Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3906 0 пікір 31 Қазан, 2010 сағат 20:08

ТҰРАҚТЫЛЫҚ - ТАБЫС КЕПІЛІ

Бүгінгі таңда облысымыздың өнеркәсіп саласында бірталай маңызды өзгерістер байқалуда. Индустриалды аймақтың алға өрлей түсуі тұтас еліміздің экономикасына пайдалы екені даусыз. Бұл  - Президенттің Жолдауында айтылған міндеттерді табысты орындап жатқанымыздың дәлелі. Осы орайда қол жеткен табыстар туралы таяуда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Мырзажан Үсенов тарқатып айтып берді.

 

Жаңа жобалар жеткілікті

Бүгінгі таңда облысымыздың өнеркәсіп саласында бірталай маңызды өзгерістер байқалуда. Индустриалды аймақтың алға өрлей түсуі тұтас еліміздің экономикасына пайдалы екені даусыз. Бұл  - Президенттің Жолдауында айтылған міндеттерді табысты орындап жатқанымыздың дәлелі. Осы орайда қол жеткен табыстар туралы таяуда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Мырзажан Үсенов тарқатып айтып берді.

 

Жаңа жобалар жеткілікті

Өткен алты ай ішінде облысымызда өнеркәсіп саласы айтарлықтай алға басқан. Даму көрсеткіштерінің дағдарысқа дейінгі жетістіктерге қайта жақындағанын біз бұған дейін де оқырманға хабарлаған едік. Мәліметтерге сүйенсек, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы жарты жылда тау-кен өндірісі 32 пайызға, өңдеу саласының көрсеткіші 56 пайызға артқан. Өңірімізде өнеркәсіптің дамуын мамандар Президенттің бастамасымен қолға алынған дағдарысқа қарсы шаралардың нәтижесі деп біледі. Өндіріс саласында қазақстандық тауарлар үлесін арттыру мақсатында жергілікті кәсіпкерлермен 2010 жылдың 1 маусымына дейін 187,9 млрд. теңгенің келісіміне қол жеткізілді. Қазірде облыс 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын орындауға атсалысуда. Бұл ретте жалпы құны 722 млрд. теңгеден асатын 42 жобаны іске асыру жоспарланған. Бағдарламаның орындалуы нәтижесінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. 2010 жылы  жалпы инвестиция көлемі 126,7 млрд. теңгені құрайтын 26 жаңа жобаны қолданысқа енгізу көзделсе, өткен алты айда 12 нысан пайдалануға тапсырылды. Сөйтіп екі мыңнан астам адамға жұмыс табылды. М.Үсеновтің мәлімдеуінше, екінші жарты жылдықта 14 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, 2010 жылдан кейін пайдалануға берілетін 10 жоба бойынша да нәтижелі істер атқарылуда. Барлық жобалар бойынша жұмыстарды республикалық және аймақтық штаб, үйлестіру кеңесі жіті бақылауға алған. Сондықтан серпінді жобалардың кестеге сәйкес мерзімінде жүзеге асырылатынына сенім мол.

 

Кәсіпкерлер қаржыға зәру

 

Өнеркәсіп саласында барлығы тыңғылықты болғанымен, облыстың кәсіпкерлік саласында ақсаулы жатқан тұстар бар екен. Мәселен, Павлодар өңірінде «Бизнестің өнеркәсібі жол картасы-2020» бағдарламасы толыққанды жүзеге аспауда. Мемлекеттің шарттары жеңілдетілген қаржысын күте-күте жергілікті кәсіпкерлердің төзімдері таусылуға айналған. Іргелі бағдарламаның іске асуын кешеуілдетуге не себеп болып отыр?

