Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 7907 5 пікір 11 Мамыр, 2017 сағат 15:34

Супер туалет салудан рекорд жасаған Астанада қазір әжетхана жоқ...

Енді аз күнде "әлемнің 3 миллионға жуық туристі келеді" деп күтіп отырған Әсет Исекешевтің әйдік шаһарында әжетхана тапшы, - деп сүйіншіледі КТК арнасы.

Қаланың қоғамдық орындарында (көшелерде) дәрет "сіңдірер" жер жоқ деген құлаққа ерсі естіледі, рас.

Астанада әжетхана бар. Әрқайсысының құны 12 миллион теңге тұратын 15 «туалет» тұр.  Тек 2 жыл бұрын Сербиядан сатып әкелген сол әжетханалар істен шыққан.  Қазір қаңғыбастардың түнейтін баспанасына айналыпты.

Жә, келеді деп күткен 3 миллион турист «туалет» іздеп тал-теректі іздеп кетпесі анық. Біздің айтпағымыз, бюджеттің 180 миллион теңгесіне алдырған супер-туалеттің жайы.

15-інің бірі де біреудің әжетіне жарамай тұрғаны әлгі желге кеткен жүз сексен миллионды еске түсіреді.

Біздің әкім-қаралар арзан дүниені неге қымбатқа алады? Біздің жалқы сұрақ осы.

Әділбек Жақсыбеков Астананы басқарып тұрған тұста бір аялдаманың өзін – 10 миллионға орнатып тастады. Иә, әрқайсысы 35 960 АҚШ доллары.

Сол кезде сапарлай келген Ресейдің Красноярск қаласы, Свердловск ауданы әкімнің орынбасары  Алексей Исаев IT аялдамалардың жаңасына емес, бағасына таң қалғанын жасырмады.

Исаев дәл осындай жып-жылы аялдамаларды 4800 долларға орнатқанын айтып, күліп кеткен. Күлкіге қалған Жақсыбеков пе? Жоқ. Онда кім?

Исекешев пен Жақсыбеков секілді, арзанның затына қымбат шығын шығарған тағы бір әкім – Бауыржан Байбек.

Баукең, былтыр Алматы көшелеріне заманауи жабдықталған әжетхана орнатты. Әрқайсысы 7 миллион теңге тұратын биотуалеттен қазір үшеуі бар.

Алғашында жұрт жеті миллионның әжетханасына әжет үшін емес, әлеуметтік желіге салу үшін, «селфилетіп» қайту үшін баратын. Қазір бұл да қызықтан қалды. «Туалеттер» жабылып тұр.

2016 жылдың қараша айында Керекудің әкімі көпке күлкі болды. Бюджеттің 5,4 миллион теңгесіне «туалет» салды. Әй-шай жоқ, алды да, салды. 1 әжетхананың құны 5 миллион (бұл ақшаға қазақ сарай салып алады) тұрады. Исекешев пен Байбекке секілді емес, Құдайға қараған адам екен десті жұрт.

Бұл жарыста бәрінен озған ОҚО, Жетісайдың әкімі болды. Байдуалы Базарбаев дейтін әкім бюджеттің есебінен 3 миллионға әжетхана салып беріпті.  Жетісайдың жұрты мәз. Өйткені, Базарбаев өзгелер секілді, ашқан туалетті тастап кеткен жоқ. Өзі келіп, салтанатты түрде ашылуын жасап, лентасын қиып кеткен.

Түймебаевтың тапсымасынан кейін Оңтүстіктің аудан әкімдері әжетхана жаппай әжетхана салуға кіріскен. Олар туралы да біле жатармыз.

Түйін. Жоғарыдағы шұбылмалы тізімнен ұққанымыз, әкімдер арасында әжетхана салудан жарыс басталып кетсе керек. Сомасына қарай сапасы болса кәне?.. Бұл бюджет қаржысын оңды-солды жұмсағыш әкімдердің құзырлы билік алдында ақталу секілді көрінеді. Әйтпесе, істен шыққан әжетханаларды қыруар қаржыға алғанын білетін әкім, жабылғанына қарап отыра ма?

Не десек те, супер туалет салудан рекорд жасаған Астанада қазір әжетхана жоқ. Әлгі туристер келгенше «туалет» таппаса, Жақсыбековтен кейін әкім болған Әсекеңе жақсы атақ жоқ.

Ал әзірше еліміздегі ең үздік әжетхана қожайындары – Исекешев, Әшімбетов, Базарбаев және Байбек.  Келесі туалетті кім салады?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048