Сәдібек Түгел. Той және лекция
Биылғы жылдың шілде айының екінші күні. Әйеліміз екеуіміз үлкен тойдың, үлкен қуаныштың ішіндеміз. Балдызым Қанат пен Гуля келініміз ұлдары Ержанды Жанерке атты қызға үйлендіріп, Елорданың «Жетіқазына» атты мейрамханасында ұлан асар тойы жасауда.
Той залы әсем безендірілген. Кешеннің босағасынан бастап түрлі-түсті шарлар мен алқызыл гүлдер ілінген. Атмосфера қандай? Екі жастың қызығына жиналған қонақтар бір-бірімен құшақ жая амандасуда. Әр жерден «Той құтты, екі жас бақытты болсын! Той-тойға ұлассын» деген құттықтаулар толассыз айтылуда. Ата-аналарымен бірге тойға келген жас балалар да ерекше күй кешуде. Музыка құйылып тұр. Залдың ортасында «Ақ жол» деген жазуы бар ақ матадан жасалынған дорожка төселген. Қазақ халқы қашанда құдаларын сыйлаған, құрмет тұтқан. Мыңжылдық құдаларымыз деген ұғымның маңызы ерекше. Оның астарында Ұлы ұлтымыздың ұлағаты, кеңдігі, парасаттығы мен озықтығы, болашақты болжай білетін кемеңгерлігі жатыр. Құлақтан кіріп, бойды алар, ән көңілдің ажары ғой, шіркін. Микрофоннан танымал әнші Қалжан Кемаловтың орындауындағы «Ойна Құдалар» әні шырқалды. Асаба құдалардың келе жатқанын хабарлады.
Ойна, ойна құдалар,
Жастық шақты еске алып,
Биле, биле құдалар.
Жүрмеңіздер кеш қалып.
Құдаларға шашу шашылынып, зор құрмет көрсетілді. Қандай жарасымды десеңші, мыңжылдық жаңа құдаларымыз ақ кілемнің үстімен жүріп өтіп , той төрінен орын алды. Әрқайсысының төсінде құда, құдағи деген жазулары бар «Бейдж» тағылған. Керемет.
Сосын әдеттегідей атақты «Той жырымен» жастарды қарсы алдық. Ол да керемет өтті. Беташар айтылып, неке қию рәсімі өткізілді. Келген құдалар нөмірі бірінші және екінші үстелдерден орын алды. Біз әйеліміз екеуіміз құдалар отырған бірінші үстелге жайғастық. Той бірден қызу басталды. Сөз беріледі, би биленеді, өлең айтылады. Тост айтушылар орындарынан атып тұрып, ортаға қол бұлғап, билеп шығуда. Көңіл шіркінді көтеріп, денені қыздыратын небір ғажап әндер бірінен соң бірі айтылуда. Олардың арасында халық әндері «Қызыл өрік», «Чип чип», «Аспанға қараймын, сол жұлдызды санаймын», Жанна Фрискенің орындауындағы жүректі ерітетін «Малинки, малинки, такие вечеринкилері» бар.
Халық әбден көңілденіп алды. Сыйластықтың жоғары сатысы. Құдаларымыз басты назарда. Оларға зор көңіл бөлінуде. Құрметті құдалары мен қонақтарының қуанғандарына той иелері Қанат пен Гуля да бек риза. Түрлерінен көрініп тұр. Бәрі жарасымды жақсы ұйымдастырылған. Құдаларын құрметтей білген осы мықты тойға риза бола отырып, 15 жыл бұрын астаналық бір ресторанда қыз жақтан құда болып барғанымды есіме алып, өз ойымнан есеңгіреп қалдым. Оның себебі бар.
