Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 14593 0 пікір 28 Қыркүйек, 2010 сағат 17:42

Ж.Талдыбаев. Қазақстандағы ашаршылық салдары

Тәуелсіздігімізді алғаннан бері халқымыз­дың ба­сы­нан кешкен зұлматты кеңестендіру жыл­дарының ақиқаттарын ашық айтуға мүм­кіндік алдық. Тарихшы ғалымдарымыз, зерт­теушілеріміз бен ізденушілеріміз, әсіресе ұжым­дастыру арқылы келген отызыншы жылдардың басындағы аштық нәубеті жөнінде бірқатар құнды-құнды зерттеулер жасап, осы зұлматтың ақиқаттарына жету үшін жан-жақты ізденістер жасауда. Сол зерттеулердің әсерінен көптеген шындық беті ашылуда. Мысалы, өткен ғасырдың 20-жылдарының соңы мен 30-жылдарының ба­сынағы Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру ар­қылы келген ашаршылық қолдан жасалған, идеологияға негізделген саясатты көзсіз жү­зе­ге асыруға ұмтылушылықтың нәтижесі еді. Ком­мунистік партияны қазақтарға, одан кейін, бел­гілі бір дәрежеде басқа да көшпелі халықтарға әкеліп жапсыру оларды сан апат пен қайғы-қа­сіретке душар етті. Сөйтіп, 1931-1933 жылдар қазақ халқының ең бір қасіретті жылдары болып тарихызмызда қара әріптермен жазылып қалды.

Тәуелсіздігімізді алғаннан бері халқымыз­дың ба­сы­нан кешкен зұлматты кеңестендіру жыл­дарының ақиқаттарын ашық айтуға мүм­кіндік алдық. Тарихшы ғалымдарымыз, зерт­теушілеріміз бен ізденушілеріміз, әсіресе ұжым­дастыру арқылы келген отызыншы жылдардың басындағы аштық нәубеті жөнінде бірқатар құнды-құнды зерттеулер жасап, осы зұлматтың ақиқаттарына жету үшін жан-жақты ізденістер жасауда. Сол зерттеулердің әсерінен көптеген шындық беті ашылуда. Мысалы, өткен ғасырдың 20-жылдарының соңы мен 30-жылдарының ба­сынағы Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру ар­қылы келген ашаршылық қолдан жасалған, идеологияға негізделген саясатты көзсіз жү­зе­ге асыруға ұмтылушылықтың нәтижесі еді. Ком­мунистік партияны қазақтарға, одан кейін, бел­гілі бір дәрежеде басқа да көшпелі халықтарға әкеліп жапсыру оларды сан апат пен қайғы-қа­сіретке душар етті. Сөйтіп, 1931-1933 жылдар қазақ халқының ең бір қасіретті жылдары болып тарихызмызда қара әріптермен жазылып қалды.

Аталған ашаршылық салдарынан қазақ хал­қы өз жерінде күні кешеге дейін саны жағынан азшылыққа ұшырап, өзгелерге жол берумен кел­ді. Халықтану демография ғылымының сол ашар­шылық апаттың қыр-сырларын зерттей отырып болашақта оның қайталанбауы үшін өз тұжырымдарын алға тартады. Міне, осы тұрғыдан қарағанда, Қазақстандағы кеңестендіру жыл­да­ры қолдан жасалған ашаршылықтан қазақ хал­қының саны мен үлесіне қалай әсер еткенін 1926,1937 және 1939 жылдары жүріп өткен Бү­кілодақтық халық санақтарының қорытынды нәтижелерін қолдана отырып, оларды өзара ғы­лыми түрде салыстыру арқылы үлкен дәлдікпен есептеп шығара аламыз.

