Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2843 0 пікір 1 Қараша, 2010 сағат 10:21

«Агрошикізатқа сұраныс артатын күн таяу»

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты  Шавхат ӨТЕМІСОВ:

- Шавхат Әнесұлы, елге келген екі аптаның ішінде облыстың ең шалғай ауылдарына, Ресеймен шекаралас аудандарына ат басын бұрып үлгеріпсіздер. Ел-жұрттың жағдайы, көңіл күйі қалай екен?

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты  Шавхат ӨТЕМІСОВ:

- Шавхат Әнесұлы, елге келген екі аптаның ішінде облыстың ең шалғай ауылдарына, Ресеймен шекаралас аудандарына ат басын бұрып үлгеріпсіздер. Ел-жұрттың жағдайы, көңіл күйі қалай екен?

- Бірден айтып кетейін, шал­ғай аудан, алыс ауылдардағы халықтың биыл көңіл күйі көтеріңкі. Оның ең басты себебі, соңғы бірер жылда біздің облыстың ең қашық деген аудандарының өзіне көгілдір отын желісі жетіп, сонымен қатар ауыз су мәселесі шешімін табуда. Мысалы, бұрындары Бөкей ордасы ауданына бар­ғанда алдымыздан бірінші кезекте газ мәселесі шығатын еді. Ал Елбасының тапсырмасы­на сәй­кес былтыр облыс басшылығының қажыр­лы еңбегінің арқасында біздің өңірдің ең шалғай ауданына көгілдір отын жетті. Биыл осы шаруа заңды жалға­сын тауып, Сырым, Қаратө­бе аудан­дарының тұрғындары әл­­гін­дей қуанышқа кенелді. Бұл сөз жоқ, ел-жұртқа қоса, билік үшін де айтулы әлеуметтік жетістік. Сонымен қатар барлық ауданда балабақша, мектеп, мәдениет ошақтары мен емдеу мекемелерінің ғимараттары бе­рісі күрделі жөндеуден өтіп, әрісі жаңадан салынуда. Осының бәрі жергілікті жұрттың көз алдында әрі өздерінің белсенді атсалысуымен жүзеге асып жатқан жағымды жаңалықтар. Әрі әл­гіндей әлеуметтік игіліктердің көрініс табуы тұрақты сипат ал­ғандықтан, соңғы жылдары жас мамандардың ауылдық жер­лер­ге баруға да ықыласы артты.

- Сөйте тұра, Парламенттің депутаттары арнайы келіп тұрғанда, ауылдағы ағайын көкейкесті мәселелерді де алға тартқан шығар?

- Қазталов, Жаңақала және Жәнібек аудандарына барған сапарымызда жергілікті жұрт жүн-жұрқа, тері-терсек өткізу мәселелерін жиі тілге тиек етті. Иә, әзірше әлгіндей агрошикізат атаулыны өткізу, өңдеу жағы оқсаңқырымай тұрғаны рас. Бірақ бұл бағытта да қолға алынып жатқан оңды бастамалар баршылық. Өздеріңізге мәлім, Ел­басының тапсырмасына орай елді индустрияландыру бағ­­дар­ламасы, индустрияландыру кар­тасы жасалып, бекітілді. Осы  жоба-жоспарға сәйкес Қазақ­станның оңтүстігінде тігін-тоқыма кластерін қа­лыптастыру көзделіп отыр. Демек, жүн-жұрқа, тері-терсек сықылды аг­ро­шикізаттарға сұра­ныс артатын күн таяу. Оның үстіне Кеден одағы құрылып, қазақстандық шикізатқа қоса, дайын өнім үшін де тұтыну рыногы бірнеше есе кеңейіп жат­қанда жүн-жұрқа, терітерсек енді сұраусыз қалмас деп ойлаймын.

