Сейсенбі, 4 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 93820. Жазылғандар — 65132. Қайтыс болғандар — 1058
Көкмұнар 3932 9 пікір 7 Сәуір, 2017 сағат 11:29

  П.К.Услар. Қазақ даласындағы төрт ай

(Жалғасы. Басы мына сілтемелерде http://abai.kz/post/49234;

http://abai.kz/post/50361)

Қасапхананы ұнатқан қазақ сұлтаны мен басқалар туралы...

Сіз өміріңізде шекарадан өтіп көрген болсаңыз, әрине сол уақыттағы сәтті ұмытпайсыз, кеденнен өтіп істеріңізді орындаған соң,  экипаж көтеріңкі көңілмен сізді бұрын көрмеген алысқа ала жөнеледі. Сіз кіріп келе жатқан елдің ауасы миыңызға апиындай әсер етіп ғажап мастық сезімге толтырады. Өткен өміріңіздегі уайым мен қайғы болашақ қуаныштың үмітімен кеуіп кеткен жаңбырдай жоғалады. Тағдырымыз бізге қарыздар деп санап,  жетектеген ұшқыр үміт бойынша алдымызда бізге дайындалған төлемдер бізді күтіп отыр деп қиялдаймыз. Атамекенін ешуақытта тастап кетпеген адамдардың өздері жаңа жылды қарсы алған кезде бұл сезімді жеңіл түсінеді, себебі әрбір жаңа жылдан жарқыраған үміт күтіп тұрғандай сеземіз. Қаншама рет үмітіміз орындалмаса да, сабырлы бақытымыз бен күтер бақытымыз географиялық белдеулерге, жылдың цифрларына байланысты емес деп  қанша рет ескертсе де, біз онымен келіспей жарқ еткен үмітімізді  бүгінгі сүрең өмірімізге ауыстырмаймыз.

Маған түсіндіруге қиын болар, бірақ алғашқы сәтте Қазақ даласына кірген кезімде ол маған жақсы әсермен көңілімде қалды. Мені көптеген орасан  қиындықтар мен әртүрлі мұқтаждықтарға толы ұзақ мерзімді сапар күтіп тұрған еді. Бұл сапарым көп болғанда екі-үш маңызды емес естеліктерден басқа ештеңе бере қоймас, оларды бір күндері достық әңгіме үстінде, маздаған пештің алдында деревнядағы көршіме айтып беремін деп ойлайтынмын. Сөз жоқ, дәл осылай  анық болады деген ойыма, ешқандай негізге сүйенбеген  бір сезім бойымды   баурап, болашақтың әдемі  картинасымен көз алдыма келді. Мені белгісіз жұмбақтарымен өзіне тартып отырған өлке; түсініктері біздің түсінігімізден ерекше, өзгеше қабылдайтын  адамдар, біздің күнделікті өміріміздегі жағдайлардан ерекшеленетін оқиғалар.... Ерекше қызықшылықпен  алдымдағы ұлан байтақ даланың көк кілемі мен көкшіл аспанның түйіскен жеріне жұтынып алға қараймын.

Айтуға тиіспін,  Петропавлдан келе жатқан адамды дала назды сылқымның мінезімен қабылдайды. Ұланғайыр шалғынды дала Есілді бойлап барлық бағытта кілемдей жайылып жатыр. Сирек кездесетін шоқ тоғайлар жерді әдемі суретімен түрлендіріп тұр, кең даланы тасаламайды, кеңістіктің көз жетпейтін ұзындығына кедергі жасамайды, даланы алғаш рет көрген адамды кеңістік  ерекше сезіммен қиялдатады.  Жолдың екі жағында сансыз жылқы табындары еркімен жайылып жүр. Казактар шөп шауып жатыр, жазғы аспанның күнімен  олардың шалғыларының жарқылы найзағайдың жарқылына ұқсайды.   Сабырлы мінез бен күш қуатын беретін осы суреттерді көріп жақсы әсерленесің.

Менің тарантасым теп-тегіс жолмен жылдам жүріп келеді, жол дегенім жасыл шөптегі сәл ғана байқалып тұрған екі сызық қана. Күн тасасына кірген соң масалардың қара бұлты  қан сорып той жасамақ болып үстіме түйілді.  Оларға қарсы сақтанатын қару – қыл тор. Онсыз жазғытұры Сібірде немесе Қазақ даласында саяхат шегу мүмкін емес. Пелымда, Березовта және тундра қоршаған басқа жерлерде қысқа мерзімді жаз айында миллиардтаған қан сорғыш масалар шығады, ол жақтың тұрғындары біздің жақтың бал арашылары бал алу үшін омартаға барған кездегідей бір минутқа да қыл торларын шешпейді. Егер Сібірдің солтүстігінде бірнеше апта өмір сүріп көрсеңіз, адамның бетін көре алмайсыз. Поляр аймағының сұлуларының осы бір  жәндіктерден қорқатындығы соншалық, олардың сылқымдығы айдалада қалады

Түн қараңғылығы менің көзіме жапқан қара тордан болар,  тез түскендей болып көрінді.  Жан-жағым тып-тыныш. Даладан салқын самалдың лебі соқты, анда-санда кездесетін шоқ тоғайлардың ағаштарының жапырақтары мен лебінің сыбдыры азайып сирек естілетін болды. Есіл өзені жолдың оң жағында қалып алыстай берді. Қиялға толы көріністер бірінен соң бірі ауысып ұйқы мен сергектіктің арасында маужырап отырмын, бір кезде иттің үргені оятып жіберді; аттар тоқтады, ащы түтіннің ортасында екенмін. Біреу қасыма келіп «Кім келе жатқан?» деп сұрақ қойып қағаз көрсетуді талап етті. Басыма жамылған қыл торды алмақ болдым. Петропавлдан 40 шақырым жердегі Қаратомар бекетіне келіппіз. Біразға дейін ештеңе көрмей, жауап бере алмай отырдым: түтін көзімді жеп, жөтел дауысымды жұтып сөйлетпеді.  Масалардан құтылу үшін даладағы бекетте тұрған казактар тезек пен ылғал шөпті қосып тұтатып түтіндейді. Бекет нағыз бықсыма түтіндемеге айналады. Бірнеше минуттан кейін түтінге үйрендім, қараңғылықтың аржағынан аласа бойлы казарма мен төрт бұрышты айыр мүйізді бекініспен қоршалған ұзын атқораны көрдім.

Сібір ведомствосына бағынатын Қазақ даласында орналасқан приказдардың аралықтарындағы пошта қатынасы жақсы ұйымдастырылған. Казактың бекеттері станса есебінде саналады, олар бір бірінен шабындық пен судың ыңғайына, далалық әскери пайымдарға бейімделіп 30-40 шақырымда орналасқан. Әрбір бекет жеңіл бекініспен қоршалған, бекініс биік емес үйілген топырақтан жасалған немесе айырмүйіз қабырға ретінде соғылған; ішінде тұратын казактардың саны 10-нан 20-ға дейін өзгеріп тұрады. Дербес тұрған бұл бекіністердің қорғаныс жарақтарының аздығына қарамастан әлі күнге дейін бұл бекіністерді қазақтардың алған кездері болған емес.  1839 жылы  Кенесары Қасымов екі мың қолымен Көкшетаудан 35 шақырым жердегі ішінде 18 ғана қорғаушысы бар Хан бекетіне келген болатын. Содырлар еш пайда таба алмай кейін қайтты. Сібір казактарының жігіттігі мен ержүректігі  қазақтарға ерекше моральдық тұрғыда әсер еткенін мақал сияқты үлгі етіп айтуға болар, қазақтардың батырлығы біржақты ғана, оқ дәрі құсап  лап етеді де жоқ болады. Солай десек те, бекеттерде қызмет етудің қауіптігі мен қиыншылықтары көп. Жылқылар бұл жақта жыл бойының көпшілігінде тебіндеп қоректенеді, сондықтан оларды бекіністерден жырақ жерге апарып бағуға тура келеді. Егер казактар сәл ғана бейқамдық жасап аттарынан көз жазып қалса, барымташылардың топтары сол заматта бір табынды айдап кетеді. Жүйрік ат мінген бір батыр табынның шетіне келіп қиқу салса бітті, табын сол заматта оның соңынан еріп лезде ғайып боп кетеді. Бұрынғы кездері мұндай жағдайлар жиі болып тұратын, қазір казак офицерлерінің қырағы күзетінің арқасында мұндай жағдайларды естімей келеміз.

