Сейсенбі, 26 Қараша 2024
5118 2 пікір 24 Мамыр, 2017 сағат 18:06

Пулитцер және Путин: «Қырғи қабақ соғысы» жалғасуда

Таяуда Пулитцер сыйлығы өз иелерін тапты. Биылғы жылдың ең үздік Халықаралық журналистік зерттеуі «The New York Times» басылымына берілді.

«Нью Йорк Таймс» басылымында РФ Президенті Владимир Путиннің алыс-жақын шетелдерде Кремльдің ықпалын күшейтуі жайында көлемді мақала жарық көрген. Міне, дәл осы мақала Пулитцердің бас жүлдесіне ие болыпты. Кремль ыңғайындағы сарапшылар «Нью Йорк Таймс» газетінің мақаласын біржақты сыни мақала деп бағалауда. Алайда, Украинадағы және Сириядағы ахуалға білек сыбана кіріскен Путин туралы мақала  дауыс беру нәтижесінде алдыңғы орынға шықса керек. Пулитцердің кезекті премиясы туралы Abai.kz ақпараттық порталының сарапшылары ойларын ортаға салады.

Дос Көшім, саясаттанушы:

-Жалпы биылғы жылғы Пулитцер сыйлығын «Нью-Йорк Таймс» басылымы Путин туралы мақаласы үшін алғанын білемін. Бірақ, ол мақаланы оқымадым. Сондықтан, бәлен-түген деп материалды талдап бере алмаймын. Дегенмен, Пулитцер деген сыйлық, Нобельден кейінгі үлкен сыйлықтардың бірі ғой. Журналистикадағы зерттеу материалдар үшін, сараптамалық еңбектер үшін беріледі. Оның саяси астары бар деп есептемеймін.

Шындығында басылымның Путин жайлы материалы сәтті шыққан болар.

Пулитцер сыйлығы АҚШ  журналистеріне арналған сыйлық па деймін. Себебі, соңғы он жылда кіл АҚШ журналистикасына беріліп келе жатыр. Орталық Азия елдерінен немесе Қытайдан дәл осы сыйлықты алған журналистті естіген жоқпыз.

Есенгүл Кәпқызы, Халықаралық журналист:

- Бұл жерде мынаған назар аударған жөн. 1990 жыллары екі Германия арасындағы қақпа құлағанда "қырғи қабақ соғыс аяқталды, бітті" деген. Енді көріп отырғанымыздай, Украинадағы жағдай, Қырым аннекциясы мен Путиннің Ресей Президенттігін иемденуі сол "қырғи қабақ соғысты" қайта бастап жібергендей.

Жалпы, шолу жасап қарасаңыз көресіз, ресейлік БАҚ көбіне-көп дезинформаторлықпен айналысады. Ақпаратты бұрмалап немесе жалған ақпарат ұйымдастырып таратады. Орыс арналарынан немесе сайттарынан, Батыс елдері мен АҚШ-ты қаралап, даттайтын материалдарды күн сайын кезіктіресіз. Ал керісінше, Батысты жақтайтын позицияны ұстанатын БАҚ Ресейде жоқтың қасы.

Сол секілді, батыстық БАҚ-та Ресей мен Кремльді күйелеуді негізгі тенденциясы етіп алған. BBC мен CNN секілді аты мәшһүр теле компаниялар қанша жерде обьективтіміз дегенімен, шын мәніндегі жағдай олай емес. Біржақты, бірсарынды. Мұндағы, Пулитцер сыйлығын қандай да бір саяси позиция үшін емес, дәл осы "қырғи қабақ соғыстың" басталып кеткендігінен «Нью Йорк Таймс» алуы әбден мүмкін.

Ал енді ОА-дан ешкімнің бұл сыйлыққа жетпеуі – олардың талаптарына сай емес болар. Жалпы, біздің өзіміздің журналистика бұл деңгейге жеткен жоқ. Ол солай.

