Рақым Айыпұлы. Қытай бізге жау да, дос та емес
Сурет Азаттық радиосының сайтынан алынды
– Рақым аға, соңғы кездері Қытай экспанциясынан үрейленіп, баспасөзде түрлі мақалалар жарияланып жүр. Жалпы, Қазақстанға Қытайдан қауіп бар ма?
– Рас айтасыз. Қазір көлеңкесінен қорқатын азаматтар көбейді. Олар маған «Қазақстанға Қытайдан қандай қауіп бар?» деген қарабайыр сұрақты жиі қояды. Мұндай сұрақтардың өңін айналдырып «Ресейден қандай қауіп бар?» «АҚШ-тан қандай қауіп төніп тұр?» деп қоя беруге болады. Бір нәрсенің басы ашық. Қазақстан тәуелсіз, ұлттық мемлекет, сондықтан оның мәңгілік досы да, мәңгілік жауы да жоқ. Қытай да солай. Ол бізге жау да, дос та емес. Тек жаз жайлауы, қыс қыстауы тоғысып жатқан ежелгі көрші. Бүгінгі экономикалық әріптес, дипломатиялық тұрғыдан тату көрші. Бұл тұрғыдан мен жақында ғана «Жас Алаш» газетінде жарық көрген Айдос Сарымның пікірімен толықтай келісемін. Қытайға байланысты күдік-күмәннің шамадан тыс қоюлап кетуіне ең алдымен биліктің өзі кінәлі. Себебі, экономикалық байланыста ашықтық жетіспейді. Осыны пайдаланып отқа май құйып отырғандар өз ішімізде ғана емес, сыртқы жақта да жетерлік. Сондықтан, елімізге қауіп қай жақтан төнсе де одан бізді екінші бір жарылқаушы құтқарып алады екен деп үміттенудің қажеті жоқ. Біз үшін мәңгілік ел болудың жалғыз жолы ешкіммен жауласпай-ақ, әділет салтанат құрған, демократиялы ұлттық мемлекетті жасақтау. Құдай бетін ары қылсын деп тілейік. Егер ел басына күн туып, Қазақ елі іштен іритін болса, қазақ жерін қанталапайға салуға еш бір көрші аянып қалайын деп тұрған жоқ.
– Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыс қандай болу керек?
– Бір ауыз сөзбен айтқанда жақсы болу керек. Мұндай алып көршіні сыйлаған Аллаға біз алғыс айтуға тиіспіз. Экономикалық тұрғыдан алғанда әлемнің төрттен біріне жуық халықты асырап отырған, экономикасы АҚШ-тан кейінгі екінші орын алатын алып елмен көрші болу дұрыс пайдалана білсек біздің бақытымыз. Экономикалық тұрғыдан алғанда Қытай әлем алпауыттарының сілекейін шұбыртып отырған теңдессіз нарық. Соған қарамастан біздегі бар тәңір сыйлаған ұшан теңіз табиғи байлық оларда тапшы. Ауылшаруашылығының тұтыну әлуеті тіпті ғажап. Егер біз өзімізде барды ұқсатып, сол іргеде тұрған ғаламат нарыққа сәтті саудалай алсақ, бізден есебі түгел ешкім болмайды. Бұл жерде ел-жұртты алаңдатып, ұйқысын қашырып отырған түйткіл – Қытайға бір жақтылы басымдық беру. Мемлекет басшысының 2017 жылғы халыққа жолдауында: «Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Нысандар белгіленді. Нақты жұмыс істеу қажет. Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндіріс болмақ. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды» - деп мәлімдеген болатын. Оған жақындағы Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мен ҚР президенті Н.Назарбаев қол қойған 7 миллиард доллардың инвестициялық келісім-шартын қосыңыз. Бұл жерде әлемнің қайсыбір елімен байланыс орнатпайық кіріптарлық пен борышқорлық біз үшін ең үлкен қатер. Қазіргі жағдайда тәуелсіз бір елге дөрекілікпен, қарудың күшіне сүйеніп баса көктеп кіруге орта ғасырлық санамен ойлайтын Ресей сияқты елдердің билеушілері болмаса, өркениетті елдердің көбі бара қоймайды. Бірақ, еліңді экономикалық кіріптар етіп, демографиялық жақтан жаулап алу, сол арқылы тәуелсіз бір ұлттық мемлекетті қуыршаққа айналдыру бүгінгі күнде кеңінен қолданылатын, ең әккі, жан-жақты жетілген империялық тәсілге айналды. Біз осыдан сақ болуға тиіспіз.
