Өзбекстан азаматы "Тәжікстанның тыңшысы" болды деген айыппен 10,5 жылға сотталды
Өзбекстанның әскери соты 36 жастағы Алена Кимді Тәжікстанның пайдасына тыңшылық жасады деген айыппен 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған. 12 шілдеде шыққан үкім жайында Алена Кимнің туыстары мен адвокаты Азаттықтың өзбек қызметіне хабарлады.
Адвокат Надежда Пактың сөздерінше, Алена Кимді Өзбекстан Қылмыстық кодексінің "Мемлекетке сатқындық жасады" деген бабы бойынша соттаған. Сот отырысы мемлекеттік құпия болып саналатындықтан, сот шешімінің көшірмесі адвокатына не туыстарына берілмеген.
Алена Кимнің әпкесі Виктория Сұлтанмұрадова өзбек билігі сіңлісін бірнеше жылдар бойы Тәжікстанда жұмыс істегені үшін ғана соттап отыр дейді.
Адвокат Надежда Пактың айтуынша, Алена Ким бірнеше жыл бұрын Өзбекстан ІІМ әскери күзетінде жұмыс істеген. Бірақ қиын жылдары құрбысы Зуля Халимовамен бірге көрші Тәжікстанға кеткен. 2004-2005 жылдар аралығында Худжанд қаласындағы «Очил» мейрамханасында даяшы болып жұмыс істеген. Кейін еліне оралған Алена құқық қорғау органдары тарапынан күдікке ілінген. Былтыр оның құрбысы Зуля Халимова ұсталған кезде, одан Алена Кимнің суретін тапқан.
"Тергеу кезінде Зуля Халимова менің сіңліме қарсы куәлік берген. Халимованы да тыңшылық жасады деген айыппен 12 жылға соттады", – дейді Виктория Сұлтанмұрадова.
Алена Ким екі баланың анасы.
Abai.kz