Әбдікәрімнен басталған түзету Тұрмағамбет, Асқармен жалғаспай ма?
Жалағаш ауданы Мақпалкөл ауылындағы ақын, журналист, қоғам қайраткері Әбдікәрім Оңалбаев атындағы көшеден оның есімі алынып, орнына Қазақстан ауылшаруашылығына еңбек сіңірген қайраткер, Ленин орденінің иегері Мақсұт Нұрылдаевтің есімі берілгелі бері ел іші екіге бөлініп отыр.
Ауыл болған жерде екі үш рудың болатыны белгілі және әр ру өз мықтыларын мақтап, әспеттеуге әуес. Алайда, Әбдікәрім Оңалбаевтың есімін алып тастады деп назданғандар «бұл жерге ру мәселесін қоспаңыздар» деді. Біздің де бұл мәселені естісімізбен баруымыздың астарында рулық мәселе жоқ болатын. Бар мақсатымыз алаш ардақтаған, Сырдың сырбаз ұлы Әбдікәрім Оңалбаевтың есімін көшеден өшірудің сырын білу болатын.
Себебі, Әбдікәрім десе, кешегі қазақ зиялысы, қалам ұстаған тұлғалары, ойы озық тұлпарлары еске түсіп, әдебиетіміз бен мәдениетіміз жадымызда жаңғырады. Қара сөздің қаймағын қалқып, қара өлеңнің көркін басып, руханиятқа қанат бітірген рухты ердің жоқтаушысы болмау бізге жараспас еді.
Қасиетті ауылға табан тіресімізбен, әуелі көңілі көпті елмен жолығыстық, қос заңғар туралы пікірін білдік. «Е, Әбдікәрім жайлы сөз сұрадың ба?» деп ағыла кеткен Мақпалкөлдік ақсақалдар әріден сөз қозғады. Мақсұт Нұрылдаевтың да марқасқалығын, ауылдың дамуына өлшеусіз үлес қосқанын тілге тиек етті. Сол мекеннің қалыптасуына маңдай терін төгіп, қанша жыл аграном, совхоз директоры болған Мақсұттай ерлердің ерен еңбегі ешқашан елдің жадынан өшпейтінін айтты. Алайда, "бір тауды ортамызға алып келу үшін бір тауды құлатудың қажеті жоқ еді" десті көнекөздер. Ал, заңымыз болса бұл пікірді ескергісі келмейтіндей.
Себебі, Заңымыздағы «Ономастика жұмысының критерийлері» деген бөлігінде «Бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру» деп көрсетілген. Яғни, бір әкімшілік-аумақтың шегінде бір нысанға тұлғаның аты берілсе, екінші рет көшеге, саябақққа тағы сондай өзге де бірліктерге оның есімі қайталап берілмейді. Бұл 2014 жылы заңға енгізілген өзгерту болатын. Осы өзгертуге сай Ә. Оңалбаевтың есімі сол ауылдағы мектепте болғандықтан, көшеден алынып тасталған. Демек, бұл жерде ешқандай заңбұзушылық жоқ.
Десек те, осы заңымызда «Әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеруді жергілікті атқарушы органдар жүргізеді» делінген. Ауыл әкімі Бауыржан Тұңғышбев болса, бұл талап та тас түйін орындалды деп отыр. Яғни, «2014 жылы Әбдікәрім Оңалбаевтың аты көшесінен алынып, орнына Мақсұт Нұрылдаевтің есімі берілген кезде ауыл ақсақалдары бір ауыздан қолдады, ешқандай ың-шың болған жоқ» деп түсіндірді. Ал, ауыл ақсақалдары болса, бұл өзгерістен кезінде мүлдем бейхабар болдық деп отыр. Солардың бірі Бақытбек Төреханов:
- Әбдікәрім Оңалбаев, ол бір ауылдың ғана адамы емес, қазақтың маңдайына біткен тұлғасы. Сондықтан, оның атындағы көшені алып тастау қазақ зиялы қауымына, әдебиетіне жасалған қиянат деп білемін. Көшеден атын алып тастар кезде ешкіммен ақылдаспады, бізден сұраған жоқ. Әйтеуір, бір күні көше атауы өзгеріпті деген хабарды естідік. Оның атында мектеп те, көше де тіпті тағы өзге нысан болса да артық емес ғой. Сондықтан, Мақсұт Нұрылдаев секілді тұлғаға өзге көшені бергені жөн еді. Енді мынау, қос тұлпардың ортасына сызат түсіріп алып отырмыз. Барлығы заңды дейді, бірақ Әбдікәрімдей тұлғаның есімін көп көру адами заңдылыққа сыймайды. Бір ауылда бір тұлғаның есімі екі-үш жерде болса елді жалықтырады дейді екен. Басқасы басқа, біз осылай кете берсек шайырларымыз бен сүлейлерімізден жалығады екенбіз-ау. Бір күні Абайдан да жалығамыз демесе болғаны. Ерлер есін жинау керек.
Қуанышбай Доңбаев, ауыл ақсақалы:
- Біз көшені ауыстырғанын білмей қалдық. Бұдан менің еш хабарым жоқ. Мақсұт Нұрылдаевтің атынан көше беріп, мүсінін ортамызға әкелгеніне қуаныштымыз, алайда Ә. Оңалбаевты ысырып тастап, орнына қоюы ардың ісі емес. Мұны ел естісе біз ұятқа қалмаймыз ба? Бір Әбдікәрімге екі атау беру соншалықты неге артық? Барлығы заңды екен, алайда руханиятымызды шектеу бұл. Ал, М. Нұрылдаевқа бұл ауылға алтыннан мүсін орнатса да артық болмайды.
Тілеміс Бектаев, ақсақалдар қоғамдастығының мүшесі:
- Бұл мәселені мен білмеймін. Өздері айтып, өздері шешіп, өздері қойды ғой әйтеуір. Мүмкін, тамыры жуан іс шығар бұл. Өз басым бір парақ та көргенім жоқ. Бірақ, барлығын қоғамдастық қолдады деп отыр. Мақсұт Нұрылдаевтің атынан көше бергені дұрыс емес деп отырған жоқпын, берсін, ол да елге қызмет еткен жан. Бірақ, Оңалбаевтың аты мектепте бар деп көшеден алып тастау еш әдептілікке сыймайды.
Білесіз бе, Әбдікәрім Оңалбаев кім еді? Ол, қазақтың маңдайына біткен жүйрігі еді ғой. Кешегі Шораяқтың Омары:
Сарыбай Сәдір, Әзілкеш-
Және-дағы би Бекіш
Тап салмаған таусылып,
Сағасы терең арналар, -деп жырлаған Әзілкештің туымды тұқымы емес пе.
Әбдікәрімнің аты бүкіл ұрпаққа үлгі. Бір ауылда бір адамға екі атау бермеу жөніндегі Заң талабы дұрыс-ақ, алайда, тұлғалардың өзін санатқа бөлу керек шығар. Осылайша ауыл ақсақалдары рулық мәселеде емес, тұлғалық деңгейлік тұрғыда сөз қозғады. Өз ойларын айта келіп, «Біз екі от, екі алыптың ортасында қалдық-ау» деп те қысылды. Өйткені, Ә. Оңалбаевтың көшесінің орнына берілген Мақсұт Нұрылдаев та біздің мақтанышымыз десті. Сондықтан, не былай, не олай дей алмаймыз деп күрсінді. Мейлі, ауыл ақсақалдарының жартысы келіскен шығар, ел айтпақшы өздерімен өздері шешіп, азғантай ғана топтың ұсынысымен өтіп кеткен болар. Қалай болса да, барлығы заңды. Тек біз рухани жаңғыруымыз үшін руханиятқа қызмет еткен тұлғаларды Елбасы айтқандай әспеттеуіміз керек. Бұны ең бірінші шығармашылық адамдардың өзіне тапсырды. Өйткені, қазақ пен ақын егіз ұғым, басты код еді.
Ал, осы мәселеде аудандағы шығармашылық өкілдері неге үнсіз қалған? Бұл сауалдың жауабын арнайылап аудандағы «Жалағаш жаршысы» редакциясына барғанда да таба алмадық. Барлығы заңды екені ақиқат, бірақ, басқасы басқа, шығармашылық ортаның шырыл үні естілмеді.
Бір қызығы Ономастика туралы Заңда «жеке адамның есімімен аталған, ол берілген (өзгертілген) күннен бастап кемінде он жыл өткен соң берілген есімді қайта атау, оны өзгерту» деп көрсетілген. Ал, Әбдікәрім Оңалбаев атындағы көше бұрыннан аталып келе жатқанымен, құжат жөнінде 2011 жылы 2 маусымы күні бекітілген дейді ауыл әкімі. Демек, көшеге есімінің берілгеніне он жыл толған жоқ қой. Олай болса, заңбұзушылыққа жатады ма, жоқ па? Ол жағын аудандық Заңдылықты қадағалаушылар зерттей жатар.
Сен кеше меніменен елде өскенсің,
Жантақ, шеңгел, жыңғылды жерде өскенсің.
Алысып шаңдақта да аунап бірге,
Күресте ерегісіп селдескенсің, - деп жырлаған иісі қазақтың Әбдікәрімдей ақынымен маңдай терін сорғалатып жүріп ауыл іргесін көтерген еңбек ерін егестіруден, салыстырудан аулақпыз. Алайда, Әбдікәрімдей ұл Сырда санаулы емес пе? Ол баябан шөлден шығып «Әдебиет майданы» журналына дейін барып қызмет еткен ер еді. Кешегі қазақтың жарық жұлдызы Ғабиден Мұстафинмен, сәйгүлігіміз Сафуан Шәймерденовпен және сол замандағы зиялы қауым өкілдерімен иық теңестіріп жүрді, туған ауылының да туын биік көтерді. Шайырларды насихаттады, жырауларды жырлады. Әдебиет пен мәдениетімізде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Иә, мұндай ұл ғасырына бір туады емес пе?
Жақсының аты өлмейді, дананың хаты өлмейді деген қазақ «ай ортақ, күн ортақ, ақиқатты жырлаған ақын ортақ» демеп пе еді? Егер солай болмаса «Абай – әлемнің Абайы» бола ма, «Тұрмағамбет төрткүл дүние Тұрмағамбеті» атана ма? Ақын адамзаттың ортақ тұлғасы болмаса жер жүзі Гетенің сөзін жаттап, Пушкиннің туындысы ғалам шарлай ма, Фердоусидің жазбасы бар әлемді баса ма? Біз тұрмақ ақынның орнын құранда да көрсеткен. Құранның «Шұғара», яғни «Ақындар» деп аталатын сүресінде: «Ақындарға азғындар ереді… Бірақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер басқа», –деді. Сыр шайырлары басқасынан еді ғой. Ал, Ә.Оңалбаев сол сүлейлердің сынығы болатын.
Сондықтан, ақын мен ғалымды бір ауылдікі, бір аудандікі не бір ұлттың ұлы деп қарамауымыз керек. Олай болса, адамзаттың бағына туатын ақынның атын қанша жерде атасақ та, оған ел болып ғашық болсақ та артық емес. Оны белгілі ақын Мұхтар Шаханов «Әке Үкімі» атты туындысында былай жеткізгенді.
Махамбетті өлтіруге тапсырыс берген Баймағамбет сұлтанның тапсырмасын орындап, алтын зерлі ішік алып келген ұлына:
Әттең біздің сор маңдайлы Жайықта
Ерлер аз ғой бара алатын байыпқа.
Тым кеш ұқтым,
Махамбеттей батырға
Бүкіл қазақ ғашық болса айып па?!, - деп азаланбап па еді? Иә, қазақта «Батыр ақын болуы міндетті емес, ал ақын батыр болуы керек» деген сөз бар. Сол батырлықты Сырдың Абайы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің бойынан байқап жүрген жоқ па едік? Егер осы ақынымызға бүгін араша түсіп, атын қорғай алмасақ, Заң талабы бойынша ертең өзгеге қол салмасына кім кепіл? Мәселен, Тұрмағамбет ақынның атында ауыл бар, № 29 мектеп бар және ауылы ортасында саябақ тұр. «Бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру» деген Заңымызға сүйеніп көше мен саябақ атын алып тастаса не болмақ? Сол сияқты А. Тоқмағамбет ауылында да ақынның атына көше мен ауыл берілген. Мәдениет ауылында І. Қабыловтың есімімен көше де, мектеп те аталады.
Ал, облыстық ішкі саясат басқармасы, Ономастика және көрнекі ақпаратты бақылау бөлімі басшысы Алтынгүл Әбжәлиева бір ауылда бір тұлғаға берілген екі атаулармен алдағы уақытта жұмыс жасаймыз деп отыр.
Еліміздің Заңы орындалуға міндетті, алайда тұлғалардың өзін ел айтқандай санатқа бөлу керек шығар. Ойлануы керек, жоғарыдағылар талқылауы шарт. Бұл, ұлт үшін, ұрпақ үшін. Болмаса:
Қызықпаймын ербеңге,
Мансап қуған жан емен.
Жалындаған кеудеме,
Жан азығы бар өлең, - деп ақын Әбдікәрім жырлағандай ақындардың өздері тіріліп келсе де «Ербеңге» қызықпас, бірақ біздің мәдени деңгейіміз, адами парызымызға сын бұл. Қай бетімізбен ақталар едік? Әбдікәрімнен басталған бұл түзету Тұрмағамбет, Асқарлармен жалғасып кете беруі мүмкін. Өйткені, Заң орындалуымен ғана құнды.
Сәкен АЛДАШБАЕВ
Abai.kz