Шөл далада тұрып жатқан осы казактардың өмірімен жақынырақ танысу мені өте қызықтырған еді. Дала күзетінің қызметіне оларды екі жылға жібереді, мерзімі біткен соң станицасына оралған казактар басынан кешкен қиындықтар мен қауіпті қызметтен соң демалып жаңа ерліктерге дайындалады. Қауіп дегенің казактың жігітіне түк те емес;  отбасы мен ағайынсыз оқшау өмірі сағынышпен өткен болар еді. Әсіресе, қыс кезінде даладағы өмір біркелкі зерігумен өткен болар еді. Шексіз таусылмайтын ұланғайыр қарлы айдалада тұрған жалғыз үй; боранды күндері есіктен мұрныңды сыртқа шығара алмайсың, аш қасқырлардың ұлуы, анда-санда қазыналық жұмысымен жол-жөнекей соғып кететін өткінші жолаушы – міне осы ғана,  өзін өзі еріксіз оқшаулаған сопыдан еш айырмашылығы жоқ өмір. Бұған қарамастан, кешкі маздаған оттың жанында алыста қалған туған жерді, ауыстыратын кезекшіңді асыға күтіп, қорқорды шегіп отырып, бекеттегі қызыл сөздің шебері әңгімешіл досының айтқан қиял сезімді шарықтататын ертегілерін тыңдау уақытты қысқартады, ұзақ қыс әйтеуір осылай өтеді.

Қаратомар бекетінде қасыма күзетке толық қаруланған төрт казак берілді. Олар мінген тарантасымның екі жағында аянбай шауып отырғандықтан мұндай күзет жүрісімізді баяулатқан жоқ. Грузияға барғандардың барлығы  Екатериноградтан сәті түсіп атқарған жұмысын, шыдамдылықтың ерекше үлгісі деп мақтанады!  Мен Петропавлдан 140 шақырым шыққан соң қатып ұйықтап қалыппын. Жер бетінің келбетінің ерекше өзгеріп кетуі соншама таңқалдырды. Дала түгелімен қиял жетпейтін пішінді әртүрлі шоқыларға толып кетіпті, оларды табиғат жасамаған,  алпауыт біреудің ғажайыпты шығармашылығымен жасалған деуге болар. Аз ғана қиялыңды қосып көрсең, оларды әртүрлі хайуанның немесе Новоресей өлкесінде көп кездестіретін албасты пішінді тас мүсін деп қаласың. Алыстан бір бірімен жалғасып жатқан, кішкентай өзеншіктің ағысына ұқсаған, бірақ тамаша өзеннің жағасына сай келмейтін үзік-үзік жартастардың тізбегін көрдім. «Азат» бекетіне келгенде бұл жартастар шығып тұрған мүйіс сияқты болып, жатқан аса бір жануарға ұқсайды. Түбір сөзі ойыншықтан   «ассад» деп басталатын арабша арыстан деген мағына беретін бекеттің атауы ойыма келе берді. Жалпы айтқанда, даладағы жер бетінің бұдырлығы ерекше сипатта, бұл ерекшелікті  Ксиландердің «Terrain-Lehre» ерекше мақаласы етіп жариялауға тұрарлық, әрине егер ғалым капитан бір күндері Орта жүздің жеріне сапар шеккен болса.

Таңертеңгі сағат он бірге кеткен шамада Көкшетауға жеттім, қазақ-түрік сөзінде «көгілдір тау» деген мағынаны білдіреді. Бұл мекеме (приказ) жоғарыда айтқанымдай, 1824 жылы Қарқаралымен бір мезгілде ашылған, екеуі де даладағы ежелгі қоныс саналады. Жиырма жылдық өмірінде Көкшетау гүлденген жерге айналды, Тобыл губерниясының уездік қалаларынан кем түспеу үшін тек шіркеу ғана жетіспей тұр. Көшелері тіп-тік, үйлері архитектуралық ережелерді біршама сақтап салынған, екі-үш дүкендері онша талғампаз емес өткінші жүргіндерге қажет еткендерін апарып беруге дайын. Көкшетаудың көрінісі керемет. Биік тауы бірнеше бөлек тұрған шоқ тоғайлармен әдемі өрнектелген; әжептәір үлкен көлі бар, одан көп балық ұсталынады, тағы бір ерекшелігі, жан-жағы мол шабындыққа толып тұр. Көк жиектің шетінде «Азаттағы» таң қалдырған бірнеше ғажап түріндегі шоқы төбелер көкшілденеді. Қоныстың жанында бірнеше қазақтың киіз үйлерін байқадым. Олардың қожайындары жеке жұмыстарымен Көкшетауға келген, пәтер іздеп машақаттанбау үшін үйлерін ала келіпті.  Даланың еркін таза ауасын біраз уақыт жұтсаң, бөлмелік өмірден жиіркенесің. Қазақтар біздің салқын ауалы бөлмемізге кіргеннің өзінде жағдайы кетіп судан шығарылған балықтай сезінеді.  Бөлмелеріміздің төбесіне қауіппен қарайды, төбеге салынған бөренелер құлап кететіндей көрінеді, көпке дейін осы қауіптері бойларынан кете қоймайды.

Атақты Абылай ханның ұрпақтарының бірі, Көкшетау округінің аға сұлтаны Әбілқайыр Ғаббасовпен таныстым. Түр келбеті өте жағымды, пішіні түрік-монғолдықтан гөрі қавказдыққа жақын. Маңғаздығы, адаммен сөйлесу мәнеріндегі кейбір сырбаздығы оқыған османдықтың дәрежесіне сай. Кешке қарай Көкшетауға өз жұмыстарымен келген он қазақ маған келіп кетті. Бәрі де келісті киім киген, сәнқой бипаз деуге тұрады. Шапандарының ұнататын түстері – қызыл және ашық-жасыл. Кейбір нағыз әсемпаздары, даланың барыстары десек те болар, өздерін қарапайым сыпайылармыз деп санайтындары ала-құла жібекпен кестеленген шапандар мен шалбарларды киеді. Бұл киімдеріне бұталар мен құстардың бейнесі салынады, әдейі ме, емес пе білмедім, мұндай әсемпаздың үстіндегі бейнелердің оғаш көрінетіні соншалық, оларға күлкісіз қарау мүмкін емес. Қымбатты қонақтар бірінен соң бірі  қолымды қысып, сосын еш рұқсат сұрамай-ақ еденге отыра кетті. Әңгімеміз тілмаш арқылы өрбіді, бірақ онсыз да бәрін түсініп отырдым, себебі қазақтың тілі мен біршама білетін кавказдық түрік тілімен ұқсас. Осы әңгіменің бір жәйті менің ойымда жақсы сақталыпты, осыған қарап қазақтардың эстетикалық білімі жайлы түсінік аларсыздар. Қонақтарымның бірі бұрын Петербургте болған екен, міне осы кісі әңгімесінде астананың кереметтігін, астанадан алған әсерін айтты.  Ондағы театр мен масқарадтарда, патша сарайындағы балда және т.б. жерлерде болыпты. Қалай ойлайсыз, Петербургте оған ненің ұнағанын білесіз бе? Дұрыс, ешуақытта таба алмайсыз. Петербургте зиялы деп саналатын сұлтанға – қасапхана ұнапты! Қасапхананың сәулеттілігін айтып отырған жоқ, білесіз бе! Тоқтаусыз жағдайда малды сойып жатқан көріністен ләззат алыпты.... Бәрі жақсы, бірақ оның ойынша, қасапханада ол көрген кереметепен ештеңені салыстыруға болмайды.

Қазақтардың түр келбетінде онша мінездік белгілер жоқ деуге болады. Оның негізгі себебі қазақтардың көрші халықтармен тығыз байланысында жатыр. Қазақтың сұлу қыздарын қатал деп қарауға немесе көрші халықтарды жек көру мінезі бойларына сіңіп қалған деуге болмайды. Қазақтың кейбір тәуір келбетті пішінділері кавказдық татарларға (олардың арасында сұлу еместер өте сирек) ұқсайды. Көп жағдайларда бет сүйегінің шығыңқы болуы, көздерінің қысыңқылығы үйренбеген көзге ұнамсыз әсер береді. Сонымен бірге ешқандай мағынасы жоқ әлпеттер де көп кездесті. Егер қазандық татарларды көрсеңіз, мұндай әлпеттілер жайлы түсінігіңіз қалыптасқан болар еді. Бет пішіні дөңгелек; толған айдай, қастары әрең сезіледі, мұрыны жапсырылған, бетінің түсі египет мумияларындай қоңыр. Қазақтардың бойлары орташа, аласадан гөрі биіктеулері көп. Барлығының да дене бітімдері ерекше мықты. Ликург әлжуаз туған балаларды Тайгет тауынан лақтыруға бұйырған, далалық қатал тәрбиені осы спартандық тәрбиемен салыстыруға болар. Ашық аспанның астында анасының сүтін емген, бесігін қарлы боран басып өлмей аман қалған қазақтың баласы суық тиюден қорықпайды. Бірақ айта кетуім керек, емшек еметін балалардың ішінде өлім жағдайы өте жиі кездеседі.

Көкшетаудың жергілікті билігі алдағы  экспедицияға сенімді жолбасшыларды іздеу қамымен жүрді. Қазақтар соңғы кездері Кенесарыға қарсы күресіп жүрген отандастарының отрядтарына жолбасшы болуға  ықласты  болып жүр. Мұндай одақтастардан келетін пайда онша көп емес. Ержүректігі онша болмағандықтан және нашар қаруланғандығынан олар бұл іске онша пайдаланылмайды, негізінен алғанда содырлардан тартып алынған малға қарайды,  бекеттердің маңында жүріп  дұшпанның іздері жоқ па деп қарауылдайды. Әйтсе де, жолбасшы болуға  жарайтын қазақтар отрядқа қажет-ақ: онсыз отрядтың жұмысы табыссыз. Жалындаған жас кезінде даланың төрт бұрышын олай да, бұлай да кезіп, асау басы неше түрлі оқиғаны бастан кешіп аман қалған, басы мен денесі тыртыққа толы қартайған барымташылар жолбастаушылыққа келетін. Әрбір шатқал  өміріндегі ерекше   бастан кешкен шытырманды оқиғаны есіне түсіреді. Бір шатқалдың етегінде еңбектеп  ұйықтап жатқан ауылға жақындап адамы көп пе, аз ба, жылқысы мен қойының қай жақта жайылып жүргенін аңдып жатса, екінші бір жерде ұзақ түнде аяқ-қолы байлаулы жатқан кездерін еске түсіреді. Таң атқасын жігіттер келіп ұрып-соғуы мүмкін, сондықтан қалай қашып кетуді ойлап жатқан жері....Бастарынан кешкен қауіп-қатерлер қазақтардың мнемоникалық (қажет нәрселерді жадында сақтап қалу) қасиетін жақсы жағынан көрсетеді.  Даладағы топографиялық майда-шүйделердің өзі осы бір қажымайтын оқиға іздеушілердің жадында ұмытылмай сақталып қалады. Әңгімелерін тыңдай отырып олардың даладағы шоқы мен молалар, өзен мен көлдің қайырлы немесе терең жерін, ащы немесе тұщы құдықтарды, әртүрлі мол немесе орта шөпті, шөпсіз  жайылымдардың тізімдерін қалай жадында сақтайтындарына таң қаласың. Шаруасына мығым ең қамқор помещиктің өзі қарамағындағы бірнеше десятина жерін біле бермейді,  ұланғайыр даланың ой-шұқырын білетін осы батырларға тең келмес.

Көкшетауда маған екі жолбасшыны, оларға сенім артуға болады деп ұсынды. Біреуі Төлеш деген, жасы жетпіс бесте, аласа бойлы, беті қыртыстанған, бүкірейген шәугім шал, жанары сөнген көздерінде ешқандай сезім мен ойды байқамадым. Бірінші көргенімде атқа мініп жүре алатындығына сенбедім. Баратын жер жайлы бірнеше сұрақ қойып едім, қаусаған шалым өзгеріп сала берді. Үстінен отыз жылды лақтырып тастағандай, тілмәш шалдың тез сөйлеген былшылдарын маған ілесіп аударуға үлгіре алмады. Әңгіменің жәй өрбігеніне көңілі толмаған шыдамсыз шал столдан борды алып мен сұраған өңірдің картасын еденге сала бастады. Атын мақтап, сатуға саудалап отырған еті тірі  ұшқалақ сығанға ұқсап кетті ол. Бірақ, Төлеш әңгімесінде өзі айтқандай қарттықтың ауыртпалығын көтеріп жүр екен. Ұйқысы қашатын болыпты, ұйықтай алмайды, жас жігіттермен ұзақ жолға шыққанда  серіктерімен жиі ұрысып қалады екен, себебі оларға ұйқы бермейді. Оған қоса, нашар көретін болыпты, екі шақырымнан жылқының түсін әрең ажыратамын дейді. Төлеш бірнеше рет Кенесарының қолына түсіп әр жолы Кенесары оның жонынан таспа тіліп өлтірмекші болған екен, бірақ айлакер шал, тұтқын кезінде өлермен халдегі шалға айналып жендеттер өзі өлейін деп тұрған аппақ сақалды шалды өлтіруге қолдары батпапты. Төлеш те жәй адам емес қой, оларға ойлануға көп уақыт та бере бермейді, сәл ғана қәтесін мүлт жібермей пайдаланып қашып кетеді, жәй қашып кетпейді, табындағы ең жақсы атын мініп қашады екен.

Екінші жолбасшының аты Атығай, Ақмола сұлтаны Қоңырқұлжа (сірә, Қоңырқожа болса керек, С.Ж.) Құдаймендиннің төлеңгіті. Атығай – орта жастағы келісті пішінді, бет пішіндері әдемі адам екен, түріне қарап шалымды, зерек екенін аңғаруға болады. Ол жайлы бір анекдотты айтып берейін. Қарқаралының сұлтаны Тұрсын Шыңғысов көптен бері бұзықтықтары үшін Атығайға тісін қайрап талай жылдан бері тоқтаусыз жолын тосып жүреді екен. Талай рет болған сәтсіздіктерден кейін ақыр соңында бір күні ұстап алыпты. Түнгі қамауға мықтап байлағаны соншалық, қозғала да алмапты. Күзетке қойылған қазақтар әдеттегіше түнге дейін ғана ұйықтамай, сосын ұйқыға кетеді. Жерде жатқан Атығайдан екі қадым жерде  от жанып желмен соққан оттың шоғы Атығайға соғып тұрады. Бір сәтте  бір тал шоқ Атығайды есіркеп қолын байлаған жіпке түсіпті; жіп тұтанып бықси бастайды, қуанған тұтқын бар күшімен оны үрлей бастайды. Бірнеше минуттан соң жіптің бірі  жартылай күйіп үзілген соң бар күшін салып жіпті үзіп жібереді. Енді қолы біршама босап, отқа еңбектеп барып денесін шырмаған жіпті адам шыдамайтын отқа денесін төсеп жіптерді күйдіреді. Біруақытта босанады.  Енді ауылдың адамдары оянғанша тезірек қашып кетуі керек. Бірақ, Атығай ондай адам емес. Тұрсынның кегін қайнатып  мазақтап кетпек болады. Күндіз ол сұлтанның әйелдерінің бірін байқап, әйелдің оған жарқ еткен көзін тоқтатып мұңлы жанарымен сұқтанып қарағанын байқаған еді. Атығай әйел жатқан киіз үйге бет алады. Сезімтал келіншекке өзінің келу себебін Атығайдың қалай түсіндіргенін білмеймін, бірақ келіншек граф Нулинді қатал қарсы алған Наталья Павловнадай болмапты. Таң алдында сұлтанның әйелімен қоштасып үйдің жанында жайылып жүрген жылқыдан екі тәуір атты жетектеп біріне мінген Атығай келесі үйде басқа әйелімен жатқан сұлтанды оятып аман-саулық тілеп қоштасып шауып кетеді. Таң қалып көзін ашқан сұлтанның ашу-ызасының қалай қайнағанын көрсеңіз!  Бүкіл ауылды оятады, барлық төлеңгіттерін қуғынға жібереді. Одан не пайда, Атығай аман-есен үйіне жетіп сұлтаннан алып келген аттарын мақтап аузынан тастамайды деседі. Сұлтанның ауылында біреу оны қатты сағынып жүрсе керек, сірә бұл ауылдың өсек-аяңы болар.

Көкшетаудан Атбасарға дейінгі жол біркелкі, еш өзгермейді. Судың, шабындық шөптің молшылығы бұл кеңістікті адамдармен толтыруға мүмкіндік береді. Атбасар бекетінің басқа бекеттерден біраз айырмашылығы бар; мұнда отбасымен казак офицері тұрады. Бекеттің жанында бірнеше бағаналының киіз үйлері тігілген. Оларға бекеттің казактарының қанатының астында әртүрлі жыртқыштардың шабуылынан қорғану ұнапты. Бұл бағаналылықтар көшпелі өмірден түгелдей бас тартқан. Үй соғып алмаса да, бірнеше жыл бойы тігілген киіз үйлері бір орнында қозғалмай тұр. Атбасардан кейін жол тағы да Есілдің жағасына шығады.

Далалық жерге саяхатым мені мезі қыла  бастады. 500 шақырымдай жүрдім, есте қалатындай ештеңе көргенім жоқ. Поштаның жолымен жүрудің Ресейдің үлкен жолдарымен жүруден еш айырмасы жоқ. Қасымдағы казактардың конвойы және теп-тегіс шөлді құлазыған даламен келе жатқаның ғана бір губерниялық қаладан екінші қалаға келе жатқаныңа ұқсамайды.

Жарқайың-Ағаш бекінісінде саяхат жасау әдісім тіпті өзгерді. Енді әрі қарай бекеттер жоқ, Ұлытау тауларына бару үшін, (барлық отряд сол жерге жиналған), азық-түлік көлігін ертіп келе жатқан 50 казактан тұратын партияны алып алға жүріп кеттім. Жарқайың-Ағаштан кейін орыстың басқаруының сырттай ешбір әсері байқалмайтын нағыз дала басталады..

(Жалғасы бар)

Орыс тілінен аударған – Сағат Жүсіп

Abai.kz

 

9 пікір