Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Бәсе... 7378 8 пікір 30 Наурыз, 2017 сағат 15:06

Азаматтық алғың келе ме? Ендеше, қазақ тілін біл, тарихын оқы!

Күні кеше ғана Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев мырза ҚР Азаматтығын алғысы келетіндер қазақ тілінен, тарихынан және Конституциясынан емтихан тапсыруы керек деген  бастама көтерді.

Бұл дегеніңіз – ендігі жерде Қазақстан азаматы болғысы келетіндер қазақ тілін, тарихын әм оның заңдарын жетік меңгеруі міндетті  деген сөз.

Салыстырып қарайық. Бұл әлемдік тәжірбиеде бар процесс.

Біздің биліктің тұтқасын ұстап жүрген көп шенді шарбағына мойнын асып қарайтын Ресейдің өзінде РФ азаматы атанғысы келетіндер алдымен орыс тарихы мен орыс тілінен емтихан тапсыруы керек. Бұл талап РФ-ның  «Азаматтық алу туралы» Заңына 2002 жылдан бері енгізілген талап.

Аустралияда да тарихтан тест тапсыру міндетті. Австрия азаматтыға ие болу үшін үміткер 3 кезеңнен тұратын сынақтан өтеді. Ол үш кезең - Австрия тарихы, Мемлекеттік құрылымы және жерінің тарихы.

Ұлыбритания, Мажарстан, Германия, Дат елі, Канада, Латвия, Литва, Нидерланды, АҚШ, Эстония, Оңтүстік Кореяда азаматтық алу үшін жергілікті ұлттың тілін, тарихын және құқықтық нормаларын білу керек екен.

Бізде ше? Бізде әзірге ондай міндет жоқ.

Осы тұрғыдан алғанда Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің ұсынысын бірнеше аспектіге бөліп қарауға болады. Әуелі, Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы (азаматтық алушы) мемлекеттік тілді базалық деңгейде білсе, тілдік, нәсілдік дискриминация, азаматтардың бір-бірін түсінбеуі секілді келеңсіздіктер жойылады. Бір мемлекетке – бір тіл.

Екіншіден, бұл талап еңбек мигранттары мен  Қазақстан аумағына уақытша келіп-кететін жеке және заңды тұлғалардың арасындағы қылмыс көреткішін азайтуға мүмкіндік береді. Өйткені, еңбек мигранттарынің арасында Қазақстанның мемлекеттік тілі мен Заңын білмегендіктен орын алып жатқан қылмыс қанша ма?

Статистика сөйлесін. Бір ғана Алматыда 2015 жылы шетел азаматтары жасаған қылмыс 40 пайызға жеткен.

Өткен жылдың қорытынды дерегіне көз жүгіртсек, елімізге кеп нанын тауып кеткендердің дені Өзбекстан, Тәжікстан мен Қытайдан келгенде рекен. Ал ресми тіркеліп келгендер саны 30 мыңнан асып жығылған.

Бұл азаматтардың арасында Қазақстанның тарихын, тілін, мәдениетін, заңын жетік білетін адам бар дегенге сенесіз бе? Жоқ. Ендігі сөзді сарапшыларға берейік.

Қазақстанда қазақша сөйлемеу – қылмыс, министр мырзалар!

 Бақытбек Смағұл, Мәжіліс депутаты:

-Біріншіден, Қазақстанның билік басындағы министр мырзалардан бастап, комитет пен департаменттердегі барлық лауазымды қызметкер мемлекеттік тілді, қазақ тілін білуі керек. Өзгеге бірдеңе үйретпес бұрын, өздерін жолға қойып алсын олар.

Екіншіден, көтеріліп отырған мәселе өте орынды. Егер шетел азаматы Қазақстанның толыққанды азаматы болуға өтініш білдірсе, ол қазақ тілін, тарихын, заңын, мәдениетін, сал-дәстүрін білу керек. Қазір бір қуантатыны өзге ұлттар арасында қазақ тілін үйренуге құлшыныс артып келеді. Бұның өзі жоғары лауазымдарда отырған, қазақ тілінен мақұрым мырзаларға үлгі болсын.

