Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақиқатқа қиянат 7441 3 пікір 11 Шілде, 2017 сағат 12:57

Аналардың зарына құлақ түр, Әлем!

Бүкіл Қазақстан халқы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан тура 20 жыл бұрын арнайы Жарлығымен бекітілген атаулы дата — 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін атап өтеді. Биыл да сол дәстүрден жаңылған жоқпыз. Қаралы күн болып саналар бұл күні Алматыда ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды.

«Ештен кеш жақсы» дегендей, бұл оқиға елді бір серпілтіп тастады. Осыдан он жыл бұрын саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған «АЛЖИР» мемориалдық мұражай кешені ашылғанын жақсы білеміз. Елбасымызға алғысымыз шексіз. Тағзым мен тағылым күні. Тағдырдың талай теперішінен өтіп, азат күнге, аңсаған арманына қол жеткізген еліміз үшін бүгін аса маңызды күн. Ашаршылық құрбандарына, арыстарымызға құран бағышталып, гүл шоқтары қойылды. Қабыл еткей бір Аллам!

«АЛЖИР» мұражайында бір күн болғанда туған ой

Мыңдаған аналардың өмірлеріне өшпестей қара таңба, көңілдеріне кетпестей көлеңке-сыз қалдырған, 1934-1954 жылдар арасында «Халық жауының» əйелдері деп танылған, Ақмоладағы «Отанын сатқандардың» əйелдерінің лагері — «Алжирге» біз де арнайы барып, көңілге түйгенімізді оқырманмен бөлісуді жөн көрдік. Аналарымыз Сталиндік жазалау машинасының зобалаңын көрген, лагерь басшыларының географиялық тілінде «26-шы нүкте» деген атау берген лагерьде қанша тұтқын əйел отырғаны туралы толық дерек жоқ. Дегенмен, 1937-1954 жылдар арасында «ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ» ƏЙЕЛІ деп танылған əрбір анаға орта есеппен алды 3 жыл, арты 8 жылдан берілсе, бұл лагерьде шамамен 22 мыңдай тұтқын əйел азап шеккен екен. Қарапайым үй шаруасындағы əйелден бастап, ақын, жазушы, өнер адамы, дəрігер, партия, комсомол, кəсіподақ қызметкерлері, мұғалімдер, тіпті мал дəрігерлеріне дейінгі əртүрлі мамандық иелері жылдар бойы жазықсыз жапа шекті… Кіре берісте аспан астындағы ашық мұражайда үнемі азалы əуен ойнап тұрды. Бəрі шынайы. Арсылдаған ит те, бүрісіп сүйегі қалған «халық жауының» əйелі де… Оның мүсін ғана екенін ұмытып кетесің. Тəубеңе келесің. Аза тұтудың не екенін тек осында сезінесің. Жүрегің ауырады. Жан дүниең тебіренеді. Көзіңе жас келеді еріксіз

22 мың әйелдің тағдырын қор қылған…

Есіктен кіргенде Елбасының мына сөзі көзге түседі:

«…Біз жастай солған жасампаз тұлғалардың алдында ғұмыр бойы бас иіп өтуге міндеттіміз»

«Алжирде» 8 мың əйел болған. Этаппен келіпкеткендер — 18 мың əйел. Жетпей жолда құрбан болғандары, саналмағандары қаншама?! 60-тан астам ұлттың əйелдері болған екен. 90нан астам əйел қазақ. Көпшілігі орыс əйелдері. Күзетшілерден туған балалардың саны — 1507. Бұл Бүкіл Кеңес одағынан.

Түрмеде қорлық көрген олардың қазір тірісінің жасы 70-80 аралығында. Сол уақытта олар 18-25 жастағы əдемі келіншектер, алды жаны жайсаң парасатты аналар еді-ау. Сталиндік зобалаң олардың өмірлерін көктей солдырды, қайғықасірет сол мыңдаған аналардың өмірлеріне өшпестей таңба, көңілдеріне кетпестей көлеңке қалдырды-ау. Вагонның ішінде қақаған аязда жатады. Астарына қамыс орып салып, соны төсеніш қылады. Соны жағып жылынған болады. Өздері аш, суық күні жейтіндері күніне бір тілім қара нан, қақталған балық, су орнына мұз сорады… Сол əйелдердің мықтылығын, қайсарлығын мына сөздерден көруге болады: «Ақмоланың сұлулары атандық. Аязда жұмыс істеп, бетімізге қан жүгірді. Білеу темірді алғашқыда көтере алмадық, кейін үйрене келе ұршықша айналдырдық. Терлеп-тепшіп жол тазартамыз, жер қазамыз, сілеміз қатып келіп быламықты ішеміз. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысамыз. Кімнің кім екені белгілі… Арамызда сұлу, сұңғыла қыз-келіншектер де бар еді, осындай əсем қыз-келіншектерге біздің жендет күзетшілеріміз сұқтана қарап, зорлап, сол жендеттерден мыңнан аса бала туды…»

Аналарға мың тағзым..

Мың тағзым Сіздерге, қадірлі аналар! …Киелі қазақ жерінен пана тапқан, діні бөлек, тілі басқа жұрттарды басқа түскен қайғы-қасірет ағайын етті. Олардың ұрпағы бүгінгі Қазақстанда өсіп-өнді, өркен жайды. Сондықтан, Елбасымыз атап өткендей, тақсіретті тарихымыздың тағзым мен тағылым күнінде саяси қуғын-сүргін жəне ашаршылық құрбандарын ұмытпау біздің борышымыз болуы тиіс. Қазір көзі тірі «Алжирлік» аналарымыздың жастары жетпіс-тоқсанның аралығында. Ендеше, араға жарты ғасырдан астам уақыт салып «Алжирге» жиналған көзі тірі аналардың естеліктеріне назар аударайық («АЛЖИР» естеліктер*воспоминания» атты кітаптан да біраз деректер алдық):

Мəскеулік Оксана Козьмина: — Өмірімнің сегіз жылын Қазақстанға беріп кеттім… Алғашында ерлер ұстайтын білеу темірлерді көтере алмадық. Бірте-бірте небір ауыр жұмыстарға көндігіп, терлеп-тепшіп жол тазарттық, жер қаздық. Сəл дамылдасаң, теріміз қатып, суық тигізіп аламыз деген қорқынышпен сілеміз қатқанша дамыл таппай жұмыс істедік. Кешке қарай қойыртпақ ботқамызды ішіп алып, «тəрбиешілеріміздің» бұйрығымен ұйқылы-ояу концерт дайындаймыз. Өзім «Москонцерттің» əншісі едім. Күйеуімді атып тастап, өзімді «халық жауының» əйелі деп түрмеге қамағаны, этаптан этап, түрмеден түрме, ең соңында «Алжирден» бір-ақ шықтық қой… Арнайы зектердің вагонымен біздерді — əйелдерді Мəскеуден, Киевтен, Ленинградтан, Одессадан, Бакуден, Тбилисиден, тағы басқа қалалардан «26-шы нүктеге» таси берді. Ішкеніміз — у, жегеніміз — желім болды. Қайғыдан қан жұттық… Сымбатты əйелдерге НКВД-ның жендеттері сұқтанып, дегеніне көндіре алмай, ең ауыр жұмыстарға жеккені, олардың тəлкегіне төзе алмай, өздеріне қол салғандары, ақыл-естерінен адасып, психикалық ауруға ұшырағандары да болды».

Ксения апай есінде қалған біраз тұтқындардың аттарын атап, олардың қилы тағдырларын қабырғасы қайыса отырып еске алды:

— Əйгілі балет бишісі Рахиль Михайловна Плисецкая, Галина Ковтюк, София Викентьевна Шпель, Екатерина Михошина, Галина Колдоносова, Елена Пятницкая, Зоя Попова, Клавдия Жунько, Татьяна Торина, Валентина думбадзе, Валентина Подвойская, Полина Нестерова, Екатерина Савельева, Фаина жəне Зоя Саркисовна Шахмурадова, Елена Татаева, Зинаида Татаева, Зинаида Дибенко, Тамара Васильева, Ксения Путинцева, Федосия Дубинина, Вера Лапина, Антонина Акимова, Мəскеу опереттасының дирижері Мария Иосифовна Лер, Нина Стрелкова, Мария Скоборинская…

Иə, бəрі өткінші, əрі өкінішті… Өртенген өзектің өрт шалған халін қос жанардан ағызған жасты бір сығып алған 1937 жылдың құрбаны, қатыгездікпен қаруланған Голощекин, баскесер Ежовтың, халықтың мұң-мұқтажын қорғаймын деп, олардың қырына ұшыраған Қазақ өлкелік партия комитетінің алғашқы хатшысы болған Сұлтанбек Қожановтың жесірі Күлəндам апа Сталиндік репрессия құрбандарының бірі ретінде қабырғасы қайыса отырып біраз мағлұматтармен бөлісті. — Түркістан өлкелік партия комитеті мен Қазақ обкомында хатшы болған, қазақ тілін жетік білетін Н.И.Ежов көзі жетер жері Семей губкомынан бастап, бүкіл басшы қызметтегілерді ұстарамен қырғандай тып-типыл жасады емес пе?! Əр үйдің бас егелерін түгелдей атып, ит жеккенге айдағанымен тұрмай, олардың əйелдеріне, кəмелеттік жасқа толған бала-шағаларына да қырғидай тигені тарихи шындық еді. Сұлтанбекті алып кеткен соң, екі айдан кейін мені де қамауға алды. Түрме қабырғасындағы көрген азаптарымызды еске алудың өзі қияметпен тең. Əсіресе есімнен кетпейтіні — ең кішісі емшекте, үйінде қалған бес баласын айтып еңіреп жылаған жап-жас өзбек əйелімен қосыла жылағанымыз, бір-бірімізді жұбатып басу айтып, барлық қиындықтарды теңдей бөліскеніміз.

Тіпті, кейбір əйелдерді емшектегі балаларымен қамауға алды. Аштықтан шырылдап жылаған сəбидің даусын естіп тұру қандай қиын?.. Үш жастан асар-аспас сəбилерді аналарының қолынан шырылдатып балалар үйіне алып кетіп жатты. Ананың, баланың қандай жазығы бар еді?! Таңғы төрттен кешкі тоғыз-онға дейін ауыр жұмысқа əйелдер қарулы күзетпен апарылатын, шаршап құлағандарды резеңке таяқпен сұлатып салатын қанішерлер… Қазақстан Лениншіл коммунистік жастар одағының жетекшісі Қайсар Ташитовтың жесірі Сағадат апамыз күйеуі атылғаннан кейін қамауға алынып, 11 жыл түрмеде отырып шыққан…

— Мен түрмеде маршал Тухачевский, Егоров, Грамарниктің семьясымен, Бейімбет Майлиннің əйелі Күнжамалмен, Санжар Асфендияровтың əйелі Рабиғамен бірге отырдым. Бір күні ұшқыш Ирина Вишневскаяны əкеліп қамады. Бірақ соғыстың ең қиын кезеңінде Иринаны соғысқа алып кетті… Балалық бал дəуреннің дəмін татпаған «халық жауларының балалары» деген атпен қоғамнан шеттеткен Қорған Мусин, Ильфа, Санжар Жандосовтар, Мира, Катаяма Қуатовтар, Болат Аюханов, Серік Тілеулин, Алма Темірбекова, Алдан Берденов тағы басқа толып жатқан жас өркендер ата-анасының аялы алақанын сезінбей өсті. Кезінде жылай-жылай көзімізде жас та қалмаған, балам, ол жылдар өте ұзаққа созылған жаман түс сияқты елестейді қазір… Халқымыздың қара əріппен жазылатын тарихын тек шындықты жазу арқылы жазықсыз жапа шеккендердің аруағы алдында жүздерің ашық болмақ, еш нəрсені бұрмаламай, тек шындықты жазыңдар, — деп əңгімесін аяқтады. Сталиннің тұсында шындық шынжырланды, ақиқат арқандалды. Жазықсыз халықтың қанына боялып, көз жасымен суарылған қазақ даласының қақ төрінде «Қарлаг», «Алжир» лагерьлерінің пайда болуы бекер емес.  Көршісі «халық жауы» болып ұсталып кетсе, жан-жағындағылары ендігі кезек менікі шығар деп күдіктеніп, «шықпа,  жаным,  шықпа»  деп отыратын заман болды…

Ел басқарған адамды  қошеметтеп, тамақ беру — дəстүріміз. «Халық жауына» тамақ берген «танысы»  деп,  талай бейкүнə адамдар түрмеге қамалған заман болды…

Тұрар Рысқұловтың əйелі Əзиза емшектегі баласымен, шешесімен «Алжирде» бірге болды.  Осыайша  жазықсыз, еш кінəсі жоқ жандарды жанұясымен  түрмеге қамаған заман болды… Тіпті мал бағып жүргенде өлген бір  бұзауға бола екі əйелді атып тастап, қалғандарына «енді бұзау өлетін болса,  осылай жазаланасыңдар» деушілерді қалай жендет демейсің?! Қиындыққа шыдамай өзіне қол салып, жынданып кеткендер қаншама?!   Мирзоянның əйелі, Хадиша Мусина, Шолпан Юсупова деген апаларың лагерьден келгеннен кейін жынданып кетті.  «26-шы нүктеде» адам өлімі жиі болып тұратын. Біреулері ауру-сырқаудан, екіншісі қайғықасіреттен, біраз əйелдерді бағып жүрген малды өлтіріп алдың деп, соттың үкімінсіз сол жерде атып, денелерін лагерьдің сыртына шығарып, неше күн жер қойнауына бермей, лагерьдегілерге үрей туғызу үйреншікті жағдай болған. Өлген адамдардың аяқ-қолына нөмір жазылған қалақша (жетон) байлап, табытқа салып, жерге көме салатын. Лагерьде адам өлімімен айналысатын арнайы бөлім болды…

Он жыл көргенімді бір күнде айтып бітіре алмаспын, ұлтымызға, ұлысымызға қарамай, бəрімізге ортақ бір жаман ат  — «халық жауының  əйелі» деген атпен Қазақстанда «26-шы нүкте», яғни «Алжирге» əкеліп қамап жатты ғой. Менімен бірге Закавказье  республикалары орталық атқару комитетінің  хатшысы  Алиадар Караевтың əйелі Хайдарханум, президиумның мүшесі Эфендиевтың əйелі, жазушы Ханафидің əйелі,  революционер Əли Байшаровтың əйелдері болды. Біразының аттарын ұмытып қалдым. Баку түрмесінен  он күн жүріп Қазақстанға келдік. Жол-жөнекей бізді  су бермей, тұздалған  балықпен тамақтандырып келді. «Алжир» он жыл өмірімді жұтты.  Небір қиын жұмыстарды атқардық. Құрылыс жұмыстарынан бастап, қақаған қыстың суығында, жаздың ыстығында азап шектік. Небір қазақ зиялыларының əйелдері мал бағып, көң тасып, кірпіш құйып, ең ауыр да азапты жұмыстарға жегілді… Осындай жауыздығымен елді қорқытып, атып, асып үрейлендірген  Сталин — нағыз баскесер! Өмірімнің ең қиын, ең қатал кезеңін бірге өткерген  Ақмола лагеріндегі қазақ аналарға, жазықсыз жазаланғандарға мың-мың сəлем айт, балам! — деп,  əзірбайжандық Сүлейменқызы Шүкірие апамыз бізбен таза қазақ тілінде қоштасты.

Ұлты неміс Гертруда Платайстың  естелігі бойынша жазылған  «Курт — драгоценный   камень» атты өлеңінде  лагерьдегі азапты жұмыс атқарып жүрген аналарға  түрмеге жақын ауыл тұрғындарының  жанашырлық əрекеттері жайлы  баяндалған. Белуарынан саз кешіп, қар аралас егін даласында жұмыс істеп жүрген əйелдерге  темір тордың арғы жағынан ауыл адамдары, əсіресе балашағалар  қарап тұрады екен. Сондай күндердің бірінде үлкен-кішісі бар бір топ ауыл тұрғындары қабақтары түюлі, ызалы кейіпте  аппақ тастармен  жұмыс істеп жүрген əйелдерді атқылай бастайды.

Онсыз да  күннің суықтығынан аяғынан сыз өткен бейшара əйелдер жасқанып, тағдырына налып, жандары күйзеліске түседі. Əлсіреп,  қардай жауған тастардан именген  Гертруда  ақ тастарға бетімен сүріне құлап түседі. Ақ тастан шыққан  сүттің  иісінен бойына қан жүгіріп,  жалма-жан тастарды қалтасына  салып, əйелдерге де ыммен тастарды қалдырмай жина деп белгі береді. Құлағына жендеттердің «қарашы, сендер сияқты сатқындарды балалар да жек көреді» деп қарқылдап рахаттана күлген дауыстары келеді.  Лагерьдегі қазақ əйелдеріне бұл не тас деп көрсеткенде, олар оның сүттен жасалатынын, ұлттық тағам — құрт екенін түсіндірген. Осылайша жергілікті халық жазықсыз жапа шеккен аналарға қолынан келгенше қолдау көрсеткен… Иə, «Алжир» туралы, ондағы аналарымыздың өксікті өмірлері жайлы көп жазылды. Мұражайға кіргенде ондағы сызды оқиғалар, ащы тағдырлар, сол зарлы заманның куəгерлері айтқан, шерткен əңгімелері осы мақаланың тууына əсер етті.

