 сағат 10:55

Әміржан ҚОСАНОВ. АР МЕН ӘДЕБИЕТ АРАСЫ

Өмірден Герольд Бельгер де өтті.

Көрнекті жазушы, аудармашы, эссеист, үш тілді бірдей меңгерген біртуар талант иесі.

Әрине, Гер-Ағаның өмірі мен творчестволық жолы туралы келелі мақалалар әлі де жазыла жатар. Мен болсам, сан қырлы талант иесінің қазіргі қоғамға аса маңызды әрі көкейкесті екі қыры туралы ғана айтқым келеді.

Ұлты неміс Бельгер қазақтың небір игі жақсылары айта алмай жүрген ұлттық мәселелерді ашық та батыл қозғап, қазақтың бірегей жанашыры болды.

Ал сол қазақ тілінде жазып жүрген, қазак оқырманынан басқа аудиториясы жоқ мықты қаламгерлер сын сағаттарда Жұбан мен Герольд секілді «Мен қазақпын!» дауыс көтеріп, ұлтының мұңын жоқтауға жарамай қалады.

Меніңше, осы жағдаяттың бір тарихи әрі психологиялық себебі бар. Өйткені, Совет одағы кезіндегі әсірешіл «пролетарлық интернационализм» идеологиясымен санасы уланған (өздері де кейбір шығармалары арқылы басқалардың санасын улаған) аға буын зиялыларында бір синдром қалған: олар ұлттық мәселені ашық қозғауды құдды бір қылмыс ретінде санайды! Сталиндік репрессиялардың немесе Сусловтық насихаттың сарқыншағы ма, білмедім, әйтеуір, солай!

Ал Гер-Аға болса, қазақтың зиялылары айта алмаған талай шындықты (және де тек қана ұлттық мәселелерді емес, қоғам өмірінің басқа салаларына да қатысты өткір ойларын) бүкпесіз айтты, жүйелі түре жазды. Сонысымен қазақтың сүйікті жазушысына айналды, сол жарқын қалпында баршамыздың жадымызда қалады да.

Екінші әңгіме қазіргі қоғамдағы жазушылардың миссиясына қатысты. Әрине, «миссия» деуім кейбіреу үшін тым қатты айтылған болар. Бірақ, мен ортаңқол қаламгерлер туралы емес, шын мәнінде қайталанбас дарын иелері, әдебиетте өз орнын ойып алатындай қауқары бар танымал тұлғалар жайында жазып отырмын.

Әрине, олардың бәріне «билікті сыпыра жамандасаң ғана» елге жағасың деп айтуға болмас. Қоғам өмірінде жақсы жаңалықтар да жоқ емес.

Бірақ, өкінішке орай, олар аз да, жағымсыз жаңалықтар – шаш етектен.

Оның үстіне, өз басым нағыз әдебиет пен саяси публицистика арасындағы айырмашылықты білемін: жанрлары да, мақсаттары да, формалары да, стильдері де бөлек.

Бірақ, меніңше, қоғамды дүр сілкіндірген оқиғалар боп жатқанда өзін жазушымын деп санайтын кез келген үлкен тұлға үнсіз қалуы мүмкін емес. Тарих үлкендердің үнсіздігін кешірмейді! Басқаша айтсам, қаншама классик десек те, өз халқының өмірінде қиын-қыстау сәтте ол талант бір сәтке болса да, ұстанымы жағынан - Азамат, жанр жағынан - публицист болуы міндетті! Гер-Аға уақыт пен халық алдындағы сол жауапкершілігін түсініп қана қойған жоқ: көркем шығарма (роман, повесть, эссе, аударма) жазатын тіл шебері соңғы кезде әдебиет пен публицистика (кейде оны көсемсөз деп те атап жүр) арасына алтын көпір салып кетті! Керек десеңіз, ол Ар мен Әдебиет арасындағы алтын көпір!

Әлемнің бір дінінде: «Әуелі Сөз болған. Ол Сөз Құдай еді» деген баршаға белгілі бір ой бар.

Меніңше, ондай Сөзді айту кез келген пенденің қолынан келе бермейді.

Және де сол Сөзді кім айтып жатқанына да көп нәрсе байланысты.

Гер-Аға биік еді. Сондықтан ол айтқан Сөз де биік болды. Және де сол Сөзімен ол басқаларды сол биіктікке жетеледі.

Гер-ағам менің, Гер-ағам!

Хабарға қалай сене алам?

Неміс боп қазақ боп кеттің,

Көңілің қандай кең, Ағам.

 

Гер-ағам, менің Гер-ағам,

Өзіңе лайық төр, ағам!

Шындықта айттың шырылдап

Өзіңе келмес тең адам.

 

Гер-ағам, менің Гер-ағам!

Қазақта қалды кек, Ағам!

Ұлтшылдықпенен ұласқан

Әркімге керек тек, Ағам!

 

Гер-Ағам менің, Гер-Ағам.

Кеңсайда, білсең, кең алаң!

Бір пендең енер қойныңа

Қабыл ал оны, Жер-Анам!

...Сөз соңында айтарым мынау. Гер-Аға қайтыс болды деген хабар жеткенде мен Фейсбукте «ол кісіні Пантеонда жерлеу керек» деген сыңайда пікір білдіріп едім.

Сөйтсек, Гер-Ағаң бәрін өзі шешіп кетіпті. «Кеңсайдан орын тапсам» деген өсиетін қалдырыпты. Қазақтың небір игі жақсылары мәңгілік қоныс тепкен қасиетті де киелі жерден тыныш тапты.

Көзі тірісінде қазақ халқына адалдығын дәлелдеп келген немістің бір ақсақалы сол адалдығы бір ғұмырлық қана емес, мәңгі екенін танытты! Ал бізде өз ұлтына бір сәттік адалдығын көрсете алмай келе жатқан өз қандастарымыз қаншама!

Алла риза болсын, Гер-аға!

Сізге қазақ риза! Әрі қарыз!

"Қалам мезгіл" (Ашық алаң), №5, 12 ақпан 2015 жыл.  

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413