Жұма, 22 Қараша 2024
«Соқыр» Фемида 6597 2 пікір 12 Қыркүйек, 2017 сағат 07:16

Судья Қайыров қазақ тілін неге қорлайды?

?????????????????????????????????????????????????????????

Мемлекеттік қызметкерлердің сұрауы жоқ па?

Қазіргі кезде елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес қызу жүруде. Күніне бір емес, бірнеше шенеунік пара алып, бюджет қаржысын талан-таражға салып, қызмет бабын асыра пайдаланып т.б.т.т. ұсталып, қамалып, сотталып жатады. Оған соңғы кезде бойымыз да, етіміз де үйрене бастағандай. Әдетте қоғам назары министр, облыс әкімі сияқты аса жоғары лауазым иелері мен қоғам қайраткерлерінің, есімі елге белгілі адамдардың істеріне ерекше аударылады да (С.Ахметов, Т.Жаманқұлов т.б.), ал қатардағы жәй қызметкерлердің ісіне ешкім ерекше мән бере қоймайды. Ал, олардың арасында мүлдем заңсыз істі болып немесе қосақ арасында кетіп жатқандар қаншама десеңізші?! Оған күнделікті қызметіміз барысында өзіміз, адвокат ретінде, талай мәрте куә болып та жүрміз. Қоғамды былай қояйық, қазір істі қарайтын судьялар да сыбайлас жемқорлық бабымен келген істерге бастарын ауыртуды қойған. Алдарына келе ме, кінәсі дәлелденсін, дәлелденбесін соттап жібереді де қарап отырады. Артынан біз осыншама жемқорды құрттық деп есеп береді, кей адамдар соған қарап елімізде жемқорлықпен шынымен күрес жүріп жатыр дегенге сенеді...
Бүгіннен бастап, мен өз басым тікелей куәсі болған істер бойынша қоғам алдында қолымдағы бар ақпаратпен бөлісіп отыруға бел будым. Мақсатым – қазақтілді ортада көп ешкім көтере бермейтін осы тақырыпта қоғамдық пікір қалыптастыру. Себебі, сотталып жатқан негізінен өзіміздің қара көздер. Ал, орыстілді ортада мүлдем басқаша, әрбір істі журналистер де, блогерлер де заңгерден бетер талдап, талқылап жатады. Заң саласындағы форумдардың бәріде орыстілді ортада. Біздің ортадағы әңгіме шамамен «Е-е, ұсталса бірдеңе бүлдірген ғой, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген бағытта өрбиді де қояды. Ал, осында отырған қаншамыздың танысымыз, туысымыз, аралас-құраласымыз сол мемқызметте жүр. Ертең олардың басына осындай күн туса не істемексіз?
Менің қазіргі қорғауымдағы азамат Шарипов Ермек – Қорғаныс Министрлігінің қызметкері. Әскери сот Үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылып отыр. Адам өлтірген жоқ, шенеунік болып, жемқор болып байлығы басынан асып төгіліп жатқан жоқ, ондаған жылғы қызметі үшін күні кеше ғана баспаналы болды, жатақханадан пәтер берілді, одан басқа байлықтан тоқсан бірдеңесінші жылғы Тойота маркалы ескі автокөлігі ғана бар, болды. Сот Үкіміне сәйкес пара алғаны үшін сотталып отыр, алайда алып ұсталған басқа адам, ол адам да, берген адам да Шариповке қатысты ешқандай қарсы жауап айтпаған. Өзі түнде алаңсыз ұйқыда жатқан жерінен қамалған, содан тергеу абақтысында отыр әлі. Тергеу органдары Шариповтың артынан алты ай жасырын бақылау қояды (АТТА орысшасы СОРМ - специальная оперативная розыскная мероприятия), яғни артынан аңдиды, телефоны тыңдалады т.б т.т. Алайда, ол ешқандай нәтиже бермейді. Жауапталған 72 куәнің бірде бірі Шариповке қарсы істің шетін көрсетпейді. Соған қарамастан Шарипов он жылға сотталып отыр, сот Үкімін оқысаң нақты кімнен қанша ақша алғаны немесе алмақшы болғаны да түсініксіз. Шариповке қатысты бөлігінде ол алған немесе алмақшы болған параның көлемі туралы бір ауыз сөз жоқ!
Бұл жерде әңгіме тек Шарипов туралы емес, мен тек Шариповтың ісі арқылы осы кезге дейін жазықсыз сотталған және болашақта сотталатын (!) мемқызметшілер туралы әңгіме қозғамақпын. Өйткені, еліміздегі жемқорлықпен күрес акциясы, шын мәнінде күрес емес, науқаншылдыққа ұласып бара жатыр.

Абзал Құспан

Редакциядан: Abai.kz ақпараттық порталы Ермек Шариповтың қорғаушысы емес, бірақ оның басындағы ахуалды қалың елге жеткізуге толық қақылы. Іс барысында бізді қайран қылған мәселе - сотталушы Ермек Исаұлының Конституциялық құқығы аяқ асты болып, өз тілінде сөйлеуге судья тарапынан қысымға ұшырауы дер едік. Судья Қайыров білуімізше, Қазақстанның азаматы болуы керек. Әйтсе де ол істі қарау барысында сотталушының талабына құлақ аспаған көрінеді. Төменде Ермек Шариповтың апелляциялық шағымға қосымша сөзін жариялап отырмыз. Жариялай отырып, судья Қайыров Конституциямызда мәртебесі "мемлекеттік тіл" деп әйгіленген қазақ тілін неге қорлады деген сауалға тап болдық. 

Қазақстан Республикасы

Әскери сотының қылмыстық

істер бойынша апелляциялық

сот алқасына

 

сотталған Шарипов Ермек Исаевичтен

ЕЦ-166/1 ММ

оның мүддесіне апелляциялық алқада

әрекет етуші қорғаушы А.Т.Құспан

А П Е Л Л Я Ц И Я Л Ы Қ      Ш А Ғ Ы М Ғ А

қосымша

Бұдан бұрын мен, Шарипов Ермек Исаевич өзім таңдаған, еркін меңгерген қазақ тілінде сот Үкімін уақытында ала алмауым себепті, алайда, апелляциялық шағым беру мерзімін өткізіп алмау мақсатында асығыс дайындалған күйінде апелляциялық шағым берген болатынмын.

Өкінішке қарай, істі қараған бірінші сатыдағы сот (Судья Қайров) тарапынан менің Конституциялық құқығым аяққа тапталып, осы кезге дейін сот Үкімінен басқа бірде-бір (!) процестік құжаттың қазақ тіліндегі көшірмесі берілген жоқ! Мысалы, іс бойынша менен басқа сотталған азаматтар және олардың адвокаттары тарапынан бірнеше апелляциялық шағымдар мен өтініштер түсті, алайда олардың ешқайсысының маған қазақ тіліне аударылған нұсқасы ұсынылған емес, басқа, маған тікелей қатысы бар, процестік құжаттарды атамағанның өзінде!

Мен өзіме тиесілі құжаттардың қазақ тіліндегі мәтінімен, тергеудің басынан бастап, осы кезге дейін таныса алмауым себепті, апелляциялық алқада қазақ және орыс тілдеріне жетік адвокатты жалдауыма тура келді. Алайда, екінші сатыдан іске кіріскен қорғаушым, қылмыстық істің заңсыз, ҚР ҚПК-нің 418 бабының, 1, 2 бөліктерінің талаптарын бұза отырып, яғни не танысуға, не апелляциялық шағым беуге мүмкіндік берместен, асығыс түрде апелляциялық алқаға жолданып қойғанын, кейіннен апелляцияның қарау мерзімі 13.09.2017 ж., тағайындалып қойғанын айтып, ол уақытта істегі процестік құжаттарды аударып, маған мәнін түсіндірмек түгілі, сол іс құжаттарымен танысып та үлгермейтінін айтты.

Ал, судья Қайров іске аудармашы ретінде тартқан Нургалиеваға менің қазақ тілінде жазғандырымды орыс тіліне аударта тұра, ал басқа тұлғалардың орыс тілінде жазған құжаттарын маған, қазақ тіліне аудартпай қойған.