Түркияда 17 мың әйел мен 560 нәресте түрмеде неге отыр?

Ана, əйел ретінде, əсіресе қолыма қалам ұстап жүрген қасиетті журналистік мамандығында жүрген соң, барынша шындықты, ақиқатты жазуға тырысамын. Осы мақаланы жазу үстінде Түркиядағы əйелдердің де түрмелерде зорлықзомбылық, жауыздық көріп жатқан деректеріне куə болдым. Бұл оқиғаны сонау Кеңес империясындағы болған қуғын-сүргінге ұқсаттым. Жалма-жан зерттей бастадым. Сіз де назар аударыңыз. Себебі бұл зорлық-зомбылық жайлы сіз де, біз де, бəріміз де білуіміз керек жəне қос қолымызды көтеріп қарсы тұруымыз қажет.

Түркияда 17 мың əйел мен 560 нəресте түрмелерінде: SCF (Стокгольм бостандық орталығы)

SCF басып шығарған «Түркияда əйелдерді қамау: қудалау жəне қорқыту» атты баяндамасында, Түркиядағы мыңдаған əйелдер балаларымен мемлекет тарапынан зор-лық көрсетіліп, түрмеге жабылып жатқанын хабарлады. «Түрік елінің жаңа туған нəрестені анасынан айырып, не жүкті əйелдерді түрмеге қамауы түрік қоғамында үрей туғызуда», — дейді SCF.

SCF-тың айтуынша, жүкті əйелдердің босанғаннан кейін балаларынан бөліп, өзіне келуге мұрша бермей қамауға алынуы бірнеше рет орын алған. Өкіметке қарсы пікірдегі азаматтарды жазалау үшін жасалған заң жүйесін жеке басының пайдасына қолданып, абақтыдағы күйеулерінің жағдайымен танысуға келген əйелдерді, қолындағы сəбилерінің көз жасына қарамастан, əкелері аздай, аналарын да түрмеге қамап тастады. Бір жолы полиция тарапынан зорлық көрген əйелді есінен танып қалғанына қарамастан қайта түрмеге лақтырған. Басқа бір əйел журналист күйеуінің бостандықта жүргені үшін қамалған. Көптеген жағдайда əйелдер күйеулері Түркияның президенті Режеп Тайп Ердоғанға қарсы оппозицияға қолдау көрсеткені үшін түрмеге қамалумен қоса, мал-мүлкі тартып алынды. Əйелдердің қудалануы, Ердоған мен мемлекет қаһа-рынан ешкімнің қауіпсіздікте емес екенін көрсетеді. Бұлар мемлекеттік заңға жəне Түркия мүшесі болған халық-аралық ұйымдардың ережелеріне қарама-қайшы», — дейді SCF президенті Абдуллах Бозкурт.

Сот қызметкерлерінен журналисіне, мұ-ғалімінен дəрігеріне дейінгі қамауға алулар Гүлен қозғалысының тараптарына қарсы мемлекеттік қуғын бағдарламасында ерекше орын алды. Айтылған əйелдердің ешқайсысы бұрын-соңды айыпталып көрмеген, қазір мемлекет оларды «террорист» жəне «төңкеріске қатысы бар» деп қамауда ұстап отыр. Олар əлі сотталмады, тіпті айып та тағылған жоқ, бірақ сотқа дейінгі қамауда жатыр. SCF тіркеген көптеген жайттарда əйелдердің физикалық жəне психологиялық денсаулығы қамауға алынғаннан кейін, тамақ, гигиеналық жабдықтардың жоқтығынан, пси-хологиялық айықтыру қызметтері көрсетілмегендіктен күрт нашарлаған. Əйелдердің себепсіз тұтқындалуы тек оларға ғана емес, балалары мен отбасыларына да кері əсерін тигізді. SCF баяндамасында көрсетілген-дердің оларға мəлім болғандары ғана екендігін, көп жағдайда адамдар қуғынға ұшырау үрейінен көргендерін көпшілікке білдірмейтіндігін айтты. Бізге жеткен оқиғалардың аздығына қарамастан, Түркиядағы жан түршік-тірер жағдайларды болжау үшін жеткілікті», — дейді SCF. «Əйелдерге қарсы қудалауды бастаған Ердоған мен мемлекет қызметкерлері, Түркия балалары мен аналарына жойқын əсерін тигізгені үшін жауапқа тартылуы қажет», — деп қосты SCF.

SCF-тың толық баяндамасын осы жерден қарай аласыздар: http:// stockholmcf.org/wp- content/uploads/2017/04/Jailing-women-in-Turkey.pdf.

Сонымен қатар, бір жылдың ішінде Түркияда адам құқығын аяққа таптаған бірнеше оқиға орын алды. Əлемде ең интеллектуал түрме Түркияда. Өткен жылдың 16 шілдесінде жүзеге аспаған «əскери төңкерістен» кейін 100 мыңнан астам адам жұмыстан қуылып, тең жартысы түрмеге тоғытылды. Олар: мұғалімдер, академиктер, дəрігерлер, журналистер, сот, жоғары сот мүшелері, полиция, прокурорлар. Солардың ішінде дене мүшелерінің 82 пайызы қимылдамайтын мүгедек əйелі, ауру баласы бола тұра, мүгедек күйеуін «əскери төңкеріке» қатысы бар деген желеумен түрмеге тоғытқан. Өздігінен жүріп тұра алмайтын, дəретханаға бара алмайтын 80 жастан асқан қариялар да бар. Остеоклазию (сүйектің еруі), гемофилия секілді ауруға шалдыққан, қатерлі ісік ауруымен ауыратын адамдар түрмеде. Зорлықзомбылықтан өліп кеткендері де бар. Бір жылға жуық түрмеде отырғандар бүгінгі күнге дейін қандай қылмыс жасап, заң бұзғанын білмейді. Өмірге баласын енді ғана əкелген аналарды ертесі күні түрмеге қамау жиі орын алды. Бұл туралы əлеуметтік желілерде «Өмірге нəресте əкелгеннің қолына кісен салады, ал өлгенді түрмеден босатады» хэштегімен қоғамдық резонанс туғызған. Сол кезде ғана билік шартты түрде жазалауға керек деп шешім шығарған. Түркия Ішкі істер министрлігі дəл қазір Түркия түрмелерінде 560 сəби аналарымен бірге түрмеде отырғанын мəлім етті. 1 жасында — 128 сəби, 2 жасында — 114, 3 жасында — 81, 4 жасында — 70, 5 жасында — 31 сəбидің түрмеде отырғаны, жас ерекшелігіне байланысты сəбилердің дəрігерге қаралуы, арнайы тексерістен өтуі керек емес пе. Алайда, түрмеде ондай мүмкіндік жоқ. 1 жасындағы баласын емізу үшін түрмеден үйіне 50 шақырымдық жолды күніне 2 рет жүретін ананың оқиғасы БАҚ-та жария болған-ды. Балаларының көзінше əке-шешелерін қолына кісеп салып, сорақысы үйдегі 3 жəне 5 жастағы балаларды жалғыз тастап кеткен.

ТҮЙІН: Екі ел. Бірі — Кеңес одағындағы 1937-54 жылдар аралығы аналар көрген зобалаң. Екіншісі — туысқан Түркия мемлекетінде қазір болып жатқан зобалаң. Ұқсастық бар ма, бар. Екі жылға жетпейтін аз уақытта түрік әйелдерінің басынан кешкен зұлматтарын оқығанда сай-сүйегің сырқырайды. Неге бұлай? Мемлекет оларға мұншама зорлық-зомбылық көрсететіндей нәзік жандылардың кінәсі, жазығы не? Түркия мемлекетінің, басшылығының мұнысы қалай дегім келеді. Осы жағдайды біле тұра білмегенсіп, теріс айналуға менің дәтім жетпеді. Өйткені олар да мен сияқты ана ғой. Ана мен баланы айыруға кім құқық берді сіздерге? Ана үшін бұдан өткен қасірет жоқ қой әлемде. Бәрің де анадан тудыңдар. Ана мен баланы саясат  құрбаны етпейік, Ананы жылатпайық ..! Әлемдегі жақсы қасиеттердің барлығы ананың ақ сүтінен дарымай ма? «Жұмақ аналардың табанының астында» деген сөздің мәніне үңілейікші бір сәт. Аналарды қадірлеуді Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) үйренелік. Ананың ақ сүтінің киесі жаман болады. Аналарын қорлаған Кеңес өкіметінің тағдыры не болды? Сабақ алыңыздар содан! Балаларды, аналарды азаптаудың шегі бар ма? Обал-сауабы кімге? Бұл сұрақтарыма кім жауап берер екен?

Сəуле Мешітбаева, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Матералдың түпнұсқасы: elana.kz

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377