Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Елім-ай 9262 22 пікір 5 Мамыр, 2017 сағат 13:10

Мен - соғыстың түлегімін

 

Соғыс 22 маусым 1941 жылы басталғанда, мен үш жарым жаста екенмін. 1937 жылы 25 қарашада Семей облысы Ақсуат ауданы Егіндібұлақ мекенінде дүниеге келіппін. Кейінірек өмірбаянымда жазылып жүрген туған жерім – Қызылкесік Егіндібұлақтан 7-8 шақырым жердегі іріленген колхоздың орталығы болды. Ол заманда туу туралы куәлік жазбаған болар, тек төлқұжат аларда аудандық ішкі істер мекемесінің тізімінен менің аты-жөнім табылып, туған күнімді сол кезде бір-ақ білдім. Одан бұрын менің туған күнім күзде, қар бірінші жауған – мерзім болатын.

Әдетте өмірбаянды әке-шешеден бастаушы еді, мен өзімшілдікке жол беріп қойыппын. Менің екі әкем, екі шешем болды. Мені өмірге әкелген әкем – Ахметжан (Шалабай), шешем – Ән (Әнуар), ал бауырында болған әкем Әбділда, шешем Тілежан. Осы күнге дейін осылардың қайсысын әкем, шешем деп айтуға батылым жетпей жүр.

Ахметжан (жеті айлығында туғандықтан, жеңешелері Шалабай деп атапты) сол замандағы аудан азаматтарының алдыңғы қатарында сауатты, кеңес және тұтыну ұйымдарында қызмет атқарыпты. Ал Әбділда ауылда қол өнер шеберлігімен ағаштан бұйым жасау, ұсталық және пеш салу сияқты жұмыстармен шұғылданған деседі. Ол кісі қалжыңбас, жолдастарына сықақ өлеңдер шығарады екен. Ел аузынан естігенім – пеш қалауға шақырған үй Әбеңе жақсы сый-құрмет көрсетпесе, түтіні тартпайтындай бір жерін бітеп кетіп, үй иелері жалынып-жалпайып, қайта шақыруын күтетін деседі. Ал өзінің Доскелді деген құрдасы қыста өгіз шанамен Бұқтармадан Егіндібұлаққа балық тартатын, оған Әбең бір жолы:

Әй, Доскелді, Доскелді,

Кіреге барып бос келді.

Бос келгенін қайтейін,

Қоңырменен өш келді, –

деген өлең шумағын Доскелдінің жұбайы Қоңыр апамыздың өз аузынан соғыс жылдарында жиі тыңдадым. Қоңыр маған да ептеп «сенің әкең олай еді, бұлай еді» деп мақтап, әңгімелеп қоятын.

Өкінішке қарай, екі әкемнің де өңі-түсі есімде жоқ, әкелерімді білмедім деуге болады. Оларға деген ықыласымды 2012 жылы жарық көрген «Қазақстан мемлекеттілігі үшін» деген бес томдық кітабыма «Әкем Ахметжан (Шалабай) және атам Әбділда Әлімжановтар Ұлы Отан соғысында мерт болып, қабірлері майдан шебінде қалған. Осы бес томдық жинақты қос әкеме ескерткішке арнадым» деген қолтаңба жазып, әкелеріме өтей алмаған парызымды жеңілдеткен болдым.

Шешелерім Тілежан («апа» дейтінмін), Ән («тәте» дейтінмін) үй шаруасымен шұғылданды. Ал соғыс жылдарында колхозда жұмыс істеп, қой, ешкі сауып, тәтем майданға жіберуге жайлауда қой сүтінен ірімшік даярлағаны есімде. Шешелерім жауынгерлерге жіберіледі деп, жүннен жіп иіріп, қолғап, шұлық тоқитын. Аналарымның істегенін көріп, мен де ұршық иіріп, қолғап тоқуды үйренген едім. Екі шешем де мен дегенде шыбын жандарын қиюға әзір еді. Тәтем 1976 жылы, ал апам 1982 жылы дүниеден өтті. Оларға топырақ салып, бастарына аты-жөндері жазылған мәрмәрдан тақтайша қойдым...

Мен өз әкелерім туралы білетінім шамалы болғанын айтпағанда, менің қызым мен ұлым, немерелерім мені тек ес білгеннен бастап, көргендері арқылы біледі. Ал олар менің балалық, жастық шағымнан мүлде хабарсыз деуге болады. Басқалар оқымаса да, бала-шаға, үрім-бұтақтарыма жеткізейін деген мақсатпен және «мен туралы менен артық ешкім білмес» деген оймен өмірбаянымды жазуға кірістім де, оны «Мен соғыстың түлегімін» деп атауды жөн көрдім...

Мен Отан соғысы туралы жазайын деп мақсат қойып отырған жоқпын және оқырмандарға ақыл айтып, жастарға жол көрсету де жоспарымда жоқ. Мен өмірге келгенде, Кеңес өкіметіне тура 20 жыл болған. Дәл бүгінгі 20 жастағы жастар Тәуелсіз Қазақстанда өсіп жатыр. Олардың келешегі өте бұлыңғыр. Ұсынылған 40 жыл Моисейдің жолы (1990-2030) күресіп жатқан, «Нұрлы жол» жойқын (2050) өзінде ой жоқ, басында ми жоқтар үшін шығарылған саясат. Қазір дамыған 50 елдің қатарындамыз деп даурығамыз, ал шындыққа көз жүгіртіп, адам дамуының үш көрсеткішіне жүгінсек (орта жастың ұзақтығы, білім деңгейі және ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көлемі) Қазақстан дүние жүзі мемлекеттерінің арасында 72-орында болса, ал Кеңес Одағының құрамында 33-орында еді.

Мен социализм заманында еңбек етіп, капитализм кезеңінде өмірімнің соңғы жылдарын өткізудемін. Менің немерелерім тәуелсіздік жылдарында туып, ер жетіп келеді. Бірақ олардың заманы құбылмалы, қоршаған қоғамдық ортасы қайшылыққа толы екені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Бұған кім кінәлі деген сұрақ күн тәртібінен түспей отыр. Бала ма, ата-ана ма, мектеп пе, қоғам ба, жоқ әлде саясат па? Осылардың біреуі ғана «кінәлі» десем, мен қателесер едім. Әйткенмен, саясаттың кінәсі басымырақ екенін айтқаным жөн болар. Себебі мен де «саясаттың» ұрпағы екенімді айқын таныған қартпын.

Ресми тарихтан білетініміз – Совет Одағы 1937 жылы дүниежүзіндегі бірінші социалистік мемлекет болып, Ұлы Октябрь революциясының толық жеңісін бүкіл әлемге жариялады. Алайда мемлекеттің де, халықтың да жағдайы ауыр болған. Оның үстіне 1937 жылы жаппай қуғын-сүргін саясаты жүргізілді. Осы қырғын саясат жайында мемлекет қайраткері Ерік Асанбаев маған «1937 сен туған жыл – халыққа пәле әкелді» дейтін. Мен Ерік Мағзұмұлына «жоқ, сен 1936 жылы наурызда туып, пәлені бастадың, ал мен 1937 жылы қараша айында дүниеге келіп, барлық пәлені тоқтаттым», – деп қалжыңдасатын едік.

Менің туыстарымның арасында сотталған-қатталған адам болған жоқ. Алайда отызыншы жылдардағы зардап шеккен боздақтардың туысқан-туғандарымен, балаларымен көп араласып, тіпті қызметтес те болдым. Өмір өтіп, саясат түзелген кезде көріп-білгенім, отызыншы жылдары атылып кеткен қазақтардың балаларының көпшілігі танымал ғалым, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің деңгейіне көтерілді. Алайда бұлардың әкелеріне жасалған қиянат үшін Сталинге наразылық білдіруі – режим құлаған соң, оны әшкерелеуі орынды. Ал зиялылардың кеңес заманында туып-өскен, социализмнің жемісін жеген топтарына не жоқ? Тіпті ол ғалымдардың арасында социалистік дәуірдің түбін түсіріп мақтап, тарихи, ғылыми еңбек жазып, академиктік дәрежесіне жеткендері де аз емес. Ал бүгін солардың біразы кеңес дәуіріне күйе жағуды мансап қылып жүр.

Мұндай іс-қимылдардың кем дегенде екі жағымсыз жағдайы бар: біріншіден, тарихи шындықты бұрмалау, екіншіден, жасөспірімдерге теріс бағыт көрсетіп, әділетсіз ізденіске итермелейді.

