Әшірбек Сығай. Сыншының күні - күн емес.
«Сын - шын болсын, шын - сын болсын», - деп кезінде М.Әуезов айтып кеткендей, бүгінде қазақ қоғамы сынға зәру. Жоқ, сынаймын деушілер аз болғаннан емес, қабылдай алмай, дертіне дәру бола алмағаннан да шығар деген тоқтамға келесің. Ойларымен орап, сынымен шымшып жүрген белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығаймен сұхбаттасудың сәті түсіп еді.
«Сын - шын болсын, шын - сын болсын», - деп кезінде М.Әуезов айтып кеткендей, бүгінде қазақ қоғамы сынға зәру. Жоқ, сынаймын деушілер аз болғаннан емес, қабылдай алмай, дертіне дәру бола алмағаннан да шығар деген тоқтамға келесің. Ойларымен орап, сынымен шымшып жүрген белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығаймен сұхбаттасудың сәті түсіп еді.
Жас қазақ: Қазақ қоғамы сынды көтере алмайтын сияқты. Неге?
Әшірбек Сығай: «Біреуге өкшең, түймең қисық» деп айтып көрші, «сенің не шаруаң бар?» деп өзіңе тұра жөнеледі. Бұл мәдениетсіз кісінің қылығы. Ал мәдениетті кісінің өзі қызарақтап, этиканы былай қойып, «неге олай айттыңыз?» деп ойын білдіріп жатады. БАҚ құралдарына шығармашылық турасында, руханият жайлы, суреткерлік хақында сын айтып көр. Әсіресе, өнер адамдары жаны нәзік тез қабылдайды, артық сөздерді көтере алмайды. Олар мүлдем жасып қалады. Ақылға басатыны бар, қызбалыққа салынатыны бар. Бірақ адал сөйлеп, адал айтсаң сабасына түскеннен кейін, сәл-пәл өзінше сараптайды. Талдау жасайды. Өз қабырғасымен кеңесіп, сен айтқан пікірді ақылға салады. Өзі жасап жүрген тірлікті таразылайды, сөйтіп, сыншының сыны шын екеніне көзі жетеді. Осылай райынан қайтқан әртіс, режиссерлерді өз тәжірибемнен білемін. Алдында мөңкіген, тулаған, тоңқыған, алақ-жұлақ етіп жұдырық көрсетпесе де, айбатын шақырған өнер адамдары болған. Оларға түсіністікпен қараймын, оңаша жерде жымиямын да қоямын. Шымшып алған жақсы ма? Сын мәдениетті болу керек, жеке басының мәселелеріне қарай ойыспауы, жасаған тірлігінің халықтық жағын қарастыру, көркемдік, сауаттылық жағын байқау керек. Әділ айтып, турасын дөп етсең, қоғам барлығына таразы. Артық кеткеніңді де, кем-кетігіңді де орнына қояды. Сын деген өзі бір сала. Белинскийдің өзі XIX ғасырда «әдебиет құрып бара жатыр», - деп дабыл қаққан. Бұл Белинскийдің орыс әдебиетіне жаны ашығандығы деп түсінем. Жабылып сынап жатты, қарсы шыққандары да кезікті. «Белинский шатасты», «Белинский қателесті» деп жатты, бірақ жағдай басқаша болғанына бәріміз куәміз.
Жас қазақ: Белинскийді үлгі тұтасыз ба?
Әшірбек Сығай: Белинский аты үлкен әріппен жазылатын, орасан еңбектері бар адам ғой. Мен ешкімді үлгі тұта алмаймын. Бәрі де пенде. Жас кезімізде оқыдық, еліктедік. Пір тұтып, жастанып жаттым деп айта алмаймын.
Жас қазақ: Интернеттегі жұрт ойын оқисыз ба? Сынның көкесі сонда. Монологты емес, полилогты қарым-қатынасты қаншалықты ұстанасыз?
Әшірбек Сығай: Интернетті көп қарамаймын. Біріншіден, уақытым жоқ, екіншіден, біз кітап оқу арқылы жетілген ұрпақпыз. Кітапты қолтықтап жатып, жастанып ұйықтап жатамын. Әлі күнге дейін Шекспирді, Чеховты, Шиллерді ұстап жатпасам, ұйқым келмейтін сияқты. Сонау жастықтан қалған дағды. Менің де онда мақалаларым бар. Театр жайлы жұрт онда не жазып жатқандығынан бейхабармын. Қатарластарым бар шығар, тез үйреніп кеткен, бірақ мен көбіне кітаппен жұмыс істеймін. Баяғы сол мұрағат, газет қиындыларын қараймын. Ол, әрине, кертартпа ескіше де болуы мүмкін. Кітап қарап, газет оқудан қалысып жүрген жоқпын.
Жас қазақ: Қазір қандай кітап оқып жүрсіз?
Әшірбек Сығай: Айзек Азимов деген еврейдің кітабын оқып жүрмін. Оның жасы сексенге келіп қалды. Негізі ресейлік. Соның «Путеводитель к Шекспиру» деген шығармасын оқып жүрмін. Мүсiлім Магомаев, Олег Стриженов туралы жақында шыққан кітаптарды да оқып жатырмын.
Жас қазақ: Жас кезінде әртіс болуды армандаған балаға қазір театр сыншысы деген атақ қаншалықты ұнайды?
Әшірбек Сығай: Мен ол жасымда театр сыншысы дегенді білмеппін. Консерваторияда актерлік мамандықты тәмәмдап, бала кезімдегі арманыма жеттім. Сонда театр сыншысы болатынын білдім. Ол кезде жер жарып, атағы шығып жатқан театр сыншылары аз болуы керек. Оның үстіне, 14-15 жасымнан бастап жазуға икемім болды. Облыстық, аудандық газеттерге әңгіме, хабарлар жазып жүрдім. Пьесаларды аудара бастадым. Аға досым Оралхан Бөкей мен жан құрдасым Сағат Әшімбаев «Неге театрмен айналыспайсың, қазақ театры сыны ақсап тұр. Маман жоқ. Сен батыл кіріс, тілің жақсы», - деп, мені икемдеп, қолқа салған болатын. Өзімнің де табиғатымда болу керек, олар дер кезінде көре білді. 1967 жылы «Лениншіл жаста» тұңғыш мақалам шықты. Ары қарай дәнігіп, осы саламен айналысып кеттім. 1975-79 жылдар аралығында Мәскеудегі Луначарский атындағы театр және өнер институтының аспирантурасын театртану бөлімін сырттай оқыдым. Себебі, ол кезде үйленіп отау құрып қойғам. Актерлік және театртанушылық білімім бар, әйтеуір, жаманды-жақсылы театр өнерінің қамы деп талай нәрсе жаздық. Нысанаға тиіп жатты ма, тимей жатты ма, тарих таразылар.
Жас қазақ: Бізге театрдан басқа салада сын жоқ сияқты болып көрінеді?
Әшірбек Сығай: Дұрыс айтасыз. Қазір әдебиет саласында сын жоқтың қасы. Қажықұмар Қуандықов, Бағыбек Құндақбаев одан кейін мен шықтым, театрда. Қазір Сәния Қабдиева, Еркін Жуасбек, Зухра Исламбаева, Меруерт Жақсылықова, Анар Еркебаева біздің шәкірттеріміз. Өнер институтында 1990 жылы ректор болған кезімде «театртану» бөлімін ашқанмын. Бүгінде сол бөлімге жиырма жыл болды. Қаншама кандидаттар, театр сыншылары шықты, яғни өз жемісін беріп жатыр. Театр сынының болашағы жаман болмайды. Бірақ жалқаулық, жанрдың жауапкершілігі көптеп кездеседі. Ашығын айтқанда, абырой әпере бермейтін тірлік. Сыншының күні - күн емес.
Жас қазақ: Кино болмаса, театр сыншысы деген мамандықты жылына жиырма адамдай бітіріп шығады екен. Олар қазір қайда жүр?
Әшірбек Сығай: Қазір заман басқа. Жастардың өзі нарық заманына тез бейімделіп, ыңғайына икемделіп алған. Неге? Себебі, түсіріліп жатқан кино жоқ. Оның өзінде тамыр-таныс, «кастинг» деп ат қойып алыпты, көшеден ала салады. Немесе басқа мемлекеттен шақыра салады. Өзіміздің жергілікті кадрға назар аудармайды. Театрға бәрін бірдей ала бермейді. Біз қияли, соқыр болдық. Қазір ешкім қиялдамайды. Өйткені, жағдайды тез бағамдай алады. Дегенмен, өмірдің барлығын өлшеп пішіп, қулықпен жасау мүмкін емес деп ойлаймын. Романтик болуды заман көтермейді. Романтикпін деп жүрші, аштан өлесің. Қазір барлығы математикаға құрылған. Сәл ауытқысаң құритыныңды білесің. Осы салада да жемқорлық дендеп кеткен. Біздің қазір жемқорлықпен күресетін кезіміз бе? Мемлекеттің қабырғасын мықтап, мемлекеттік тілімізді дамытудың орнына өз қолымызбен жасаған жемқорлықпен күресе алмай келеміз. Қазақтың басқа қамы құрып қалғандай...
