Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Туған жерге туың тік! 6893 2 пікір 25 Қыркүйек, 2017 сағат 12:47

Ел ішіндегі екі апта

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында Туған жер туралы айтылған ойлары шығармашылық адамдарына да шалқар шабыт сыйлаған сияқты. Қазір ақын жазушылар ел ішін аралап, өздері туып өскен елді мекендерге ат басын бұрып жатыр. Соның бірі - белгілі ақын Ғалым Жайлыбай. Әйгілі Жаңарқа даласын кешіп өткен ақын сұлу Көкшені аралап, ондағы атқарылып жатқан игілікті істерге куә болып қайтыпты.

 1.Сәкен елі – жазиралы Жаңаарқа

Ауылымның қонған жері жусан ба екен,

Белімді жусанменен бусам ба екен.

Кешегі өтіп кеткен жиырма бесті

Артынан қос атпенен қусам ба екен?!

Туған ауылға бет алған сайын қара өлеңдегі осы бір шумақтағыдай күй кешем. Әркімнің ата мекені көңілінің алтын төрі. Өткенде Қазбек би бабамыздың тойынан қайтар жолда арқалы ақын Жүрсін Ерман  қанаттас, қаламдас досы, құрдасы Жұмабай Шаштайұлына: – Алатау ғажап ғой, Жұмеке, бірақ көз тоқтатар бедері жоқ кеңістікке не жетсін! – деп қалжыңдаған. Бәлки, Жұмабай ағамның түсіне ақша бұлттар, Жүрсін ақынның түсіне жусан кіретін шығар...

Арқа баласының стихиясы – кеңістік. Өзін де, өзгені де содан іздейді. Ақ сағымы алыстан қол бұлғап, жусаны жұпар шашқан Бетбақтың бедерсіз белінде алты қанат ақбоз үйлер сап түзеген жылқылы ауылдың тай үйретіп, атқа шапқан баласы едік. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, енді бәрі ертегі, бәрі аңыз. Ел ішіне нарықтық қатынастар ендей кіріп,қоғамдық  формация өзгергелі қазақ қоғамы да, қазақ қауымы да, ауылы да сан сынақты бастан өткерді. Бай мен кедейдің ара жігі ажырай бастады.

«... Жеріне біздің жақтың лайық ері, Өр, палуан, әнші сері жігіттері» – деп Сейполланың Сәкені жырлағандай Жаңаарқа бақ қонып, қызыр дарыған рухы асқақ мекен. Жаңаарқаның екінші аты – Сәкен елі. Орман, тауы, суы, нуымен емес ұлыларымен, ұлымен мақтанатын жұрт.

Әне бір жылдардағыдай емес, ел еңсесні тіктеген. Аудан орталығы Атасу кенті шырайлы шаһарға айналған, ұлылардың рухы болып басына бақ байланған. Кейінгі жылдары аудан тізгінін қолына алған Арқаның акерке әншісі, біздің ұстазымыз Игілік Омаровтың ұлы Ғабдрахман ел сүйсінер жұмыстар тындырыпты. Атасу еңселі ескерткіштер қалашығына айналыпты. Ғабдрахманның өзі өткенде ғана академиктер Серік  Қирабаев пен Әлия Бейсенова апайымыздың мерейлі тойында аңқылдап ел атынан тілек айтып, ән әуелетіп еді Алматыдағы зиялы қауым алдында. Екі-үш айдан бері жүрегі сыр беріп Қарағандыда ауруханада жатыр. «Қасқа айғырдың баласы төбел туар» демекші, Икеңнің ұлы ғой, тезірек сауығып кетсін – дейді ел тілегі.

Ауылға бардым. Аялы да, аяулы мекен. Бір кезде Еңбек Қызыл Ту орденді «Жеңіс» совхозы атанып, еділбай қойын өсіруден рекордтар жасаған Кеңестер Одағына белгілі шаруашылық еді. Алпыс мыңнан аса қойы, үйір-үйір жылқысы болатын. Атасу кентінен батысқа қарай орналасқан біздің ауылдың бұрынғы атауы – Түгіскен. Екі жарым мыңдай халқы бар осы ауыл қашанда уыздай ұйып отыратын. Әкелерім Жайлыбай мен Торғайдың, ағам Әбдіәшімнің, нағашы әжем Тойбаланың басына құран оқып, қарашаңыраққа келдім. Тоқсан екі жасқа қараған анам Ақторсық екі жылдан бері кенже інім Қайраттың қолында, Астана іргесіндегі Қараөткел ауылында. Сәкеннің жан серігі Бәкен Серікбаевтың жиені, өзінің де әкелері руы елдің ұранына айналған қайран анам, қасиетті анам! Денсаулығың сыр беріп, кәрілік меңдеген шақта он бір перзентің мен олардан тараған ұрпақ алақанға салып аялай алып жатырмыз ба?