Сондықтан да сексен жылға таяу өткен өмірімді кеңес заманы және тәуелсіздік жариялаған отанымыздың алғашқы ширек ғасырымен ұштастыра баяндау тәсілін, және тарихи оқиғалардың ақиқат жемісін әділетті бағалауды жөн көрдім.

Мен ес біле бастағанда, Ұлы Отан соғысы жүріп жатты. Майданда қаза тапқандар жайында қара қағаз («извещение о гибели») келетін, шағын ауыл болса да, Егіндібұлақ тұрғындары қаралы отбасына көңіл айтып, жыласып-сықтасып, шулап, жоқтау айтатын. Біздер, Бөкеш, Қалдығазы, Базарбек, Базарбай, Әлимұхан, Төкенғазы – бір топ балалар, ойнап жүрген асығымызды тастай салып, үлкендердің айтқанын тыңдау үшін, қаралы үйдің маңайына баратынбыз. Өзімізше әттеген-ай, біздің жасымыз жетсе, немістерді қырып-жояр едік дегендей қынжылатынбыз. Сол жылдары Егіндібұлаққа екі-үш неміс отбасын әкелген, құрамы – әйелдер мен балалар. Соның арасында бізбен жасы шамалас Фрид (Фридрих болар) атты ұл болды. Соны қайғылы күндері сабағымыз келіп тұратын. Бірақ атам «оның кінәсі жоқ, өздерің сияқты бүлдіршін бала, қайта оны қатарларыңа қосып, бірге жүріңдер» деп, бізді тоқтататын. Біз үшін аталарымыздың айтқаны дала заңы, бұжытпай орындау қанға сіңген.

Сол жылдары біздің отбасымызға да қара қағаздар жетті. Фин соғысына қатысқан, сонан соң «кадровый офицер» ретінде әскерде жүрген әкемнің інісі Төлеубайдан «ерлікпен қаза тапты» деген хабар келіпті, ол менің есімде жоқ. Ал 1943 жылы Әбділда – мерт болды және Шалабай – хабарсыз кетті деп естіртті. Бұл суық хабарларға бәрімізден де, әсіресе әжем Күнжан қатты қиналды, үш ұлынан айырылу оңай ма, зар қағып жүретін.

Буынымыз қатпаған бала болсақ та, біз жесір қалған аналарымызбен бірге күн көруге тырыстық. Бәрін тізіп жазу мүмкін емес, әйткенмен бірер сәтті айтайын. Апам Тілежан ешкі фермасында түнгі күзетші болды, түнде мал қораны қасқырдан күзету қауіпті еді. Мен де апаммен бірге жүретінмін. Ал көктемде ешкі лақтаған кезде жұмыс көбейеді, төл қабылдап, оны енесіне жерітпей емізуге көп күш керек. Ешкі көбіне егіз табады, ал біздің фермада ангор, ақ түбіт жүнді, бәрі біркелкі асыл тұқымды ешкі болды, ұзын саны 500-600 бас болар – ойымда нағыз саны сақталмапты. Бірақ әрбір ешкінің лағын бұлжытпай танып, бауырына салып емізу – сол фермада тек менің қолымнан келетін «өнер» болатын. Апам да және басқа фермада жұмыс істеп жүрген әйелдер де «мына ешкі, мына лақты емізбей жатыр, осыныкі ме, әлде жеріп кетті ме, енесін тауып берші» деп, лақты құшақтап маған әкеліп беретін. Мен түстері бірдей болса да, кешелі-бүгінді лақтаған ешкіні танып, лағын бауырына салатынмын. Мектеп жасына жетпей жасалған шаруа, кейін ойласам зеректікке тәрбиелеген екен ғой.

Ал тәтем Ән жайлауда қойдың сүтінен ірімшік даярлайтын, оны ауданнан жинаушы (заготовитель) келіп, әскерге жіберетін. Мен сол ірімшік даярлау тәсілдеріне қолқабыс етіп, көбіне бастаудың басынан тұнық суды иінағашпен шелектеп таситынмын.

