Балалар әдебиетінің міндеті турасында...

Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының соңына қарай, балалар газетінің бастапқы қадамдарын зерттеу мақсатымен ескі тігінділерді қарап жүріп, өзіме бірер қызық жаңалық ашқан едім... Біріншіден, 1934 жылғы маусым айында, яғни Қазақстан жазушыларының 12–18 маусым аралығында өткен бірінші съезі қарсаңында, балалар мен жастар баспасөзі Қазақ Республикасында қазақ балалар әдебиетін жасау қажеттігі хақында мәселе көтергенін білдім. Әуелі 5 маусымда «Пионер» (қазіргі «Ұлан»), ізінше «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеттері «Балалар әдебиетін жасайық» деген бас мақала берді. Әйгілі әдебиетші-ғалым ағамыз Тұрсынбек Кәкішев бертінде, 50-ші жылдары, бұл бас мақаланың Саттар Елубаев қаламынан шыққанын анықтап, оны жастардың сүйікті жазушысының шығармалар жннағына қосқан-ды. Міне сол туындысында Саттар советтік тыныс-тіршілікті бейнелейтін қазақ балаларына арналған әңгімелер мен өлеңдердің, жас оқырманын «шын коммунистік рухта тәрбиелей алатын» кітаптардың жоқтың қасында екенін айтқан және оны дұрыстау жолдарын көрсеткен-тін. Әрі Қазақстан жазушыларының түңғыш құрылтайы ашылар тұста қазақ балалар әдебиетін жасаушыларға жүктелер міндеттерді тұжырымдаған еді.
Заман талабына сәйкес келетін балалар әдебиетін жасау мәселесін осылайша тұңғыш көтерген Саттардың 1933 жылы Ленинградтан жоғары мектепті бітіріп оралған соң алдымен «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары, одан кейін «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары болып қызмет атқарғаны баршаға белгілі-тін, алайда оның «Пионер» газетінде де істегені беймәлім болатын, әйтеуір бұл жайында өз басым ештеңе білмейтін едім. Қарап отырсам – заманауи өзгерістерді көрсетуге кірісе алмай келе жатқан балалар әдебиеті жайында дабыл қаққан «Пионердің» аталған санына ол – жауапты редактор, ал осы өзекті мәселенің маңыздылығына айрықша назар аударған «Лениншіл жасқа» жауапты редактордың орынбасары лауазымымен қол қойыпты... Демек 1934 жылдың алғашқы жартысында Ерубаев баспасөзде осы екі жауапты лауазымды қатар атқарған. Оның балалар газетінде де редактор болғанын білуім мен үшін қуанышты жаңалық еді...
Қазақ ауыз әдебиетінде балалардың рухани сұранысын қанағаттандыратын қиял-ғажайып әңгіме-ертегілер, қилы батырлық жырлар жеткілікті екені баршаға аян. Дегенмен дүниені дүр сілкіндірген күрт өзгеріс заманы біздің өлкемізде де орныққандықтан, сол революцияшыл ғаламат жаңа дәуір талабына сай жаңа әдебиетті өрімтал оқырман үшін де жасау мәселесі күн тәртібіне сұранып тұрған-ды. Мұны «Кіші Қазан» дауылын соқтырып, қазақ ауылдарын «тазалауды» көздеген солақай саясаттың апатты салдарларын жою науқанына атсалысуға шақырылған азаматтар қатарына баспасөз майданында еңбек ету жолымен қосылған жиырма жасар Саттар Ерубаев айқын ұғынған-тұғын. Сондықтан да ол газеттің насихатшылық, үгітшілік әм ұйымдастырушылық қасиетін арқа тұтып, осынау өзекті мәселеге жоғарыда көрсетілген ретпен жедел де сергек үн қатты. Бас мақала жазумен қатар Саттар арнайы ұйымдастырып, газеттің ішкі қос бетіне мәселенің өзектілігін нақтылай түсетін материалдарды топтап басты. Атап айтқанда, «Жолдас жазушылар! Төңкерістің үшінші буыны талап етеді!» деген үлкен қаратпа-тақырыппен пионер-жеткіншектердің өтініш-тілегін, «Жазушылар дайынбыз» деген тақырыппен «жолдас жазушылардың» балалар тілегін қанағаттандыру хақындағы ойларын жария етті.
