Жаһандық көрме: үміт пен нәтиже
Оныншы маусымнан бері Астана озық технологиялардың орталығына айналды. Әлемдік жаңартылған энергияның дамуына арналған бастамалар ЭКСПО көрмесінде келушілер назарына ұсынылды. Қазақ жерінде өткен үш айлық көрмеге әлемдік сарапшылар мен қатар келушілер де оң баға берді.
ЭКСПО-2017 көрмесін үш ай ішінде төрт миллион адам тамашалаған. Оның үштен екісі жастар мен оқушылар екен. Күніне көрмеге келушілер саны 40 мыңнан 50 мыңға дейін жеткен. Сарапшылардың айтуынша, келушілердің дені бас сұққан нысандардың бірі – қазақстандық павильон. «Нұр Әлемге» күніне 28 мыңға жуық адам келген. Көрме басталғаннан үш ай ішінде бұл нысанға 1 млн.300 мың адам кірген. «Нұр Әлем» архитектуралық нысаны әлемдік үздік нысандардың қатарына енді.
Көрменің ашылу салтанатына жиырмаға жуық мемлекет,Үкімет басшылары келсе, жабылу салтанатына да осынша делегация қатысты.
Келушілер үшін айрықша есте қалған павильондарға шолу жасасақ...
«Энергияның пайда болуы» тақырыбын таңдаған Ұлыбритания павильонының авторы - сәулетші Асиф Хан. Павильон менеджерлерінің айтуынша,аталмыш павильонға келушілер санының көптігі кинофильм, дыбыс, анимациямен айналысатындар үшін пайдалы ақпараттың көптігі.
Ұлыбритания ғалымдары ЭКСПО көрмесі арқылы графен шамдарының артықшылықтары туралы кеңінен ақпарат берілді дейді. Ол өзінің қауіпсіздігімен ерекше(бұл туралы арнайы материалдар жариялаған едік).
Көрмедегі аумағы, тақырыптық талаптар жағынан көш бастап тұрған павильондардың бірегейі Ресей павильоны болды. 2019 жылы алғашқы үлгісі шығарылатын мұзжарғыш кеме авторлары- ресейік ғалымдар. Солтүстіктегі көршіміздің жер шарындағы ең суық аймақты игеру мақсатындағы ізденістері көпшілік назарын аудартты.
Халық көруге асыққан, кезегі көп күттірген Қытай павильоны болды. Жүрдек пойыз,гаджеттер мен су түбіндегі балшықты отынға айналдыру-қытайлықтар ұсынған бастамалар.
Павильондардың рейтингісін жасаған сарапшылар негізінен аумағы мен тақырыптың ашылу деңгейіне назар аударған. Аумағы 700 шаршы метрден асқан Ресей,Германия, Ұлыбритания мен Қытай павильондары көрмеге келушілердің дені бас сұққан нысандарға айналды.
Аумағы жағынан алғашқы бестікке кірмесе де, үздік деп танылған көрме залдарының бірі Испанияға тиесілі болды. «Планетаның энергиясы» деген тақырыппен таныстырылған Испания павильоны келушілерді әлемді таза энергиямен қамтамасыз ету жайындағы бейнешоуларымен қызықтырды.
Энергетика тақырыбын арқау еткен Германия да алдыңғы қатарлы павильондардың бірін ұсынды. Неміс павильонының ерекшелігі- су қуатымен жүретін көліктердің таныстырылымы.
Дәстүр мен инновацияны қатар ұстаған италиялықтар энергия тарихын зерттейтін бейнематетериалдар мен өнер туындыларын келушілер назарына ұсынған.
«Шығармашылық энергиясы» деп аталған Польша павильоны таза көмір технологиясы мен орман өсірудегі технологиялық жобаларын ұсынған. Көмір шахталары көп болған ел бүгінде кен орындарының жұмысын тоқтатқан. Польша ғалымдары ұсынған баламалы көгілдір көмір ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды бірнеше есеге азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан өзге польшалық ғалымдардың жобалары көрмеге келушілер назарына ұсынылды.
«Таза энергия» тақырыбын таныстырған Финляндия тек технология емес, мемлекеттің тұрмыс-тіршілігі,экономикасы мен табиғаты жөнінде бірқатар қызықты бейнекөрсетілімдер даярлаған. Финдік павильонда мемлекеттерінде азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қамқорлық пен жәрдемақылар жайында жазылған стенд көзге бірден шалынады. Мәселен, бұл елде дүниеге келген әр сәбиге арнайы жәрдемақыдан бөлек, ана мен бала қажет заттармен бір жыл бойы қамтамасыз етіледі екен.
Жасыл технологияларды дамыту, балама қуат көздерін табу мәселесі өзекті боп тұрған уақытта жаһандық көрме талай бастаманы іске асыру кілтіне айналды. Мысалы, 1939 жылы Нью Иоркте өткен әлемдік көрмеде Рузвельттің телеэкранда пайда болып, жиналғандарды таң қалдыруымен әлемде телевидение өрістей бастады. Ал Эдисонның фонографы үшінші Парих көрмесінде танымал болып кетті. Астана көрмесінде де жаңа технологиялар мен ғылыми жетістіктердің біразы ұсынылды. Сонымен қатар, ЭКСПО-ны өткізу тарихына қарасаңыз, үлкен көрмелердің құрметіне әр ел өзінің техникалық мүмкіндігін паш ету үшін сәулет туындыларын салуға тырысқан. Мәселен, ЭКСПО-дан Парижде Эйфель мұнарасы, Брюссельде Атомиум, Монреальда Хабибат деген ерекше тұрғын үй кешені тұрғызылса, Астана көрмесінде салынған «Нұр Әлем» нысаны сәулет тарихында қалатын нысанға айналды.
Зарина Әділбек
Abai.kz