Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 25465 0 пікір 7 Маусым, 2017 сағат 01:57

Алаш зиялыларының  елдік сана тұрғысындағы тұжырымдары

Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден».

Әлихан Бөкейханұлы

 

Ұлттық рухты асқақтататын – елдiк сана. Елдiк сана – ұлттық идеологияның өзегi.  Елдік сана ұлттық рухтың көрсеткіші. Елдік сана биік болса ана тiлi жат идеологияны таратушы құралға айналмай, өзiнiң дiттеген мақсатына жетедi. Елдік сана мен мемлекетшілдік сана егіз ұғымдар. Рухани тамырлар негізінде мемлекетшілдік сана тамырын тереңге жаяды. Мемлекетшілдік санаға жол ашатын тұлға бойындағы ұлттық рух. Адам саяси ілімдер, саяси теориялар мазмұнын зердесіне құйғанымен мемлекетшілдік санамен қарулана алмайды. Мемлекетшілдік сана ұлттық саяси білімдер арқылы қалыптастын дүние. Мәселен, тарихымыздағы  біртуар хандар өз заманының әлемдік саяси тұжырымдарын білмесе де, халқының төл тарихын, болмысын, түйткілдерін жетік білгендіктен, аласапыран уақыттарда елінің етек – жеңін жинап, елдікті бекемдеп, ұлттық рухтың қазығы бола білді. Билер мен жырауларымыз заманына қарай амалы деп, ұлт болашағын болжап, төніп келе жатқан қауіптен жұртын ұлттық рух сезімін күшейту, мемлекетшілдік сананы көтеру арқылы қорғай білді.

Ұлттық рухтың діңгегі – ұлттық намыс. Сөзімізге халқымыздың намыс категориясына қатысты этнографиялық мәні зор мақал-мәтелдер дәлел. Ұлттық намыс дегеніміз өзіңді жатқа қадірлету, ұрпағыңа ата-бабаңның тегін аяқ асты еткізбейтіндей биіктікте ғұмырлық тәрбие беру, еліңді өзге ниетке қор еткізбеу. Елдік сана ұлттық мінездің қалпына орай тамырын жаяды. Ұлттық мінезді қалыптастыратын бірнеше факторлар бар. Ұлт мінезінің мәйегі географиялық ортаның ерекшелігіне орай бейімделе қалыптасатын шаруашылық қалпы. Шаруашылық қалпының халықтың тұрмысын тікейте білу халіне қарай  әлеуметтік өмір көрініс береді. Егерде шаруашылық қалпы халықтың бақуатты өмірін қамтамасыз ете алмаса, онда сол елдің замана биігіне шығуы дүдәмәл болатындығы анық. Түйіндеп айтарымыз, кез-келген білім ұлттық тәрбиенің қуаттылығын күшейтуге қызмет етуі тиіс. Мәселен, «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларда елдік сана, ұлттық намысқа қатысты мәселелер көп көтерілген. «Қайтсек жұрт боламыз» деген мақалада «Жұрт болудағы мақсат осы күнгі тірі жүрген адам баласына ғана емес, кейінгі нәсіл-нәсіп, үрім-бұтақтың кем – қор болмауы үшін керек зат. ... Кейінгі буынның ата – бабасы осы күнгі тірі жүрген біздер. ...Алла құзырында, тарих алдында біз жауапкер емеспіз бе?!...Алаш тілегіне қарсы болатын кімдер екені белгілі. Бұлар екі түрлі. Бірі – қаны қарайған, ұлт намысы дегеннен бейхабар, жамандықты кәсіп қылып қалған ант ұрғандар. ...Бұларға елдің тыныштығынан бүлінгені керек.  Жұрт тыныш болса, мұндайларға абырой жоқ. Осыны олар жақсы біледі. Екінші түрі – ел ішіндегі партия құмарлар. Бұар істеп жүрген істері жұртқа зиянды екенін ойламай, партия қуғанын, «баққа таласып жүрміз» деп адасып жүрген надандар. ...әркім бетімен жайылып, «баққа таласып», баяғы Иванға шауып баратын болса, Алаш тілегіне қарсы болды деген осы» [1, 440 б.],- деп жазылып, одан әрі бірлік – береке қылған ұлттың болашағы зор екендігі түйінделіп, халыққа ұғындырылған. Ұлттық намыс болған жерде Алаш идеясының өміршең болатындығы дәлелденген. Көріп отырғанымыздай, мелекеттіліктің дамуына қауіпті нәрселер - қаны қарайған, ұлт намысы дегеннен бейхабар, жамандықты кәсіп қылып қалған ант ұрғандар; партия қуғанын, «баққа таласып жүрміз» деп адасатын надандар.