Осындай көрінеу алалаудың нәтижесінде, менің қолымда 77  томнан асатын қылмыстық іс құжаттарынан тек қана, айыптау актісі мен сот Үкімінен басқа, бірде-бір (!) процестік құжаттың қазақ тіліндегі көшірмесі жоқ!

Осының салдарынан, өзімнің тергеу және сот тарапынан заңсыз шектелген мүмкіндігімді пайдалана отырып, апелляциялық шағымыма келесі мән-жайларды қосымша қабылдауларыңызды сұраймын:

ҚР ҚПК-нің 433 бабының талаптарына сәйкес, қылмыстық іс бойынша сот Үкімі келесі жағдайларда заңсыз деп танылып, жойылатыны немесе өзгертілетіні көрсетілген;

1) сот тергеуiнiң бiржақтылығы және толық еместiгi;

2) соттың үкiмде, қаулыда айтылған түйіндерінің iстiң нақты мән-жайларына сәйкес келмеуi;

3) қылмыстық-процестік заңның елеулі түрде бұзылуы;

4) қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы, бiрiншi сатыдағы сот үкiмiнiң күшiн жоюға не оны өзгертуге негiз болып табылады.

Істе ондай негіздер бар. Бірінші сатыдағы сот тарапынан материалдық та процестік те заң нормаларын бұзуға жол берілген.

Атап айтқанда:

Процестік заң бұзушылықтар бойынша;

Мен қылмыстық іске тартылған кезде, басынан бастап, өзімнің Конституциялық құқығымды басшылыққа ала отырып, сот өндірісінің тілі ретінде қазақ тілін таңдаған болатынмын. Тергеудің алғашқы кезінен бастап, маған тек қана осы үшін, яғни өз ана тілімде жауап берем дегенім үшін қысымшылық көрсету басталды. Ол қысым тергеу аяқталған кезге дейін жалғасты. Мен бар үмітімді ісімнің ақ қарасын шешетін сотқа арттым. Алайда, бірінші сатыдағы сот Қайров тарапынан да менің құқығым мен заңды мүдделерім аяққа тапталды.

Қылмыстық іс құжаттарында менің іс материалдарын қазақ тілінде беруді сұраған өтініштерім бар, алайда ол өтініштерім тергеуші тарапынан да, сот тарапынан да қанағаттандырылмады.

Нәтижесінде, жоғарыда атап көрсеткенімдей, қазіргі таңда, менің қолымда айыптау актісі мен сот Үкімінен басқа, бірде-бір процестік құжаттың қазақ тіліндегі көшірмесі жоқ.

Одан басқа, бірінші сатыдағы соттың 03.07.2017 ж. 03.08.2017 ж. Қаулыларына сәйкес, аудармашы Нургалиеваға аударма қызметі үшін ақы төленген. Аталған құжатқа сенсек, Нургалиева маған сот процесін бастан-аяқ аударып беріп отырған екен. Егер, процесс 3 сағат өтсе 3 сағат, 7 сағатқа созылса 7 сағат жұмыс істеген деп көрсетілген. Бұл қып-қызыл өтірік! Алғашқы сот отырысы кезінде Нургалиева бірді-екілі аударма жасағанымен, артынан ешқандай аударма жұмысын жүргізген жоқ! Оны тексерудің ең оңай жолы сот процесінің аудио нұсқасын тыңдап көрседе жеткілікті. Кейіннен судья Қайров есіне түсіп кеткен кезде, маған бағыттап «бәрін түсініп жатқанымды» сұрап, мен оған басымды изеп жауап беруге мәжбүр болдым, себебі, басынан бастап менің бұл бағытта берген өтініштерім Қайров тарапынан қанағаттандырусыз қалдырылған болатын. Алайда, мен аудармашыға жасамаған жұмысы үшін осыншама мемлекет қаржысы төленгенін, кейінгі сот Қаулыларынан көріп жағамды ұстап отырмын!

ҚР Конституциясының 14 бабының  1 бөлігіне сәйкес,  заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.

Аталған баптың 2 бөлігінде; тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды делінген. Алайда менің жағдайымда Конституцияның ол баптары толығымен бұзылып отыр, мен өз ана тілімді таңдағаным үшін тергеу мен сот тарапынан дискриминацияға ұшырап отырмын!

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5236