Қазақстандағы мемлекеттік тілді менсінбеу – Ұлы даланы, қазақтың даласын жерсінбеу деген сөз.  Ана тіліміз, қазақ тілі жолға қойылмай жатып, азатпыз деп кеуде қаққаннан не пайда? Қазақстанда тұрып қазақ тілін білмеу, білсе де сөйлемеу – қылмыс!

Сондықтан әуелгі талап, міндет мемлекеттік қызметкерлерге жүктелуі керек. Соның ішінде азаматтық алған, алғысы келетін әрбір адам Қазақстанның мемлекеттік тілін ғана емес, тарихын да, дәстүр-салтын да білуі шарт. Бұл өтініш немесе сұрау емес – талап болу тиіс!

Депутаттың бұл ұсынысына қарсы шығатындар да табылуы мүмкін

Мұрат Әбенов, қоғам қайраткері:

-Әрине, қолдауымыз керек. Бұл қазір ұсыныс қана.  Депутаттың ұсынысы заңды түрде іске аса ма, аспай ма – оны уақыт көрсете жатар. Дегенмен, бұған ұлтаралық тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл өте күрделі мәселе. Ертең түрлі топтардың арасында депутаттың ұсынысына қарсы шығатындар да табылуы мүмкін. Сондықтан, бұл мәселені көпшіліктің талқысына салса, халыққа салса – қолдау керек.Қазақстанның азаматтары құқықтық тұрғыдан сауатты. Өткен жолғы Жер мәселесі, тіркеу мәселесі, тіл мәселесі секілді бірқатар ұлттық сипаттағы оқиғалар кезінде қазақстандықтар азаматтық белсенділік танытты. Демек, бұл ұсыныс та қоғамдық талқылаудан өтуі керек . Көпшілік талқы жасап, талап етуі керек.

Мен бұған қатысты мынадай ұыныс айтар ем.

Бұл жерде мәселені үш топқа бөліп қарастыруымыз керек.

*Толыққанды ҚР Азаматтығын алатындар;

*Ұзақ мерзімге қызметке келетіндер;

*Қысқа мерзімде қызметке келетіндер:

Толыққанды Қазақстан азаматтығын алатындарға – қазақ тілінен, тарихы мен Конституциясынан емтихан тапсыру қатаң міндеттелуі тиіс.

Ал ұзақ мерзімге қызметке келетіндер үшін – Конституцияны білу қатаң міндеттелуі тиіс. Ал Мемлекеттік тіл қажеттілік деңгейіне қарай жүктелуі керек.

Қысқа мерзімге қызметке келетінден үшін (15-30 күн) – жеңілдетілген форма қарастыру қажет. Көбіне көп бұл топтағылар – туристер, шетелдік қонақтар болатыны анық.

Белден басып, жалпылама жүктеме жасайтын болсақ, бұл өз кезегінде елдің ертеңгі экномикасына да кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан, мұны қоғамдық талқыға салу арқылы пісіре түсу қажет деп білемін. Жалпы бастаманы халық болып қолдауымыз керек.

 Қазақ тілі азаматтық алудың алғы шарты болуы керек

Айдос Сарым, саясаттанушы:

-Иә, мен бұл жерде Перуашев мырзаның көтеріп отырған бастамасын қолдаймын. Заңға Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға қатысты нақты нормалар енгізілуі тиіс.  Ал енді, Парламенттен немесе Ақорда жақтан қолдау жағына келсек, бұл түптің-түбінде қоғамдық талқыдан өтіп, реті келгенде ҚР Азаматтық туралы заңына енетін дүние.Бұл қазіргі заңда жоқ бап болғандықтан, оны әлі пысықтап, әзірлеу керек. Биліктің мемлекеттік тілге мұрын шүйіріп қарайтынын ескерсек, бұл бастаманы жүзеге асыру үшін кемінде 5-7 жыл күтеміз. Сондықтан, қоғамдық талқы қазірден басталуы керек деп ойлаймын.

Сондай-ақ, бұл көптеген елде бар заң. Тәжірбиеден өткен. Мемлекеттік тіл, қазақ тілі – азаматтық алудың негізгі алғы шарты болуы керек. Өкінішке орай, қазір біздегі билік құрылымында қазақ тіліне жаттық бар.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 


 

 

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530