Қазақ ұлтының ұлттық рухы тұрғысында пайымдау жасағанда, ең алдымен өзiмiздiң ұлт зиялыларының осы мәселе тұрғысындағы тұжырымдарына сүйенуiмiз шарт. Еуропаорталықтанған көзқарастардың жетегінде кетсек, ұлттық рух категориясын кейінгі ұрпаққа ұғындыра алмағанымыз. Ахмет Байтұрсынов «Рух ұлы мақсат, ұлы мұрат үстiнде керек. Жұрт үшiн, көп үшiн құрбандыққа шалынуға даяр болған кезiңде сезiнесiң... рух үшiн қымбат дүние – жұрт қамы, жұрт iсi» [2, 114 б.],-  – деп ұлттық рухтың мазмұнын айқындады. Ал Шәкәрiм ғұлама: «Рух деген дiнсiз таза ақыл, мiнсiздiң iсi шын мақұл. Нәпсi дер рухсыз жандарды» [3, 25 б.],- – деп ұлттық рухтың мазмұнын мiнсiздiк проблемасы арқылы ұғындырды. Естi, парасатты, бiлiктi де бiлiмдi, бiр сөзбен айтқанда, тектiлiк (бұл жерде азаматтың жеке басының тектiлiгiн айтып отырмыз - автор) келбетi жоғары адамды рухы биiк тұлға деймiз. Ұлттық рух тарихымыздағы қазақы келбетпен дәйектеледі.  Елдік сананың тамырын терең жаюы зиялылардың жұрт ісі жолындағы сан-салалалы қызметімен парықталады. Ал, қазақ зиялысының тарих өрісіндегі өзіндік келбеті бар. Зиялылық деңгейiн анықтайтын ұғымдардың негізгісі адалдық десек-те қателеспеген болар едiк. Адалдық – ар қуатының көзi. Ойшыл Шәкәрiм айтқандай – ұждан дәлелi. Шәкәрім ғұлама: Адамдық борышты халқыңа еңбек қылып, ақ жолдан айнымай, оны ар сақтау қажеттігін тереңнен түсіндірген еді.

Алаш зиялылары халықты шындықпен тәрбиелеп, ақиқаттан ажырамауға шақырды. Ақиқат дегеніміз талқылауға келмейтін әрі адамның жетегінде жүрмейтін категория. Адам баласы керісінше ақиқаттың жетегінде жүруі тиіс екендігін де зерделей білуіміз қажет. Ақиқатты ақыл көзімен көре білгендер шындықтан ажырамайды. Ал, шындықтың жалынан айрылмаған жандар ақиқаттан адаспайды. Ақиқаттан адасу адам боласын ессіздікке итереді. Ессіздік ақылдан адастырып, арды арамдыққа апарып былғаныш етеді. Міне, осы тұста нағыз трагедия басталады. Ар ілімін аяқ асты еткендер елдік сананың іргесін өз қолдарымен сөгетіндер. Арамға былғаныш болған ардың адалдануы екі талай. Бұл мәселені Шәкәрім қажы

«Қазақтың көзсіз баласын,

қаңғытып қайда барасың?

Арыңды сатып арамға,

Адалдап қалай аласың?»[3, 38]-

деп төтесінен қойған еді. Ұлт зиялылары түзу діни білімнің арқасында ақиқатты өмірлік ұстаным еткен-ді.

