Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әне, көрдің бе? 8383 55 пікір 27 Қыркүйек, 2017 сағат 10:07

Анкарадан жеткен үн. Қаріпке Сталиндік зауал

Қазақ елінің латын әрпіне көшуіне қатысты белгілі лингвист, түркітанушы,  филология ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Бижан Ержиласун өзіндік ойын білдіріп, біздің порталға арнайы жіберіпті. Түрік тілінде жазылған материалды Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Шығыс филологиясы факультетінің доценті Ерғали Есбосынов аударып, ғалымның ойы қазақ оқырмандарына жетуіне өз үлесін қосты.

Түркиядан жеткен бұл мақала қазақ халқына ой салар деген ниетпен назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Abai.kz ақпараттық порталы

Қазақстанның латын әліпбиіне өтеді деген қуанышты хабарынан құлағдар болдық. Мұны  ғылыми-көпшілік және қоғамдық жоба ретінде қабылдай отырып, түркі елдері әліпбиінің бір-біріне жақындай түсуі жөніндегі адымы деп те түсіндік. Қазақ зиялыларының кең ауқымды іс-әрекеттері мен жоғарғы біліктілігі бұл істің ғылыми әлеуетін қамтамасыз етсе; бұл жоба, ел саясаткерлерінің Қазақстан Президенті Назарбаевтің басшылығында жүргізіп отырған саясатының парасаттылығы мен тұрақтылығын тағы бір паш етті.

Алайда қазақ еліндегі латын текті қаріптердің қоғам талқысына ұсынылған бір үлгісін үлкен реніш және алаңдаушылықпен қабылдадық. Бұл үлгіге негізделген жобаның сол үлгі ретінде қалатындығына сенгім келетіндігін айта келе, бір-екі сөз пікірімді білдірсем деймін.

Қазақстан Парламентінің назарына ұсынылған жаңа әліпби 25 қаріптен тұрады-мыс, бұған қоса gh, sh, ch, zh, ae, oe, ue сияқты «тіркемелері» бар-мыс. Яғни осы қаріп-сымақтар Түркия әліпбиінің тиісінше ğ, ş, ç, j, (ашық) e, ö, ü қаріптерінің баламасы екен-міс. Басқаша айтқанда бір дыбысқа екі қаріпті қолданады екен. Мұның себебі әліпбиде нүкте және басқа да арнайы белгілер болмау керек-міс. Біле-білсек нүкте мен арнайы белгілер қазіргі технологияға да томпақ келеді екен.

Пікірімізді дәлелдермен жабдықтайық:

