ТЕМІРЖОЛ САЛАСЫ: БҮГІН ЖӘНЕ ЕРТЕҢ
Уақыт өткен сайын еліміздің экономикасы алға басып, өнім өндіру көлемінің өсуі жағынан биік көрсеткіштерімен бүкіл әлемге танылуда. 2020 жылы ел экономикасының көлемі 30-40 пайызға артады, 25 мың жаңа жұмыс орны құрылады, жалпы құны 7 триллион 300 млрд. теңге 237 жаңа кәсіпорын ашылады. Бұл келешекте алар асуымыз, шығар шыңымыз биік болатынын аңғартады. Осындай ортақ жетістікте біздің облыстың үлесі мол екені бойымызда мақтаныш сезімін ұялатады. Өңіріміздің әсіресе индустрияландыру бағытындағы соңғы бір жарым-екі жылда сәтті қадамдар жасап отырғанын атап өткен жөн. Мәселен, Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы аясында біздің облыста 42 инвестициялық жоба жүзеге асады десек, оның өндірістік саладағы әлеуетінің зор, белестері биік екеніне көз жеткіземіз.
Жақында ғана, өткен айда, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің облыста болып, экономика мен әлеуметтік салаларда жүргізіліп жатқан жұмыстарға, бұлардың нәтижелеріне оң бағасын бергені баршамызға мәлім.
Уақыт өткен сайын еліміздің экономикасы алға басып, өнім өндіру көлемінің өсуі жағынан биік көрсеткіштерімен бүкіл әлемге танылуда. 2020 жылы ел экономикасының көлемі 30-40 пайызға артады, 25 мың жаңа жұмыс орны құрылады, жалпы құны 7 триллион 300 млрд. теңге 237 жаңа кәсіпорын ашылады. Бұл келешекте алар асуымыз, шығар шыңымыз биік болатынын аңғартады. Осындай ортақ жетістікте біздің облыстың үлесі мол екені бойымызда мақтаныш сезімін ұялатады. Өңіріміздің әсіресе индустрияландыру бағытындағы соңғы бір жарым-екі жылда сәтті қадамдар жасап отырғанын атап өткен жөн. Мәселен, Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы аясында біздің облыста 42 инвестициялық жоба жүзеге асады десек, оның өндірістік саладағы әлеуетінің зор, белестері биік екеніне көз жеткіземіз.
Жақында ғана, өткен айда, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің облыста болып, экономика мен әлеуметтік салаларда жүргізіліп жатқан жұмыстарға, бұлардың нәтижелеріне оң бағасын бергені баршамызға мәлім.
Ертістің Павлодар өңірінде мұндай игі өзгерістердің мол екенін экономиканың барометрі атанған теміржол саласының қызметінен анық байқауға болады. Өткен 2009 жылы «Қазақстан темір жолы» бойынша павлодарлықтардың үлесі 33,5 пайыз болған еді. Теміржолшы қауым биылғы қаһарлы қыстың қолайсыздықтарына қарамастан өз міндеттерін абыройлы атқарды. Биылғы жарты жылдықта былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 8,5 млн.тоннадан астам жүк артық тасылды. Жүк тасу көлемі 26,7 пайызға артты. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бойынша биылғы жартыжылдықта еліміздің жүк тасымалы көлемінің 46,8 пайызға өсуі - павлодарлық теміржолшылардың үлесі. Бұл - өңіріміздің мыңдаған теміржолшыларының қажырлы еңбегінің жемісі. Осы көрсеткіштер алдағы уақытта шек болмауы керек. Оған мүмкіндік бар. Әрине, облыс темір жол саласын дер кезінде қамту мұндай көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр.
Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Асқар Маминнің іскерлік қарым-қатынасы табыстың баянды болуына ықпал еткенін бәріміз түсінеміз. Қазірде теміржол саласын техникалық жағдайын жақсартуға күш салынуда. Соның бір мысалы - Екібастұздағы вагон жасау кәсіпорнын салу. Оның жобалық қуаты - 2,5 мың жүк вагоны. Биыл алғашқы өнімдерін шығара бастайды. Бұл - Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД бойынша жүк вагонын шығаратын тұңғыш кәсіпорын. КСРО тарағаннан кейін бұрынғы кеңестік елдерде вагон проблемасы күрделене түскені белгілі. Вагонға деген сұраныс бар. Оның бағасы қымбат. Қазақстан Кедендік одаққа кіргеннен бері жаңа да сапалы вагондармен жүк тасымалдаудың маңызы арта түсті. Ендеше Екібастұзда вагон зауытын салу алдағы күн талаптарын ерте ескеріп, бәсекелестікте озуға дайын болудың қадамы деп білгеніміз жөн.