Дәурен Қуат, Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы:

Әлем екі лагерлік жүйеге бөлінген кездегі «қырғи қабақ соғысы» әлі жалғасуда. Оған Батыс пен Ресей баспасөзі арасындағы бүгінгі итіс-тартыс әбден мысал болса керек. Қазір Батыс пен Ресей әлеміндегі «қырғи қабақ соғысқа» қайсыбір елдер бақылаушы ретінде қарап отырса, қайсыбірі қалауына орай тараптардың бірін қолдап та жатыр. Көпшілік, соның ішінде КСРО күйреген бетте азаттығын алған елдер мен бұрынғы социалистік жүйеде өмір сүрген елдер, АҚШ пен Батыс тандемін қолдаса, Қытай жағы кейде АҚШ-тың ақпараттық арынына қарсы ұстаным білдіріп қояды. Біз бұл ретте екі тарапты да ақтап не жақтап шығуға тиіс емеспіз. Өйткені, Ресей Украинаға, Гүржістанға, Шешен халқына қандай қысым жасаса, АҚШ пен Батыс та Таяу Шығыс елдерін аяған жоқ. Ақ үй АҚШ демократиясын алдына салып барған жерлердің бәрінде қазір қан судай төгілуде. Терактлер тоқтаған жоқ. Сол сияқты Кремль «тыныштық орнатпақ» болған елдердің де тынышы кетіп, берекесі қашып бітті. Осыны көріп, біле тұра әлем халқы үнсіз, дәрменсіз күй кешуде.

Менің байқауымша, «қырғи қабақ соғысына» енді таяу жылдарда Қытай араласады. Қытай бірақ, «қырғи қабаққа» басқа қырынан келеді. Қытайдың ақпарат майданындағы ұстанымы мейілінше жұмсақ, әрі мәдениет пен нақты экономикалық қарым-қатынасқа негізделуі мүмкін. Бұл ретте ресми Пекин Пулитцердің журналистерге беретін 10-15 мың долларынан да көп сыйақы тағайындауы және оны әсіре саясиланып кеткен журналистикаға емес, мәдени ықпалдастықты негізгі тақырып етіп алған журналистикаға беруі ықтимал. Қытайдың «Ұлы Жібек жолы» бағдарламасынан соны байқауға болады. Ал, Пулитцердің биылғы жылғы бәйгесіне келсек (бұл өзі АҚШ-та журналистерге берілетін ең жоғарғы сыйлық), ол тағы да «қырғи қабақ соғысының» отын үрлей түсетін бәйге болып шықты. Бұл тағайындауға Ресей баспасөзінің өкілдері бұрынғысынан да жанығып, Батыс әлемін жамандауға жанын салатыны сөзссіз (сондай көкезулік пен бетпақтыққа орыс тілінде ақпарат тұтынып отырған Қазақстан жұрты да иланып, Батысқа жұдырығын түйе түсетініне дауыңыз болмасын). Бұдан кім ұтады? Қалай дегенде де, шынайы сөз бостандығының ұтпайтыны рас. Әлемде болып жатқан осындай және өзге де жайттарды біз Еуразиялық медиа-форум аясында талқылауға тырысып жүрміз. Бірақ, форум әлемдік ақпараттық кеңістікте қалыптасқан қазіргі ахуалға балама ретінде ешқандай жоба ұсына алған емес. Бұндағы мәселе – медиа-форумның форматында немесе оның тек орыс тілінде ғана өтуінде деп ойламаймын. Мәселе - жаңа мүмкіндіктер мен тың идеалардың ескерілмеуінде. Форумның саясат пен БАҚ-тағы саяси тақырыптарды бизнеске айналдырып алған тұлғалардың ықпалында қалуында деп білемін.

Баспасөзде «қырғи қабақ соғысы» қайта тұтанып, төрткүл дүние тұтанып кетуге шақ тұрған аласапыран заманда біз қайтуіміз керек? Меніңше, біз ұлттың мүддесіне орай ақпараттық фильтрация жасай білуіміз қажет. Бас салып Батыстың не Ресей баспасөзінің соңынан ере беруге болмайды. Өйткені қазақ баспасөзі былайғы жұрттың жаманынан жиреніп, жақсысынан үйренетін жасқа жеткен шығар деп ойлаймын.

Сөз әзірше – осы. Пулитцерді алып жатқан әріптесіміздің әйгілі жүлдесі құтты болсын! Біздің оқырманның дүниетанымын кеңейтіп, көзқарасын байыта алатын мақала жазған болса, мархабат, аударып берейік.

Пікірлерді топтастырған - Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3317
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6031