Тілек білдіргендер Әулиеата (қазіргі Тараз) қаласындағы Карл Маркс есімімен аталатын мектеп оқушылары-тұғын. Олар Ағарту комиссары Темірбек Жүргенов пен Өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қайсар Тәштитовке және «Лениншіл жас» пен «Пионер» газеттерінің басқармаларына ашық хат жазған болатын. Ашық хатта шәкірттер өздерінің мектеп қабырғасындағы тыныс-тіршілігін, оқу жайын, оқудан тыс уақыттардағы қоғамдық жұмыстарын, қала түбіндегі ұжымдық шаруашылыққа барып, «асыранды қояндарға, бұзауларға» қамқорлық жасап жүргендерін, жалпы пионерлік істерінің қызық та мазмұнды екендігін баяндаған. Сосын отрядтарында бір көңілсіздік бар екенін айтыпты, өйткені қазақ тілінде көркем жазылған қызықты бір кітап та жоқ депті. «Бізге жақсы балалар кітабы, ойын, өлең, әңгімелер, пьесалар керек» депті. «Жазушы ағайлар, бізге Республикамыздың тұрмысын, Отанымыздың ұлы құрылыстарын, ерлерін, біз сияқты балалардың еңбектегі ерліктерін жазып беріңіздерші» деп сұрапты. Біздің жаққа келіп, мектебімізді, бағып жүрген жас төлдерімізді көрсеңіздер – сырласып, әңгімелесер едік депті... Ал жас өскіндердің ашық хаты соңына жазушылар одағын құру шаруасын тиянақтайтын тұңғыш съезді дайындап, өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетін басқарып жүрген Ілияс Жансүгіровтің жауабы, сондай-ақ Ғабит Мүсірепов, Әбділдә Тәжібаев, Тайыр Жароков пен басқа да ақын-жазушылардың өзіндік ой-пікірлері, уәделері жарияланған екен...
Балалар мен жастар басылымдарының 1934 жылғы бұл жарияланымы, сөз жоқ, өскелең ұрпаққа арналатын көркем әдебиетті мақсатты түрде дамытуға белгілі дәрежеде серпін берді. Тиісінше, баршаға мәлім, кеңес өкіметі тұсында қазақ балалар әдебиеті тамаша жетістіктерге қол жеткізді: балалар, жеткіншектер, жасөспірімдер өмірінен жазатын қаламгерлер қатары көбейді, олардың жекелеген туындылары әлем оқырмандарына танылды, өз елімізде мемлекеттік сыйлыққа ие болды...
Мен 70-ші жылдардың аяғында біраз уақыт Жазушылар одағында Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жөніндегі шығармашылық кеңестің жауапты хатшысы болған едім. Кеңес отырыстарында қаламдастарымыздың шығармашылықтарын, жаңа кітаптарын талқылайтынбыз. Бірде әдеби жыл қорытындысында кеңестің арнайы баяндамасын да жасадым, ал 80-ші жылдар басында ССРО Жазушылар одағындағы балалар әдебиетіне арналған жанрлық кеңес отырысында қазақ балалар әдебиетінің жай-күйі жайындағы ойымды ортаға салып, проблемалы сөз сөйледім. Қысқасы, белгілі дәрежеде қазақ балалар әдебиетінің ағымдағы тіршілігіне араласып жүрдім. Тек сараптау, талдау жағынан ғана емес, әрине, өз шығармашылығыммен де. Ал балалар тақырыбына арналған шығармашылық жұмыстарым негізінен өзімнің шәкірт шағымдағы мектеп өмірінде бастан кешкен балаң тәжірибелерден тамыр тартатын. Бұл кезең Саттар әулиеаталық пионерлердің ашық хатын жариялаған уақыттан ширек ғасыр өткен, үлкен соғыс артта қалған, ел еңсесін көтере бастаған, заман жақсарып, мектеп тұрмысы ерекше жандана бастаған шаққа сай келген-тін. Алуан тақырыпты қозғайтын балалар кітабы да көбейген: өз жазушыларымыздың жазғандары бар, әлем әдебиетінен жасалған небір тамаша аудармалар бар, не керек, бәрін тыным таппай қуып жүріп, тапқан кітаптарымызды бітіргенше бас алмай оқушы едік. Ұстаздарымыздың ақылымен олар жөнінде түйгендерімізді арнаулы дәптерімізге жазып жүретінбіз. Пионерлер үйінде жұмыс істейтін қызықты үйірмелерге, мектептегі әртүрлі қоғамдық жұмыстарға қатысатынбыз. Қоян фермасын ұйымдастырдық, өндірістік бригада болдық, сөйтіп қоғами-пайдалы істерге де атсалыстық. Осындай жолдарға бағыттаған мұғалімдеріміздің қилы тәлімдері кейін шығармашылықпен шұғылданған шақта санада жаңғырып, жазылмақ туындының сюжеттік желісін нақтылауға көмектесіп жататын.
Саттардың журналистік жұмысының кейіпкерлері жазушылардан Отанымыздың ұлы құрылыстарындағы ерлер, өздері сияқты балалардың ерліктері жөнінде жазып беруді сұраған еді ғой. Бұл сұраныс одан кейінгі жылдарда да, қазіргі таңда да ескірген жоқ. Тек балалардың тыныс-тіршілігінің мазмұны байып, күрделелілене түсті. Партия мен комсомолдың қамқорлығымен қарыштап әртараптанған пионер қозғалысы қызықты, тартымды мазмұнда дамып жатты. Балалар әдебиетінің танымды болуына зор мән бергендіктен Горький «екінші табиғат» жайын жас өскінге түсінікті етіп жеткізуге жазушылар назарын аударған, еңбек тәрбиесіне «нағыз коммунист», яғни шынайы азамат боп қалыптасудың басты шарты ретінде Ленин аса зор мәр берген. Уақыт өте келе, сомдалмақ балғын кейіпкерлердің тыныс-тіршілігі өтетін орта да, олардың өздері де Саттар алғаш мәселе көтерген заманнан әлдеқайда өзгерді. Бертінгі қаламгерлер «кемелденген социализм» өскіндері жайында сол кезгі талапқа сай келетіндей кітап жазуға тырысты. Мен де өз шамамша балалардың мектеп қабырғасындағы тұрмысынан, ұстаздарының жетекшілігімен түрлі ғылыми ізденістерге бет бұруы, мектептің көкөніс танабында түрлі тәжірибе жасауы, ауыл сыртында минишаруашылық құруы, үлкендерге еліктеп еңбекті жаңаша ұйымдастыруға атсалысуы сияқты тақырыптарға әңгіме, хикаяттар жаздым. Оқу-тәрбие істеріндегі стандарттарға қарамастан қалыптасып жатқан әртүрлі мінез-құлықтар, бәрібір ойлы балаларды табыстыратын ортақ жәйттер жайында әңгімеледім. Балауса өркендердің ғылыми-техникалық прогресс заманына сай ұшқыр қиялдарын самғататын фантастикалық туындылар да жаздым, жеткіншектерге ғарышты игеру заманына лайық қиял-ғажайып шығармалар да бергенді дұрыс көргендіктен, таулы аймақтағы лагерьде тынығып жүрген пионерлердің өзге галактикадан келген ғарышкерлерге ұшырасуы, озат оқушылардың космос лифтімен астроқалашыққа көтеріліп, көк тұңғиығындағы ерекше лагерьде шытырман оқиғаларды бастан кешулері, сондай-ақ балалардың өмірден өз орындарын табуды мақсат ету, ел аралау, білім қуу сынды оқиғаларын әңгімелейтін хикаяттар да бердім. Не керек, балалық дәурендері кеңес дәуірінде өткен бүгінгі аға ұрпақ ғажайып шақ ретінде еске алатын заман жайынан тағылымды кітап ұсындым деп есептедім өзімді. Бірақ заманымыздың бір ерекшелігі сол – кітап таралымы күрт түсіп кеткен, бүгінде кітап қалың оқырманға жетпейді. Оның үстіне кітап оқуға деген ынтаның көңіл құлазытарлықтай азайғаны да бар. Демек балалар әдебиетінің қазіргі таңдағы аса маңызды міндеті – жас оқырман жүрегіне төте жол табу болса керек. Бұл мәселені шешу жолын Жазушылар одағы да, оның Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті кеңесі де ойластырып жатқаны қуантады.
Әрине, тың ізденістер керек. Өткен ғасырдың басында үлкен әдебиет әлемінде Джек Лондон жарық көруін өзі көрмей кеткен «Үшеудің жүректері» туындысы арқылы шығарманы мүлдем жаңаша жазу тәжірибесін көрсеткен еді, ал ғасыр соңына қарай әйел жазушы Джоан Роулинг жеткіншек біткен сүйсіне оқитын Гарри Поттер деген бала туралы әйгілі сериясын бастап, он шақты жыл ішінде жеті романын жария етті. Серияның түпнұсқадағы көлемі 4195 бет екен, серия толықтай немесе оның жекелеген романдары 65 тілге аударылыпты. Қызығы, балалар мен жасөспірімдер кітаптардан бастартып, жаппай электронды құрылғыларға құлаған қазіргі жаһандану дәуірінде Гарри Поттер жайындағы романдар олардың кітап оқуға деген ынтасын оятып, қызығушылығын күрт арттырған көрінеді. Шамасы, мұндай кейіпкер біздің әдебиетімізде де тууы керек шығар. Тек, менің ойымша, біздің қаламгерлер жасайтын жас оқырманын елітетін тұлға елін қатты сүйетін отаншылдық сезімімен ерекшеленетін болуға тиіс. Мұндай ойды кезінде балалар баспасөзін басқарған, қаламгерлерді жаңа заманға лайық балалар әдебиетін жасауға шақырған, өзі де «қанды қыздырып, жүректі тулататын» шығармалар жаза білген Саттар Ерубаев бірінші кезекте қолдаған болар еді. Қазіргі жас жазушыларымыздың бұл мәселені шешу жолын батыл іздестіретініне күмән жоқ, бұдан жанрлық кеңестің бүгіндері қолға алып жатқан ұлан-ғайыр істері үміттендіреді. Халқымыз тәуелсіздік жылдары ғана шындап қауышып жатқан Алаш қайраткерлерінің тағдыры да ізденіс аясында болуға тиіс деп ойлаймын. Бұл ретте Кеңесті басқаруға енді ғана сайланған талантты балалар жазушысы, өзін қайталанбас алашшыл тұлға, ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлерінің танымал насихатшысы ретінде көрсетіп келе жатқан Елдос Тоқтарбай қаламдастарына тиісті бағдар беріп, жеке шығармашылығымен де үлгі көрсетер деген сенім білдіргім келеді. Отар тәуелділігі ахуалынан біржола азат болып, еркін даму жолына түскен еліміздің келешектегі тәуелсіздік туын ұстаушыларын тәрбиелеуге балалар әдебиеті қосар үлестің арта түсуіне баршамыз атсалысайық.
Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz