Министрдің есебі: ақпарат саласында қандай өзгерістер болып жатыр?
Кеше ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің жасап жатқан істерін қортындылап, қоғамдық есеп берді. Сол есеп беру барысында не айтылды?. Жалпы, еліміздегі ақпарат саласының бүгінгі даму қарқыны қандай? Министрліктің жасап жатқан шаруаларының нәтижелері, елімізде іске асырылған реформалар, әлеуметтік-экономикалық даму, Министрліктің Стратегиялық жоспарының негізгі көрсеткіштері қай деңгейде? Бұл сауалдарға министрдің ел алдындағы есебіне шола отырып жауап таба алатын сияқтымыз.
«Егемен Қазақстан» мен «Каз Правда» түрленіп келеді
Министр Абаев есеп беру кезінде қазақ елінің бас газеті саналатын «Егемен Қазақстан» мен «Каз Правда» газеттерінің форматы түрленіп, түрлі-түске көшірілгенін» айтты. Біздің ойымызша, бұл газеттер сыртқы пішіні ғана түрлі-түске көшкен жоқ, соңғы уақыттарда аталған газеттердің көтеретін мәселесі, саяси, тарихи тұрғыдағы бет-бейнесі, ақпараттарды беру тәсілдері де басқа қалыпқа түсті. Мәселен "Егемен Қазақстан" газеті қазір ресмилік шекпенін шешіп, жалпы бұқаралық сипаттағы баспасөзге айналып үлгерді" деді ол.
Мемлекеттік телеарналар жаңғыртылып жатыр
Сондай-ақ, министр мемлекеттік телеарналарды жаңғырту шаралары жүзеге асырылып жатқанын айтты.
"Бүгінде отандық телеарна контенті шетелдік стандарттарға сай дамып жатыр"- деді ол.
Рас. Қазір отандық телеарналар жаңғырудың жаңа бір кезеңіне өтті. "Қазақстан" ұлттық арнасынан бастап, бірқатар арналарда басшылық ауысып, тың серпінмен жұмыс жасай бастағанын қалың көпшілік біліп отыр. Мәселен, «Хабар 24» арнасы маңызды ақпараттарды жеткізумен айналысса, «Қазақстан» арнасы негізінен талдау, сараптама жасау форматындағы телеарнаға айналып келеді. Осы мәселеге ерекше тоқталған министр наурыз айында отандық сериалдарды көрсететін «Еларна» жаңа арнасы ашылғанын тілге тиек етті. Болашақта «HD форматындағы телевизияны дамыту жұмыстары жүргізілмек. Шалғай аудандардағы цифрлық телевизия мәселелері де қолға алынбақ. Бүгінде Республика елді-мекендері 77%-ға цифрлық телевизиямен қамтылды. Отандық спутниктік телевизияға басымдық беріліп отыр.
1900 ауыл ғаламтормен қамтамассыз етілмек
2020 жылға дейін ұялы байланыс пен интернетке қол жетімділік мәселелерін түпкілікті шешу керектігін айтқан министр 1900 ауылдық мекен жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етілетінін сүйіншіледі.
Сенсациялық жаңалықтарға абай болу керек
Министр Дәурен Абаев БАҚ-тағы үлкен проблема - сенсациялық жаңалықтардың порталдар мен электронды ресурстарда көптеп көрініс табуы екендігін айтты. Электронды БАҚ өз рейтингісін жоғары ұстау үшін қайғылы жағдайға ұшыраған, зардап шеккен, зорлыққа душар болған адамдар, балалар туралы жеке ақпараттарды жариялайтынын, сондықтан да кей кездері моральдік құндылықтар ұмытылатынын, интернеттегі кейбір ақпаратты сұрыптау мен іріктеу мәселелерінде олқылық жіберетінімізді айтты. Балаларды бұрыс жаңалықтардан, психологиясына әсер ететін ақпараттардан, зиянды сайттар мен ресурстардан қорғау жүзеге асырылуы тиіс деді министр.
Баспана мәселесі қарастырылады
Журналистердің сұрағына жауап берген кезде Дәурен Абаев журналистердің көпшілігі жеке меншік ұйымдарда қызмет ететінін, осы орайда олар өз-өздерін қамтамасыз ете алатындай дәрежеде екендігін айтты. Десе де, алдағы уақытта тілшілерге баспана мәселесі қарастыралатынын жеткізді.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz