Мұсырманның мұнысы несі?
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Кәрібай Мұсырман деген кісі «Қызылжар» тақырыбына өзге қырынан келіп отыр. Кәрағаң облыс орталығының атын ауыстыру әле ерте дейді.
«Петропавл қаласында қазіргі кезде қалыптасқан нақты жағдаймен санаспай, жан-жақты ойластырылмаған, асығыс-үсігіс әрекетке бару ешкімге де абырой әпермесі кәміл. Мәжілісмендердің депутаттық сауалына орай бұқаралық ақпарат құралдарында өрбіген пікірсайыс, Интернет сайттарында тыйылмай тұрған дау-дамай барысы, сенатор жерлестеріміз бен Петропавл қалалық мәслихат депутаттарының қарсы дауыс көтеріп шыға келуі бұл мәселенің бір қайнауы әлі ішінде екендігіне көзімізді жеткізе түсті» деп жазады ол облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде.
К. Мұсырман мырзаның «СҚ»-да сықиған басалқы сөзін қаз-қалпында беріп отырмыз. Қалағаны оқырман еншісінде. Өз тарапымыздан айтармыз - бір кездегі «Социалитсік Қазақстан» сияқты «Солтүстік Қазақстан» да баяғы сүрлеу соқпақтан шыға алмаған екен. Апырай-ай, Мұсырман ағамыз мұндай шетін мәселеде үнсіз қала салса қайтер еді...
«Абай-ақпарат».
Артық қыламыз деп, тыртық қылмайық...
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Кәрібай Мұсырман деген кісі «Қызылжар» тақырыбына өзге қырынан келіп отыр. Кәрағаң облыс орталығының атын ауыстыру әле ерте дейді.
«Петропавл қаласында қазіргі кезде қалыптасқан нақты жағдаймен санаспай, жан-жақты ойластырылмаған, асығыс-үсігіс әрекетке бару ешкімге де абырой әпермесі кәміл. Мәжілісмендердің депутаттық сауалына орай бұқаралық ақпарат құралдарында өрбіген пікірсайыс, Интернет сайттарында тыйылмай тұрған дау-дамай барысы, сенатор жерлестеріміз бен Петропавл қалалық мәслихат депутаттарының қарсы дауыс көтеріп шыға келуі бұл мәселенің бір қайнауы әлі ішінде екендігіне көзімізді жеткізе түсті» деп жазады ол облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде.
К. Мұсырман мырзаның «СҚ»-да сықиған басалқы сөзін қаз-қалпында беріп отырмыз. Қалағаны оқырман еншісінде. Өз тарапымыздан айтармыз - бір кездегі «Социалитсік Қазақстан» сияқты «Солтүстік Қазақстан» да баяғы сүрлеу соқпақтан шыға алмаған екен. Апырай-ай, Мұсырман ағамыз мұндай шетін мәселеде үнсіз қала салса қайтер еді...
«Абай-ақпарат».
Артық қыламыз деп, тыртық қылмайық...
Осы аптадағы Парламент Мәжілісінің отырысында белгілі журналист, жазушы жерлесіміз Жарасбай Сүлейменов 13 депутаттың атынан республикамыздың Премьер-Министріне жолданған депутаттық сауалды жария етіп, онда Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгерту мәселесі көтерілгенін бүгіндері еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, жұртты дүрліктіріп жатыр. Интернет сайттарынан осы жөнінде оқырмандардың өз аты-жөндерін бүркемелеп жазған жеке пікірлерін оқысаң, жағаңды ұстап, жаның түршігеді. Халық қалаулыларының көзқарасын жақтаушылар мен теріске шығарушылардың айтыстары шектен шығып, нешетүрлі намысқа тиетін арандатушылық, анайы сөздер, ұлт пен ұлыстың арасына ши жүгірту әрекеттері белең алып тұр. Осынау дүниежүзілік шырмауықтағы дау-дамайды қызуқанды жастар көшеге шығарып, бір-бірінің жағасына жармасып жүрмесе жарар еді деп тілейсің іштей. «Жаман айтпай жақсы жоқ», Құдай бізді содан сақтасын!