Айтпақшы, ешкі өсіру туралы «Госпланда» қызмет істеп жүргенімде естіген бір әңгіме есіме түсіп отыр. Соғыс біткен соң, Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов пен Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасы Нұртас Оңдасынов И.В.Сталинге барыпты-мыс. Әңгіме барысында олар «жолдас Сталин, Қазақстанда ешкі өсірудің мүмкіндігі зор. Сіз осыған қалай қарайсыз?» – деп, көсемнен пікір тартқысы келіпті. Сонда Сталин трубкасын сорып, әрі-бері жүріп «коза – это бедность» депті.

Содан да болар, соғыстан кейін Ақсуат өңірінде ешкі басы жойылды, қой мен жылқы көбейді. Бірақ Жұмекең мен Нұрекең өзара «көсемнің көргені Грузиядағы бау-бақшаның жапырағын жейтін ешкі болар» деп мысқылдапты.

 

Соғыс жеңіспен аяқталды деген хабарды мен атамның алдында, ат үстінде естідім. Сол күні «Жаңаталап» деген шағын колхоздан бірінші сынып бітірген соң, Көкжыра мекені арқылы Базар деген егіс егетін колхоздың даласына кетіп бара жатқанда, Көкжырада көшеге ілінген радио Жеңіс туралы саңқылдап тұр екен. Атам екеуміз ауылдың шетінде аттан түсіп, мен қуана секіріп, ал атам Құдайға сыйынып, маңайдағы зиратқа құран оқып, ниет білдірді. Сонан соң атам маған: «Балам, сен өсіп кетіпсің, ертоқым тар болар» деп, шекпенін аттың арқасына төсеп, мені мінгестіріп алды. Мініп жүрген аты «Мүлік» деп аталған асыл тұқымды, колхозға шеттен әкелген үлкен қараторы айғыр еді. Атам оны қиын-қыстау кезеңде, көбіне қарлы боран соққан күндері ығып кеткен табынды іздеуге мінетін. Мүлік кісінегенде, тау арасында ығып жүрген жылқылар да дыбыс беретін. Жануарды атам өте жақсы көрді, колхоздан алған аз-маз сұлыны Мүлікке беретін. Базар басына келсек, адамдар тайлы-таяғы қалмай, далада ән шырқап, бірін-бірі құшақтап, самаурын қайнатып, түйе, қой сойып, мәре-сәре болып жатыр екен.

1944 жылдың қыркүйегінде ауылдық советтің төрағасы Төкен Бейілғожин жайлаудан күзеуге жылжыған кезде мектеп жасына толған балаларды ат арбасымен аралап, мектепке жинады. Мені де даладан ұстап алып, арбаға отыр деп бұйырды. Апам: «Бұл әлі жеті жасқа толған жоқ» деп еді, оны төраға тыңдамай: «Қалай толмайды, балаң еңгезердей болып өсіпті» деп, өзінше шешемді жұбатты. Колхоз орталығы Егіндібұлақта бастауыш мектеп бар еді, оның екі бөлмесінде төрт кластың оқушылары оқитын, барлық пәннен бір мұғалім сабақ беретін.

Ұстазымыздың есімі Әйтіш еді, жасы біздің әкеміз құралыптас. Ал соғысқа неге бармағаны есімде жоқ. Ол заманда мұғалімдердің біразы броньмен қалды деп еститінбіз, әлде денсаулығына байланысты болды ма екен?

Мені төраға Байбазар ақсақалдың үйіне орналастырып: «Мына баланың атасы күзеуден көшіп келгенше сен күтесің» деп, қаттырақ сөйлеп, өзінің билігін сездіргендей болды. Байбазар ақсақал: «Ой, қам жеме, бұл кірменің немересін өз немеремдей көрем ғой» деп, қалжыңдап, уәде берді.

Қыркүйектің бірінде Бөкеш екеуміз мектепке барсақ, бір-екі әйел парталарды сүртіп, еденді сыпырып жатыр екен, ал мұғалім келген балаларға анаған-мынаған көмектесіңдер деп нұсқап тұрды, өзі де қолқабыс жасап жүрді. Ол күні сабақ болған жоқ, тек тізімді реттеген мұғалім: «Ибраев Бекеш, сен сегіз жастан асыпсың, ал Әбділдин Сепон – сен жетіге толмапсың, мектеп жасы – жеті жас» дегенде, мен қатты қуандым. Бірақ: «Балаларды толық жинағанша, сен сабаққа қатыса бер» деп, тағы да менің қуанышымды су сепкендей басты. Ол сөзінің себебі бала көбейсе, парта жетпейді екен.

Бала кезімде мені Сепон дейтін, кейін неге олай десем, қазақ тілінде «серік» деген сөз кейде «сеп» «септігі тисін» деген сөзбен үндеседі екен де, Серікболсын – «сеп болсын», еркелетіп айтқанда, «Сепон» болады дегенді түсіндірген еді ағаларым.

 

Ол жылдарда – тапшылық, Байбазар атамыздың қауқары да шамалы, бірер сиыры болар, аз-мұз бидай, ал біздің әкелген құрт-ірімшік көпке жетпеді, «көзім көгеріп, қарным аштының» салдары басталды. Бірер аптадан соң, мектептің маңайына күзеуден Қызылкесікке қой жүнін тасып жүрген, өгіз арбалы, өзіме жақсы таныс, соғыстан жаралы болып келді ме, Шотан атты ағай тоқтай қалды. Мен оған: «Мектепке жасым жетпепті, мені ала кет» деп едім, қуана-қуана: «Мен түнімен ұйықтаған жоқпын, мына өгізді айда» деп, бишігін ұстата салды. Сонымен апама қайтып жеттім. Бұл тек шешеме, үйіме жеткенім емес, апамның сақтап қойған сары майы, қаймағы, құрт-ірімшігіне қол жеткізгенім болды. Апам ұлым келді деп қуанды, мен қарным тойды деп мәз болдым. Ауылсоветтің бастығынан сонша қорқа қойғанымыз жоқ, себебі мұғалімнің өзі жасың жетпейді дегені бар. Шынында, ол заманда мектепке 7 жасқа толмағандарды қабылдамайды екен.

Қыстаққа, тағы да Алақ қорасына бардық. Шамасы қаңтар айының басы болар, 1945 жылы сол Алаққа ойда жоқ жерде соғыстан жаралы болып қайтқан, ал келген соң Жаңатілек колхозына бас есепші (бухгалтер) болып тағайындалған Долдин Сқақ келді. Менің атымды Сқаққа серік болсын деп – Серікболсын қойған екен. Аман-есен келгеніне қуанып, сол Алақтағы ферманың меңгерушісі болып есептелетін Архабай есімді ақсақал серке сойып, қуанып отырғанда, ағам: «Мына Серікболсын неге оқымайды, мен мектепке алып кетуге келдім және осы күнге дейін сүндетке отырғызбапсың!» деп, апама тарпа бас салды. Қазақ жолымен есептегенде, қайнысы жеңешесіне үстемдік сөз айтуға болатындықтын ба, әйтеуір қанша өркөкірек болса да, апам ауыз толарлықтай ештеңе айта алмады.

Ертеңінде пар ат жеккен шанамен Кішіаға (немере ағаларымыз көп болғандықтан ба, Сқақты – Кішіаға деп, Әшімді – Әшаға деп, тағы басқаларына да көңілге сыйымды сыйлы ат қоятынбыз) мені Жаңатілекке алып кетті. Шанада Кішіағаның өз тұлыбынан басқа бір тұлып, киіз пима бар екен, мені сол тұлыпқа «мынау Қабажақтың тұлыбы» деп орап, пиманы аяғыма кигізіп қойды. Ал Қабажақ – Қасымханов Қабдырахман, капитан, майданнан демалысқа келіп, Ақсуаттан Аягөзге дейін Кішіаға поезға шығарып салған біздің жиеніміз еді. Ол соғыс біткен соң көптеген орден, медальдармен марапатталған жауынгер ретінде ел-жұртқа абыроймен оралып, Ақсуат өлкесінің қадірлі азаматы болды. Біз Қабажақты мақтан тұтатынбыз, өзі «ел басына күн туғанда, батырлар мен сияқты бұзықтардан шығады» деп қалжыңдап қоятын.

Ақырында Кішіаға мені Тілежан шешемнен Ән шешеме алып келді. Оқу жылының жартысы өтіп кетсе де, мені сондағы бастауыш мектепке тіркетті. Әлима атты бүлдіршіндей жас, педучилищені бітіріп, сол жылдардағы кадрларды бөлу жүйесімен (по распределению) Жаңатілекке Шығыс Қазақстан облысынан келген екен.

