Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ақиқатқа қиянат 9205 18 пікір 12 Маусым, 2017 сағат 11:45

Әлемді таң қалдырған Әзірбайжан Мәмбетов

Әлі есімде... 1982 жылы әйгілі режиссер Ә.Мәмбетов басқаратын біздің М.Әуезов театры Мәскеуге гострольдік сапармен барып, елге үлкен абыроймен оралдық. Театр репертуарындағы бес қойылым да Мәмбетов режиссурасының биік деңгейін, қазақ театр өнерінің кәсіби шеберлігінің мықтылығын дәлелдеді. Кеңестік кезеңде Мәскеудегі театрсүйер көрерменнің көңілінен шығу өте қиын еді. Бірақ Әзекең мойындата білді. Сахна шеберлерін де, театр сыншыларын да, көрерменді де. Қазақ театр өнеріндегі актерлік мектептің мықтылығын дәлелдеді. А.Әшімов, Ф.Шәріпова, Ә.Молдабеков, С.Оразбаев, Ы.Ноғайбаевтардың жұлдыздары жарқыраған, Х.Бөкеева, С.Майқановалардың бабында екендігін танытқан сапар болды бұл гастроль. Әсіресе, А.Чеховтың «Ваня ағай» қойылымын екі рет «Моссовет» театрының сахнасында ойнадық. Әнуар Молдабеков Воницкийді, Ыдырыс аға – Астровты, Мен – Соняны ойнаған кездер әлі көз алдымда. Шәкіртін «Азик» деп еркелететін ГИТИС-тің профессоры, КСРО Халық артисі А.Гончаровта Әуезов театрының жетістігіне шынайы бағасын берді. Осы сапар кейін Мәскеудегі атақты Е.Вахтангов театры сахнасында көрнекті актер Михаил Ульяновқа арнап қойылым қоюға ұласты.  Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымы Әзекеңнің режиссурадағы биік белестерінің бірі. Бұл өз алдына жеке әңгіме. Өнер әлемінде «Мәмбетов театры», «Мәмбетов дәуірі» деген ұғым қалыптасқан кезең еді. Сол кезеңде Әуезов театры Франция, Иран елдерінде фестивальдік сапарларға шығып, Мәскеуде бірнеше рет гастрольде болды. Бішкек, Ташкент, Нүкіс, Уфа, Қазан сияқты ірі қалалар халқы театрымыздың өнеріне аса үлкен ықыласпен қол соқты. Ал, республикамызда М.Әуезов театрының гастрольде болмаған облысы мен ауданы жоқтың қасы. Мәмбетов өз кезегінде өнерді көтерді. Сөйтіп, Әуезов театры мен Мәмбетов есімі біртұтас ұғымға айналып кетті. Н.Горчаков пен А.Гончаров сынды режиссураның алыптарынан тәлім алған Ә.Мәмбетов спектакльдеріне театр қайраткерлері, белгілі сыншылар өте жоғары баға берді.

Қазақстандағы театр біткеннің аузында жүретін, күні бүгінге дейін үлкендердің жастарға аңыз ертегі айтқандай майын тамызып, болмыс бітімін, шығармашылық әлеуетін жыр ғып айтып отыратын екі тұлғасы болса соның бірі - Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов. Ол қойған спектакльдер бұл күнде қазақ театр өнерінің рихына алтын әріптермен жазылып қалды.

1999 жылы Мемлекет басшысының қабылдауында болған Әзірбайжан Мәдиұлы  Елбасының «елорда театрына басшылық жасаңыз» деген ұсынысын қабыл алып, Астанаға келді. Ол елордада Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік музыка-драмалық театрды басқарды. Театрды жаңа сапалы деңгейге көтерді. Астана театрының сахнасында қойылған «Қарагөз», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ана - Жер-Ана» сынды тағы да басқа көптеген қойылымдарды сахналады. 2000 жылдары К.Бай­сейі­т­о­ва атындағы ұлттық опера және балет театры ашылғанда Әзекең сол ұжымға М.Төлебаевтың «Бір­жан-Сара», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операларын қойды.