Міржақып Дулатұлы «Қазақ зиялылары» деген мақаласында «Адамның алдымен адам сипаты болуы шарт. Өзінен басқаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын қара басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық. Бірақ, біздің қазақтың ұлтшылдары өзге жуан елдердің ұлтшылдарындай емес екені бәрімізге белгілі. Бізді ұлтшыл қылған нәрсе – біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз еді... » [4, 54 б.], - деп жазған-ды. Қазақ зиялыларының басты ерекшелігі бәрінен де адам мәселесін жоғары қойғандығы еді. Қазақ зиялылары ұлтшыл деп ұлтын сүйген адамды зерделеді. Міржақып Дулатұлының: «Шынын айтқанда, кү­ні кеше бәріміз де ұлтшыл емес пе едік? Қазақ оқығандарының ең әуелгі тобы ұлтшылдар емес пе еді? -деп жазғаны тарихи шындықты көрсетеді. Ұлтшылдық түсінігін кеңестік билік тұсында қалыптасқан «үлгіге» салудың еш қисыны жоқ. Нағыз ұлтшылдарды тамырынан қиған, ұлтсыздандыру саясатының зардабынан толық арылу үшін ұлтшылдықты өз мәнінде қайта жаңғыртудың қажеті артып тұр. Ұлтшыл деп өз ұлтына қалтқысыз қызмет ететін, өзге ұлттарды өзіндей қадірлейтін адамды айтамыз. Ұлтшылдықты дұрыс ұғынсақ, зиялылардың қызметін де бағалай білеміз.

Тарихшы ғалым М.Қойгелдиев жазғандай:  «...біздің қазақ ұлтшылдығының негізін қалыптастырған тағы да – Әлекең. Қазақ ағартушылығымен бірге, қазақ ұлтшылдығы да өмірге келді. Бұл да қажеттіліктен туған нәрсе болатын. Мысалы, кез келген ұлттың ағартушылық кезеңінде ұлтшылдық ағымы қалыптасады. Қазақ ұлтшылдығының қалыптасуы да – ХХ ғасырдың басында қазақ ұлтының дұрыс даму жолына түскендігінің көрінісі. Ал Ресейдің патша өкіметі мен одан кейінгі Кеңес өкіметінің идеологиялық орындары өз құралдары арқылы бас көтерген ұлтшылдыққа мүлдем басқаша мазмұн-сипат беруге тырысты» [5].

Зиялылық түсінігіне кең мағынада қараған жөн. Нағыз зиялы ұлтын сүйеді. Оны қазақы түсінікпен ұлтшылдық қалып деп те атаймыз. Мағжан Жұмабайұлы «Ойлау» мақаласында ойлаудың ұғымдардан жасалатындығын, ең жалпы, ең жоғарғы ұғым категория деп аталатындығын тереңнен түсіндірген еді[6, 151 б.]. Мәселен, естілік, елдік, ерлік, даналық пен даралық, ұлтшылдық ұғымдарын өрімтал жас өз деңгейінде ұғына ала ма? – деген де сауал еріксіз туындайды. Оларды өз биігінен түсіну үшін билердің, жыраулардың, Абай, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек және өзге де ұлт зиялыларының шығармашылығымен терең сусындау қажет. Қазіргі таңда Алаш идеясын жас ұрпақ санасына тереңнен сіңірудің қажеттілігі де артып-ақ тұр. Бұлай дейтін себебіміз, Алаш рухы дегеніміз қазақ рухы, демек қазақ иісі аңқыған ұрпақты тәрбиелеу ісі. Алаш идеясы дегеніміз қазақ ұлтын өміршең қылудың қазығы, қазақ болмысын зерделейтін тағылым, әрі талай ұрпақты естілікке, елдікке, ерлікке, даналық пен даралыққа тәрбиелеудің соны үлгісі.

Жүсіпбек Аймауытов «Абай» журналының 1918 жылдың 2 қазанында жарияланған «Ұлтты сүю» деген мақаласында ұтшылдық туралы былай деген еді: ««Өзіңе тілегенді біреуге де тіле», «адам баласын бауыр тұт» деген көркем тілек далада қалып, тұрмыс күресі, қанішерлік майдандап тұр. Ұлты үшін құрбан болуға шыдағандық – ұлтшылдықтың осы күнде ең берік ережесі.