Әскерден келген бухгалтер мен шығыстан келген жас мұғалиманың сөздері жарасты ма, әйтеуір Әлима апай маған көп уақытын бөліп, басқа балалардың оқығанын қуып жетуге жәрдемдесті. Сол жылдары – тапшылық, әліппе тек мұғалімнің қолында, ал дәптер атымен жоқ, ескі кітап-журнал, газеттің бетіне шимайлап жазатынбыз. Қаламсапты дұрыс ұстауға, әріптерді көркем жазуға мұғалимамыз аса зор көңіл бөлетін.

Сөйтіп, жарты жылда бірінші сыныпты бітіріп, әліпті таяқ деп білмейтін деңгейден ежіктеп оқуға шамам жетті. 9 мамыр күні, «әлі оқу жылы аяқталғанша, бір апта бар» деген мұғалиманың сөзіне атам: «Қарағым, мына ұлды әкеліп бер деп, шешесі құлақ етімді жеді, бүгін алып кетпесем, қайта келіп жүру бізге де оңай емес. Сені Алла жарылқасын, бірінші класты бітірді деп босата ғой» деген қарияның сөзін сыйлады ма, әлде татар қызы әдептілік білдірді ме, «сені күзде күтемін» деп басымнан сипады.

Өкінішке қарай, сол күн бірінші ұстазыммен қоштасқан күн болып қала берді.

 

Менің қыркүйекте осы мұғалимаға қайтып келермін деген ойым орындалмады. Әрине, бухгалтердің отбасында тұру малшының жер үйімен салыстыруға келмейтін және бұл үйде бір анадан туған Зағыш атты апайым, Сайрамхан деген қарындасым да болды. Дәл бүгін олардың көзі тірі, апайым 80 жаста, қарындасым 75-те, үйлі-күйлі, балалы-шағалы болды. Кішіағамыз Отан соғысының ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі, соғыс және еңбек майданындағы жетістіктері үшін орден, медальдармен марапатталған, биыл 94 жасқа келді. Кішіағаға Әлима бұйырмаған болар, кейін Мәмен деген қызға үйленді, ол жеңгеміз он құрсақ көтерді, «Батыр ана» атағына ие болды, ағарту саласында көп жылдар қызмет етті.

Менің ойымда қалған бір ерекшелігі – көркем әдебиетті көп оқушы еді, өкінішке қарай, ертерек дүние салды. Кішіағамыз Алматыда Береке деген ұлы және Айгүл атты келінімен тұрады. Олардан бес немере сүйіп отыр. Басқа ұл-қыздары да Қазақстанның әр аймағында еңбек етіп жүр, бәрі де үйлі-баранды. Әділеттілікке жүгінсек, бұл менің туған отбасым.

Ал адалдық жолын ұстасам, тоғыз айлығымда бауырына басқан Тілежан апамнан қалай ажыраймын. Апамның шын пейілімен мені күткені есімнен кетпейді... Көршілердің сыбырлап сөйлеген сөздерінен «Тілежан бала көтермеген, Мәния мен Жәлел Әбділданың баладан қайтыс болған бірінші әйелінен, ал Сепон – Әннен туған ғой» деген сөздерін де естіп, ішімнен тынып жүремін. Соғыс жылдарында Мәнияны Семейге кәсіби мамандыққа оқытамыз деп, ал Жәлелді Қарағандыға ФЗУ-ға алып кеткен. Соғыстың қандай қиыншылығы болса да, кеңес үкіметі әкесіз жетімдерді оқытуға көп көңіл бөлгенін өз отбасымнан білемін. Бұл менің тұрған отбасым еді.

Сонымен қатар менің екі әжем болды. Күнжан – Әлімжанның бәйбішесі, ал Жамал – атамның тоқалы. Атам екеуін де бөлмей-жармай қамқорлық жасайтын. Кеңес заманында екі әйелге тыйым салынды дегенге де сенуге болмайды. Бұл да менің өмірде көрген шындығым. Күнжан менің әкемнің шешесі, бірақ мені атам бауырына тартып, көбіне Жамал әжемнің қамқорлығында болдым. Үйі іргелескен екі әжем мені өздеріне тартып, кейде сөзге келіп жататын, бірақ атам ақырса, екеуі де жым болатын.

Серікболсын ӘБДІЛДИН

 

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №17 (381) от 4 мая 2017 г.

 

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006