«Астана ЭКСПО-2017» көрмесі: Өзбектер озық тұр
Күн сайын мыңдаған адам тамашалауға асығатын «Астана ЭКСПО- 2017» көрмесі келушілерге көпке дейін естен кетпес айрықша әсер қалдыруда. Миллионнан асып түскен келушілер, күніне жиырма мыңға жуық қонақ. Әр күн отыздан астам көрме аясындағы іс-шаралар мен концерттер.
«Астана ЭКСПО-2017» тек сандар мен көлемімен ғана емес, сонымен қатар энергиялық тиімділік турасында өтетін маңызды әлем ғалымдарының басын қосқан үлкен алаңға айналды.
Мәселен, бес мың шаршы метрді алып жатқан архитектуралық символға айналған Көрме кешенінің орталық нысаны «Нұр Әлем» диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метр құрайтын әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат.
Келушілер Қазақстанның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, көрікті жерлері, сонымен қатар елдің жетістіктерімен таныса алатындай, ғимараттың 1 қабатында Қазақстанның павильоны орналасқан. Нұр Әлем қарапайым мұражайдан артық, ол Көрме өткеннен кейін өз бетінше инновациялық хаб әрі манызды зерттеу және мәдени орталыққа айналмақ. Ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетика - қуат көздерінің негізгі түрлері көрсетілетін, Болашақ мұражайының 2-8 қабаттарында орналасқан экспозициялық кеңістіктерді қабылдау мүмкіндігі сандық, мультимедиялық және интерактивті технологиялар арқасында нығая түскен. Ғимарат үстіндегі шолу алаңына лифт арқылы көтеріліп, бүкіл ЭКСПО ауданына ашылатын әдемі көріністі тамашалауға болады. Болашақтың қаласы мен Жасыл экономика концепциясы негізінде ұсынылған жобалар көптің көзайымына айналған.
Ал Ресей павильоны толығымен Арктика тақырыбна негізделген. Оның энергетикасы мен транспорттық әлеуетін пайдалануға арналған. Астананың осы бір ыстық күндерінде көрмеге келушілердің дені асыға тамашалайтын павильондардың бірі де осы.
Технологиядан гөрі мәдениет пен руханилыққа негізделген көрме залдарының бірі- Ватикан павильоны. Қараңғыланған бөлмелер, қара қабырғалар, табиғат бейнеленген картиналарға толы павильон көрме қонақтарын айрықша әсерге бөлеуде.
Көрмеге қатысушы 115 мемлекеттің әрқайсысы төл мәдениеті, тарихына негіздеп болашақ энергиясын көрсетуге тырысқан.
Мәселен, Өзбекстан павильонының менеджері Умида Хошимова өз елінің павильоны несімен ерекшеленетінін айтып берді: « 2030 жылы бүкіл әлемде энергия пайдалану 50% -ға артпақ. Энергетикалық ресурстар таусылып, адамзат жаңа энергия көздерін іздеуде. Бұл тұрғыда Өзбекстан да ізденіс үстінде. Баламалы энегия көздерінің әлеуетін пайдалану біз үшін де маңызды. Павильонымызда арнайы ақпараттық табло орналасқан. Одан еліміздегі баламалы энергия түрлері туралы толық мағлұмат ала аласыз».
1350 шаршы метр аумақты алып жатқан Өзбекстан павильонында негізінен инновациялық жобалар ұсынылған. Көрмеге келушілердің көңілінен шыққаны, әсіресе, Ташкенттегі Турин политехникалық университетінің базасында жасалған автомобиль. Күннен қуат алатын көлік төрт сағат ішінде зарядталып, 700 шақырымға дейін жетеді екен. Аталмыш автокөлікті 2030 жылдан бастап шығармақ.
«Өзбекстанның болашақ энергиясы – ол жастары. Бүгінде өзбек жастары биомеханика, баламалы энергетика, машина жасаудағы алдыңғы қатарлы технологияларды пайдаланып, оған өз үлестерін қосуда»- дейді өзбек көрмесін ұйымдастырушыладың бірі.
Бұл павильондағы халық көп шоғырланған «Артель» компаниясының смартфоны орналасқан жер болды. Смарт ерекшелігі оның инновациялығында, яғни ол механикалық сағат принципімен қозғалыстан зарядталады.
Екі қабаттан тұратын Өзбекстан павильонының екінші қабаты өзбек халқының мәдениетімен жақынырақ таныса түскісі келетіндерге арналған. Жалпы үшке бөлінген залдардың алғашқысы іскерлік бағытқа арналса,яғни ұлттық көлік компаниясы ұсынған жобаларға,ал келесі көрме залы бұл елдің туристік әлеуетінен хабардар етеді.
Әлбетте, «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі қазақстандықтар үшін жауапты шара. Инновация мен қатар озық дәстүрі қоса жүретін, заманауи білім беру мен табыс әкелетін ғылыми жобалар,экология мен адами капитал. Міне, осылар-болашақ энергиясы.
Зарина Әділбек
Abai.kz