Жүрегімен қалаған мамандықты оқытыңыздаршы...
Университетте сабақ беріп жүрген ұстаз ретінде "Алтын белгі" иегерлері туралы бірауыз пікір айтайын. Грантты иеленген сол АБ-лердің көпшілігі ертең аудиторияда мыңқиып отырады. Керісінше, грантқа бір-екі балы жетпей қалған, "әке-шешесінің грантында оқитындар" өте зерек, мықты оқиды.
Сондықтан АБ-ге шын таланттарды іріктеп, оған талапты күшейту қажет. Ертең университетте де ұятқа қалмауы керек екенін ата-аналар да түсінуі тиіс.
Грантқа түссе болды деп сапасыз мамандарды қаптатудың қажеті жоқ.
Сосын қазіргі талапкерлерге мамандықты ата-анасы таңдап беретінін көріп жүрміз. "Осыған тапсыра салшы, грант көп", - деген ата-ананы көп көресің. Сондағы мақсат не? Диплом ба? Баланың болашағына балта шабу бұл.
Жүрегімен қаламаған мамандықтан мықты маман болмайды. Сабағына да салғырт қарайды. Бір семестрден кейін стипендиядан айырылады. Жазғы семестрге қалады. Амал жоқ жұмыс істейді. Көбіне ата-анасына айтпайды. Сосын сабақта қалғып-шұлғиды. Тағы сол үлгермейді. Ата-анасы риза грантта оқиды деп. Көзбояушылық. Кім-кімді алдаусыратып жүргенін түсінбейсің.
Сондықтан ақылы оқытсаңыз да баланы жүрегімен қалаған мамандықты оқытыңыздаршы дегім келеді.
Әйгерім Әлімжан
Facebook-тегі парақшасынан