Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 8696 12 пікір 27 Маусым, 2017 сағат 09:32

Зауытбек Тұрысбеков. «Мен көп сөйлемеймін, істің адамымын»

Бір кездері төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен миллиондаған қазақ ата жұрты тәуелсіздік алып, көк байрағын желбіреткенде жүрегі жарылардай қуанып еді. Енді қайтсын, бір кездері кіндік қаны тамып, қасиетті топырағына айналған жерге оралатынына құлай сенгенде бұрынғы қуғын-сүргінді бір күнде ұмытып, ұлы көшті қасиетті қара шаңыраққа қарай бұрған. Рас, алғашқы кезде бері қарай бет бұрған қандастарымызды құшақ жая қарсы алып, бауырларға деген ілтипат танытып, қазақтың кең жайлауына орналастырған.

Тек бір әттегенайы, енді ғана басталып, соңы жақын арада таусыла  қоймас деген бекем сенімге селкеу түсті. Арманын арқалап, сенімін серік еткен аталастарымыздың көші осыдан жеті жыл бұрын неге екені белгісіз біржолата тоқтап қалды. Өзіміздің ата жұртымызда небір нәубәттің кесірінен өзге жұрттан азшылыққа ұшырап, әркімге бір жалтақтап жүрген бейшара күймізден бір құтқарса ана жақтағы қалың қазағым келіп көңілімізді орнықтырып, еңсемізді көтереміз бе деген үкідей үмітіміз біржолата желге ұшты. Бұған неше түрлі адам айтса сенгісіз дүдамал сылтаулар қаптап кетті. Ең алғашқы ауыр соққы  «Оралман» мәртебелі ағайынға Қазақстан Республикасы азаматтығы 5 жылға дейін берілмейтін қатаң шешім қабылданғаны болды. Енді мұны аз десеңіз, шеттен келетін ағайындардан оның сотты болған, болмағандығы туралы анықтама әкелу туралы ешбір негізсіз талап көшіміздің біржола сарқып тастайтынын болжау қиын емес. Өйткені шетелдер, әсіресе Қытай жұрты мұндай анықтаманы беруге онша құлықты болмай шықты. Қысқасы, ол жақта біздің көшке біржолата тосқауыл қойылды.

Осыдан кейн ашық айтылмаса да енді оралмандардың мұңын шағып, олардың қиын жағдайын жазып көрсету де күрт  тиылды. Бірді-екілі газеттер болмаса, қалғандары бұл тақырыпқа ауыз да ашқан жоқ. Ал сол тұста Қытайда тұратын қандастарымыздың елімізге келуге неше түрлі шектеу қойылғаны, олардың төлқұжаттарын тартып алғандығы, одан қалды елімізге келген қандастарымызға берілген ықтиярхаттың да алынып қойғандығы, міне осылайша көршіміз тарапынан қандастарымызға саяси қысым жасалып жатқандығы, обалы не, талай БАҚ-тарда аз жазылған жоқ. Тек бір өкініштісі, Абай ғұлама айтпақшы «баяғы жартас, бір жартас» күйінде қала берді.

Оны айтасыз, тіпті кейбір ғалымсымақтар мұндай жағдайды өздерінше ақтап та жатты. Олардың өздерінше топшылауынша Қытайдан келген қазақтар мен ұйғыр ағайындар мұндай қажетті құжатттар алғаннан кейін Қытайдың саясатына қарсы «Шығыс Түркістан азаттығы» деген ұйымға барып қосылатын көрінеді. Ал кейбір жастарымыз Сириядағы қырғынға қатысуға асығады екен. Ешбір айғақ не бұлтартпас дәлелі жоқ осындай «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп жобалап айтыла салған сөз кейбіреулердің қолтығына су бүркіп, ұлы көшке деген қарсылығы үдете түскені сөзсіз. Мұндай жағдайға көзіміз үйреніп кеткендігі соншалық, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары болып аттай он үш жыл отырған Талғат Мамашев деген азаматымыздың өз сөзінің бір кезегінде «Оралмандарды ұрғаным бар» деп айды аспанға бір-ақ шығарғандығына да таң қалмадық. Ал осы жақында ғана Астанада Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Мамашевтен пікір білмек болған тілшілер қауымына «басымды ауыртпаңдар» деп келте қайырды да, жөніне кете берді.

Ол кісінің жөніне кеткендігі сауап болды. Мамашевтің он үш жыл бойы мыңдаған, тіпті миллиондаған оралмандардың жан айқайына құлақ аспағандығын, сөйте тұра жылы орнынан айырылғысы келмегендігін түсінген болар Елбасымыз, осы қауымдастықтың төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев оны қызметінен босатып, оның орнына ел аузына игілікті істерімен іліккен Зауытбек Тұрысбековты тағайындады. Аталмыш құрылтайдағы елді елең еткізер шаралар қабылданып, көші-қонның күрделі мәселелері шешілетіндігі туралы айтылғанда қуанбаған жан қалмаған болар. Астанаға көз тіккен жандардың барлығының да төбесі көкке бір елі жетпей қалғандай еді. Бұған себеп толып жатыр. Мәселен, ең алдымен мұнда Елбасының тікелей қолдауымен «Отандастар» қоры құрылып, шетттен келген ағайындардың қолтығынан демеп жіберетіндей жұмыстар атқарылып, көптен бері қордаланып қалған қиын түйіндер шешілмек. Мұнымен қатар баяғыдан бері оралмандардың аяғына кісен салып, адымын аштырмай келген «сотталмағандығы» туралы анықтама деген пәле біржолата алынып қалмақ. Бұл дегеніміз шекараның арғы бетінде еліне деген сағыныштан сарғайып жүрген отандастарымыздың алдынан ақжолтай ашылмақ. Мыңдаған жандар мұндағы туыстарымен қуана қауышып, туған жерінің топырағына тәубе етпек. Тағы бір елең еткізер жақсы жаңалық, шеттегі қандастардың балаларына берілетін 2 пайыздық оқу гранты енді екі есеге көбеймек.

Сонымен «Тоғыз ауыз сөздің тобытай түйіні» шетелдегі жаны жаралы қандастарымыздың жағдайы анағұрлым жақсарып, қолдан жасалынған талай кедергі алынып қалмақ. Кідіріп қалған көш енді үдере көтірілмек. Алыстан сағынып келген қазақ бауырын ғана емес, бауырмалдығын да таппақ.

Тағы бір жайтты айтпай кете алмадық. Құрылтайда орынбасарлыққа жаңадан сайланған Зауытбек Тұрысбековтың қысқа да нұсқа сөзі көпшілікті бей-жай қалдырмаған секілді. «Үлкен сенімге көп рахмет. Бұл қызмет әр қазаққа бөлек дүние. Мен көп сөйлемеймін, істің адамымын. Ертеңгі күні бәрін іспен дәлелдеймін» деген сөзі көпшліліктің көңіліне нық сенім ұялатқандай.

Кезінде қаншама қандфы қырғыннан шетелді паналаған отандастарымыз ешбір ың-шыңсыз еліне оралып, құтты қонысын тауып, сарғайған сағынышын басып, қуаныш құшағына  бөленіп жатса, бұл бізге де бақыт, бізге де сүйініш.

Жайберген Болатов

Abai.kz

 

 

 

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048