- Шавхат Әнесұлы, енді бір сәт ауылдан Астана­ға қарай ойыссақ. Төрт­інші шақырылымдағы Пар­ла­ментт­ің үшін­ші сессиясы өт­кен айдың соңын­да мәреге жеткені мәлім. Аталмыш сессия барысында депутаттар сүзгісінен өткен заң атаулының қайсысын бөле-жара атар едіңіз?

- Үшінші сессия өз жұмысын былтырғы қыркүйектің бірінде бастап, биылғы маусым айының отызында тәмамдады. Аталмыш сессия басталған сәтте біздің қоржынымызда 200-дей заң жобасы бар-тын. Соның 134-ін Мәжіліс депутаттары елеп-екшеп Сенатқа жолдады. Ал Сенат­тың сүзгісінен өткен 100 заңға Президент қол қойып, қолданыс­қа енді. Әрине, парламенттік талқылаудан өткен заңдардың әрқайсысының еліміздің қоғам­дық-саяси және әлеу­меттік-эко­номикалық тыныс-тіршілігі үшін өзіндік маңызы бары анық. Сөйте тұра, күшіне енген заң­дар­дың ішінде Кеден одағы құрылуына орай осы салаға қатысты заң актілері мен Салық кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды, 2010-2014 жылдарға қатысты бюджетті пысықтағанымызды ал­ды­мен айтар едім. Сондай-ақ осы қатар­ға Қазақ­стан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқы­лы қазақстандық қамтуды же­тіл­ді­руді көздеп, отандық тауар­лар­ға басымдық беруге ұйытқы бол­ғанымызды да қосуға болады.

- Жақында сіз «Нұр Отан» ХДП облыстық филиа­лын­да өткен «Бизнестің жол кар­тасы - 2020» бағдар­лама­­сы­­на қатысты азаматтарды қа­былдау күніне қатыс­ты­ңыз...

- Өз басым «Бизнестің жол картасы - 2020» кәсіпкерліктің дамуына соны серпін беретін бағдарлама екендігіне кәміл сенімдімін. Тек енді оның жай-жапсарын ел-жұртқа, әсіресе, бизнес өкілдері мен банк саласының қызметкерлеріне кеңі­нен насихаттап, ұғынықты жеткізу шарт. Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес үкімет бекіткен аталмыш бағ­дарлама мынандай үш құрам­дас бөліктен тұрады:

- Жаңа бизнес жобаны қол­дау,

- Кәсіпкерлік секторын са­уық­тыру,

- Экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлерді қолдау.

Міне, осындай мұрат-мақсат үшін бюджеттен 30 млрд. теңге қаралып отыр. Ендігі кезекте жаңағы үш мәселенің бас-басына қысқаша тоқталып өтейік.

Жаңа жобаға 12 пайыздық несие беріледі де, оның 7 пайызын кәсіпкердің өзі төлейді. Ал қалған бес пайызына үкімет демеуқаржы (субсидия) бөледі.

Енді кәсіпкерлікті сауық­тыру мәселесіне келейік. Қар­жылық дағдарыс кезінде жарты жолда қалып қойған жоба атаулы аз емес. Қаржы-қаражаттың тапшылығынан кәсіпкер жобасын жалғастырмақ түгілі, банктен алған бұрынғы несиесінен құтыла алмай әуре. Мұндай тығырыққа тап болған бизнес өкілдері де енді жаңа жобаға қатысты жоғарыдағыдай жү­йе­мен несие ала алады. Яғни 12 пайыздық несиенің 5 пайызы үкімет тарапынан демеу­қаржымен өтеледі. Сондай-ақ шетке тауар шығаруға қабілетті кәсіпкерлік нысаны үшін де 12% несие қарастырылған. Бұл несиенің 4 пайызын кәсіпкер өтесе, ал 8 пайызын үкімет демеуқаржымен жабуға міндеттеніп отыр. Мұндай қадам отандық кәсіпкерлерді Кеден одағы жағдайында бәсекеге қабілетті өнім өндіруге ынталандырары анық. Экспорттық өнімге негізделген бір жобаның өзіне 3 млрд. теңгеге дейін қаржы бөлу қарастырылған.