Парламенттің төменгі палатасының жоғарыда айтылған бір топ депутатының сауалын жоғарғы палата - Сенаттың біздің облыстан сайланған депутаттары Тасбай Симамбаев пен Анатолий Башмаков қолдамайтындарын ашық білдірді. Олар мәжілісмендердің бұл әрекетін келесі сайлау алдында ұпай жинауды мақсат тұтқан саяси ойынға балайтындықтарын айтып, одан от шығып кетпеуін ескертті. Петропавл қалалық мәслихатының жанындағы «Нұр Отан» депутаттар фракциясы да осы шетін мәселе жөнінде шұғыл отырыс өткізіп, қала атауын өзгертудің уақыты әлі туған жоқ деген ортақ пікір білдіріп, бәрі де мәжілісмендер әрекетіне бірауыздан қарсы екендіктерін мәлімдеді. Ал қолданыстағы заңнама бойынша қала атауын өзгерту құзыреті өзге емес, дәл осы қалалық мәслихат депуттарына берілген. Мәжіліс депутаттары сауал жолдаған Премьер-Министрдің ондай өкілеттігі жоқ. Сондықтан, оған ресми сауал жолдап, буынсыз жерге пышақ ұрғанша Парламент мүшелері «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңға өзгеріс енгізіп, ономастиканың осындай күрмеуі қиын түйіндерін төменнен емес, жоғарыдан шешуді заңдастырып алулары керек емес пе еді деген ой келеді. Сондай-ақ, жоғарыда айтылған 13 мәжілісмен жалғыз Петропавлға шұқшиып, көршілес Павлодар қаласының атауын өзгерту жайлы ләм-мим демеулері де қайран қалдырады. Шындығында, христиан дінінің қос әулиесінің есімдерімен аталатын және тұрғындарының басым көпшілігі сол дінді ұстанатын Петропавл қаласынан бұрын баяғы ақ патшаның дүниеге жаңа келген ұлының құрметіне қойылған әрі қазағы да қалыңдау Павлодар қаласының атауын өзгерту әлдеқайда жеңілдеу көрінеді емес пе? Ал Мәжілістегі халық қалаулылары «жығылса да, нардан жығылуды» жөн санаған сыңайлы...
Жалпы, Петропавлда қазіргі таңда қалыптасып отырған қоғамдық-саяси жағдайды, демографиялық ахуалды жете білмейтін кейбір қазақ зиялылары республикалық баспасөз беттерінде қаламыздың атауын өзгерту жөнінде оқтын-оқтын мәселе көтеріп, сырттан біржақты сын айтып жататыны жасырын сыр емес. Соған орай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы 29 мамырда Ақордада бір топ қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесіп, сұхбаттасқанында: «Еліміздің зиялы қауымы біраздан бері Петропавл, Павлодар секілді кейбір қалалардың атауларын да өзгертсек деген ұсыныстар айтып жүр. Ленинград, Сталинград, Ульяновск секілді қалалар, басқа да жер аттары өзгеріп жатқанда бұл да орынды ұсыныс шығар. Жергілікті әкімдіктермен, мәслихат депутаттарымен ойласып көру керек. Бұл да елмен бірігіп ақылдасып шешетін мәселе», деп атап көрсеткен болатын. Содан бері жергілікті билік, қаладағы қазақ зиялылары бұл бағытта бұрау басын сындырмай, «шошқа тағалап» жүр деу әділдікке жатпайды. Қазіргі кезде Қызылжар атауын кеңінен насихаттау ісі жүргізіліп жатқаны көрер көзге анық байқалады: мыңдаған жанкүйері бар жергілікті футбол клубы «Қызылжар» болып аталды, «Қызылжар» оранжереясы, «Қызылжар жәрмеңкесі», «Қызылжар» коммуналдық базары, «Қызылжар-Ақпарат», «Қызылжар-Жарнама» кәсіпорындары, т.б. атаулар пайда болды. Қалада бес жылдан бері «Қызылжар нұры» газеті шығарылып келеді.