1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағы бо­йынша, Қазақстан аумағындағы тұрған тұр­ғы­лықты халықтардың саны 6500895 адам­ды құ­раған екен. Олардың 8,3 %-ы қалаларда, ал 91,7 %ы ауылдық жерлерде тұрған еді. Енді олардың ара­сындағы қазақтардың саны 3713394 адамды құрап, республика халқының 57,1 %-ы болса, ал орыстар 1279979 адамды құрап, демек 19,7 % болған екен. Ал қала тұрғындарының ішіндегі қазақтардың саны мен үлесі 77554, яғни 2,1 пайыз болса, ал орыстардың қатары 283767, демек 22,2 пайызды құрап, қазақтардың санына қарағанда орыстардың сандық үлесі (206213) яғни 20,1 пайызға жоғары болған екен. Енді ауылдық жерлерде тұрған қазақтардың саны 3635840, яғни 97,9 пайыз болса, ал орыстардың қатары 996212, демек 77,8 пайызды құрап, қазақтардың саны орыстардың санына қара­ған­да (2639628 адамға) яғни 20,1 пайызға басымдау болғанын көреміз [1].

1939 жылғы санақ бойынша, Қазақстан­да тұратын халықтардың саны 6151102 адамды құраған болса, олардың 27,8 пайызы қалаларда, ал 72,2 пайызы ауылдық жерлерде өмір сүр­ген еді. Енді олардың ішіндегі қазақтардың са­ны 2327625 адам болып, республика халқының 37,8 пайызын құраса, ал орыстар қатары қазақтардың сандық үлесінен (121503 адамға) яғ­ни 2,0 пайызға басымдау 2449128 адамды құ­рап, демек 39,8 % болған екен. Ал қала тұрғындары­ның арасындағы қазақтардың саны мен үлесі 374675, яғни 16,1 пайыз болса, ал орыстар қата­ры 977876, демек 39,9 пайызды құрап, қазақтар­дың санына қарағанда (603261) яғни 23,8 па­йызға артығырақ болған екен. Енді ауылдық жер­лерде тұрған қазақтардың саны 1953010, яғни 83,9 пайызды құрап, ал орыстардың қатары 1471252, демек 60,1 пайыз болса, қазақтардың саны орыстарға қарағанда (481758 адамға), яғни 23,8 пайызға жоғары болған екен [2].

Қазақстан халқының саны 1926-1939 жж. аралығында (1937 жылы - 1380712 адамға кеміп) 349793 адамға, яғни 94,6 %-ға азайғаны анық­талып отыр. Ал осы жылдары республикадағы қа­зақтардың тек саны ғана емес, үлесі де күрделі өз­герістерге ұшырап, өте төмендеп кетті: 1926 жы­лы олардың саны - 3713394 болса, 1937 жылы - 2181520 [3], ал 1939 жылы - 2327625 ғана еді. Осы жылдары республиканың аумағында тұратын қа­­зақтардың саны (1937 жылы - 1531874, яғ­ни 58,7 %) 1385769 адамға, яғни 62,7 %-ға кемі­ге­ні бай­қалып отыр. Яғни осы 14 жыл ішінде қазақ­тар­дың саны 19,2 пайызға кеміді, ал олар­дың рес­пуб­ликадағы халықтардың арасындағы үлесі бұл жы­л­дарда өте азайып, қазақтар өз Отанын­да аз ұлт­қа айналды: 1926 жылы - 57,1 % бол­са, 1937 жылы - 42,6 %, ал 1939 жылы - 37,8 ­%-ға дейін төмендеді. Демек, қазақ ұлтының мұн­­дай қасіретті тағдырды сол кездегі Кеңес Одағы, оның бір бөлігі болған Қазақстанның басы­нан кешірген ірі саяси-экономикалық және қоғамдық өзгерістерінде, солардың нәтижелері мен салдарынан туындаған еді.

Қазақстандағы кеңестендіру жылдарының зерттеу аралығындағы Кеңес өкіметінің жүр­гізген саясатының нәтижелерінен туындаған қа­зақ халқының ұжымдастырудың салдары ар­қылы келген ашаршылыққа ұшырауына бай­ланысты деректер бар. Енді соларға келсек, ауыл шаруашылығындағы қуғындау саясаты Қа­зақ АССР орталық атқару комитеті мен ха­лық комиссарлары кеңесінің 1928 жылдың 27 тамызындағы "Бай шаруашылықтарын кәм­пескелеу туралы" қаулысынан басталды [4]. Осы қаулы негізінде жеті жүзге жуық ірі бай шар­уашылықтары тәркіленіп, олардың иелері қа­наушы тап ретінде жер аударылды. Осы саясат енді колхоздастыру кезінде одан әрі жалғасып, қуғындауларға орта шаруалар мен ауқаттылар да ұшырады.