- Сіз тілге тиек етіп отырған қаржы көздері кәсіпкерлерге қандай институттар арқылы берілмек?

- Үкімет «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына, ал бұл қор екінші деңгейлі банктерге қа­растырылған қаржыны сұра­нысқа орай жіберіп отыруы тиіс.

- Кәсіпкерліктің үлес сал­мағы жыл өткен сайын аудан-ауылдарда да артып келеді. Алайда екінші дәрежелі банк­тер ол жаққа әлі аяғын баса қойған жоқ...

- Ойыңызды түсіндім. Ау­дан-ауыл­дағы кәсіпкерлерге «Биз­­­нестің жол картасы» бо­йынша қаралған несиелік қара­­жатты жет­кізудің бір жолы - ша­ғын қар­жылық ұйымдар­дың жәрдеміне жүгіну. Мендегі мәлімет бойынша біздің облыста бүгінгі таңда 20-дан аса  шағын қаржылық ұйым әрекет ететін көрінеді.

- Демек, делдалдық тізбек іске қосылғандықтан, несиенің пайыздық көрсеткіші аз-маз болса да артады ғой?

- Сіз алға тартып отырған пайыздық өсімді жоққа шығару­ға болмайды, әрине. Дегенмен бұл өсім меніңше, кәсіпкер үркетіндей деңгейге жет­пеуі тиіс. Жалпы, соңғы кездері бұ­рынғы «Агробанк» сықылды ауыл шаруашылығы үшін арнайы қаржы институтын ашу керектігі жөнінде жиі сөз бола бас­тады. Маған осы мәселе қол­дауға тұрарлық бастамадай көрінеді.

- Шавхат Әнесұлы, биылғы қуаңшылық облыстың егін шаруашылығын былтыр­ғы­дай тағы да тақырға отыр­ғызды. Ал сақтандыру компаниялары біздің облысты айналып өтуге үйір. Жергілікті мамандар бүгіндері «Сақтан­дырудың үкімет тө­лей­тін қазіргі 50 пайыздық мөлшерін 70-80 пайыздық деңгей­ге көтеру керек» деген пікір айтып жүр?..

- Өздеріңізге мәлім, Батыс Қазақстан облысының климаты күрт континенталды. Яғни бұл қысы суық, жазы ыстық деген сөз. Сол себепті Орал өңірі - егін шаруашылығы тұрғысынан нартәуекелді талап ететін өлке. Есесіне Ақ Жайық атырабында өскен  ақ бидай атаулының қамырлығы (клейковиналық көр­сеткіші) жоғары. Біздің өлкенің топырағында өнген дәннің әлгі қасиеті оның мәртебесін күрт көтеріп, халықаралық рынокта бәсін аспандатып жібереді. Осыған сенетін ақжайықтық диқан атаулы жыл сайын егін салуға ынталы. Жаз жаңбырлы, күн райы егінге қолайлы болған жылы еңбеккер қауымның бейнеті артығымен ақталады. Ал көктен нәр тамбаған жылы еңбек еш болды деген сөз. Мінеки, биыл да былтырғыдай қуаңшылық диқан қауымның төккен терін текке кетірді. Бұған қоса олардың басым көпшілігі себілген дәнді, егілген егінді сақтандыра алмаған. Сонымен қатар көктемгі егістің қамымен тұқым мен жанар-жағармай үшін алынған несие және бар.

Біздің облыста былтыр да, биыл да егін адам факторының кесірінен емес, табиғи жағ­дайдың әсерінен көңіл көнші­терліктей өнім бермеді. Сол себепті өткен жылы Парламент депутаттары ұйытқы болып, Ақжайық диқандары алған несие атаулының өтеу мерзімін кейінге шегеруге қол жеткізгенбіз. Ал егінді сақтандырудың мемлекет төлейтін мөлшерін көбейту мәселесін де менің ойымша, талқыға салып, талпынып көруге болады. Егер диқандар «Егін шаруашылығын сақтандыру міндеттілігі туралы» заңға өзгерістер енгізу жөнінде жанұшыра дабыл қағып жатса, демек оған құлақ асқан жөн.