2008 жылғы 21 тамызда Президентіміз Петропавлдағы «Абылайдың ақ үйі» мұражай кешенін ашу салтанатында сөйлеген сөзінде қала атауын орыс тілінде де «Қызылжар» деп атағаны, облысымызға қызмет бабындағы сапары барысында Тайынша қаласындағы зауытта шығарылып жатқан жаңа комбайндарға «Қызылжар» атауын беруді ұсынғаны аян. Елбасы алдында да өнер көрсету құрметі бұйырып жүрген танымал өнер ұжымы - «Красный яр» ән-би ансамблінің атауы да бір-ақ күнде «Қызылжар» болып, қазақыланып шыға келді.
Дегенмен, Петропавл қаласының атауын өзгерту мәселесін жергілікті жұртшылықтың ашық талқысына салып, қалалық ономастикалық комиссияда қарап, қалалық мәслихаттың сессиясының күн тәртібіне енгізуге әлі ерте екендігі сезіліп-ақ тұр. Өйткені, қалалық мәслихат депутаттарының қазіргі құрамы бұл жөнінде оң шешім қабылдамайтыны соқырға таяқ ұстатқандай белгілі болып қалды. Қала атауы түгілі, шаһар орталығындағы Совет көшесіне көрнекті ақын, журналист жерлесіміз Ғалым Малдыбаевтың есімін беру мәселесін қалалық мәслихат депутаттары он жылдан бері сағыздай созып, ақыры биыл «Қала орталығындағы Совет, Партизан сияқты көшелерді өзгертпеу керек, өйткені, олар - біздің өткен тарихымыз. Қаланың шетінде атауларының мән-мағынасы шамалы көшелер жеткілікті, солардың біреуіне беруге қарсы емеспіз» деп тұжырымдағаны белгілі. Осыдан-ақ бүгінде Петропавл қалалық мәслихатында кімдер, қандай ой-пиғылдағы адамдар үстемдік құрып отырғандығы айтпай-ақ түсінікті емес пе?!. Кешегі Парламент мүшелерінің Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалы Петропавлға ресми жолымен келіп түспей жатып, қалалық мәслихат жанындағы «Нұр Отан» депутаттар фракциясының аяқ астынан отырыс өткізіп, қала атауын өзгертуге бірауыздан қарсылық білдіруі де ұрымтал кездің әлі туа қоймағандығын аңғартпай ма?!.
Сондықтан, Петропавл қаласында қазіргі кезде қалыптасқан нақты жағдаймен санаспай, жан-жақты ойластырылмаған, асығыс-үсігіс әрекетке бару ешкімге де абырой әпермесі кәміл. Мәжілісмендердің депутаттық сауалына орай бұқаралық ақпарат құралдарында өрбіген пікірсайыс, Интернет сайттарында тыйылмай тұрған дау-дамай барысы, сенатор жерлестеріміз бен Петропавл қалалық мәслихат депутаттарының қарсы дауыс көтеріп шыға келуі бұл мәселенің бір қайнауы әлі ішінде екендігіне көзімізді жеткізе түсті. Осы жөнінде былтырлары нешетүрлі алыпқашпа, қаңқу сөздер өршіп, қала мен өңірдегі қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төнуге айналған кезде облыс әкімі Серік Біләлов жұртшылықты тыныштандыру мақсатымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мәлімдеме жасап, Петропавл қаласының атауын өзгерту мәселесі әзірге күн тәртібіне енгізілмейтінін мәлімдеуге мәжбүр болғаны белгілі. Мұны дұрыс түсінбей, басқаша жорып, өңір басшысын ашық та, сыртынан да сынап-мінеп жүргендер жоқ емес. Бірақ, бұл әділдікке жатпайды.
Дана халқымыз: «Асығыстық - шайтан ісі» дейді. «Асықпаған арбамен қоян алады» деген де мәтел бар. Еліміздегі тыныштық пен береке-бірлікті ойласақ, ежелден жеті рет өлшеп, бір-ақ кесуді жөн көретін халқымызға тән кең де байсалды мінезімізден танбағанымыз жөн. Әйтпесе, артық қыламыз деп аптығып жүріп, тыртық қылып алуымыз әбден мүмкін.
Кәрібай Мұсырман,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы.