Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Бетбұрыс 13424 21 пікір 13 Сәуір, 2017 сағат 12:26

Латын әліпбиін құрастырудағы қазіргі қиындықтар мен оны шешу жолдары

 

Біз алдағы уақытта рухани тәуелсіздікке де жетеміз десек, орыс тілінің ықпалынан шығуымыз қажет-ақ. Ол үшін қазіргі жазуымызға реформа жасау керек екенін көпшілік мойындай бастады. Бірақ соның басқаша жолмен де жүзеге асуы мүмкін екенін көпшілік ескермей жүргендей. Мәселен, орыс жазуының өзі латын/грек әліпбиінен өрбігені баршаға мәлім. Осыны ескере отырып, қазіргі әліпбиіміздегі орыс тіліне тән, біздің тілге мүлдем жат дыбыс-әріптерді (в, ф, ц, ч, э, ё (ио), и (дауысты), у (дауысты), я, ю, ь, ъ, х,), сондай-ақ араб-парсы тілінен келген, бірақ қазақ тілі сөздерінің мағынасын өзгертуге еш қатысы жоқ, «арбаның бесінші дөңгелегі» сяқты болып, қазақ тілінің «қ» дыбысымен қосамжарласып жүрген «һ» дыбыс-әрпін алып тастасақ, латынша болып шыға келер еді.

Тіпті толықтай кирилден құтылғымыз келсе, қазіргі кирилше әліпбиіміздегі «б», «г», «ж», «з», «л», «м», «н», «ш» әріптерімізді латындық «в», «g», «j», «z»» «l», «m», «n», «c» әріптерімен алмастырсақ, ал қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін танытатын ә, ө, ұ, ү, і, ғ, қ, ң дыбыстарына кейбір латынша әріптерді өзгертіп (өзгерсе болды – ол латыншада, ағылшынша да емес) таңба береміз деп аса қиналмай-ақ, қазіргі кирилшедегі, бірақ өзінше өзгеше болып таңбаланған қалпында қалдыра салсақ, орынды болатын сияқты.

Қалай дегенмен қазақ тілі әліпбиінің ертелі-кеш пе латыншаға көшетіні – басы ашық мәселеге айналды. Латыншаға көшуді көпшілік қолдап отыр. Алайда қазақ тілі дыбыстық жүйесінде қанша дыбыс бар екені және олардың саралануы, дауысты-дауыссыз болып жіктелуі баяғыда жасалып қойылса да [1; 2; 3; 4], латынша жаңа әліпбиге көшкенде қандай сипатта болатыны әлі күнге даулы болып келеді.

Біреулер қазіргі кирилше әліпбидегі барлық әріптерді латыншалай салуды көздесе, енді біреулер қазақ тілінің А.Байтұрсынұлы түгендеп беріп кеткен 28 төл дыбысын ғана латыншалау керек деп есептейді. Ал енді біреулер кезінде, негізінен, орыс тілі арқылы дендеп енген «в», «ф», «х» дыбыстарын да қазақтың болашақ латыншы әліпбиіне қосу керек, өйткені бұл дыбыстармен жазылып-айтылатын сөздер баршылық, оларды қазіргі қазақ қоғамы айта да, жаза да алады. Олар қазақ тілі дыбыстары болып кеткен деген сияқты  әлемдік тілдердің тілдік заңдылықтарына еш сәйкес келмейтін өз уәждерін алға тартып, әріптер санын 31-ге, тіпті 33-ке де жеткізіп жүр [5, 309-315].

Біз, негізінен алғанда, осы үш бағытты ұстанып, ағылшын тілі әріптері бойынша қазақ әліпбиін құрастырушылардың [5; 6; 7; 8; 9; 10; 11; 12] нұсқаларын зерттеп-зерделеу барысында олардың көпшілігі көп жағдайда бірін-бірі қайталайтынына және 1929 жылғы қазақ әліпбиінің барынша дұрыс нұсқасы болған латынша әліпбиден кем түсіп жатқанына көз жеткіздік. Олар – біздіңше, мыналар: 1. 31 және одан да көп дыбыстарға әріп арнағандар қазақ тілінің 1929 жылғы латынша әліпбиінде жоқ дыбыстарды да таңбалаймыз деп әуре болған; 2. Дүниежүзі тілдірінің басым көпшілігіне көп жағдайда ортақ болып келетін дыбыстарды латынша таңбалауда, негізінен, бірізділік сақталғанмен, қазақ (түркі) тілінің төл дыбыстарын таңбалауға ағылшын тілінің белгілі бір дыбыстарының таңбасы болып тұрған әріптерді алған. 3. Тіл дыбыстары да шартты таңбаларға жататыны ескерілмей, қазақ тілінің өзіндік дыбыстарын ағылшын тілі дыбыстарын таңбалайтын әріптермен түрлі диакритикалық символдардың көмегімен сәл өзгертіп беру басшылыққа алынған. Бұл қателік, біздің ойымызша, қазақ тілінің 1929 жылғы латынша әліпбиін құрастыру кезінен бастау алған. 4. Бірқатар жобаларда қазақ тілінің кейбір төл дыбыстары жуан-жіңішке болып жұптасып келетіндігіне байланысты бір ғана таңба беріліп, олардың бір-бірінен айырмашылығын арнай белгілер арқылы таңбалау ұсынылған. Бұндай әліпбидің аса ықшамдылығы жағынан өзіндік артықшылығы болғанымен, әліпби үйретуде болатын кемшін тұсы да бар екенін аңғардық. Оған ретіне қарай кейінірек арнайы тоқталамыз. 5. Әліпби құрастырушылардың баршасы – қазақ тілі дыбыстарын қалай да ағылшын тілі әліпбиінің 26 әрпі негізінде құрастыру керек дегенді қатаң басшылыққа алып, қазақ тілінде жоқ, бірақ ағылшын тіліндегі бір дыбыстың таңбасы болып тұрған бір әрібіне қазақ тілінің басқа бір дыбысын теліген. 6. Қазақ тілінің төл дыбыстарын диакритикалық символдардың көмегімен немесе қос әріппен таңбалау – жазу кезінде көптеген қиындықтар тудыратыны мүлдем ескерілмеген. 7. Ең бастысы, ағылшын және тағы басқа да көптеген тілдерде жоқ, бірақ қазақ (түркі) тіл(дер)інде бар, олардың сол төл дыбыстарын өзінше таңбалау қажет екендігі қаперге алынбаған. Атап өтетін жайт – қазақ тілінің 1929 жылғы латынша әліпбиінде [11] және Қытай қазақтарының 1965-1982 жылдар аралығында қолданған латынша әліпбиінде [13] бұл мәселе, негізінен, ішінара ескерілген. Мысалы, «ә», «ө», «ғ», «ң», «ы» дыбыстарына арнай әріптер берілген. «Ең» дегендегі ең бастысы – латынша немесе ағылшынша әріпті сәл өзгертсе болғаны – ол латынның да, ағылшынның да әрібі (таңба) болмай қалатынын әліпби құрастырушылардың ешқайсысы қаперге алмай келеді. Сөйтіп, олар латын/ағылшын әріптерінің жоғары жағына бір белгі қойсақ, ағылшын тілінің 26 әрібімен (таңбасымен) қазақ тілі дыбыстарын таңбалаймыз деп қате жолға түсіп кеткен.

Біз, осы жобаны орындаушылар, өткен ғасырдың 90-жылдарының басынан бастап бүгінге дейін дайындалған латыншаға негізделген небір әліпби нұсқаларымен танысып, саралап, зерделеп шықтық. Солардың ішіндегі қазақ тiлiнің табиғи дыбыстық жүйесіне сәйкес келетiндері де, мүлдем қате бағыт ұстанып кеткендері де баршылық. Барлығына ортақ кемшілік біз жоғарыда атап өткендер деуге болады.

Барлық жобалық әліпбилер ағылшын тілі әліпбиіндегі a, b, c, d, e, g, i, j, k, l, m, n, o, p, q, r, s, t, u, y, z әріптерін қазақ тілінің а, б, с, д, е, г, и, ж, к, л, м, н, о, п, р, с, т, у, з дыбыстарына балама етіп алса да, қазақ тілінің төл дыбыстары ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, ы, і дыбыстарын ағылшын әліпбиінен артық қалған f, h, v, w, x әріптерімен немесе бір дыбысты таңбалау үшін қолданылған бір әріпке қосымша белгілер қою арқылы таңбалауға тырысқан. Демек, барлығына қиындық келтірген қазақ тілінің төл дыбыстары ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, ы, і болған.

Адамзаттың, оның ішінде белгілі бір ұлттың бір-бірімен қарым-қатынас жасасуы (сөйлесуі) дыбыстық тілге негізделетіні барша жұртқа белгілі. Кез келген ұлттық тіл дүниедегі (жаратылыстағы) барлық зат пен ұғымды өзіне ғана тән тіл дыбыстары және солардың сан ғасыр бойы қалыптасқан тіркесімі бойынша таңбалап, түрлі сөздерге айналдырады. Сол себептен әрбір ұлттық тілде барлық адамзат танып-білген заттар мен ұғымдар түрліше дыбысталып айтылып, өзіндік ұлттық ерекшелігін танытады.

Демек, тілдің таңбалық сипаты оның негізгі ерекшелігі болса, оны жазбаша жеткізуде тіл дыбыстарын дәл таңбалау – аса маңызды. Кез келген таңбаның, оның ішінде тілдік таңбалардың (морфемалар, сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер) екі жағы болатыны белгілі. Бірінші жағы – формасы болса, екінші жағы – мазмұны болып табылады [14, 68-80].

Әріп – дыбыстың сыртқы формасы болса, бір әріпке телінген дыбыс оның мазмұны. Екеуінің арасындағы байланыс – шартты. Әр дыбысқа қандай таңба берсең де бәрібір. Алайда жаңадан таңбалар ойлап тауып, жаңа әліпби құрастырғаннан гөрі, бүкіл адамзат тұтынып жүрген жалпыхалықтық әліпбиді (мәселен, ағылшын) өзіне лайықтап құрастырып алудың көпжақты пайдасы бар екені даусыз. Оған тоқталып жатудың қажеті жоқ болар.

Жанды (ауызша) тілде тілдік таңбалар (сөздер және т.б.) дыбыстармен таңбаланатын болса, сол дыбыстар жазбаша тілде әріптермен таңбаланады. Ал ұлттық жазу (графика) қай елдің (тілдің) әліпбиіне (алфавитіне) негізделсе де, өзінің ұлттық сипатын жоғалтпай, ұлттық тіл болдып қалуы қашанда маңызды.

Қай ұлт, мейлі, кімнің әліпбиін қабылдаса да, өзінің мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан тілдік зандылықтары бойынша барша адамзатқа ортақ дыбыстармен қатар өзінің төл дыбыстарын, өзіндік дыбыс тіркесімдерін (сөздерін) таңбалау, жазу, оқу, айту үшін алады. Бұл да табиғи заңдылық. Сондықтан да жазбаша тілдік таңбалардың ішіндегі өте-мөте маңыздысы – тіл дыбыстарының дұрыс таңбалануы.

Өзге тілдік дыбыстарды және олардың таңбаларын (әріптерін) немесе ұлттық тілде бар дыбыстардың әріптерімен жазылған, бірақ дыбыс тіркесімдері өзгеше сөздерді (лексика, грамматика, синтаксис т.б.) «халықаралық сөздер» деген желеумен талғамсыз-талғаусыз қабылдау ұлттық тілдің өзінің табиғи бітім-болмысынан біртіндеп ажырап, өзгеруіне, бүлінуіне апарады. Оның алдын алу үшін, ең әуелі, қазақ тілінің болашақ латынша әліпбиі өзінің ұлттық сипатын сақтауы аса маңызды. Сондықтан да А. Байтұрсынұлы түгендеп беріп кеткен қазақ тілі дыбыстары санынан артық та, кем де болмауы қажет.

Осы жерде А. Байтұрсынұлының ә, ө, ү, і дауыстыларын жеке фонема (дыбыс) санамағанын және «қ» мен «к», «ғ мен «г» дыбыстарын да бір таңбамен беріп, оларды дәйекше арқылы ажыратуға болады дегенін, сөйтіп, қазақ тілі әліпбиіндегі әріптер санын барынша ықшамдауға болады дегенін [1, 146-147] біз де ойға алдық және «А.Байтұрсынұлының дәйекшесі негізіндегі Интернет әліпби» деген атаумен дайындалған бұндай әліпбимен де таныстық [5, 260-266].

Алайда бұндай әліпбиді үйретудің мектеп табалдырығын алғаш аттаған жас балаға едәуір қиындық келтіретіні байқалады. Өйткен әр дыбыстың әріптерін үйретумен қатар қазақ тілі дыбыстарының сапалық сипатын (дауысты-дауыссыз, дауысты дыбыстардың жуан-жіңішке болып жіктелуі т.б.) да оқытуға тура келеді екен.

Заман талабына орай, ағылшын әліпбиі құрамындағы әріптерді қазақ тілі дыбыстарына барынша сәйкестендіріп алудың қажет екенін біз де мойындаймыз, бірақ ағылшын әліпбиі қазақ тілінің латынша әліпбиін құрастыруға қаншалықты қажет болса да, қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбалауға жарамай жатыр.

Біз қазір, көп жағдайда, қазақ тілінің (түркі) төл бір дыбысын таңбалау үшін ағылшын тіліндегі (әліпбиіндегі) бір әріпті қосымша белгілер немесе екі әріпті қосарлау арқылы сәл өзгертіп пайдаланғымыз келіп жүр. Қалай дегенмен, бұның бір кемшілігі бар. Себебі олар ағылшын тілінде бір дыбысқа таңба болғандықтарынан және сол әріптер ағылшын тілін оқытып-үйрету (оқып-үйрену) кезінде бастапқы қалпында ұғындырылатындықтан, өзінің бұрынғы дыбыстық мазмұнына тартып кете береді. Сөйтіп, ағылшын тілін қазақ тілімен салыстыра үйрету немесе ағылшынтілділердің қазақ тілін оқып-үйренуі кезінде қиындық туғызуы мүмкін.

Бұның нақты дәлелін қазақ тілінің қазіргі кирилше әліпбиінен көруге болады. Онда дыбысталуы жағынан бір-біріне жуық келетін, алайда өзіндік ерекшеліктері бар «й», «у», «ы» дыбыстарына бірдей таңба берілгендіктен, Қайсыбір орыстілді қандастарымыз тұрмақ, қазақтілділердің өздері құрамында осы әріптер жазылған қазақ сөздерін дұрыс оқып, дұрыс айта алмайды.

Мәселен, қазақ тіліндегі «й» мен «у» үнді дауыссыз дыбыстары еш уақытта жалаң қолданыла алмайды. Олардың алдында, яғни «й» дыбысының алдында еркін қолданыла алатын «а/ә», «о/ө», «е» ашық дауысты дыбыстарды айтпағанда «ы/і» және «ұ/ү» қысаң дауысты дыбыстары қолданылатын болса, ал қос еріндік жуысынқы «у» үнді даусыз дыбысының алдынан да, соңынан да «ы/і» қысаң дауысты дыбыстары емес, міндетті түрде «ұ/ү» еріндік дауысты дыбысы айтылады.

Қазіргі емлеміз бойынша «у», «уыз», «ауыл», «жауын», «тәуір», «сәуір» сияқты болып жазылып жүрген тағы басқа да толып жатқан сөздердің «жанды дауыспен» дыбысталуы да, әріптермен таңбаланып жазылуы да басқаша, яғни [ұу], [ұуұз], [ауұл], [жауұн], [тәуүр], [сәуүр] болуы керек еді. Жоқ, олай болмай, орыс тілінің дауысты «у/ы» дыбыстарының таңбасы еш талғамсыз-талғаусыз қазақ тілінің дыбыстарына да беріле салғандықтан, біздің атағы «бүкіл әлемге» мәшһүр бір ағамыз: «Сендер, қазақтар, өз сөздеріңді өздерің дұрыс жазып, дұрыс оқып, айта алмай жүрсіңдер. Сендердің «ауыл» деп жазып жүргендерің – қате. Ол сөз және де сол сияқты т.б. сөздер «аул» деп жазылуы керек. Осыны білмеген қазақ тілінің профессорларына қайран қаламын» деп жазады.

Оның бұлай айтуының өзіндік себебі бар. Оған қазақ тілі мен орыс тіліндегі «у» мен «ы» дыбыстарының бір-бірінен айырмашылығы бар екені ескерілмей, бірдей таңба берілуі себеп болып тұр. Қазақтың «ауыл» сөзін орыс тілі дыбыстарымен оқысақ, [аууыйл] болатынын орыс тілін біршама жақсы білетін қазақтарға «жүдә» түсінікті. Ал осы сөздің «аул» делініп орысша жазылуы қазақтың [ауұл] деп дыбыстауына әлдеқайда жақын екеніне қай қазаө болсын дау туғызбайтыны анық.

Біз көп созбайық деп бірер сөзбен ғана ұқсас дыбыстарға ұқсас әріптердің берілуі қаншалықты шатастыруға апаратынын айтып отырмыз. Сондықтан біздің ойымызша, ұлтық төл дыбыстарға өзгеше әріптер берілуі – табиғи талап заңдылығы.

Өзіміздің осы уәждемемізді (мотивацияны) басшылыққа ала отырып, сондай-ақ қазақ тілінің күні бүгінге дейінгі құрастырылған латынша әліпбилеріндегі біз кемшін тұстар дегендерді ескере отырып, бұрынғы әліпи нұсқаларынан өзгеше, қазақ тілінің латынша негізді әліпбиін құрастырдық. Ол – мынадай сипатта:

 

Ғылыми жоба авторларының латынша қазақ әліпбиі нұсқасы

 

Кирилше Латынша Ата-луы Кирилше Латынша Ата-луы
1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

14

А а

Ә ә

Б б

Г г

Ғ ғ

Д д

Е е

Ж ж

З з

Й й

Қ қ

К к

Л л

М м

A a

Ә ә

B b

G g

Ƹ ƹ

D d

E e

J j

Z z

І і

Q q

K k

L l

M m

а

ә

бы

гі

ғы

ды

е

жы

зы

ый/ій

қы

кі

ыл

мы

15

16

17

18

19

20

21

22

23

24

25

26

27

28

Н н

ң

О о

Ө ө

П п

Р р

С с

Т т

У у

Ұ ұ

Ү ү

Ш ш

Ы ы

І і

N n

ŋ

O o

Ө ө

P p

R r

S s

T t

U u

Ұ ұ

Ү ү

С с

У y

Ь ь (Ι ɪ)

ны

ың

о

ө

пы

ыр

сы

ты

ұу/үуұ

ү

шы

ы

і

 

Жалпы, бұл нұсқаның басқа нұсқалардан аса бір ерекшелігі жоқ. Тек қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбалаған кирилше әліпбидегі қазақша әріптерді барынша сақтап қалуға тырыстық.

Жобалық латынша әліпбилердің басым көпшілігінде «ң» дыбысын «ŋ» таңбасымен берген. Біз де оны орынды санап, солайша таңбалауды жөн көрдік.

«Ғ» дыбысы «г» дыбысымен жұп екендігі ескеріліп, оны (ғ-ны) таңбалайтын әріп «г» дыбысының латынша «g» таңбасына барынша ұқсас болуы қажет екенін қаперге алдық. Сол себептен «ғ» дыбысына таңбалар жүйесіндегі «Ƹ ƹ» таңбасын берсе, қалай болар деген ойға келдік.

Тілші ғалымдарға мәлім болар, қазақ тілінің 1929 жылғы латынша әліпбиінде де, Қытай қазақтарының 1965-1982 жылдар аралығында қолданған латынша әліпбиінде де «ғ» дыбысына әуелде «ƣ» таңбасы берілген болатын. Жазу кезінде қолайсыздық туындаты ма екен, әлде басқадай тағы бір себебі болды ма екен, әйтеуір, кейінірек бұл таңба «ğ» таңбасына ауыстырылыпты. Осы таңба сияқты 1929 жылғы латынша әліпбидің әуелдегі нұсқасындағы «ә», «ө» таңбалары да кейінірек «ä», «ö» таңбаларына ауыстырылғаны белгілі. Ал біз кирилшедегі «ә», «ө», «ұ», «ү» таңбаларын бұрынғы мазмұнда қалдырдық.

Қазақ тілінің қазіргі кирилше әліпбиіндегі «ы» мен «і» дыбыстарын сол қалпында қалдырмауға бірер себеп болды. Біріншіден, «ы» дыбысын латынша «у» әрпімен таңбалау жалпы қолданысқа жаппай еніп кетті. Екіншіден, жоғарыда атап айтып кеткеніміздей, «ы» дыбысын кирилше таңбалауда пайда болған қайшылықтар ескеріліп, оны латынша «y», яғни латынша «игрек» әрпімен таңбалаған жөн болар деген шешімге келдік.

Ал қазақ тілінің «і» қысаң дауысты дыбысының қазіргі кирилше таңбасы ағылшын тілінде басым жағдайда қазіргі біздің «й» дыбысымыздың таңбасы болғандықтан, оған «ь» немесе «ɪ» таңбасын берген дұрыс болар дегенді ұйғардық. Айта кетерлік бір жайт – «ь» таңбасы 1929 жылғы латынша әліпбиімізде қазіргі кирилше «ы» дыбысының таңбасы болған еді. Біздің ойымызша, «ы» дыбысын «ь» таңбасымен, ал «і» дыбысын «ɪ» таңбасымен беруге де болады.

Біз осы нұсқаны құрастырған кезде жазуға қолайлы болу жағын ескеріп, түрлі дәйекшелер арқылы ағылшын тілі әріптерін өзгертіп, қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбалаудан саналы түрде бас тартық. Басты уәжіміз – қазақ тілінің төл дыбыстары өзінше бөлек таңбалауға мейлінше сұранып тұр. Өйткені ондай дыбыстардың өзінше таңбаланып жазылуы және оқылуы қазақ үшін керек. Ал басқа жұртқа, соның ішінде туысқан түркі халықтарына да олардың қалай таңбаланғанының ешқандай мән-маңызы жоқ.

Осы ретте тағы бір айта кететін мәселе – біз өзіміздің осы нұсқамызды дайындау барысында түрік, әзірбайжан, өзбек, түрікмен тілдерінің [15;16; 17; 18; 19; 20; 21; 22; 23; 24] де латын негізді әліпбилерімен толықтай танысып шықтық. Оларда да, жоғарыда атап өткеніміздей, біздің әліпби құратырушыларымыздың қателіктері қайталанған. Тек әзірбайжан тілінің латынша әліпбиінде ғана «ә» дыбысының таңбасы сол кирилдегіше қалған. Олар оны бұл дыбыстың әзірбайжан тілінде аса белсенді де жиі қолданылатынымен түсіндіреді. Егер олар туысқан түрік, түрікмен, өзбек тіліндегідей, «ä» таңбасымен бетін болса, әзірбайжан тілі жазуының жоғары жағы нүктеге немесе басқа бір белгілерге толып кетеді екен.

Жазу барынша ықшам болуы қажет деген желеумен кезінде «й» мен «у» үнді дауыссыз дыбыстарының алдында келетін «ы», «і», «ұ», «ү» дауысты дыбыстарын жазудың қажеті жоқ деп, сау басымызға сақина тілеп алғанымыздай, қазақ тілінің төл дыбыстарын қос әріптермен берсек, үлкен қиындықтар туындап кетуі мүмкін екенін ескеріп, одан да саналы түрде бас тартық. Расында да қос әріптермен төл дыбыстарын таңбалаған өзбек, түркімен жазуы қазіргі кезде үлкен қиындықтарды бастан кешіріп жатыр.

Қорыта келе айтарымыз, кирилшедегі тіліміздің төл дыбыстарын өзгеше таңбалайтын әріптерімізді сақтай отырып, латынша негізді жаңа әліпби құрастырсақ, ересектер жаңа жазуды оңайырақ игерер еді, ал жаңа әліпби негізіндегі жазумен тәрбиеленіп өсетін жас ұрпақ бұрынғы жазуымыздағы күллі жазба дүниелерімізді біршама еркін оқып-түсіне алар еді. Себебі әліпби ауыстырғанда ең алдымен зардап шегетіндер кирилл жазуына үйреніп қалғандар. Қазақ тілінің төл дыбыстары бұрынғы кирилл әліпбиіндегі, оның өзінде сол ерекше дыбыстарды кирлдегіден өзге етіп таңбалаған сол әріптер арқылы берісек, олар жаңа әліпбиді игеруде көп қиналмас еді. Әлбетте, бұл біздің жеке ұсынысымыз.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. 238 б.

2. Мырзабектен С. Қазақ тілінің айтылым сөздігі. – Алматы: «Сөздік-Словарь», 2001. 352 б.

3. Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. – Алматы: «Арыс», 2009. 296 б.

4. Қалиұлы Б. Тіл білімінің жаңа бағыттыры: концепт, параматика, дискурс, мәтін, - Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2012. – 246 б.

5. Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007.

6. Қазақ-ағылшын әліпби жобалары. Abai.kz ақпараттық порталы old.abai.kz/node/14633.

7. Жүнісбек Ә. Қазақ жазуы: Төл дыбыс – төл әліпби. – Астана, 2013.

8. Шәріпбай А. Қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру негіздері // Tobolinfo сайты.

9. Күдеринова Қ.Б. Қазақ жазуының тарихы мен теориясы. Оқу құралы. – Алматы: «Елтаным баспасы», 2013. 242 б.

10. Фазылжанова А. Латын әліпбиіне көшу Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінде қалай жүргізілді? \\ Ана тілі, 2013, № 43. 2-3 б.б.

11. Әміржанова Н. Қазақстандағы латын жазуының тарихи тағылымы. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2012. – 300 б.

12. Алтай М.Б., Бөлеген Г.С., Төрехан Б.Н. Латын негізіндегі қазақ әліпбиі. Жобалар. Алматы:1998, - 136 б.

13. Ғабитханұлы Қ. Қазақ жазуының қазіргі жағдайы және болашағы \\ Қазақ тілі мен әдебиеті туралы зерттеулер. - Пекин: Орталық Ұлттар университеті, 2015ж. -120 б.

14. Ф. де Соссюр. Курс общей лингвистики/Редакция Ш. Балли и А. Сеше; Пер. с франц. А. Сухотина. Де Мауро Т. Биографические и критические заметки о Ф. де Соссюре; Примечания / Пер. с франц. С. В. Чистяковой. Под общ. рея. М. Э. Рут.— Екатеринбург:Изд-воУрал.ун-та,1999.— 432 с.

15. Jala Garibova Language policy in post-Soviet Azerbaijan: political aspects. Citation Information: International Journal of the Sociology of Language. Volume 2009, Issue 19, P. 7–32.

16. Jacob M. Landau,Barbara Kellner-Heinkele Politics of Language in the Ex-Soviet Muslim States: Azerbayjan, Uzbekistan .\\ London. Hust 2012. P.28–32

17. Barbara Kellner-Heinkele / Elena V. Boykova / Brigitte Heuer. Procee­dings of the 49th Permanent International Altaistic Confe­rence, Berlin, July 30 – August 4, 2006, Р.79-83

18. Исхакова Ф. О переводе узбекской письменности на латинскую графику. Письмо профессора Ф.Исхакова президенту 16:42 02.06.2003 www.centrasia.ru/newsA.php?st=1054557720

19. Alan Timberlake The Impersonal Passive in Lithuanian Proceedings of the Eighth Annual Meeting of the Berkeley Linguistics. Society (1982), Р. 508-524

20. Юлдашев Т. И,др Латинизация узбекского алфавита: комментарии специалистов 07.05.2007 18:36 msk, Соб. инф http://www.fergananews.com/article.php?id=5118

21. Асатова, Г. Р. Языковая политика в Узбекистане в. ХХ веке: суть, последствия и уроки ... Ташкент, (автореферат диссертаци на сойскание ученной степень к.и.н.) 2004.− 50с.

22. Akalın Ş.H.  a.g.m., s.30. ; Ahmet B. Ercilasun, Bugünkü Türk Alfabeleri, c.I, Kültür Bakanlığı Yayınları, Ankara, 1977, s.55.

23. Ahmet Tecemer, Rus Egemenliğindeki Türklerin Alfabelerini Değiştirmeleri, Kayseri, 1994, s.37.

24. Bilal N. Şimşir, Azerbaycan’da Türk Alfabesi Tarihçe, Türk Dil Kurumu Yayınları, Ankara, 1991, s.16.

Исхан Б.Ж, ф.ғ.к,. доцент,  Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052