Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 8308 2 пікір 17 Шілде, 2017 сағат 10:26

Бақа

(Тәмсіл ізімен)

Жаңбыр суы шайып, ернеуі құлай бастаған ескі құдық түбінде бақалар өмір сүретін. Өсіп, өніп әжептеуір көбейген. Бұрын қайда жасап, қайдан келгені туралы іштерінде аңыз-әпсаналар көп айтылады. «Ғажайып әппақ құс осы құдыққа кеп құлап, со бейшара кейін бақаға айналыпты» делінетін көп айтылатын бір аңыздарында. «Аталарымыз қатты қабыршақты алып кесерткелер болған деседі. Негізі текті жәндікпіз», – деп тағы бір әпсаналарын бастағанда бір-біріне есе бермей бақылдап, дауыстарынан ескі құдық шайқалатын.

«Сол алып аталарымыздың бірінің түсінде кейінгі ұрпақтары – біз бақа боп көрініппіз. Аянының айнымай келгенін көрмейсің бе!» – деп іштерінде өздерін қор санайтындары да жиі кездесетін. Бірақ тәубесі мен шүкірі алып аталарын тез ұмыттырып, дағдылы әуендеріне басатын.

Зеңгір көкті шарлап, қанаты талып, шөл қысқан торғай ескі құдықтың аузына келіп қонды.

– Уһ! Мына шетсіз, шексіз кеңістікті кезем деп әбден қалжырадым. Таңдай жібітіп алмаққа бұрылған бетім осы. Есен-саусыздар ма, бек құрметті бақалар! – деп торғай құдық ернеуіне қонар-қонбастан самбырлап сайрай жөнелді.

Жоғарыдан топырақ саулай-саулай құдық түбіндегі су түсін өзгерткен. Балшыққа бастарын тығып, мәужіреген бақалар бастарын жұлып-жұлып алып, торғайға таң-тамаша болып қараса қалды. Іштерінде бұжыр-бұжыр терісі қалыңдап, қатая бастаған егделеу бақаның үрейі ұшып, үнсіздікті ұзартпады.

– Ей, нақұрыс, торғай! Бізді көзі соқыр, көкірегі бітеу деймісің! Менің аталарым, мына мен, ұрпақтарым көзін ашқалы осы алақандай аспанның астындамыз. Құдықтың аузындай ғана аспанды әлдеқандай қып, не көкіп тұрсың! Суыңды іш те, жайыңа кет. Әлде берекесі ұйыған менің әулетімнің «аспан андай екен, аспан мындай екен» деп жақ-жақ болып қырқысып, қырылысқанын қалаймысың!

– Уай, жалпақ бас, тарбақ танау! Не тантып кеттің! Мен айтсам, көргенмді айттым. Сенің үрім-бұтағың көрген аспан алақандай екен деп, көктің жиегі тарылмайды. Ішпегенім сенің шалшық суың болсын, – деп торғай жазықсыз сөз естігеніне ашуланып, ұша жөнелді.

– Уа, менің әулетім! Сырттан кеп осындай арамызға жік салғысы келетін күштердің арандатуына ермеңдер. Ана торғай деген бәленің шынашақтай болып ап ел арасына іріткі салғысы келгенін көрмейсіңдер ме! Аспан жайлы айтып, адаспаңдар. Береке-бірлігіміз мықты болса, аз жылда бүкіл қанаты бар мақұлық жалынып, жалбарынып осы құдықтан су ішетін болады әлі, – деп егде бақа бұжыр-бұжыр жауырынын қозғап-қозғап қойып, басын қайта батпаққа батырды.

Құдық түбіде күбір-сыбыр көбейді. Әр жерде топтасып, толқыған бақалардың әуені әрқилы. Егде бақаның қалған өмірі уайым-қайғысыз өтсін деп, қасиетті кітаптардағы өсиеттерді бұрмалап жеткізуші бақалар да көбейді.

– Бақырдай бастарына баданадай көз біткен, құрметті бақалар! – деп сөз бастады уағызшы бақа бір жолғы басқосуда. – Байқауымша өткендегі сұмырай торғайдың сөзіне еріп, сыртқа шыққысы келетіндер көбейген секілді арамызда. Осы күнге жете алмай жүрген қаншама құрт-құмырысқалар бар төңірегімізде. Жәндік деген тәубешіл болуы керек. Бұл торғай тектілердің істемеген сұмдығы жоқ, бұлар бізді қойып, дәу-дәу, алып пілдердің өзін аспаннан тас жауғызып, топалаңын шығарып, тоздырып жіберген (Құрандағы «Фил» сүресін айтады). Оның қасында біз неге тұрамыз, тәйірі! – деп күңіреніп, күйзеліп барып сөзін бітіргенде бақа баласының біразы көзіне ыстық жас алды. Бұған дейін жауыз пілдер туралы қалыпасқан түсініктері төңкеріліп шыға келді. «Ол жерде құстар емес, пілдер еді ғой қиратқыш қиянпұрыстар. Бұ не боп кетті?» деген бірен-саран бақаның жанайқайына құлақ асқан көп ешкім де болмады. Уағызшы топастау болғанымен, құдайдың берген бағы, қатты шешен еді. Көп бақа маңайына айналып, үйірілді. Әр тұстан: «Сыртқы күштердің берекемізді бұзуына жол бермейміз!» – деген ащы айқайлар естіліп жатты...

«Ертеректе осы құдықтың суы мол, мөп-мөлдір, тап-таза кезінде үлкенді-кішілі небір шелектер түсуші еді, қазір ешкім су алмайтын болған ба?!» – деп ойлады жас бақа жоғарыға қарап. Құдықтан өрмелеп шығып кетуге жас бақа тырысып-ақ баққан, бірақ қайран болмады. Кейде құдықтың біраз жеріне дейін өрмелеп барып қалса, аяғынан тартып құлатып жіберетін бақалар да көп. Кейде әл-дәрмені құрып, өзі құлайды. Сонда да күн сайын құлшынып, қажыр-қайрат көрсетуден қайтпады. Бүгін де сол әдетінше талпыныс жасап көріп, мысы құрып отырған. Кенет көзі құдық төбіне салбырап түскен алтын жіпке түсті. Алтын жіпке асыла кетті. Алтын жіп оны құдықтың құлағалы тұрған ернеуінен әрі қарай алып шығып, топ еткізіп тастай салды. Төңіректі түннің қою қараңғылығы бүркеп, қуалай соққан қоңыр желмен шөптің бастары баяу тербеледі. Жас бақа жұлдызы самсаған аспан әлеміне қызыға көз тастап, аңырып тұрып қалды. Өмірі жерге жабысып жүретін омыртқасы көкке тік шаншылып, жанын шырқыратып жіберді. Көп өтпей сиқырлы сазды құшты, хәл тапты. Болмысындағы жарылысты сезген жас бақа күндегі әуеніне басып, бақылдай жөнелмекші еді, өз дауысына өзі аң-таң қалды. Үні бұлбұлша құйқылжиды.

Жел тынып, тымық түн мүлгіді. Құдық түбіндегі бақалар да шалшық судан бастарын-жұлып-жұлып ап, ғажайып әуенге елітіп, естері кетті. Саналарына тобықтай торғай тектінің үнін естіп тұрғаны жеткенде, баяғы бақылдаған дыбыстарын шығарып, шалшық суға қайта сүңгіді.

Ырысбек ДӘБЕЙ

Facebook-тегі парақшасынан

Сурет: Кобо Абэнің "Құм құрсауындағы әйел" романының киносынан

 

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610