2009 жылдың қараша айында осы аяулы тұлға Ә.Мәмбетов 77 жастан асқан шағында өмірден озды. Былай қарасаңыз әдемі өмір, әдемі еңбек жолы. Мүлтіксіз деуге болады. Бірақ осы қарапайым биографияның ішінде қаншама төгілген тер, жұқарған жүйке, жеке адами қасірет жатқанын былайғы жұрт білмес. Бірақ біз білеміз, біз куәміз. Себебі, театрдағы әрбір артистің, кәсіби мамандардың барлығының жеке өмірі де, шығармашылық жолдары да жұрттың көз алдында, қашанда назарында. Ешнәрсені жасыра алмайсың. Жыласаң да, қуансаң да барлығы осы ұжымның ішінде, тіпті бір әулеттің балалары да бұлай етене жақын, бір бірі жайлы хабардар емес болар. Сондықтан ешқашан өтірік айта алмайсың. Бәрі біледі. Көріп отыр.

Әзекеңнің өмірлік серігі көрнекті композитор Ғ.Жұбанова өмірден өткен де даңқты режиссер қатты күйзелді. Ұлы режиссердің соңғы демі үзілгенше бірнеше жыл Қазақстанның халық артисі Хорлан Қалиламбекова жанына демеу болды. Әзірбайжан ағамен тағдыр қосып, бабын тапты. Х.Қалиламбекова былай деп жазыпты: «Отағасы ашуға бой алдырмай­тын, мінезі жібектей жұмсақ еді десем, өтірік болар. Өте өткір, тура сөйлейтін, шын­дықты бетке айта­тын, талапшыл кісі-тін. Осы қасие­тін көп адам жақтыра да бермей­тін. Ал таланттылығын, бойындағы қа­бі­­летін сөзбен суреттеп жеткізу мүм­кін емес. Іскерлігіне күншіл­дікпен, қызғанышпен, іштарлықпен өртене қарайтындар да та­былды. Жұмысына кедергі жасағысы кел­гендердің жы­мыс­қы әрекеттерін ел көрді. Артис­тер куә. Отыздан жаңа асқан жас жігіттің М.Әуезов театрына басшы­лық­қа келуі біраз адамдардың ішін күйдіргені рас. Есесіне ол кісі күні-түні тынбай еңбек етіп, театрды әлем­­дік деңгейге көтерді. Атын шығарды. Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Әнуарбек Молдабеков, Сәбира Майқановаларды елге та­нытты. Гастроль­дік сапармен арала­маған шет мемлекеттері кемде-кем. Бұл кезеңді театрдың алтын дәуі­рі деп атасақ та артықтық етпейді. Бі­рақ жоғарыда айтып өткендей, қолас­­тын­дағы күншілдер аяғына ора­­лып, жұмыс істеуге мүмкіндік бер­ме­ген уақыттар болды. Арыз-шағым кө­бейіп, қыз­мет­тен кетір­ді».

Бұл арыз-шағымдардың авторы да белгілі. Ол - Тұңғышбай Жаманқұлов еді. Ел ардақтаған, кемеңгер суреткерді қазақ мәдениетінің қара шаңырағы Әуезов театрынан «Мәмбетов, кет!» деген арсыз айқаймен айдап шыққан, Мәмбетовтың өзі жұлдызын жаққан жастарды опасыздыққа мәжбүрлеп, ұжымын қарсы қойған, жиналыс ашып «ісін» қараған да сол Жаманқұлов болатын. Осы әрекеттердің басы-қасында айдарынан жел есіп Тұңғышбай Жаманқұлов жүрді.

Сіз «Түркістан» газетіне берген бұрынғы бір сұхбатыңызда мен туралы да айтыпсыз.  «Рахилям Машурова, Жұмагүл Мейрамова, Нұрзада Тәшімова деген «өнер жұлдыздарын» естуіңіз бар ма? Ескерте кетейін, театрдан бұларды бір өзім қуып шыққан жоқпын» депсіз. Сізге мен өзімнің кім екенімді таныстырып жату артық болар. Дегенмен айтып өтейін. Мен 1968 жылдан бері М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының белгілі актрисасымын,  театр сахнасында 70-тен аса рөл орындадым. 1975 жылдан Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясыда «Актер және режиссура шеберлігі» кафедрасының профессоры, кафедра меңгерушісі болып, ұстаздық еңбек атқарып келемін. Менің тәрбиемді көрген көптеген шәкірттерім еліміздің өнер саласында жемісті еңбек етіп жатқан майталман өнер жұлдыздары. Есімдерін атар болсам: Халық артисі Р.Рымбаева, өнер қайраткерлері М.Ильясова, Ә.Мәмбетова, Г.Тілеубекова, Қ.Бекіш, С.Қашқабаев, Ж.Төленбаев, А.Керімбекова бастайтын көшті екі жүзге жеткізуге болады. Мен шәкірттеріммен мақтанамын.

Ұлы режиссер Ә.Мәмбетовтің театр өнеріне жасаған реформасына, режиссурасына, біртуар тұлғасына уақыт өзі баға берді. Халқының шын мәніндегі қаһарман азаматына айналды. Театрда Әз-ағаң қойылым сахналаған отыз жылға жуық уақыт ішіндегі шығармашылық процесс әлі көз алдымда. Маңдай тер төгіліп, театрдағы сахналаған әрбір қойылым көрермендер мен сыншылар тарапынан биік бағаға ие болған сәттер ешқашан ұмытылмақ емес. Сонымен бірге, жаныма мұң ұялатар сәттер де әлі жадымда. Бір жылға жуық төрт актриса «әділдік» іздеп, сот жағалаған күндер артта қалды. Жанымыз жабырқаған кездер еді... Қасымда «Қазақтың Қызжібегі» атанған Меруерт Өтешекова бар. Ж.Мейрамова, Н.Тәшімова төртеуміз театрдан қуылып, әділдік іздедік. Пана таба алмадық. Тіпті Сізді де, бізді де оқытқан Ұлы ұстазымыз Хадиша Бөкеева да қауқарсыздық танытты. Себебі, аттестациядан өтпегендердің арасында Хадиша апай да бар еді. Хадиша апайдың жүрегінің ауырғанына да куә болдық. «Ұстазды – жүрекке от жаққан жан» деп жатамыз. «Өз ұстазын қысқартуға ұшыратқан шәкірттің» үлгісін тарихта ең бірінші болып Тұңғышбай көрсетті. Дәл сол уақытта Мәскеу театрларында сексеннен асып, тоқсанды алқымдаған В.Зельдин, В.Этуш, А.Баталов, В.Васильева, Н.Мордюкова, М.Ульянов, И.Савина секілді сахна шеберлерін ел алақанына салып аялап жатқан кез еді. Ал біздің театрдың аға буын өкілдеріне қысқаруға ұшырау үлкен соққы болып тиді.

Әрине, сол кездегі ақпарат құралдары Сіздің «шындығыңызды» ғана көрсетті, жазып жатырды. Әзекеңдер ішінен тынды. Сіз айтқан бір мәміле мынау екен.  «Жетпіс жастағы орыс актрисасы Л.Гурченконың қалай билеп, қалай ән салғанын талай көріп жүрген болар, бұлар да ондай шеберлік біліктілік бар ма?». Бізді Гурченкомен салыстыру қандай қисынға сияды? «И.Смактуновскийдің деңгейіне неге жетпедіңіз» деп біздің де айтумызға әбден хақымыз бар. Бірақ сол кезде Сіз естімейтін едіңіз. Себебі, театрдағы «креслоңыз» бен «басты ролдеріңіз» құлағыңызды таскерең еткен кез еді. Хандардың ролдерін бірінен кейін бірін ойнау маңдайыңызға жазылды. Ойнай беріңіз. Бірақ бір-бірінен аумайтын шөженің балапандары сияқты «хандары образы» Сізді «штампқа» жеткізді. «Абылай неге айғайшыл» деген Әшірбек Сығайдың ескертпесі де ескерусіз қалды. «Жас Алаш» газетіне шыққан «Бас театр бабында ма?» деген мақаласына да мән бермедіңіз. Сөзге тоқтау, жеңілгенді мойындай білу қасиеттері Сізге тән емес екендігіне сол кезде көз жеткізгенбіз.

«Уақыт – бәріне де төреші». Сол жанымызды ауыртып, жүрекке сызат түсірген кезде Сіз азаматтық мінез көрсете алмадыңыз. Ол күндер артта қалды. Бірақ Сіздің соттан кейінгі өкпе мен ренішке пікіріңіз де есімізде. Егер ұмытып жатсаңыз, «Түркістан» газетіне 2000 жылы 14 қаңтарда шыққан «Оларды театрдан босатқан мен емес - уақыт» деген сұхбатыңыздан табасыз. Жаманқұлов пікірі: «Сотқа бірінші баруым еді. Әділет орны ма десем, көзіңді бадырайтып қойып, жалған үкім шығаруға дайын. Қазақ театрына қандай қатысы бар екенін білмеймін, куәгер ретінде тартылған Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер орыс театрының көркемдік жетекшісі Б.Преображенский ешқандай құжатпен танысқан да жоқ. Бірақ соның сөзі өтімді болды. Соттың шешімі жоғарыдағы актрисалардың пайдасына шешілді. Материалдық және моральдық шығын ретінде әрқайсысына елу мың теңге айыппұл төлеуді ұйғарды. Бірақ мен бұл шешіммен келіспейтіндігімді білдіріп, қалалық сотқа шағымдандым».

Сұхбатта жазылған бұл сөздер, мен үшін өткен күндердің жаңғырығы. Сот кейін тағы жалғасып, Сіз соттасудың майталман шеберіне айналдыңыз. Бірақ біз жеңдік. Әділдік – жүректері «Өнер» деп соққан төрт қарлығашты қорғады. Кімнің-кім екенін уақыт таразылады.

Араға он жеті жыл салып өткен осы жолғы сотта да сол Сіздің өзгермейтін ренішке, өкпеге, дауласудан шаршамайтын, сөзге тоқтамайтын «біртүрлі» бейнеңізге куә болдық. Ақпарат құралдары сөзіңізді жарыса жеткізді. «Президентіме інісі ретінде өкпелімін. Араша түспегеніне өкпелімін. Президентімнің қасында жүрген кейбір қаскөйлердің болғанына өкпелімін. Президентіміздің ақ адал екендігін пайдаланып қасындағылардың басқа пікір қалыптастырғанына ашынамын» депсіз. Осы сөздерді не бетіңізбен айтып отырсыз? Сөзіңізге қарасақ, судан таза, сүттен ақ бейкүнә жан сияқтысыз, бірақ сіздің істеген істеріңіз, жасаған амалдарыңыз тарих бетінде жазылып қалды. Сіз оны қазір жоққа шығарғанмен, тайға таңба басқандай жарияланған сұхбаттар, құжат қағаздар бұлтартқызбайды. Сондықтан Президентті айтып, Жоғарғы сотты айтып, халықты адастырмаңыз. Біз бармыз. Біз Сізге өтірік айтқызбаймыз. Көптеген әріптестеріміз, бұрынғы және қазіргі театр қызметкерлері керек болса айғақ беруге, шындықты айтуға дайын отыр.

Әсіресе, біздің буын Әзірбайжан Мәдиұлының жаны күйзелген кездерін ұмытқан жоқпыз. Ұлы суреткердің жаны кімнен, неден күйзелгенін жақсы білеміз. Бір анық нәрсе, Ә.Мәмбетовтың тұлғасы уақыт өткен сайын биіктеп келеді. Кейінгі буын Мәмбетов биігіне әлі жете алмай келеді.

«Өкінішке қарай, өмірінің соңғы сәт­терінде қатты ауырды. Желтоқ­сан оқиғасына қатысып, басынан жарақат алғанын көпшілік біледі. Сол соққы үлкен дертке ай­на­лып, ақыры алып тынды. 2009 жылы 18 қарашада ақтық демі үзіл­генше қасында отырып, өз қолымнан аттандыр­дым» деп жазыпты жары Хорлан. Иә, солай болды. Тұңғышбайдың Әзекеңді алаңға тастап, қорқып қашып кеткенін адамнан жасырғанмен, Алладан жасыра алмайсың. Әзекең кейін оны бірнеше мәрте айтты да, жазды да. Ер өліммен өмірден өтті Әзекең. Өмірі де, еңбегі де халқы үшін несібе болды. Асыл азаматтың жанын жарасын бүкпесіз айтқан «Сатқындықты намысы жоқ адам жасайды» деген Әзекеңнің сұхбатын оқып қатты егілгенім де рас.

«Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» деп басталатын Абай жырында адам өмірінің бүкіл философиясы анық жазылған. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп жиі қайталайтын үлкендер. Жалындап тұрған жап-жас Ы.Ноғайбаевты Абай ролін сомдатып, М.Әуезовтың «Абай» трагедиясына өзгеше үн беріп, режиссерлік терең фантазиямен спектаклді жаңаша қойған да Ә.Мәмбетов еді. Өнер арқылы халқын әлемге танытудың озық үлгісін көрсетті Әзекең. Франция, Иран секілді әлемнің қай бұрышына барса да, қойылымдары үлкен абыроймен өтіп, режиссурадағы өзінің қолтаңбасымен шет елдік көремендердің таңдайын қақтырды. Ә.Мәмбетовтың біртуар тұлғасына ешқашан аласармайтын биіктік тән.

Рахилям  Машурова,

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі,

«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері,

«ҚР білім беру ісінің үздігі», профессор

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053