Еліміздің батыс өңірінде жиналыстар өткізіп, ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының филиалдарын құрып жүрген кезім болатын. Әйелім телефон соқты. «Алматының жанындағы ауданда тұратын, аталарымыз бір апайымның қызының қызы тұрмыс құрып жатыр екен. Солар қыз ұзату тойларын ауылда жасапты. Енді жігіт жағының тойы Астанада болады. Мені тауып алып, бізді тойға шақырып жатыр» деді ол.
– Ау, менде жұмыс көп. Өзің барсаңшы, - деп, мен жауап қаттым.
- Мәселе, мынада болып тұр екен. Менің апа-жездем қарапайым шаруалар. Жездем - малшы, сиыр жаяды, апайым - сауыншы. Ал, құдалары бір дөкей көрінеді. Кезінде бастықтары болыпты.
- Түсінбедім. Олардың менсінбейтін қандай хақы бар. Жастар табысты. Болды емес пе? Сауыншыны емес , оның қызын алып жатыр ғой . Қайта екі жастың бас қосқанына қуанбай ма? - дедім мен қалжыңды араластырып.
- Апа-жездем сенің келуіңді қатты сұрады. Мен уәде бердім, - деді әйелім өз сөзінде.
Атыраудан Астанаға ұшып келдім. Әуежайдан тура тойханаға тарттым. Мен мейрамхана алдына келгенде тойдың басталу уақытынан екі жарым сағат өтіп кеткен болатын. Алып ұшып кірсем, холда менің әйелім бастаған оншақты ағайындар, қыз жақтан келген құдалар ғана отыр. Орталық залда беташар өткізілуде.
– Той екі сағатқа кешігіп басталды. Беташар рәсімінің өтуіне жарты сағаттай болды. Соның аяқталуын тосып отырмыз, - деді әйелім.
- Бұл қалай, неге ішіне кірмедіңдер, - дедім мен.
- Олардың тәртіптері - беташарға қыз жақтан келгендерді шақырмайды екен, - деп апай ақталынып жатыр. Қысылып тұрғаны анық көрініп тұр. Бажам үнсіз отыр. Көңілі қобалжулы. Бізге беташар аяқталғаннан соң ғана той залына енуге мүмкіндік келді. "Ешкім құдалар келді" деп хабарламады.Үнсіз келіп, тойхананың бұрыш жағындағы үстелге отырдық.
Той басталды. Асаба бірден жігіттің әкесін мақтауға көшті. Ол мынандай да мынандай. Ол үздік совхоздың директоры. Ол данышпан. Ол ана дөкеймен бір ауылдан шыққан. Ол делегат болған, Ол депутат болған, ол ВДНХ-да болған. Содан дөкей құда сөйледі кеп. Бәрін айтты, бірақ келген құдалары туралы бір ауыз сөз айтпады. Той жүріп жатыр. Біздің қасымызға құдағидан басқалар келмейді. Он бестен астам тостар айтылды. Бірақ бізге кезек келмеді. Сол он бес тостың оны «өлі» тостар болды. Тойға келмеген, бірақ сәлем жолдаған генералдар, мекеме бастықтары, бас директорлар мен мәжіліс депутаттарының атынан тостар айтылды. Әрең дегенде, он алтыншы кезекте сөз біздерге, қыз жақтан келген құдаларға келді. Бойдағы жыл лебіздеріміз бен жүрекжарды құттықтауларымызды жеткізу үшін орнымыздан тұрып ортаға шықтық.
Сол сәтте асаба «Той иесінің тапсырмасы бойынша, ағаның әрі ақын , әрі жазушы қарындасы Шолтыбаева сіздерге арнап жазып келгенін оқиды, ол, Сіздерді құдаларыңыздың үрім-бұтағы, шыққан тегімен, өсіп-өнген елімен, жерімен жете таныстырады, - деп микрофонды төрде отырған әйелге апарып берді. Біз ортада қақшиып тұрмыз. Естімегеніміз бен көрмегеніміз көп екен. Микрофонды ауызына жақын ұстаған «жазушы – құдағи» екіленіп, дауысын қатты шығарып сөйледі.
- Сендер біліңдер, кіммен құда болып жатқандарыңды. Билік басында отырғандармен құда болып жатырсыңдар. Құдаларың өмір бойы билік баында келеді. Солай да солай. Біз, батырлар мен ғұламалар шыққан жерденбіз. Біздің тауымыз да, суымыз да, жерімізде, тасымыз да керемет. Біздің ел ешқашан жаудан жеңілмеген, дұшпаннан тығылмаған.
Біз шарасыздан күтіп тұрмыз. Байқаймын бажам ашулана бастады. Ашуланатын жөні бар. –Маған қарап, орнымызға барып отырсақ қайтеді, - деді. Қайта -қайта құданың қасына барып, мазасызданып, бірдемеге қысылып, шырылдап жүрген тек құдағи ғана. Жазушының сөзіне елітіп, маңғазданып жаңа құдамыз тұр. Бізді елеп-ескеретін түрі жоқ. Менменсінген біреу.
Әрең дегенде барып, бақырақ дауысты әйел сөзін аяқтады-ау.
Байқап тұрмыз, ұзын-сонар, іліп алар ештеңесі жоқ, орынсыз айтылған шалажансар әңгіме-лекцияға тек біздер ғана емес, залдағы есті қонақтар да жақтырмаған сынай танытты. Соның айқын белгісі ретінде шаршаған жұрт, «ну наконец-то» деп, шу ете түсті. Ешкім «шешенге» қол шапалақтаған жоқ.
Бажа сөзін қысқа қайырды да микрофонды әйеліне ұстата салды. Түр-түсінен реніш байқалып тұр. Ал, жүрегі қобалжыған апаймыз, тілегін бір-екі ауыз сөзбен ғана бітірді. Біздің жақтан тағы бір адам сөйледі. Енді кезек маған келді.
- Құрметті той қонақтары мен құдалар! Қадірлі жастар! Тойдың соңы болғандықтан, маған, көп сөйлеуге болмайтын шығар деп ойлаймын. Іштеріңізде үйге қайтуға асығып отырғандарыңыз да бар. Сондықтан да, қысқаша сөйлегенім дұрыс болар еді. Бірақ, жаңа ғана біздің адресімізге арнап лекция оқыған, жер тарпып, екілене сөйлеген ақын-жазушы Шолтыбаева құдағиға жауап қатпасам, «бұлардың айтарлары жоқ екен» деп ойлап қалуларыңыз мүмкін.
Сондықтан бір-екі ауыз сөз айтуға тиістімін.
Құрметті, лектор-құдағи! Құрметті лекцияға тапсырыс берген құда!
Алғашқы тілегімді сіздерге арнағанды жөн көріп тұрмын. Атамыз қазақ «Құрғақ қасық ауыз жыртады» дейді. Тойға жұрт лекция тыңдауға емес, қызыққа, қуанышқа ортақ болуға, би билеп, ән салуға, ықылас-лебіздері мен ақ тілектерін ағытуға, бата беруге, той-тойлауға келеді. Бізде сондай ниетпен келдік осы тойға. Бізге, құданың төрт совхоздың директоры, ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аупарткомның бюро мүшесі болғаны, жиырма генералмен дос болғаны емес, оның ақылды, мыңжылдық құда болғаны маңызды. Лекция дегеніңіз - аудиторияларда, оқу орындарында, ғылыми конференцияларда оқылады. Жаңағы, біз еріксіз тыңдаған Шолтыбаеваның лекциясы бос сөз, құр уақыт алу ғана болды. Оның орынына әсем әндер мен тәтті күйлер орындалса мың есе дұрыс болар еді. Жалпы адамгершілік, әділдік, достық, туыстық тұрғыдан алғанда ру мен рудың, жер мен жердің, ел мен елдің, тау мен таудың, өзен мен өзеннің, көл мен көлдің бірінен бірінің артықшылығы болмайды. Олар бірдей. Оларды Алла Тағала жаратқан, бізге сыйлаған баға жетпес байлықтарымыз. Біз бәрінен артықпыз деп, той үстінде көңілге кірбің түсіретін - кеуде қағу, менің түсінігімде астамшылық, ақымақтық болып саналады. Ондай жағдайда біздің де ауыз толтырып айтарымыз бар.