Сол сияқты саладағы тағы бір өзекті мәселе - рельс жасау. Бұл жөнінде де шаралар іскерлікпен жүзеге асатынына сеніміміз бар. Атап айтқанда, жылына 100 мың тонна рельс шығаратын кәсіпорын облысымызда орын алмақ. Осыншама рельс 700-ден астам километр теміржолды жөндеуге жетеді. Ал ұлттық компания үшін біздің ел бойынша жылына 500 километр жол жөндеу қиынға түсіп отыр. Бұл аса қымбатқа түсетін жұмыста бір километрді күрделі жөндеуге 52-58 млн.теңге жұмсалады. Әрине, осы өнімді өзімізде шығару экономикалық тиімді, басқаша айтқанда, қаражатымызды үнемдейді. Қазір Ресейден бір километрлік рельсті сатып алуға 16-18 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалатынын айта кетейік.
Сондай-ақ біздің өңірде вагон доңғалақтарын жасау мәселесі қаралып жатыр десек, бұл да қаражатымызды бұрынғыға қарағанда үнемдеп жұмсауға жағдай жасайды.
Сырттан қымбатқа алмай, өзімізде өнім өндіру өте тиімді екенін баса айтқым келеді. Теміржол саласына күрделі жөндеу үшін 115 мыңнан астам түрлі тетік керек. Бұл тетіктерді сатып алуға ұлттық компания жыл сайын 600 млрд.теңгеден астам қаржы бөледі. Осындай көп қаржы, өкінішке қарай, әзірге сыртқа кетуде. Өйткені елімізде мұндай тетіктер жасалмайды. Сондықтан өз қалаларымызда теміржол саласына қажетті құрал-жабдық, тетік жасайтын кәсіпорындар құру үшін арнаулы үкіметтік бағдарламаны жасайтын кез келді деп есептеймін.
Теміржол саласында соңғы игі өзгерістердің бірі - биыл Астана мен Павлодар арасында электропоездың жүре бастауы. Алдағы күзде, қазан айында ол аптасына төрт рет, қолайлы уақытта жүріп тұратын болады. Ұзақ уақыт шешілмей келе жатқан осы түйінді мәселе шешімін тапқанына жұрт риза.
Жолаушылар вокзалын қала қақпасы деп орынды атайды. Расында сырттан келген мейман алдымен өзінің алғаш табаны тиген вокзалдан бастап қаланы сынайды емес пе. Осыдан отыз жыл бұрын вокзал өз заманына сай ғимаратымен ерекшеленсе, келе-келе ескіріп, ажары кетіп, айналасы көріксіз көріністерімен көңілге кірбің әкелетін болды. Міне, былтырдан бері вокзал төңірегінде үлкен де игілікті жұмыстар жүргізілуде. Қазірде сол жөндеу, безендіру жұмыстары нәтижесінде вокзал төңірегі танымастай болып ажарланды, ағаштар отырғызылып, жасыл желекке бөленді, субұрқақ орнатылды, сәулеттік жағынан тәртіпке келтірілді. Енді ол қала тұрғындары мен қонақтарының сүйсіне қарайтын көрікті орнына айналды...
Ертең - кәсіби мерекеміз. Павлодар облысында теміржол саласында еңбек еткеніме 54 жыл толған мен үшін ол - жүрегімді тебірентіп, толғандыратын үлкен мереке. Қыстың қақаған сары аязы мен боранды күндердің, жаздың аптап ыстығында өздерінің ел алдындағы абыройлы парыздарын мүлтіксіз орындап жүрген әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтауға әрдайым асығамын. Теміржолшы күні кәсіби мерекелердің ішінде бірінші болып мерекеленді. Ерлік еңбек иелері, бір ғажабы, кәсіби мерекені туған күнінен кем көрмейді. Теміржолшы күнін табыстармен қарсы алу игі дәстүрге айналды. Мұндай күннің кейінгі толқын жас буын үшін тәрбиелік мәні зор болды. Рас, қазір теміржолшылар басқа салалармен бірлесіп кәсіби мерекені атап өтеді. Теміржолшылардың өздерінің жеке кәсіби мерекесі болғаны жөн деп өзім де, әріптестеріміз де пікірімізді білдіріп жүреміз. Осы тілегіміз орындалса, мұның шарапаты мол болатынына сенемін. Әріптестерім қашан да сертке берік, тәртіпті де ұйымшыл, еңбексүйгіш болып келді. Сол дәстүр жалғаса береді. Еліміздің экономикасын өрге бастыруда теміржолшы қауым еңбек көрігін қыздыра түседі.
Қорыта айтқанда, теміржол саласында бүгінде игі істер көп. Мақсат - саланы бүгінгі биік талаптарға сай, бәсекелестікке қабілетті ету. Оның алғышарттары қазір ойдағыдай іске асуда. Бұл болашақтан үлкен үміт күттіруде.
Әби САРҚЫНШАҚОВ