КСРО Орталық Атқару Комитеті мен Қазақ Халық Комиссарлары Кеңесінің 1930 жылдың 1 ақпанындағы "Жаппай коллективтендіру аудандарында ауыл шаруашылығын социа­листік жолмен қайта құруды нығайту және кулактармен күресу шаралары жөнінде" де­ген қаулының негізінде Қазақстан үкіметі де 1930 жылдың 19 ақпанында дәл осындай қау­лы қабылдады. Сөйтіп, ендігі кезекте колхоз құры­лысына "қарсылық жасап отырған қанаушы элемент", әрі пролетариат жауы деген желеумен кулактар мен байларды тап ретінде жою науқаны басталды. Осы қаулыға сәйкес әрбір аудан жә­не ауыл көлемінде жойылатын кулактар мен бай­лардың жалпы саны халықтың 3,5 пайызы бо­луы керек делінді [5]. Бұл жаңа науқан 1928-1934 жылдары Қазақстанда ашаршылықтың бас­та­луына жол ашты. Аштық көшпелі және жар­ты­лай көшпелі елді отырықшыландыру және ға­сырлар бойы қазақтың тамағы мен киімі болып келген малынан айыру, күштеп ұжымдастыру салдарынан туындады. Жүздеген мың орыс, украин, ұйғыр және басқа ұлт өкілдері қырылды, бірақ қырылғандардың негізгі көпшілігі қазақтар болды.

Қолдағы бар деректерге жүгінсек, Қазақ­стандағы ашаршылық апаты 1927-1928 жж. жұт­тан кейін-ақ басталғанын көрсетеді. Мәселен, Адай округінде мал жұтап, адамдар аштыққа ұшырағандығы айтылады [6].

Сондай-ақ, П.Ивановтың 1927-1928 жж. Сырдария губерниясындағы жұт туралы деректері жұтаған шаруашылық­тарда мал саны қысқа дайындалған пі­шен­нің же­тімсіздігінен, жұттан, түсік тас­та­ғаннан кемуін алға тартады. Алайда ең құндысы бұл деректер тарих үшін аса маңызды мәліметтер ұсынып, қазақ, орыс, өзбек халықтарының шар­уашылық жүйесі жөнінде ой қорытуға жетелей­ді. Отырықшы қазақтардың шаруа қожалықта­ры 21,3 пайыздай, яғни үш еседей көп зардап шексе, орыс, өзбек ұлттарының шаруа қожалықтары­ның жұтағаны мүлде аз болғанын айтады.

Ұлттық-тұрмыстық топтарына қарай са­нағанда жұттан күйзелген шаруашылықтың дең­­­­­­­­гейі өзбектерде - 4,1 %, орыстарда - 4,9 %, отырықшы қазақтарда - 7,5 %, көшпелі қазақ­тарда - 21,3 %-дан  асқан еді.

Мал басының жұтауы қазақ қоға­мының әлеуметтік тұрмысымен тығыз бай­ланысты. Солай болғанда Сырдария гу­бер­­ниясындағы жылқының 9 пайыздан, мүйізді ірі қараның 18 пайыздан, қой ешкінің 20 па­йыз­дан, түйенің 6 пайыздан, барлық мал ба­сына шаққандағы шығыны 19 пайыздан асқан. Бұған қоса қырылған мал санын жеке халық­тың шаруашылығы бойынша есептегенде орыс­тардың 1 %, өзбектердің 2 %, отырықшы қа­зақтар­дың 5,5 %, көшпелі қазақтардың 8,6 % малы қы­­рылған [7]. Бұның өзі жайылымдық, егістік жер­­дің құнарлы бөлігіне қоныстандырылған бас­қа ұлт өкілдерінің жұттан аман шығып, ал тақыр мен шөлге ығыстырылған қазақ ауылдарының пі­шен жинап, мал бағуға шабындық жерінің же­тімсіздігін, сонымен бірге табиғат райына тәуелді болғандығын айқын аңғартады. Демек, бұдан сол кездегі Қазақстандағы жүргізілген Кеңес өкіметінің қазақ халқына бағытталған жымысқы саясатының нәтижелерін байқауға болады.