Зорлық, қиянат, қанішерлік жоғалып, бір заманда адам баласы бірін бірі маңдайға шертпейтін, жер жүзіне ұжмақ орнайтын шақ бола ма? Жоқ па? Белгісіз болса, алыс. Өзі көксеу – тәтті қиял; заман көксететін емес. Ендігі мақсат – аяқ астында қалмай, тырбанып тырна-қатар ретке кіру, дүние жүзінен жоғалып кетпес қамын қылу. Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері». Қазақ зиялыларының ұлтшылдық қалпы өзгелерге өзіндей қараған  адами көзқараспен түйінделеді. Алаш зиялылары жазғандай: «...Теңдік жолында адам дәрежесі кім болса ол болсын тең боларға тиіс. Түрі, діні, тілі, тегі, күші, ісі, әл-ауқаты бірдей болмағанмен адам баласының адамдығы бірдей. Дінсіз болсын, тілсіз мақау болсын, тексіз құл болсын, малсыз жарлы болсын адам емес деп ешкім айта алмайды. Адам болған соң адамдық дәрежесі бірдей болуы тиіс» [1, 350 б.]. Бұл жолдар қазақы болмыстың табиғатын ашып тұр. Қазақ болмысына қатысты анықтаманы Алаш зиялыларынан асып ешкім де бере алмайды. Сонымен, біздің ойымызша елдік сананың басты көрсеткіші – адамның ұлтын сүю қасиеті. Әлихан Бөкейханұлы  жазғандай: «Оқу-білім болса, мақсат бәрі табылады дегендей көрінеді. Бұлай болса, ол – адасқандық. Біліммен мақсат шықпайды. Ібіліс жұмақтан білімсіздігінен қуылған жоқ, имансыздығынан қуылды. Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден».

Ал, ұлтты сүюге жетелейтін түзу тарихи білімнен өрілетін тарихи сана. Біздің тарихи жадымыз ауызша тарихпен ұрпақтан-ұрпаққа берілген еді. Алаш зиялылары айтқандай тарих түзушіліктің кітабы. Келешек күннің қандай болашағын білуге тарих анық құрал болады[1, 16 б.]. Кеудесі қазына бабаларымыз ауызша тарих арқылы елдік сананы өрімтал жастың жүрегіне  жеткізіп, санасына сіңіре білген еді. Ал, қазақтың тарихына өзгенің көзілдірігімен қарағандар қаламынан туған төл тарихымыз елдік санаға қызмет ете алмады. Қазақ тарихының бұрмаланбауы үшін Алаш зиялылары «Қазақ» газеті беттерінде ғылыми мақалаларын жариялады. Алаш түсінігін талдауға ерекше мән берді. Өйткені, Алаш атауының қазақ өмірінде, бүгінгі тілмен айтқанда, идеялық тұрғыдан маңызы зор, ал өткеннің түсінігімен айтсақ, қазақ үшін қасиеті зор болды. Халқының жанын ақылмен ұғынған хандар, батырлар, билер және басқа да зиялыларымыз Алаш сөзінің мәнін ұғынды, ұлттық идеяға қызмет етті. Нәтижесінде Мағжан ақынның:

Алты Алаш Абылайдай арғымағын,

Алаштың аруағына пар қылатын.

Бетіне Абылайдай ардагердің,

Келуді алты алашқа ар қылатын, –

деген жыр жолдары тарихта қалды[6, 150 б.]. Жалпы, қазақ баласы қасиет пен кие, обал, сауап ұғымдарына ерекше мән берген-ді. «Мен киелі Алашпын» – деген мағынадағы жыр жолы ұлт зиялылары өлеңдерінде тым жиі кездеседі.  Алаш зиялылары алаш идеясын халық жанынан ажыратпау үшін қазақ тарихының теориялық-әдістемелік мәселелерін қамтыған мақалалар да жазды. Мәселен, Міржақып Дулатұлының «Қазақтың тарихы» атты мақаласында қазақтың тарихына қатысты арабша, түрікше, орысша кітаптарда тұщымды тарихтың жазылмағандығы дәйектелген. Ресей империясының қазақ пен қырғызды айырмауының түпкі мәнін зерделеп, «...Орыста бұрын атқа міну қажеті болмаған. Осы күнгі хохолша сиыр жегіп, өгіз мініп күн көрген... Салт қызмет етіп, біздің қазаққа ұқсаған соң, «казачье» атанып кеткен. Орыстың атты ғаскері «казак» атанғандықтан, біздің қазақ атынан айырылып, «қырғыз» атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы ғылым жарығында қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарқ ғадетіне ыңғайлы қылып «қазақ мәдениетін» құрып, бір жағынан қазақ әдебиетін тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы»,- деп жазған еді[4, 194 б.].  Ал, «Қазақ» газетінің 1913 жылдың 22 наурыздағы №7 санында Түрік баласы жазған «Қазақтың тарихы» деп аталатын мақалада төмендегідей деректер жазылған: Жошы ұлысында алты ру болғандықтан «Алты Алаш» болады. «Алаш» деген сөздің алғаш мағынасы – Отан кісісі (соотечественник) деген сөз болады.... Және қазақта «Алаң келе ме, Алаш келе ме» деген бір мәтел сөз бар. Сондағы Алаң – шет елдің кісісі, Алаш – Отан кісісі мағынасында болады». Осылайша, Алаш зиялылары қазақ тарихына қатысты ұлттық болмысқа сай көптеген мақалалар жариялады. Қожа Ахмет Иассауи, Абай сынды тарихи тұлғалар тұрғысында қалам тербеді. Мақсат-ұлттың рухын көтеру. Тарихи санасын биіктету.

Алаш зиялыларының еңбектерін зерделегенде ұлттық рухтың қуатын көреміз. «Біз суды теріс ағызған атаның баласымыз» (Міржақып Дулатұлы айтқаны - автор) деген жолдар ата- бабаларымыздың биік рухын, рухани сүрлеуден адаспауды меңзейді. Сол рухпен қаруланған өткен ғасыр басындағы ұлтын сүйгендер үш жүздің баласы бәрің де қазақсың, атақ үшін баратын жол бұл емес (билік мәселесін айтып отыр), деп халықты түзу тәрбиеледі.

Түзу діни сана мен білім елдік сананы биіктетуге қызмет етеді. Ахмет Байтұрсынұлының «баланы ұлша тәрбиелесең ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең құл болмақшы» - деген даналығы немесе «елде жоқ рух ақын сөзінде қайдан болсын» [2, 56 б.] - деген шындығы зерделі жанға жақсы таныс. Ал, Әлихан Бөкейханұлы «Рамазан айы жақындау тақырыпты» деген мақаласында: «Садақаны халық мұқтаждығына жұмсау ісін ұғындырады: «Алла тағала құран кәрімде пайалы орынға өздеріңнің сүйген нәрселерің мен малдарыңды шығармай тұрып ізгілік, жақсылық деген нәрсеге жетісе алмайсыңдар деп бүтін адам баласын шын көңілімен ұлт ісіне қызмет етуге қызықтырады. ... Әр нешік мұндай парыз, уәжіп садақалар бір кісінің пайдасына ғана емес, бүтін ұлт пайдасына беріледі. Ол ұлт пайдасы мектеп, медресе сияқты жұрттар салып, бала оқыту секілді істерде табылады» [1, 307 б.], - деп Құран кәрімде баянды етілген садақа орындарын халыққа түсіндірген. Әлихан Бөкейханұлы сынды зиялыларымыз дәстүрге негізделген  мұсылманшылықтан ажырамауға күш салды. Қошке Кемеңгерұлы тұжырымдағандай: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азаматтың тобы болды. Бұл топты баулыған Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды»[7, 44 б.].

Ахмет Байтұрсынұлы «Бастауыш мектеп» атты мақаласында бастауыш мектеп қандай болу керек? – деген мәселені көтеріп, «...бастауыш мектептер оқуы қазақ үшін бес жылдық боларға тиіс. Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқуы тиіс. Соңғы екі жылда кілең орысша оқу керек»[1, 100 б.],-дей келе қазақ балаларының тегіс оқуы жөнінде құнды пікірлерін тұжырымдайды. Орыстандыру саясатына тікелей қарсы пікір білдіре отырып, қазақты жазуынан, дінінен ажырату «үкіметке» орындалмайтын дүние екендігін ескертеді.

Елдік сананың тамырлануы саяси элитаның қызметіне қатысты айқындалмақ-шы. ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары ұлтына пайдалы адамдардың бейнесін былайша сомдаған-ды: Ақ жүрек таза болса. Жұртты я сатып, я алдап кетпейтін болса. Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екі талай жерде жанын қиярлық ер жүректі болса. Өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса. Саясат ісіне жетік болса. Білімді, шешен, көсем, оқыған болса. Халықтың қалпына, салтына, тұрмысына жете таныс болса. Міне депутат болуға осындай адамдар лайық [1, 413 б.]. Сонымен қатар, билікке ұмтылу атақ үшін қылатын іс, жолым кетті деп өкінетін жол бұл еместігі, әркім жақынына, облысына, уезіне, ұранына тартса ұлттың болашағы күмәнді болатындығы да Алаш зиялыларының назарынан тыс қалмады.

Елдік сананы халықтан ажырататын бөлінушілік. Ұзақ ғасырларға созылған отаршыл саясат зардабынан руға, жүзге, жерге бөліну тамыр жайды. Алаш зиялылары «бөліп ал да, билей бер» саясатына қарсы күресті. «Үш жүздің баласы бәрің де қазақсың. Алған бәйгең қазақтікі болады, алдарсың да, қазақты алдырасың. ... жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат болу үшін жақсы болу шарт. .. біздің қазақ алаштан шыққан жүйрікке үкі тағу керек. Соның тілегін тілеу керек...»[1, 413 б.], - деген мазмұндағы жолдар сөзімізге дәлел. Өрімтал жас атақтың адамға жолдас болмайтындығын әріден ұғынып өсуі шарт. Атаққұмарлық - мәдениеттің қас жауы. Қызылдар ылаңының «мұрасы» болып қалған «рушылдық, жүзшілдік, жершілдік» секілді тексіз қылықтар қазақ мәдениетіне жат екендігі даусыз.

Сонымен, елдік санасы биік ұлт қызметкерін тәрбиелеу үшін тарих тағылымын  жас ұрпақ бойына сіңіру қажет. Тарихқа философиялық көзқарас арқылы, тарих, тұлғалар даналығы арқылы өскелең ұрпақ елшіл болып қалыптаспақ. Ақиқатына келгенде, жеке адамның атағы уақытша, ал ұлтқа қызмет еткен істің ғұмыры ұзақ, тіпті мәңгілік деп те айтуға болады. Мағжан ақынша айтқанда: Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған, Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас. Шәкәрім ғұламаша түсіндірсек: Жоба тап, Жол көрсет, Келешек қамы үшін.... Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң –Шын бақыт, Осыны ұқ, Мәңгілік өлмейсің![3, 78 б.]. Ел мен ер бірін-бірі жетелейді. Елсіз ер шықпас, ерсіз ел алысқа шаппас.

Ұлт ісін жөндеу ісін Алаш зиялылары айтқандай «Жұрт ісінде кімге де болса жұмыс табылады. Жұрт жұмысының жөні, мақсаты бір, істеу жолы түрліше. Соның әр түрін әркім қолға алып жұртқа керек жөнімен мақсатқа қарай жүргізу керек» [1, 254б.].

Пайдаланылған әдебиет тізімі:

 

  1. Қазақ/ Құраст. Субханбердина әне т.б.- Алматы: «Қазақ энциклопедиясы»,1998.- 560 б.
  2. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш.-Алматы: Атамұра, 2003.-208 б.
  3. Құдайбердіұлы Ш. Иманым.-А., 2008.-150 б.
  4. Елім деп соққан жүрек /Құраст. Күзембаева В.Қ. А., 2002.- 362 б.
  5. Қойгелдиев М. Ол ақырғы деміне дейін адал болды. //Аңыз адам.-2011.- №20(32).-15-16 бб.
  6. Жұмабаев М. Көп томдық шығармалар жинағы.- 1 том.-Алматы: «Жазушы», 2008.-208 б.
  7. Кемеңгерұлы Қошке Қазақ тарихынан.-Астана, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ типографиясы, 2015.-324 б.

 

Құралай Қуандыққызы, Тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048