- Көкебас, тәтемнің көңілін сұрап келетіндер көп. Кісі келсе жадырап қалады. Тағы бір ту бие сойып алдым – деген Қайрат інім шілденің басында хабарласып.

- Анамыз жадыраса кезектесіп болса да ту бие соямыз ғой. Біздің анамыз әлемдегі ең қасиетті, ең киелі, ең сұлу Ана. Шешемізге жасаған қызметтерің ұрпақтарыңнан қайтсын, Қайрат інім, Салтанат келін! Ауылға барып қайтқан соң тәтемнің қасында міндетті түрде екі-үш күн боламын – деймін телефонның ар жағындағы бауырыма.

Анам Ақторсықтың Алматыға келмегеніне үш-төрт жылдың жүзі болды. Енді келмейтін де шығар... Инсульт алғалы дәрігерлер ұрықсат етпейді.

... Алматыға Арқадан Ана келді,

Бір тойлайын жиып ап тамам елді.

...Мендей ақын табылар іздегенге

Сіздей асыл табылмас маған енді, – деп ақын ұлын жырлатып, немерелерін қуантып, шаңырағымды шатыққа бөлеген күндер-ай, шіркін! Кәкімбек ағам «Ана» деп, қазақтың аққу ақыны Марфуға «Ақторсық жеңешеме» деп өлең арнап еді-ау! Енді ауылыма келгенде алдымнан айналып, толғанып шығатын анам ғұмырында бірінші рет болмай тұр. Ауғанстанда соғысқан інім Манас қарашаңырақтың бүгінгі иесі. Желісіне жеті-сегіз бие байлап отырған бауырым, қойын сойып, қымызын сапырып қарсы алды. Жалпы біздің ауылдан қоныс аударатын шаңырақ некен-саяқ. Желісі бос үй де солай. Күбісі пісіліп, сабасы ысталып, қымызы сапыралмаған үйдің әйелі әйел емес. Бағзыдан сондай түсінік қалыптасқан. Атажұртқа кіндігімен байланған ел.

Ауылдың ең үлкен жаңалығы біз оқыған Түгіскен орта мектебінің аты Алаш арыстарының бірі, жерлесіміз Жанайдар Сәдуақасов есімімен аталыпты.

...Жылқышы Қайрат Көпбаев інім 120 миллион қаржы жұмсап ауылдың қақ ортасынан заманауи спорт кешенін тұрғызып, ауыл әкіміне кілтін табыс етіпті. Оның жұмысын жүргізуді менің кластас досым, әйгілі палуан, КСРО спорт шебері Қалкен Әбенов мойнына алыпты.

Бәрі де көңіл қуантар жаңалықтар. Ауыл әкімі, жиенім Өмірғали Нұрғалиұлы бастап, бала кезден достарым Марат, Қыдырбай, Ержан қостап бірнеше мәрте мәжілістес болдық. Ауыл жайлы, өмір жайлы, балалық кезең жайлы әңгіме тиегі ағытылды.

Десе де көңіл алаң. «Дәрия кеуде, тау мүсін» қариялар, абыз ақсақалдар жоқ. Бағыналы бәйтеректей елдің жайын, жердің тағдырын, ұрпақ қамын толғап бір кетуші-еді ау, асылдарым. Менің қатарларым да алпысқа келген көпей шалдарға айналған. Ойыма Жарасқанның:

...Ауылыңда бар ма дедім ақсақал,

Ақсақалы мен – деді бір жас нахал.

Сұрап едім ауыл жайын,

ел қамын

Қаптатты-ай кеп цифрларды бас қатар – деген өлең жолдары оралды. Ақсақалсыз ауыл – аққусыз көлмен тең. Ақсақалдар институтын қалыптастыру бүгінгі қазақ қауымының алдындағы міндет.

... Ана бір жылы «Қазақстан» телеарнасы мен туралы «Келбет» бағдарламасын түсіру үшін біздің ауылға ат басын арнайы бұрған. Ауылдың маңы ашық-шашық карверлер, ақбөкендер ауып, айдынының суы тартылған, маңайға «Протон» зымырантасығышы шашарай құлаған, айнала сорға айналып, шөптердің түрлері жоғалған берекесі аз тіршілік.

- Ау, сонда туған ауыл туралы не көрсетеміз деймін ғой.

- Он екі қабат  киіз үй тігіп, бір жылқы соямыз. Қымыз сапырамыз, кісі шақырып думандатамыз – дейді інілермін далалық мінезбен. Солай жасадық. Астанадан халық әртісі Қайрат Байбосынов бастаған сал-серілер, Қарағандыдан аймаңдай ақын Серік Ақсұңқарұлы, ақын-ғалым Қойлыбай Асанов пен Жансая Жарылғапов бастаған бауырларым, Жаңаарқадан жеті шекті гитарын арқалап Қорабай Есенов, Жезқазғаннан сатирик қаламгер Базарбай Әлеуханұлы бас болып, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Ғалым Мұхамедин мен Береке Көшенов ағаларым жеткен. Анам үшін бәрі өз балалары. Айналып, толғанып жатыр. Ән әуелеп, күй күмбірлеп, жыр оқылған ғажайып кеш болды. Арқаның ақ таңын көз ілмей қарсы алдық.

... «Келбет» бағдарламасының продюссері, ақын қарындасым Жаңыл Асылбекова; – Ғалым аға, осы ауылдан Астана қанша шақырым – деп сұрайды.

- 600-ге жақын. Қарағанды 350, Жезқазған 200 шақырым – деймін мен.

- Арқада қашықтық деген ұғым жоқ екен ғой, аға – дейді Жаңыл таңданысын жасыра алмай.

Иә, қыр қазағында қашықтық деген ұғым жоқ. Көңілі де, көзі де кеңістікті кезеді.

 

 

  1. Қорғалжынға құт қонған

 

Қараөткелде анамның қасында бір-ер күн аял қылған соң тағы да жолға шықтық. Ендігі бағыт – Қорғалжын.

Асанқайғы бабамыз желмаясына мініп Сарыарқаны аралап, Есіл, Нұраны бойлай келіп Қорғалжын көліне кезіккенде; – Жері мен суы тең, жарлысы мен байы тең, алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен – деп сипаттаған екен. Абыздан аңыздай болып жеткен осы сөз жадымызда жаңғырады. Қорғалжын атты ғажайып мекенді бір көруге құмар етеді.

Қырық жылғы досым, филология ғылымдарының докторы, Евразия университетінің профессоры Жантас Жақыпқа; – Еліңе бір апарсайшы! – деп қолқа салғалы қашан! Сапар сәті енді түсті.

- Ел-жұртпен хабарластым, тамыздың алғашқы күндерінде жеткеніміз жөн-деген Жәкең. Біздей емес, ғалым досым сапар бағдарын жіті ойластырыпты. Осы бағытқа бірге ерген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, менің кластас досым, Серік Оспанов, ақын інім Ұларбек Дәлей, Қытай қазақтары арасынан шыққан әйгілі палуан Әділбек бауырым бәріміз әңгіме дүкен құрып отырып Қорғалжынға қалай жеткенімізді байқамай қалыппыз. Аға-дос Көпен Әмірбек бірге шықпақ еді, аяқ асты Алматыға баратын жұмысы болып қалды.

- Ғажап сапар ғой, жолдарың болсын – деп хабарласып жатыр.

- Қорғалжын әлемдегі сулы-батпақты тоғыз биосфералық аймақтың бірі. Алла тағала жаратқан күйінен айыра қоймаған тұмса табиғат, қазақы қаймағын Совет үкіметі де іріте алмаған қасиетті мекен – деп Жантас досым шабыттана ағытауды әңігме тиегін.

Бұл атақты ақын Арыстанбай Толыбайұлының атамекені. Шоқан Уәлиханов «Қазақ халық поэзиясының түрлері» деген мақаласында Тоқтамыс, Едіге, Ер Қосай, Ер Көкше туралы жыр-дастандарды Қойлы-Атығай болысының қазағы Арыстанбайдан тыңдағанын жазады. Арыстанбайдың Шөже, Орынбай, Сералылармен айтысы бізге жеткен..

Қорғалжын-жыр дүлдүлі Құлтума Өтемісұлының (1840-1914) туып өскен, өнерін өрлеткен жер. «Сұрасаң менің атым Құлтума-ды, қазақта Құлтуладай ұл тумады» – деген ғой, жарықтық. Құлтума Кенсары хан жағасына еру жасағандықтан, соның құрметіне «Сұлтанкелді» атаған үлкен көлдің сыртында, ұлы ханымыз аялдаған соң «Абылай алқымы» аталған жерде жерленген.

Қорғалжын десе, есімізге «Дудар-ай» – орыс қызы Мария Рекинаның қазақ жігітіне ғашықтығын баяндайтын әйгілі ән түседі. «Мәриям Жагор деген орыс қызы, он алты он жетіге келген кезі...». Орыс қызының жан сырын жырлап, әсем әуенге салған Үлебай Әнетұлы екенін айтады жергілікті жұрт.

Үлебай Әнетұлының бейіті «Өркендеу» ауылының жанындағы қорымда. Осы ауылдың сыртында, Нұра өзенінің жағасында, Тоқтамыс ханның қызы ел үшін ерлікпен жау қолынан қаза болған Қаныкейдің мазары бар (Опырылып құлай бастапты).

Атақты композитор Кенжебек Күмісбеков, күміс көмей әнші Рабиға Есімжанова, академик Сұлтанбек Қожахметов, гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтар перзенттері.

Астана жақтан Қорғалжынға кіре бергенде оң қапталдан күмбез көрінді. 14-ғасырда орын тепкен Бытығай қаласының орталығы екенін көрсету үшін ескерткіш ретінде салып қойған ғимарат екен. Бұл қала кіші Жібек жолының бойында асау Нұрадан керуен өткізіп, саудаға сеп болған. Оанан ары жарқырап жатқан «Жәнібек Шалқары» көлінің жағасындағы қыраттан археологтер хан мазарын тапқан, 15-ғасырдың ескерткіші. Көнелікті зерттейтіндер қазақ ханы Жәнібекпен байланыстырады.

Аудан әкімінің орынбасары Төстікбаев Жомарттың қабылдауында болып, аудандық оқу бөлімінің меңгеруші Рысбаев Сартайдың шаңырағынан қонақасы жеп, ән салып, әңгімеміз жарасып біраз отырдық.

  • Жігіттер екі маршурт дайындапты, Құланөтпес жаққа тартсақ болады, әлде қашық та болса Құлтума бабамыздың басына барып құран оқимыз ба? Өзім де бармап едім – дейді Жантас. Екінші ұсынысты құп алып жолға шығып кеттік. Даланың жолы, қасиетті сүрлеу. Орта жолда күтіп алған ел азаматтары біз мінген жеңіл машианаларды доғартып, дала жолына ыңғайлы микроавтобуска мінгізді. Айнала жарқыраған көлдер, ақ сағым қашқан жапан дүз. Көл демекші, Қорғалжынның көлдері көп жырға көрік болғандай. Бұл аймақта 37 көрнекті көл бар. Ол көлдермен Нұра, Құланөтпес, Көң өзендері тамырласып жатыр. Көл жағасы көл беті шүпірлеген құс. Құстың 400-дей түрі бар. Қызыл кітапқа жазылған қоқиқаздар осы жерде балапан басып, сонау Индия, Африкаға қайтып жатады. Артымызға ақ шаңдақ ілестіріп  Қорғалжын қорығына да жеттік-ау! Ащы сулы Теңіз көлі мен Қорғалжын ойпаңы ондаған көлдердің басын біріктіретін қорықтың жалпы көлемі 543 мың 171 гектар. Әр көлдің тарихы бар, мәселен, Сұлтанкелді Кенесары түскен көл. Абылай қонған көл деген де көл бар.

Бір көлде жүздеп жүзген аққуларды көргенде көзің тұнады. Өркениет жете қоймаған ғажайып әлем. Тұмса табиғат. Қорғалжын 1968 жылдан мемлекеттік қорық мәртебесін алған. Қорғалжындықтар сол кездегі үкімет басшысы Дінмұхамед Қонаев есімін ерекше құрмет тұтады. Димаш аға сан мәрте келіп саят құрған. Көл жағасында саяжайы бар.

  • Көл атауларына байланысты небір қызық гәптер бар – деп әңгіме бастады Жантас. Бір әнші бауырым Кәкімбек ағамыздың әнін «Қайтқан құстар барады, Еділдетіп Оралмен» деп беріле шырқап отырған ғой.

Сонда өнерден хабары аз нойыстау бір ағамыз; -әй, ит Еділің не, Оралың не? Қорғалжында көл құрғандай, айтсаң дұрыстап айт – деп ақиыпты. Той үстінде ағасымен  тәжікелесіп жатсын ба, әнші бауырымыз: «Қайтқан құстар барады, Қоқайлатып Нұрамен» – деп әуелетіп қоя беріпті.

  • Е, ән осылай айтылса керек – деп мәз болыпты әлгі ағамыз. Біз де мәз боп жатырмыз. Әй, қазақы мінез-ай!

... Жартытөбе қорымындағы Құлтума бейіті басындамыз. Оның ішіне 4-5 адам жерленген. Олар Зада, Қосбол, Асқар Құлтума балалары. Құлтуманың өзі мен бәйбішесін Қорым шетіне ескерткіш тақта, Құлтуманың жерленген жеріне құлптытас қойылыпты. Оң жағында тікеннің етегінде айғақ ескерткіш тастың қалдығы жатыр.

Ақын әруағына бағыштап дұға оқып, қол жайдық. Топырақ аққулы мекен айдын, шалқарлардың ортасынан бұйырыпты, пейіште нұрыңыз шалқысын, Құлтума ақын!

Бесін ауа көл жағалай кері бұрылғанбыз. Алдымызы мыңғырған ақбөкендер кесіп өтті. Текелерінің мүйізі  жарқырап, табынын ілестіріп ағып барады. Олардың тұяқтарының астында ғұмыр зулап бара жатқандай ма? Қырық жыл көрмеген асылдарымды қыр астынан жолықтырам деп кім ойлаған? Көңіл босады. Бетпақтың даласында бірге өскен бөкендерім, бар болыңдар!

... Кезігер дауыл да алдан,

Құйын да алдан,

Мәңгілік бесік болар бұйырған маң,

Орғырмыз ортекедей биік жардан.

Тағдырдың тасадағы тасы тисе –

Бізден де қашады әлі киік – жалған – дейтін жыр жолдарым санамда қайта жаңғырды.

Келесі күні Нұраның табанынан балық аулап, сақ моншасына түсіп, суға секірдік. Бірер күнде көңіл көк тіреді.

Қайта айналып келгенше қош, Қорғалжын!

Қаймағы бұзылмаған қайран ел!

 

 

  1. Рухы Зерендінің – Балқадиша

 

Қорғалжын әсерінен айырылмаған күйімде Көкшетауға бет алдым. Тамыздың алтыншы жұлдызында белгілі қаламгер, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреқожа достың алпыс жылдық мерейлі тойына шақыру алғам «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» көгеріп көктеп тұр екен. Қаламгер тойы – халық тойы. Той иесіне тарта ма деймін, сырлы да жырлы, сырбаз бір кеш болды. Ел ағалары ақ тілегін ақтарды. Төлеген Қажыбай, Жабал Ерғали, Баянғали Әлімжанов, Серік Жетпісқалиев, Құдайберді Мырзабек. Алмас Темірбай, Мерген Тоқсанбай секілді қаламгерлермен бас қосып, арқа – жарқа болып қалдық.

Келер күні Зеренді қайдасың – деп тартып отырдым. Алматыдан шығарда ұзақ жыл «КТК» арнасын басқарған, қазіргі күнде «Қазақстан барысы» жобасын қолына алған Арман Шораев інім хабарласып; – Аға, маған соғып дем алып кетіңіз. Балқадишаның ауылын көресіз, Ақан серінің жұртын көресіз, қонағым боласыз, бәлки Зеренді туралы өлеңдер туар – деген.

  • Арманға барсаң армансыз боласың – деп әзілдеген Қорғанбек Аманжолов ағам, ол Зеренді жағасындағы «Аврора – Горден» демалыс орнының иесі.

Бір қиырың Жыланды,

Бір қиырың Қошқарбай.

Барлық таудың мұнары,

Басын саған қосқандай.

Жасыл толқын Зеренді,

Жасырындың сен неге?

Өзіңдей бір өлеңді

Құя салдым кеудеме – деп Сырбай ағам жырлаған Зеренді емес пе? Сырағаңнан асырып не айтуға болады? Алдымда Зеренді көлі жатыр толқып, қарағайлары қасқайып, ақ қайыңдары тербеліп ұжмақтың есігін ашқандай күйге түседі екенсің. Салқын самал, саф ауа!

  • Алты күніңіз не, асықпай жатыңыз. ертең Көкшедегі ел ағаларын шақырып, қонағасы берем – дейді Арман інім, аудан әкімі де болады. Бұл бұрыннан бар демалыс үйі еді. Біздің алғанымызға екі-үш жылдың жүзі болды. Қазақстан туризміне үлес қоссақ деген ой ғой біздікі. Осында кезінде Шәмші Қалдаяқов ағамыз екі мәрте дем алған екен, «базарлығым бес ән, Ерке Көкше» деп Көкшеге бес ән арнап кетіпті, жарықтық! Көзіңіз түскен шығар, ұлы сазгердің осында болған уақытын жазып, қара мәр мәрға суретін ойдырып ілгізіп қойдым. Енді Зеренді туралы ақындар жырларын да солай етпек ойым бар. бәрі тарих, ешнәрсені елеусіз қалдыруға болмайды. Қазақтан барыс, жігіттен намыс іздеп жүрген Армандай ұланға  Алла жар  болсын!
  • XIX ғасырдағы Көкшедегі Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Балуан Шолақ, Біржан салдардың рухтары XX-ны ғасырда Жаңаарқаға қарай көшіп кеткен секілді көрінеді – деп еді сонау бір жылы Кәкімбек ағам. Армандар аманда сол рухтың Көкшеге қайта айналып соғар күні де алыс еместей көрінді маған.

Осы күндерде Тельман, Шиап, Ғосман, Шабдан, Төлеген ағалармен ұзақ сырластық. Елдің жайын, жақсылықтарды тілге тией етті ел ағалары.

Аудан әкімі Асқар Мұратұлы  жөн-жосықты білетін қазақы болмысты азамат екен. Елдің, жердің жай-жапсарына жетік.

Ауданда жергілікті ұлттың үлес салмағы көбейе бастаған. Оралмандарға қолдан келген жағдайдың жасалып жатқанын айтты.

Аудан аумағында көл көп. Ірілері Зеренді, Қарағайлыкөл, Айдабол, Бір қыз, Шымылдықты, Құмды көл, Жамантұз, Жолдыбай болып кете береді. Зеренді – Кеңестер одағының батыры, академик Мәлік Ғабдуллиннің туған жұрты.  «Аудан орталығында мұражайы, ескерткіші бар.

Бірер жылдың алдында Зерендіге кіре берісте Ақан сері әнінің кейіпкері Балқадишаға ескерткіш қойылыпты. Ар мен иманнан жаралған қазақ аруына қойылған мүсін. Көркемдік шешімі керемет. Шын өнердің бағасын білетін өсер ел осылай жасаса керек-ті.

...Сексен қыз серуенге шықса-дағы,

Ішінде қара басың, хан, Қадиша! – деп Ақан сері аңсар, арманын ақтарған Балқадиша анамыздың Шағалалы өзенінің жағасындағы Кеңеткөл ауылындағы зиратына арнайы барып, құран оқыдым. Құлпытаста Балқадиша ыбырайқызы Масабайкеліні 1883 жылы туылып, 1950 жылы қайтыс болғаны көрсетілген. Руы – Қылды Қарауыл. Жұбайы Сүлеймен екеуінен тараған ұрпақтар бар. Ол жайында өнер зерттеушісі Ілия Жақанов ағамыз кең көсіліп жазған ғой. Көшелік белгілі қаламгер, марқұм Жанайдар Мусин ағамыздың «Балқадиша» туралы жазған көлемді туындысы оқырманға жеткен жоқ. Ақан сері Балқадишаны ғұмырында жалғыз рет Жанайдардың әкесі Баймырза туылып жатқан шілдеханада көрген деседі...

Ұлының басып кеткен ізі күндей,

Үміттің үлбіреген үзігіндей.

Зеренді,

Көкшедегі сексен көлдің –

Зергерлер зерлеп соққан жүзігіндей.

...Осы сапар Зерендінің рухы Балқадиша болып елестеді маған.

 

* * *

Қайтар жолда Қарағанды, одан әрі Балқантау асып Қаздауысты Қазыбек бабамыздың 350 жылдық мерейтойына қатыстым. Аудан мәртебесімен айрылғанына бірнеше жыл болған Егіндібұлақ баба рухы мен бір жасарып, жаңғырып қалды. Өңір басшысы Ерлан Қошанов бастаған ел азаматтары өркенді де, өрісті шараларды біріне бірін жалғап келісті той өткізді. Алматыға аттанар тұста Қазбек би бабамыздың;

– Алтын ұяң – Отан қымбат,

Құт берекең атаң қымбат.

Аймалайтын анаң қымбат,

Асқар тауың әкең қымбат

Туып өскен елің қымбат – деп басталатын өсиеті жадымда жаңғырды. Сол қымбаттарымыздың қадіріне жете білейік. Ел ішінде өткен екі аптада менің де көңілге түйген ақиқатым осы.

Ғалым Жайлыбай

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052