1935 жылдың 8 қаңтарында Алматыда өт­кен Кеңестердің бүкілқазақтық IX сиезінің қау­лысында: "Шаруа қожалықтарының 85 па­йызы ұжымдастырылды. Қазақстандағы жұ­мысшылар мен қызметшілер саны 1930 жылы 330 мыңнан, 1934 жылы 655 мыңға өсті, оның ішінде қазақтардың саны 30 пайыздан 42 па­йызға көтерілді. Көшпенді шаруашылық тү­гелдей жойылды", - деп атап көрсетілді [8]. Әрине, мұндағы айтылып отырған жетістіктер қазақ халқының "қызыл қырғыны" арқылы жүзеге ас­қаны белгілі. Ұжымдастыру және сонымен бірге отырықшыландыру ауылдың ғасырлар бойы қа­лыптасқан өмір салтын түп негізіне дейін күй­ретті. Қазақ қоғамының табы жойылып қана қой­ған жоқ, мыңдаған жылдар көшпенді өрке­­ниет жасаған барлық тіректер қиратылды. 1930 - 1932 жылдары аштық етек алды. Егер халықты жедел отырықшылыққа көшіріп, колхоздарға күштеп біріктіріп, қолындағы малы мен азығын тартып алмаса, ашаршылық зардабы демографиялық апатқа ұласпас еді. Кәмпескелеу кезеңінен кейін республикадағы мал қорының жойылып кетуі де бұған тікелей себеп болды. Бұл туралы шетелдік ғалымдардың да айтқан пікірлері бар. Соның бірі Гувер университетінің ғылыми қызметкері Р.Конквест: "Қазақтардың саны 1926 жылы 1233 мың шаруашылықтан 1936 жылы 565 мың шаруашылыққа кеміген. Қазақтардың қы­рылуы олардың малын тартып алуына ті­келей байланысты. 1929-1933 жылдары Қазақ­станда ірі қара 7 миллион 442 мыңнан 600 мың­ға дейін, қой саны 21 миллион 943 мыңнан 1 миллион 727 мыңға дейін кеміді. Тамағы ет пен сүтке негізделген қазақ ауылдарында енді талшық етер ештеңе қалмады ", - деп айтып, және жазып келтіргендері біздің аштық туралы айтқандарымызға дәлел болады [9].

Қазақ шаруаларын күштеп ұжым­дас­тырудың барысында өкімет халықтың күн көрісінің жалғыз ғана көзі - қолындағы малын зорлықпен жинап алып, қоғамдық мемлекеттік меншікке айналдырды. Одан қал­ған бірлі-жарым малдарын ет, май, жүн, ас­­тық жоспарларын дайындап, тағы тартып алды. Сөйтіп, негізгі кәсібі мал шаруашылығы, әл-ау­­қаты да соған байланысты болған қазақ шаруа­лары төрт түлік малдан түгел жұрдай болып, ашыға бастады. Табысы жоқ колхоздан, жергілікті үкі­меттен жәрдем ала алмаған халқымыз ендігі жерде ашаршылыққа ұшырады.

Тарихи зерттеулерде Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылыққа бай­ланысты әр түрлі пікірлер мен деректер айтылып жүр.

1926 жылғы санақ бойынша Қазақ АССР-ның территориясында 3 миллион 627 мың 612 қазақ тұрған болса (республика халықтың 58,5 %-ы), 1937 жылғы санақ мәліметінде 2 миллион 181 мың 520 адам (42,6 %-ы), ал 1939 жылғы санақтың нәтижесінде өз жеріндегі қазақтардың саны 2 миллион 327 мың 625 адам болған (37,8%). 1926-1937 жылдар аралығында қазақтардың саны 1 миллион 446 мың 092 адамға, демек 15,9 пайызға кеміген болса, ал 1926-1939 жылдар аралығында 1 миллион 299 мың 987 адамға, немесе 20,7 пайызға кем болып шықты [10]. Әрине, бұл толық мәлімет емес. 1930 жылдың ортасына қарай республикадағы халықтың жалпы саны әлі де біршама тұрақты күйінде болатын. Ол кезде Қазақстандағы түпкілікті халықтың саны 4 миллион 120 мың адам еді [11].

Осыған сәйкес ашаршылық жылдары қазақ­тан 2 миллионға жуық адам, немесе олардың 49,0 пайызы құрбан болды деп жобалайды кейбір зерттеушілер. Егер 1920 жылдары халықтың та­биғи шетінеуі әрбір 1000 адамға шаққанда 25 адамнан келсе, 1931-1933 жылдары ауру-сыр­қаулардан 250 мыңдай адам 7,0 пайыз﴿ шығын болды. Сондықтан тарихшы-демографтардың ай­туынша, ашаршылық пен соған байланысты ауру - сырқаулардың салдарынан тікелей шы­ғын болған қазақтардың саны 1 миллион 750 мың адамға немесе республикадағы барлық қа­зақтардың 42,0 пайызына жеткен [12].

Кеңестендіру жылдары Қазақстанда жүргі­зіл­ген күштеп ұжымдастыру мен отырықшы­ландырудың қазақ халхының тарихы мен тағ­дырына ауыр демографиялық апат тудырғанын шетелдік тарихшылар сол 1930 жылдардың өзінде-ақ айтқан болатын. Содан бері шетел ғалымдарының еңбектері мен басылымдарында Қазақстанда 1930 жылдардың басындағы ашар­шылықтан қанша адам шығын болғандығы жөнінде қызу пікірталастар жүрді [13].

Батыс зерттеушілерінің еңбектерінде ашар­шылық жылдарында Қазақстандағы адам шы­ғыны жайлы әркелкі мәліметтер келтіріледі. Мы­салы, американ маманы М.Олкот ашаршылық құрбандары 2 миллион адамды құрады десе, Б.Шпи­ллер өз мәліметінде құрбан болғандар са­ны 860 мыңнан астам деп, ал Р.Конквест пен С.Уиткрофт ашаршылыққа ұшырағандар қа­та­ры 1 миллион адам деген мәліметті ұсынады [14].

Біздің тарихшы-демограф ғалымдарымыз 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбан­да­рын 1,5 миллионнан 3 миллионға дейін жеткізіп жүр. Қазақстанда үш жылға созылған ашаршылық кезеңіндегі адам шығыны туралы көптеген құ­жаттардың ғылыми айналымға енгеніне қара­мастан, отандық зерттеушілеріміз әр түрлі де­ректік мәліметтер келтіруде. Мысалы, академик М.Асылбеков бір зерттеуінде 1926 жыл мен 1939 жылғы санақ аралығында республикамыздың өз ішіндегі қазақтар 1 миллион 180 мың адамға немесе 33,0 пайызға азайғанын нақты деректерге сүйене отырып шығарады [15]. Ал академик Б.Төлепбаев пен В.Осипов осы жылдары қазақтардан 1 миллион 50 мың мен 1 миллион 100 мың арасындағы адам, ал республикадағы өзге ұлттары арасынан 200-250 мыңдай адам аштықтың құрбаны болды деп есептейді [16]. Ал, академик М.Қозыбаев бастаған ғалымдар бірнеше мақалалары мен зерттеу еңбектерінде, ашаршылық жылдары 2 миллион 100 мың адам опат болды, оның 1 миллион 750 мыңы қазақтар деп көрсетеді [17] және оларды тарихшы ғалым Т.Омарбеков те қолдайды [18]. Сондай-ақ, бұл пікірді Елбасы Н.Назарбаев та жақтайды екен [19]. Осыларға шамалас тұжырымды та­рихшы ғалым, академик М.Асылбеков пен тарихшы-демограф, ғалым Ә.Ғалиев да айтады. Олардың есебі бойынша осы жылдары табиғи шығынмен қоса есептегенде 1 миллион 745 мың адам опат болған [20]. Демограф-ғалым М.Тәтімов өзінің еңбектерінде 2 миллион 100 мың - 2 миллион 300 мың адам ашаршылық құрбандары болды деп мәлімдейді [21]. Осы пікірді тарихшы, профессор Т.Омарбеков та­рихи жағынан жан-жақты қарастыру арқылы қолдап, ғалым өзінің зерттеулік мәліметтерімен көрсетеді [22]. Сонымен бірге жазушылыр Б.Нұр­жекеев пен С.Елубаев ашаршылық жыл­дарын публицистикалық қырынан зерттей келіп, құрбандар санын 2 миллионнан 3 мил­лионға дейін [23] деп есептейді. Ал, 1926-1939 жылдар аралығындағы Қазақстан халқының этнодемографиялық құрамындағы өзгерістерді зерттеген С.Айымбетов болса, М.Тәтімов пен Т.Омарбековтың тұжырымдарын қолдай отырып, аштық жылдарында құрбан болған қазақтардың саны 2,5 миллионға жуықтайды деп есептейді [24]. А.Алексеенко мен Н.Масанов 1930 жылдардың басындағы ашаршылықта қазақтардың 46,8 пайызы, яғни 1794,4 мың адамы құрбан болды деген пікір білдіреді [25]. Сондай-ақ, Б.Елкеев пен Қ.Алдажұманов ашаршылықтың шығыны, әсіресе, 9-ға толмаған балалар арасында 60 пайыз болғанын, ал ең көп шығын емшектегі сәбилер арасында 72 пайыз болды деген ойларын айтады [26].

Иә, сұм ажал өз қолымен қорек таба алатын ересектер арасында сирей түсуі, ал тым кішкентайлар мен қариялар арасында жиі кездесуі заңдылық десек, қырғынға көп ұшыраған емшектегі сәбилер, жас балалар және қарттар болып шығады. Себебі, ата-анасынан айырылған, панасыз жас балалар өз бетімен тамақ таба алмаса, ал, қарт адамдар әлсіздіктен аштық азабына шыдай алмай жан тапсыруға мәжбүр болған.

Сонымен, 1931-1933 жылдардағы Қазақ­стандағы ашаршылық туралы әр түрлі деректерді саралай келіп, біз демограф М.Тәттімовтың қа­зақ құрбандары 2 миллион 22 мың деп көрсетуін [27], және тарихшы ғалым, профессор Т.Омарбековтың мәіліметтерін [28], немесе С.Айымбетовтың 2 миллион 500 мыңға жу­ық деген есебін [29] қолдай отырып, аталған кезеңде қазақ халқынан 3 миллион адам құрбан болды деп тұжырым жасаймыз. Бірақ 1926-1927 жылдар арасында, халық санақтарының ресми мәліметтері көрсеткендей, қазақтардың саны Одақ бойынша 1 миллион 106 мыңға, кеміп кеткенін де ескеруіміз керек. Мұндай тұжырымға келуіміздің бірқатар есептік негіздері бар. Біріншіден, 1926 жылғы санақта қазақтардың саны шамамен 6-7 пайызға кемітіліп көрсетілген [30] деген М.Тәтімовтың болжамы бойынша қазақтардың санына 455 мың 7,0 пайыз﴿ адам­ды қоссақ Қарақалпақстандағы қазақтарды есеп­темегенде республикада 3 миллион 628 мың қазақ болды және Солтүстік өлкедегі [31] Қостанай обылысын қоспағанда﴿, Орал, Семей губерниясындағы, Адай уезіндегі ескі атпен қырғыздар деп жазылып кеткен 5573﴿ қазақты ескерсек, республикада 4 миллион 88 мыңнан астам қазақ болғандығына көз жеткіземіз. Екіншіден, С.Ақатаевтың құрбан болғандардың 1 миллионнан астамы балалар деп мәлімдеуін тағы қосамыз [32]. Үшіншіден, Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағатынан бұрынғы Семей облысының Абай ауданының 12 ауылында 1932 жылдың қараша айында 1062 адам қайтыс болып, 82 сәби туылса, желтоқсан айында 1102 адам мерт болып, 84 сәби дүниеге келгендігі туралы мәлімет сақталған [33]. Сонымен қатар, Балқаш ауданында жергілікті ОГПУ-дің мәліметі﴿ 60 мың қазақтың 32 мыңы құрбан болды деген де деректер бар [34]. Мұндай жағдайлар сол жылдары республика көлеміндегі қазақ ауылдарының көпшілігін қамтыған еді. Төртіншіден, тарихшы ғалым, академик М.Асылбеков пен тарихшы-демограф Ә.Ғалиевтің ашаршылық 1934 жылы да жалғасты [35] деген тұжырымдарын қолдаймыз. Себебі, адам организмі қатты әлсірегенде өмірге қауіпті әр түрлі ауруларға шыдамсыз келетіні белгілі. Сол жылдары ашаршылықтың салдарынан Қазақстан бойынша сүзек сияқты және тағы басқа ауруларға көптеген адамдар шалдыққанын айта отырып, соны құптайтын деректерге жүгінсек, 1934 жылы сүзектің әр түрімен 12719 адам ауырған екен[36]. Ендеше бұл деректер осы күндері айтылып жүргендерден қазақтың әлдеқайда көп шығынға ұшырағандығын көрсетеді.

Ашаршылық құрбандарының жалпы саны әлі де болса терең зерттеп, анық­тай түсуді талап етеді. Сол кездегі ресми құ­жаттардан жергілікті жерлерден түскен ақпа­раттар мен есепті баяндамалардан ашар­шылықтан өліп жатқан адамдардың нақты санын кездестіру қиын. Тіптен жергілікті ресми қызметте отырған адамдардың өздері болып жатқан нәубеттің көлемін кішірейтіп көрсетуге, бүгіп қалуға тырысқаны көрініп тұр. Бұл тота­литарлық режим жағдайында қалыптасқан тәр­тіпті, мансабынан айырылып қалудан қорыққан басшылардың психологиясын айқын дәлелдейді. Сондай-ақ, республикадағы бірінші басшы - Казкрайкомның хатшысы Ф.Голощекин де өзінің жүргізіп отырған қылмыстық саясатын жоғарыға толық жария еткісі келмегені анық.

Бұл бір халыққа қазақтарға бағыт­талған геноцид ішіндегі тарихта өте си­рек кездесетін қанды қырғын еді. Өмір­шең халқымыз басқа жерлерге шұбырып, жар­тысынан астамын ажал құшағына беріп, бұл зұлматты да соңына тастап, тарих көшімен ілгері жылжыды. Ең өкініштісі бұл зұлмат бір халықтың тең жартысын жалмап, халқымызды өз жерінде азшылыққа ұшыратты. Қазақтың бірнеше ұрпағының есінде жазылмайтын жара болып ашаршылық туралы естеліктер қалды. Егер асыра сіл­теушілер халықты жедел отырықшылыққа көшіріп, колхоздарға күштеп біріктірмесе, қолындағы малы мен азын-аулақ азық-түлігін жөн-жосықсыз тартып алмаса, мұндай есепсіз шығын, ауыр қасірет болмас еді. Бұған ең әуелі тоталитарлық саясаттың көшбасшысы И.Сталин мен қанішер Ф.Голощекин кінәлі екені анық. Солардың қолдан әдейі жасаған қылмысты істерін тарих ешқашан да кешірмейді деп ой­лаймыз. Егер қазақтар дәл осылай қырылмаса, аурудан өлмесе, туған жерден бөтен елге көшпесе, қазақ елінің саны қазір 20 миллионға жетіп қалуы мүмкін деп ойлаймыз. Тарихтың өткені мен бүгіні халқымыздың жүріп өткен жолы, басынан кешкен оқиғалары болашақ ұрпаққа үлкен сабақ болады. Себебі, тарихты білу арқылы болашақты болжаймыз, бүгінгі мен ертеңгі күнге баға береміз. Өз тарихынан нәр алмаған ұрпақ мәңгүрт болады. Сондықтан біз көрсеткен цифрлық көрсеткіш тек сандық өлшем ғана емес, ол бір халықтың тағдыры.

Қазақ халқы өзінің ата жұртында отырып өз ана тілінен, ұлттық ерекшелігінен, өзінің мемлекеттігін сезінуден айырыла жаздаған осынау қауіпті қара сызықты алғаш рет аттаған еді. Енді, міне, халқымыздың жадынан шықпаған нәубет қасіретін тәуелсіздігімізді алғаннан бері ата мекенінен еріксіз ауып кеткен қандастарымыздың өздері болмаса да ұрпақтары қайтып оралуда.

 

«Қазақ тарихы» журналынан

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279