Кенесарыға қиянат
Елордамыздағы Кене ханның «басынан» «желкесіне» дейін қарғаның саңғырығы ағып тұр
Тізімнен тыс қалған ескерткіш
Астанадағы Сейфуллин және Әуезов көшелерінің қиылысында ағаштан әдемілеп салынған бір ескі үй бар. Осы үйдің жанында алысқа көзін тігіп Алаштың ардақтысы, дауылпаз ақын - Сәкен Сейфуллин отыр. Жақындап барып ескерткішке үңілсеңіз, жүзіндегі жабырқаулықты, өзегіндегі өкінішті анық аңғарасыз. Өмірі қуғын-сүргінмен өткен арда ақынның бүгінгі жансыз бейнесі де әділетсіздіктің құрбаны болып тұрғанына қатты қапаланатын сияқты көрінеді. Төр қаланың тура ортасындағы мәдени нысан өн-бойына жинаған құпия-сырын ешкімге ашқысы келмейтіндей... Қиянаттан қажыған еңселі ескерткіштің, «мұңайған» мұражайдың төңірегіндегі жағымсыз оқиғалардың анық-қанығын білмек болып, ағаш ғимараттың табалдырығынан аттадым. Директордың бөлмесі ескі үйдің жертөлесінде екен.
Елордамыздағы Кене ханның «басынан» «желкесіне» дейін қарғаның саңғырығы ағып тұр
Тізімнен тыс қалған ескерткіш
Астанадағы Сейфуллин және Әуезов көшелерінің қиылысында ағаштан әдемілеп салынған бір ескі үй бар. Осы үйдің жанында алысқа көзін тігіп Алаштың ардақтысы, дауылпаз ақын - Сәкен Сейфуллин отыр. Жақындап барып ескерткішке үңілсеңіз, жүзіндегі жабырқаулықты, өзегіндегі өкінішті анық аңғарасыз. Өмірі қуғын-сүргінмен өткен арда ақынның бүгінгі жансыз бейнесі де әділетсіздіктің құрбаны болып тұрғанына қатты қапаланатын сияқты көрінеді. Төр қаланың тура ортасындағы мәдени нысан өн-бойына жинаған құпия-сырын ешкімге ашқысы келмейтіндей... Қиянаттан қажыған еңселі ескерткіштің, «мұңайған» мұражайдың төңірегіндегі жағымсыз оқиғалардың анық-қанығын білмек болып, ағаш ғимараттың табалдырығынан аттадым. Директордың бөлмесі ескі үйдің жертөлесінде екен.
- Міне, 16 жыл болды Сәкен атамыздың бұл ескерткіші ешқандай тізімде жоқ, - деп бастады әңгімесін Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов ағамыз. - Неге енбегенін ешкім білмейді. Бұрын ескерткіш төмендеу постаментте тұрған. Былтыр Қордайдан тас әкеліп астына төсеп, мәрмәрмен көтеріп, биік тұғырға орнатқыздым. Содан соң, ескерткіштегі «С» әрпінің біреуі ылғи түсіп қалады екен. Сол әріпті мықтап бекіттік. Өйткені, мұражай мен ескерткіш бірігіп арнайы кешенді құрап тұр. Ал ең бір сорақысы сол, қалалық мәдениет басқармасына бағынатын тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция Сәкен атамызды «1884 жылы туған» (туған жылы 1894 жыл ғой) деп 10 жыл бұрын туғызып қойыпты. Бұл қателікті біз айттық та, ескерттік те... Ешкімнің қылшығы қисаймайды. Ешқандай эмоция жоқ!
Серік аға намыстан булығып, күйініп сөйлеп отыр. Мәселе атаулы шаш-етектен екен.
«Қаражат бөлінбеген соң, халіміз мынау... Іші ызғарлы жертөледе отырмыз! Түнге қарай әйелдердің аяқтарының сіңірі тартылып қалады! Олар - маған, мен - басшыларға шағым айтамын. Басшылар болса, жағдай жасағанның орнына «Ана жұмысты неге істемейсіңдер?», «Мына жұмысты неге жасамайсыңдар?» деп қыспаққа алады. Біздің кураторымыз - Астана қалалық мәдениет басқармасының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бастығы Кәмила Кәбекқызы Қоқымова маған үнемі қысым көрсетеді. Кейде екі қолымды төбеме қойып, кетіп қалғым келеді. Нағыз көрсоқырлық па, әлде, көріп тұрып әдейі көргілері келмей ме, білмедім?.. Қазіргі бастықтар қызық. Мәселен, осыдан бір апта бұрын азаматтық қорғаныс және өрттен сақтану жұмыстарын жақсы ұйымдастырғаным үшін, алғыс алғанмын. Енді бүгін қатаң сөгіс беріпті. Бірақ... бір қолымен алғыс айтып, екіншісімен сөгіс беру ешбір қалыпқа сыймайды ғой. Яғни, төмендегі басшылар мәдениетке бір төменгі сорттағы мекеме тәрізді қарайды. Мынаны қараңыз, мұражайдың екінші бөлігіне қаражат бөлінбеген. Осы мәселені шешу үшін хат жазбаған жерім жоқ. Мәдениет және бюджетті жоспарлау министрліктеріне де жаздым. Сенаторлар Оралбай Әбдікәрімов пен Светлана Жалмағамбетоваға өзім кіріп, Бекболат Тілеуханмен де сөйлестім. Ешкімге керегі жоқ!.. Жеке басыма көмек сұрап жүргендей күйде боламын. Мәдениетке ешкімнің жаны ашымайтын бір өліара заман болып тұр!.. Тіпті, қаржы сұраймын деп жексұрын болдым. Мәслихатқа үш рет хат жаздым. «Сәкен қызмет еткен Ақмолада отырсыңдар ғой?.. Сендерде ұят бар ма?» деп күйініп жаздым. Ақыры, қазақ дегенде қаны бар, ұлтжанды азаматтар бар екен. Ерлан Қожағапанов деген бауырым қол ұшын беретінін айтты. Сөйтіп, әкімнің орынбасары қызметіндегі Ерланға хат жазып отырмын. Жоғарыдағы мәселелерді біз айтқанмен, ол әрі қарай Имекеңе (қала басшысына) жетіп жатқан жоқ қой. Әйтпесе, Иманғали Нұрғалиұлы тарихи-мәдени мұраларға аянышпен қарайтын аяулы азамат екенін жұрт біледі. Әрбірден соң, мұражайды жөндеуге 53 млн. теңгені бөлгізген қала басшысы. Бір өкініштісі, сол қаражат жемқорлардың өңешінен өтіп кетті», - деді ол құлақ қойып тыңдағанымды құптап.
Ханның басы - қарғаның саңғырығы
Есілдің жағасында ат үстінде қасқайып тұрған Кене ханның басына қарғалар саңғып кеткенін де Секеңнен есіттік. Бір күні еңселі ескерткішті көруге барғанда ... қарғаның саңғырығы желкесінен ағып тұрғанын көріпті. «Басы әлі дауда жүрген сорлы бабамыз Кенесары ғой!.. Басының қайда екенін таба алмай жүргенде ... құстың саңғырғанын көріп, аруағынан ұялдым. Адамның іші күйеді екен. Анау құзырлы инспекция осы іспен айналысуы керек қой. Сондай ескерткіштерді қорғайтын өз мекемелері болады. Олар тұрған аумағына қарай әркімге бекітіліп беріледі. Сол мекемелердің былғанған ескерткішті жуып қоюына болады ғой?!. Кене ханға деген қиянат әлі күнге жалғасып келеді», - дейді Серік Кәрібайұлы жаншырылғын жеткізіп.
Ашық әңгімеміздің соңынан Секең ақын мұражайына қалай экспонат жинағанын жыр ғып айтып берді. Ол әңгімені келесі мақалама сыйғызармын деп орнымнан тұрып, құс саңғырған Кене ханның басын көруге асықтым. Өзен жағалауындағы ескерткіш алыстан менмұндалап-ақ тұр. Тек өз заманында орысқа бодан болғысы келмей, қасық қаны қалғанша күресіп өткен хан Кененің бүгінгі түрі шынында да аянышты-ақ. Басының артқы жағынан тап желкесіне дейін құстың саңғырығы ағып тұр. Қайран Кенекем-ай дегеннен басқа лаж жоқ. Ескерткішті айналып-айналып, намысқа булығып кері бұрылдым.
Айтпақшы, құс саңғыған ханның басына келгенде екі тараптың да ұстанымын білмек болып, құзырлы мекемеге телефон шалдық. Тұтқаны тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның бастығы Кәмила Кәбекқызының өзі көтерді. Мәселенің мән-жайынан хабарсыз басшы ә дегеннен-ақ: «Менімше, мұндай жағдайды газетке жазып қажеті жоқ. Түзейтін нәрсе ғой. Екіншіден, менің қарамағымда ондай ескерткіштерді жуып-тазалайтын адамдар жоқ. Біз мәдени нысандарды тіркеп, есепке алумен ғана айналысамыз. Ал тазалыққа жауап беретін - аудандық әкімдік. Мен Сарыарқа аудандық әкімдігіне хабарласып, мәселенің анығын айтайын. Содан соң ескерткішті тазалатайын!»,- деп безек қақты.
Әділ Шайыр,
Астана.
Суреттерде: Құс саңғырған Кене ханның ескертекіштері мен С. Сейфулиинің есімі жазылған тақта.