Сенбі, 23 Қараша 2024
Әріптестің әңгімесі 7790 87 пікір 15 Қазан, 2017 сағат 08:41

Атама тіл тигізбе, Атамбаев, атаусыз қаласың!

Туысқан Қырғыз елінің президенті Алмазбек Атамбаевтың  өз еліндегі президент сайлауы жақындаған сайын жаны қысылып, жанталасып келе жатқан сияқты.  Оны кейінгі сөзінен,  Қазақ еліне ағайынбыз деп сөйлеп тұрып, Алатаудан асыра тас лақтыруынан анық байқадық.

Бұның алдындағы Қазақстан Президентіне  тиіскен сөзін  екі ел басшыларының әдеттегі сөз қағысуы деп қабылдадық. Енді мынау, әскерлерін жинап алып, шекараға қазақ әскері келіп тұрғандай  екі елдің арасына от тастап сөйлегені саяси сауатты адамның сөзі емес, көше айқайшысының көсемсігенінен артпады.

Атамбаев бұл сөзінде басқасын айтпағанда, ел басшысына лайық емес екі рет шектен шыққан өрескел қателік жіберді. Бірі біздің Қазақ еліне де қатысты, екіншісі өз еліне қатысты.

Біріншісінен бастайық. Өз елі, өз әскеріне не айтса да өзі біледі дегенмен, ел басшысы түгілі, кез келген саналы саясаткердің санасында  абай болатын тақырыптар болады. Қазақ Тәуелсіздігі үшін  жан аямай күресіп, қанын төккен  Кенесары  хан қазақ үшін қасиетті есім, қастерлі тұлға.  Сол Кенесары қырғызбен шайқаста қаза тауып, кейін қазақ ханының басын  қырғыз манабының  Ресей патшасына сыйға тартқан сатқындығын   кеше Қырғыздың  президенті Атамбаевтың өзі еске салып  кетті…  «Қырғыз еліне қылыш ұстап келгендер басын қалдырып кетеді»  деп  соқты.  Бұл жолы да  қырғыз президенті  Ресей тілінде сөйлеп тұрып,  Ресей президентінің  айтқанын мысалға ала отырып,  Қазақстанның  Еуразиялық Экономикалық Одақ заңдарын бұзуда деп, Кремльден көз алмаған күйі біздің елге  біраз тас атты.  Қырғыздың күштілігінен емес, қазақтың алауыздығынан болған Кенесары қазасын айтып,  екі елге қатысты ескі жанды жараның аузын тырнау  не үшін керек болды, Атамбаев мырзаға?

Шекара үш күн жабылды екен деп шектен шыққан  Атамбаевтың бұл қылығын қалай түсінуге болады?  Бүкіл сөзінде Қазақстанды кінәлау мен  «шестеркадан»  аузы босамаған Атамбаев әскер алдында тұрып есіне де алмаған бүкіл түркінің қазынасы Манас батыр жырын қазақтың ұлылары Шоқан Уәлиханов зерттеп, әлемге танытып, елуінші жылдары  кеңес империясының  идеологиялық қылышынан  қорғап қалған қазақтың ұлы жазушысы, Шыңғыс Айтматовтың ұстазы  Мұхтар Әуезов екенін біле ме екен бұл  президент?..  Білмесе, жазушыларынан сұрап алсын…

Қара басының қамы үшін туысқан халықтардың  арасына от тастап, негізсіз соғысқа дайындыққа шақыру  – ел басшысының емес,  есердің сөзі жұмсартып айтқанның өзінде. 

Басқасы басқа, атамызға тиіспе, Атамбаев, атаусыз қаласың! Қасиетті әруақтарға тиіскеннің оңғаны болмаған қазақ-қырғыз тарихында…

Енді екіншісіне келейік.  Әлі де Қырғыз президенті болып табылатын Атамбаев  өзі қол қойған Сайлау туралы заңын белінен басып тұрып,  бірнеше рет бұзды.   Қырғыз Республикасы президенттігіне заңды кандидат болып табылатын  Омурбек  Бабанов туралы  «Біз президенттікке әлде бір елдің  шестеркаларын сайлатпаймыз» -деп  соқты.  «Шестерка» деген сөзді өзі көп естіген бе, жоқ, сүйікті сөзі ме, қырғыз-орыс тілдерінде бір емес, оншақты рет айтты.

Атамбаев өз елінің заңын бұзғанын былай қойғанда,  Бабанов бауыры емес пе өзінің? Кеше ғана өзі премьер-министр қойып, бір дастарханнан дәм татып жүрген  бауырын, өз арасында болса, мейлі ғой, бүкіл елге «әлде бір елдің шестеркасы» деп масқаралау, турасын айтқанда «сатқын» деп, заңсыз, ашық айыптау  өз елінің  Президент сайлауын ашық бұзу деген сөз.  Айтар кінәсі  – Омурбек Бабановтың Қазақ Президентіне келіп кездесуі.  Несі бар,  Атамбаевтың өзі  ашық, айқайлап қорғап отырған  Сооронбек  Жээнбековтың өзі де кездескен Нұрсүлтан Назарбаевпен.  Ол кезде, Атамбаевтың адамы Қазақстан президентімен кездессе,  заңды болады да,  оппозиция өкілі Бабанов кездессе заңсыз болады екен ғой… Қырғыздың бүкіл президенттері ақша сұрап, президенттікке кандидаттары ақыл  сұрап,  Қазақ президентіне шапқылап жатса, оған  Нұрсұлтан Назарбаев кінәлі ме?

Бұл екі үлкен қателіктен, Атамбаевтың өзінің жеке мүддесі үшін, өз адамы президент болуы үшін ешнәрседен де тайынбайтыны,  ардан да, заңнан да, әруақтан да аттай беретінін анық көрінді.   Себебі қазақ-қырғыз шекарасы бұрын да түрлі себептермен  үш күн түгілі  бір айға дейін жабылып қалған кездері болды. Ол кезде Атамбаев бұлай аттандаған жоқ. Ал бұл жолғы жанталасу – ел қамы емес, жеке басы үшін – ертең Президент сайлауында өз адамы өтуі керек болып тұр… Басқаның бәрі бір тиын…

Атамбаевтың сөйлеген сөзінде,  өзі айтқан сөзінің байыбына бармай тұрса да, келтірген бір ғана жөні түзу сөзді    өзіне қайтара айтайын, парқын енді түсінер, бәлкім:

«Бетеге кетер, бел қалар, Бектер кетер – ел қалар!»   Президенттер келіп-кетіп жатады. «Қазаақ-қырғыз» бір туған деп, ұлы Абай айтқандай, екі ел өз Тәуелсіздігімен өмір сүре береді. Ал ежелден  Алатаудың қос бауырын тел емген  туыс халық  қазақ-қырғыздың  ынтымағын ешкім де, ел басшысы да, есер де  бұза алмайды!

Қазыбек  ИСА

(Түпнұсқа - qazaquni.kz)

Abai.kz

87 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371