Жас қазақ: Кейбiр жастар өзін-өзі өлтіріп жатыр. Діни ағымдардың жетегіне кеткендер де жетерлік. Ұлттық идеологиямыз қайда қалды?
Әшірбек Сығай: «Демократияны бетке тұтып, бетімен жіберіп алдық па?» деп ойлаймын. Біздің ұстанған дініміз - атам заманнан ислам ғой. Енді сол бізге көптік қылып қалды ма? Одан неге жери қалдық? Мұның барлығы әртүрлі пікірдегі адамдардың ылаңы. Ықпал бар. Ал ықпалға қарсы тұрар қамал, тосқауыл қайда? Қазір мектеп жасынан бұзылып жатқан қыздар, балалар көп. Тәртіпте бір кілтипан бар. Неге ол өзіне қол салып жатыр? Жалпы, жастардың дөмпелек жүруі мені қатты мазалайды. Кеңестік дәуірді мың жерден жамандасақ та, ол бізді адамшылыққа тәрбиеледі. Біз Ленинді, Энгельсті, Марксті идеал тұттық. Абылайды, Кенесарыны, кешегі А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейхандарды үлгі тұтпақ түгілі біз ондай бабаларымыздың бар екенін білмедік.
Жас қазақ: Біз неге патриот емеспіз?
Әшірбек Сығай: Астанада ауруханада жаттым. Дәл аурухананың жанынан екі стадион салынған екен. Телеарнадан көрдім. Бельгия мен біздің құрама ойнады. Стадионда әр жерде таздың басындай бір-екі адамнан отыр. Шықпай қалған шөп сияқты. Үкімет отыз мыңдық керемет стадион салған. Халықтың қызығушылығы, патриоттық сезімі жоқ. Оның үстіне, құрамадан көңілі қалған. Бельгиялықтар біз туралы не ойлап кетті? «Мынадай стадион не теңің, отырған халқын мынау» демей ме?
Жас қазақ: Әлемнің көптеген елінде адамдар жалақыларының 20-30 пайызын ас-ауқатқа жұмсайды екен, қалғанын рухани қажеттіліктеріне арнайды. Ал бізде, керісінше, сияқты...
Әшірбек Сығай: Біз ТМД ішінде жалақымыз жоғары ел деп айқай салып жатырмыз ғой. Бәлкім, солай да шығар. Зейнеткердің алатыны анау. Студенттің жағдайын жақсы білесіз. Сабақ оқиды, одан қалса, жұмыс істейді. Кешке жығыла-сүріне құлайды. Барлығы материалдық жағдайдың қамымен жүр.
Жас қазақ: Өзіңіздің күнкөрісіңіз қалай?
Әшірбек Сығай: Отыз мыңның үстінде зейнетақы аламын. Шеберханам бар.
Жас қазақ: Сыншыл кісінің сырлы армандары қандай екен?
Әшірбек Сығай: Балаларымның жамандығын көрмесем деймін. Заман қанша жерден қасқыр болып тұрса да, адамдықтан аттап кетпесек екен. Елдің, халқымның тыныштығын ойлаймын. Қазақ халқының мүддесін жоғары қоямын. Осы халықтың көңілі көтерілсе екен деймін. Базарға көп бармаймын. Барсам көңілім түсіп қайтады. Үлкен арба итеріп жүрген қазақ жігіттерін көргенде, өзімнің профессор екеніме ұяламын. Бұғанасы бекімеген балалар біздің ұрпағымыз ғой. Ол балалардың ертең денсаулығы қандай болады? Құрт, сіріңке сатып отырған қазақ келіншектерін көргенде тағы көңілім түсіп қалады. Басымды бұғып, сол тұстан біртүрлі қорланып өтемін. Анау отырған менің қызым болса қайтер едім, қарындасым болса не етер едім? Әрине, олар менің рухани қандас туыстарым. Солардың тұрмыстары мені қатты алаңдатады. Имандай шыным осы. Бұл ешқандай пәлсапа, демогогия емес. Қазір демогогтар өте көп.
Фариза Байелі
«Жас қазақ» газеті