- Ұлттық бірыңғай тестілеу жөнінде ел-жұрттың пікірі екіге жарылып тұр. Ал бұл мәселе Парламент депутаттарының назарында бар ма?

- Ел ішінде ҰБТ жүйесін жақтайтындар да, даттайтындар да бар екендігінен хабардармын.  Сол себепті Мәжілістің бір жиналысына Білім министрі Жансейіт Түймебаевтың өзі келгенде Ұлттық бірыңғай тестілеу жөнінде әңгіме қозғағанмын. Мен министрге «ҰБТ-ның қолданысқа енгеніне біраз жылдың жүзі болды. Демек, министрліктің осы мәселеге жауапты қызметкерлеріне қоса, педагог ғалымдар мен білікті ұстаздардан құралған біріккен комиссия құрып, меніңше, ҰБТ жүйесінің жетістігі мен кемшілігін саралайтын уақыт жетті. Бәлкім, комиссия құрамына депутаттар мен ата-аналар қауымының да өкілдерін қосқан жөн шығар» деген бағытта ұсыныс айттым. Министр Түймебаев  «Пікіріңізге назар аударамыз»  дей келе, екі сатылы тест нұсқасын да қарастырып жатқандығын алға тартты. Яғни мектеп бітірген кезде және ЖОО-ға түсу барысында тест тапсыру жүйесі.

Жалпы, ҰБТ-ны түгелдей те­ріс­ке шығаруға болмас. Өйткені бұрынғы жүйе кезінде арнайы және жоғары оқу орындарына түсу барысында парақорлық белең алғаны бар. Әрі талапкер (абитуриент) әуелі мектеп бітірер­де, сосын қалаған оқу орнына түсерде және емтихан тапсырып, біраз әуре-сарсаңға түсетін еді. Сөйте тұра, қазіргі қолданыс­тағы ҰБТ жүйесі баланың ой-өрі­сін, дүниетанымдық көзқарасын айқындап бере алмай отырғаны және ақиқат. Сол себепті қазіргі жүйеге, бәлкім, шығармашылық тұрғыдағы бір емтихан қосу керек шығар. Тағы бір айтпағым, меніңше, ҰБТ тапсыруға мек­теп бітірушілерді психологиялық тұр­ғыдан даярлау әлі кемшін. Әрине, жауапты сын-сынақтың алдында кім-кімнің де қобалжуы заңды құбылыс. Бірақ толқу, қобалжу сықылды сезімдердің кесірінен біліп тұрған бала кейде төмен нәтиже көрсетіп қалады. Өз басым осы фактор ата-аналарға қоса, педагогтар мен психолог дәрігерлерді де мықтап ойландыруы тиіс деп есептеймін.

ҰБТ-ға қатысты мына кер­а­ғар факторды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Бүгіндері білім саласының, мектеп бас­шыларының жұмысы негізінен ҰБТ-ның қорытындысы бойынша бағаланатыны жасырын емес. Сол себепті педагогтар шәкіртінің кез келген тәсілмен жақсы нә­тиже көрсетуіне мүдделілік танытуда. Бұл көзбояушылыққа да жол беріліп жатыр деген сөз. Ал жас адам мектеп қабырғасынан шықпай жатып көзбояушылыққа бой алдырса, демек мұндай қауіпті дерт қоғамды ойлантуы тиіс.  Ретті жерінде қатты да болса, айта кетейін Кеңес одағының мемлекет ретінде жойылуына мықтап ықпал еткен негізгі факторлардың бірі - көзбояушылық, яғни жалған ақ­пар беру. Біз тарихтың осы ащы сабағын ұмытпауға тиіспіз...

Сұхбаттасқан

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576