  1. Латын қарпіне өтудің бір себебі замануи технология мен заман талабына сай мәдени маңызды іс-шара болса, басқа бір тұсы бауырлас түркі халықтарының әліпбилерін бір-біріне жақындастыру екендігі хақ. Сталин 1937-1940 жылдары дүйім түркі жұртын латыннан кирилл қарпіне ауыстыра салды. Сталинның мақсаты белгілі еді: түркілерді бір-бірінен алысырақ ұстау. Сондықтан әліпбилеріне қосымшалар мен жасанды белгілер қосумен-қосақтаумен болды. Бір тәртіппен және бір дауыспен айтылатын жалпытүркілік дыбыстар әр жұрттың еліне қарай бөлек-бөлек таңбаланатын болды. Жалпы алғанда қазіргі кирилл негізді түркі алфавиттері сол саясаттың солақай көрінісі болды. Ал енді қазіргідей жайма-шуақ заманда Қазақстанның Түркиядан, Азербайжаннан, Түркіменстаннан мүлде бөлек латын қарпін қабылдауы Сталиннен асқан зауал болмақ.
  2. Ноқта мен арнайы белгімен жабдықталған қаріп заманауи технологияға сай емес екен деген пікір түбірімен дұрыс емес. Бұл пікір керісінше, - заманауи технологиялардың соңынан ілескен, артына жабысқан адамдардың пікірі. Қазіргі заманауи технология  - ол нүкте, сызықша, қос нүкте, қос ноқат сияқты сансыз белгілер мен арнайы ишаралардың  технологиясы.
  3. Замануи мәдениеттің өкілдері деп есептелетін батыс елдерінің әліпбиінде нүктелі және арнайы белгілі қаріптер көп. Бұған ағылшын әліпбиінің кіші қаріптерінде i, j; француз тіліндегі i, j, ç, é, è, ê; неміс әліпбиінде i, j, ä, ö, ü; поляк әліпбиіндегі  ą, ć, ę, i, j, ł, ń, ó, ś, ź, ż сияқты қаріптер мысал бола алады.
  4. Ағылшын, француз, неміс әліпбилерінде бір дыбыстың екі немесе одан да көп қаріппен белгіленуі жиі кездеседі. Мұның себебі ол әліпбилердің «замануилығы» емес «тарихилығында». Тарихтың қойнауына ғасырлап енген бұл әліпбилер жүздеген жылдарға жетелеп сол кездегі, сол дәуірдегі және сол тілдің дыбысталуын, дикциясын көрсетеді. Мысалы, француздар mösyö деп айтқандарымен mon sieur  деп жазады, яғни таңбалайды. Себебі ғасырлар бұрын аталары осылай жазған және осылай айтқан; мағынасы «әпенді, тақсыр». Мынау анық: тарихи әліпбилерде дыбысталу мен дикция өзгеріс яғни деформацияға ұшырағанымен, жазылуы яғни графикалық бейнесі өзгеріссіз қалады.
  5. Заманауи әліпби қабылдау барысында батыс елдерінің жүздеген жыл бұрын қолданған/тұтынған, ал қазіргі уақытта басқа жұрт үшін маңызын жойған «тарихи»  әліпбиін «үлгі» ретінде тықпалаудың ешқандай логикасы жоқ. Заманауи әліпбиде әр дыбысқа бір таңба формуласы ақылға қонымды және логикалық пайымы мен практикалық тұрпаты әлдеқайда жоғары.
  6. Қазақтар заманауи әліпбиді нысанаға алғандарына қарағанда әр дыбысқа бір қаріп принципін ұстанатындықтарына сенемін. Осы принцип негізге алынып жатса қазіргі кирилл әліпбиінде орын алған қос (екі) И таңбасы түсіп қалатындығы белгілі. Бұлар қос/екі дыбысты дифтонгтар болып табылатындықтан латын қарпінде тиісінше iy / ıy / y және  uw / üw / w таңбаларын ала береді.
  7. Бір дыбысқа бір қаріп принципін негізге алғанда басқа да түркі әліпбилерін қаперде ұстау өте маңызды. Осыған орай Түркия мен Азербайжанда қолданыста жүрген және қазақ тілі дикциясы мен дыбысталуына етене жақын, тіпті бірдей ç, ğ, i, j, ö, ş, ü қаріптері еш өзгеріссіз қабылдануы құба-құп іс болмақ. Ала қазақ тілінде орын алып,   Түркия әліпбиінде жоқ –қ , –ң  дыбыстары  Азербайжан мен Түркіменстанның жаңа әліпбилерінде орын алған q, ñ қарпімен, екі тілде де жоқ –у дыбысын  w графикасымен белгілесе құба-құп. Ал –ә дыбысын Азербайжан әліпбиінде орын алған ә графикасымен немесе неміс әліпбиіндегідей жасап ӓ қарпімен берілгенін қалар едім.

Күн тәртібінде шамалы сөз болып жүрген 25 қаріпті латын әліпбиінің түбірімен дұрыс емес, қате жоба екендігін шамалайсыздар және білесіздер деген үміттемін; Қазақстанның маңызды да ауқымды жобаларды іске асыра алатын әлеуеті аса тегеуірінді және  қуатты, - бұл дүйім жұртқа белгілі, - лайым солай болсын.

Ахмет Бижан Ержиласун, лингвист, түркітанушы,  филология ғылымдарының докторы, профессор 

Аударған Ерғали Есбосынов, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Шығыс филологиясы факультетінің доценті

Abai.kz

55 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052