– Айтпақшы Қазақстанға көшірілетін Қытайдың сол 51 өндіріс орны елге не береді, неден ұтыламыз?
– Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндіріс болатындығын Елбасы шегелеп айтты ғой. Бізге келетін сол 51 өндіріс алыбының кімдер екенін біле алмай отырғанымыз ғана күдігімізді қоюлата түседі. Біздегі ақпарат құралдары қайдағы біреулердің ажырасуы мен қайта үйленуі туралы күн құрғатпай хабар беруден жалықпайды. Керісінше елдің қауіпсіздігі мен болашағына қатысты осындай ақпарлар беруге тым сараң. Сонда Қытайдың осы 51 кәсіпорнының Қазақстанға көшірілуі мемлекеттік құпия санатына жата ма? Мен аталған өндіріс орындарының нақты тізбесін білгенде ғана ол туралы толық қанды пікір айта аламын. Бұл жерде Прездент Н.Назарбаевтың: «Тұтастай алғанда, Қазақстанның өз инвестициялық стратегиясы болуға тиіс» деген пікірімен толықтай келісуге болады. Бір өкінерлігі, біз өткен 25 жылда мұндай стратегияның қажеттілігі туралы ойланбаған екенбіз. Үкімет оны биылғы 1 қыркүйекке дейін әзірлеуі керек екен. Өз басым толық қанды инвестициялық стратегия жоқ жағдайда жасалған уағдаластықтардың мінсіз пайдалы боларына күмәнмен қараймын.
– Рақым аға, осы жерде Қытайдағы қандастардың жайына тоқтала кетсек. Қытайдағы қазақ ұлтының бүгінгі жағдайы қалай? Қазір ол жақта қысым болып жатқаны айтыла бастады.
– Қарапайым пенделік санамен бағамдасақ, күнделікті тұрмыс-тіршілігі жылдан жылға жақсарып келеді. Бұрын басым көпшілігі дәстүрлі егіншілік және малшаруашылығымен айналысып келсе, бүгінде өнер-білім мен тіршіліктің сан саласын меңгерген түрлі кәсіп иелерінің қатары қаулап өсіп келеді. Сауаттылық деңгейі Қытайдағы 56 ұлттың ішінде 5-орында. Дау жоқ, бәсекеге қабілетті ұлт ретінде қалыптасып үлгерді. Мұндағы ең осал тұсы жас ұрпақ ұлттық тіл, ұлттық сана мен салт-дәстүрден қол үзіп, мәңгүрттеніп барады. Ол жақтағы ағайынның көші-қонын мықтап қолға алмасақ, айдың күннің аманында милиондаған қандас бауырларымыздан тірідей айрыламыз ба деп қорқамын.
– Қытайдағы қазақтың ауыр хәлі жайлы «уатсап» әлеуметтік желісінде белгісіз адамның мәлімдемесі тарағанын естіген боларсыз. Сол мәлімдемеге көзқарасыңыз қалай?
– Сіздің меңзеп отырғаныңыз өткен жылдың соңынан басталған Қытайдың ШҰАР өңіріндегі төлқұжат жинау дүрбелеңіне байланысты ата-жөні белгісіз біреудің мәлімдемесі болса керек. Өткен жылдың соңынан бері «Қытайдан осы жаққа көшіп немесе туысшылап келген қазақтарды Қытайға қайта шақыртып жатыр екен, олардың алатын зейнатақысын тоқтатып тастапты, ықтиярхат алғандардың паспортын жинап алыпты» деген әңгіме ел арасын кезіп кетті. Біз бұл мәселені мұқият зерттедік. Шынымен де, Қазақстанға келіп азаматтық алған зейнеткерлердің зейнетақысын тоқтатып тастаған мысалдар бар екен. Сондай-ақ, осы жаққа келіп-кетіп, ықтиярхатпен жүрген көп санды азаматты Қытайға шақырып, «ықтиярхаттарыңды тапсырасыңдар, егер олай етпесеңдер зейнет акыларынды токтатамыз» деген талап қойып, паспорттарын жинап алған жағдайлар да көп болып шықты. Әсіресе бұл жағдай Іле қазақ автономиялы облысында жиі қайталанып жатқанын білдік. Біздің зерттеуімізше орталық Қытайдың саясаты мен Шынжаңдағы жергілікті биліктің ұстанымы екі басқа болып шықты. Жергілікті атқамінерлер уақытша тексеруді «асыра орындап» жіберген. Тіпті Іле облысының кейбір аудандарында Қазақстан азаматтығын алған зейнеткерлерге азаматтықтан бас тартуын, өйтпесе зейнетақысынан айырылатынын ескерткен. Ықтиярхат алғандарға да сондай шарт қойып, паспорттары мен ықтиярхаттарын жинап алған. Кейбір азаматтарды «сен Қытайдағы тіркеуіңді уақытында өшіртпей, заң бұздың» деп, түрлі қысым көрсеткенін де естідік. Біз бұл мәселені «Жебеу» РҚБ атынан Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Жаң Ханхуй мырзаның атына және орталық пен ШҰАР-дағы құзіретті биліктің алдына ресми қоя білдік. Қазір Қазақстанға ресми қоныс аударған этникалық қазақтарға байланысты мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Бірақ сол жердегі саны аз жергілік ұлттарға байланысты діни және рухани қысым әзірге тиылар емес. Бұл жағдайды Қытайдың орталық билігі де көріп-біліп отырған болуға тиіс. Мұндай әлімжеттік пен науқаншылдықтың соңы үнемі қайғылы салдарлар тудыратынына Қытайдың орталық билігі көп кешікпей-ақ көз жеткізеді және оңды шешеді деп ойлаймын. Ал, уатсаптағы белгісіз біреудің мәлімдемесі айғай-аттанға үйір, арандатушылық сипаты басым сарында. Осындай саяси мәлімдеме жасаған адам ең алдымен өз сөзіне жауап беру үшін бүркеншік ат қолданбай өзінің аты-жөнін толық мәлімдеуге тиіс. Және мемлекет пен ұлттың қамын шын ойлаған адам іштегі қыжылды шығаруды (ол шынымен бар болса) басты мақсат етіп қоймай, ең алдымен осы мәлімдеменің саяси салдарын ойлауы керек еді. Сіз ойлап көріңіз, осындай мәлімдемені Қытайдың орталық билігінің алдына көлденең тартқан әпербақан ШҰАР билігі ол жақтағы және Қазақстанға қоныс аударған этникалық қазақтарға қысымды бұрынғыдан бетер күшейте бастайды. Ал, оның Қытай Қазақстанға соғыс ашқан күні Қытай әскерінің алдынан қызыл ту алып шығады дейтін қисынсымағын қазақ көшіне қарсы шығуға онсыз да сылтау таппай отырған биліктегі орысшылдар жерден жеті қоян тапқандай қуана қабылдайды. Енді осыдан кімнің ұтып кімнің ұтыларын өзіңіз ойлай беріңіз.
Кеше сіздердің сайттан жоғарыдағы мәлімдемеден де сорақы бір пікірді тыңдадым. Ол білгішбектің пайымынша Қытайдан келген оралмандар шетінен Сирияға жиһадқа аттанып жатқан көрінеді. Оны көріп-біліп отырған Қытай билігі ондай жат ағымның жетегінде кетіп жатқан жат ниетті қазақтардың Қазақстанға көшуіне неге шек қоймауы керек. Қарап тұрсаң жоғарыдағы екі мәлімдеме бір біріне мүлдем кереғар. Бірақ ұлттық тұтастық үшін айрықша залалды. Екеуі де жауды өз ішімізден тауып алсам дейді. Қазақтың бір біріне жаулығын, жаттығын тілеп жүргендердің нені көздеп, не ойлайтындығы тек өздеріне ғана аян.
Сұхбатты дайындаған Қанат Бірлікұлы
Abai.kz