Бұрындары банктерден өсімі жоғары несиелер алып келген шағын және орта бизнес өкілдері дағдарыстан кейінгі уақытта қаржы көзін таба алмай, қысылтаяң шақты бастан кешіріп отырғаны мәлім. Бұл жағдайды мемлекет те түсінді. Сондықтан да Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет арнаулы бағдарлама қабылдады. Бірақ кәсіпкерліктің екінші тынысын ашуға бағытталған бағдарлама облыс көлемінде толығымен іске қосылмай отыр. Негізінен шарт бойынша банктердің сараптамасынан өту - жеңілдетілген қаржыдан үміткер кәсіпкерлер өтетін алғашқы саты ғана, олар жобаларын банктерге мақұлдатқаннан кейін де тағы екі сынақтан өтеді. Бірақ мезгіл шілденің ортасына қарай ауса да, банктер тарапынан кәсіпкерлердің өтініштеріне біржақты жауап қайтарылған емес. Мамандардың түсіндіруінше, бағдарлама шеңберінде тапсырылған жобаларды банктердің аймақтағы филиалдары қарастырып, сосын түпкілікті шешімдер шығару үшін жоғары жаққа, яғни орталық офистеріне жіберген көрінеді. Әзірге банктердің ешқайсысы өздеріне тапсырылған жобалардың жалпы сомасын ашып айтпай отыр, оларға салсаңыз, бұл ақпарат коммерциялық құпия болып табылады. Қазірде белгілісі, екінші деңгейлі банктерге жөнелтілген жүзден астам жобаның бірде-біреуі мақұлданған жоқ. Облыс кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, банктерге тапсырылған 9 жоба субсидия алуға байланысты болса, 99 жобаның иесі бизнесін оңалтуды көздейді.

Облыс кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметіне сүйенсек, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Павлодар облысына республикадан 657,3 млн. теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде жеке кәсіпкерлікті қолдауға берілген қаржының жартысына жуығы кәсіпкерлердің бұрын алған несиелерінің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялауға бағытталса, 93,8 млн. теңгесі талай кәсіпкер үшін қолбайлау болып келген мәселе - несиелерді кепілдендіруге арналған. Сонымен қатар, 94 млн. теңгені өңірде экспортқа бейімделген өндірістерді құруға жұмсау белгіленген. Мұндай қыруар ақшаны игерудің ендігі жерде қиынға соғарын мамандар жасырмайды. Кәсіпкерлікті жедел дамыту үшін Үкіметтің 2010 жылдың 13 сәуірінде қабылдаған «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасын тезінен іске қосу қажет.

Жалпы, деректерге көз салсақ, былтырғы жарты жылмен салыстырғанда биылғы алты айда облыс көлемінде кәсіпкерлік нысандарының саны 3,6 пайызға көбейген. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін адамдар бойынша да біздің облыс республикалық орташа көрсеткіштен асып тұр. Қазірде мұнда 92 мыңға жуық маман табыс табуда. Ағымдағы жылдың жартысында жергілікті бизнес орындары 38,9 млрд. теңгенің тауарын өндіріп, қызметін көрсеткен. Бұл жағынан аймақтың үлесі еліміз бойынша жоғары деңгейден табылып отыр. Мамандар бизнес саласында өсімнің пайда болуы қаржылық институттардың қолдауынан деген ұйғарым айтады. Былтыр «Даму-аймақтар» бағдарламасы бойынша жалпы құны 1 млрд. 270 млн. теңгеден асатын 44 жоба қаржыландырылған. 2010 жылы «Қазагро» холдингі бойынша облыс бюджетінен 100 млн. теңге ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндер кәсіпкерлерді қолдауға бөлініп отыр. Бұл ретте ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікке жататын 12 бизнес-жобаны жылдық өсімі 9,5 пайыз болатын жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету жоспарланған. Былтыр аталмыш бағдарлама бойынша несиелер 10,5 пайыздық мөлшерлемемен берілген болатын. Бүгінгі таңда аймағымызда кәсіпкерліктің бірнеше түрі өрістеуде. Соның ішінде несиені ең көп алғаны - сауда-саттық саласы (барлық несиенің 41 пайызы), қызмет көрсету - 22 пайызды алса, ауыл шаруашылығы -                           17 пайызға ие болған.

 

Баға мәселесі - бақылауда

Осыған дейін жұртшылық арасында «Кеден одағына енетін болсақ елімізде баға қымбаттауы мүмкін» деген сынды небір әңгімелердің өрістегені бар. Бірақ облыс кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мамандарына құлақ ассақ, алаңдауға еш негіз жоқ.  Себебі Кеден одағының жүзеге аса бастауы елімізде бәсекелестікті күшейтеді. Сырттан келген тауарлар тұтынушылар үшін қолайлы бағада сатылады.

Рас, өткен алты айдың қорытындысы бойынша облыста инфляция деңгейі өсті. Бұл жағдайға қаңтар айынан бастап қымбаттаған коммуналдық қызметтердің бағалары әсер еткен. Алайда статистика мәліметтері бойынша, павлодарлық табиғи монополия субъектілерінің қызметі басқа аймақтармен салыстырғанда әлі арзан болып есептеледі. Жыл басынан бері азық-түлік тауарларының инфляциясы 104,5 пайызды құрап, республикалық орташа көрсеткіштен төмен болып шықты. Мамандардың сөзінше,  азық-түлік тауарларының ішінде негізінен көкөніс өнімдерінің бағасы көктемгі кезеңге байланысты өсім берген. Бұл жағдай жыл сайын қайталанатындықтан жұртшылық оған аса мән бере қоймайды. Жалпы алғанда, қазіргі уақытта облыс тұтынушыларына көкөніс өнімдерін қолайлы бағамен сатуды ұйымдастыру үшін жүйелі жұмыстар қолға алынған. Бұл ретте республиканың оңтүстік аймақтарымен және Қарағандыдағы көтерме сауда базарымен, қала берді қытайлық жеткізушілермен жасалған әріптестік жөнінде келісімдер жүзеге асуда.  Қазірде облыста ауылдың арзан өнімдері сатылатын 17 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді, сондай-ақ Орталық базарда 20 орыннан тұратын коммуналдық сауда алаңы жасақталған. М.Үсеновтің айтуынша, жоғарыда аталған шаралар нәтижесінде негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты жағдайда ұстау мүмкін болып келеді.

Айтқандай-ақ, осыған дейін басқарма мамандары Кедендік одақтың біздің нарыққа қалай әсер етуі ықтимал екенін сараптаған екен. Есептеулер бойынша қазірде жергілікті және республикалық тауар өндірушілер облыстың қант өніміне деген сұранысын 100 пайызға, шұжық және макарон өнімдері нарығын 70 пайызға өтеп келеді. Ал сары май, күнбағыс майы, күріш, майонез секілді тауарлар бойынша үлес 50 пайызды құрап отыр. Сұранысы жоғары болып келетін басқа тауарлар аймағымызға сырттан әкелінеді. Осы импорт азық-түлік өнімдерінің 32,2 пайызы көршілес Ресейден жеткізіледі. Біздің нарыққа ол жақтан негізінен өсімдік майы, сары май, қою сүт, шай және кондитерлік өнімдер әкелінеді. ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің ақпаратына сүйенсек,  ТМД елдерінде азық-түлік өнімдері сауда айналымына ешқандай алым-салықсыз  шығарылады. Сондықтан бұл тауарларға бағаның өсуі болжанбайды. Ал басқа елдерден импортталатын өнімдер шамамен 2 пайызға қымбаттауы мүмкін. Бұл кедендік салықтың екі есеге өсуіне байланысты болмақ. Айта кетелік, осыған дейін үшінші елдерден шоколад, теңіз балығы, печенье, томат пастасы, алкогольді өнімдер жеткізіліп келеді.

М.Үсеновтің айтуынша, жұртшылықтың жанар-жағармай бағасының өсуіне де алаңдаушылық білдіруі бекер. Қазірде Павлодар мұнай-химия зауыты бір ай мерзімге жөндеу жұмыстарына тоқтаса да, бұған дейін өндірілген өнім сұранысты артығымен өтейді. Жанар-жағармайдың біраз бөлігі Шымкент зауытынан жеткізіледі. Бірақ қандай жағдайда болмасын, бензин бағасы бекітілген мөлшерден аспайтын болады. Естеріңізге сала кетелік, 1 маусымнан бастап ҚР Мұнай және газ министрлігі республика бойынша А-80 маркалы бензиннің бір литрі - 64-68 теңге, ал АИ-92,93 маркалы отынның бағасы 84-86 теңге аралығында сатылатынын мәлімдеген болатын.

Баспасөз мәслихаты барысында басқарма бастығының орынбасары БАҚ өкілдерінің барлық сұрақтарына жауап берді.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5276