Көк аспандағы күн қайдан шықса, тіршілік, өмір бірінші болып сол өңірден бастау алады. Өр Алтай, Асқар Алтай, Асқан Алтай, Асау Ертіс, Ерке Ертіс өркениеттің бастау алған жері, түркі қағанатының алтын бесігі емес пе?. Қарт Алтай - барлық елге пана болған, ұлттың ырысы мен берекесі емес пе? Көне Алтайдан Шыңғыс, Тоныкөк, Күлтегін, Найман қаһандар, Кетбұқа, Қабанбай батыр бастаған барлық батырлар мен билер, Шығыстан Абай бастаған ғұламалар шыққан. 740 жылы Найман қаһанның атты әскері қытайлардан қазақтың жерін азат еткен. Тіпті Жоңғарлардан қазақтың шекарасын алғашқы болып қорғаған да наймандар емес пе? Өйткені олар өмір бойы соғысып келеді. Оңтүстікті хиуалықтар мен қоқандықтар басып алғанда, дер кезінде көмекке келгендер де алтайлықтар болатын. Айта берсем әңгіме көп, лектор құдағи мен оған тапсырыс берген құдамыз . Так что, ең мықты жермен, ең мықты румен құда болып жатырсыз. Құтты болсын! Айтпаса сөздің атасы өледі деген ғой. Қазақ қашанда құдасын құдайдай сыйлап, төрге отырғызып, төбесіне көтерген. Ол халқымыздың көрегендігі мен кемеңгерлігі. Тойға келмеген оншақты адамдардың атынан тосты көтерту, ал, жаңа құдаларды елемеу дұрыс болмады. Сол «мертвый» тостарыңыз қаншама уақытты ысырап етті. Ал, қызметке келсек , біз де құр алақан емеспіз.Қасыңызда отырған екі генералмен, ол кезде олар полковник, подполковниктер болатын, Елбасының қатысуымен осы жаңа Астанада талай шаралар өткізіп едік. (Офицерлер менің сөзімді мұқият тыңдап отырған екен. Орындарынан атып тұрды. Олармен бірге жұбайлары мен басқада той қонақтары бірге түрегелді.)
Құрметті той қонақтары! Жастар бақытты болсын ! Той-тойға ұлассын!». Мен осылай деп тілек сөзімді аяқтадым.
Тойдың атмосферасы күрт өзгерді. Бүкіл қонақтар бізді келіп құттықтауда. Орынымызға келіп отырдық. Дастарханымыз жаңартылған. Құдағи қасымызға екі генералды жұбайларымен әкеліп отырғызды. Асаба да өзгеріп салды. Той біткенше, жаңа құдалардың құрметіне деген сөздер оның ауызынан бір түспеді. Біздің жүзімізге күлкі үйірілді.
- Есер құдаға, есемізді жібермеген Азаматым-ай, қайда жүрсеңде аман бол, - деп бажам алғысын білдірді.
Қазақтың тойы - халқымыздың қазына-берекесі. Құдай тойдан айырмасын! Ұлдарымыз ат жалын тартып мініп, Отан алдындағы әскери міндеттерін абыроймен атқарып, институт бітіріп 25 жасқа дейін үйленуге тиісті, ал , қыздарымыз бойжетіп, білім алып, 25 жасқа дейін тұрмыс құрғандары дұрыс болады деп санаймын. Олар міндетті түрде қазақтың жігіттеріне күйеуге шығулары керек.
Той-тойға ұлассын!
2017 жылдың 13-ші шілдесі. «Отаутүскен» ауылы
Abai.kz