Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жөн-ақ 7298 7 пікір 8 Қараша, 2017 сағат 08:30

"Қазақ хандығы». Екінші маусым. Түсірілім алаңынан репортаж

 

Қоюшы-режиссер Рүстем Әбдірашевтың айтуынша, бұл жобаның жалғасын түсіруге халықтың сұранысы түрткі болған. Сериалға дайындық жұмыстары жазда басталып кеткен көрінеді.

– Қазақ хандығы" сериалы халқымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. Шығармашылық топтың атына көптеген алғыс хаттар келіп түсті. Ғаламтор мен әлеуметтік желілер арқылы жылы лебіздер алдық. Талай пікірталас болды, сын да айтылды. Мен үшін мұндай жобаны түсіру – үлкен жауапкершілік пен мақтаныш, – дейді Рүстем Әбдірашев.

Қамал түбіндегі қалың әскер

Кинокартинада жас мемлекеттің нығайып, көрші жұрттарға біржола танылған тарихы баяндалады. Шайбаншах пен қазақ хандары арасындағы саяси күрес ашық жауласуға ұласады. Керей мен Жəнібек Сығанақ шаһарын шауып алады. Сол жорықта Керей қайтыс болып, Әз Жəнібекті ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. Бұрындық, Қасым сұлтандардың мемлекет құрудағы жан-жақты істері де назардан тыс қалмайды.10 бөлімнен тұратын екінші маусым ақылгөй көсем, айбарлы әскербасы Хақназар ханның дүниеге келуімен аяқталады.

Телесериалдың екінші маусымы "Қазақ хандығы. Алтын тақ" деген атаумен шығады

Сценарий Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" романының желісімен жазылған. Бірақ режиссерлік сценарий кітапты дәлме-дәл қайталамайды.

Әдеби нұсқамен салыстырғанда сценарийге авторлар көп өзгеріс енгізген. Әртүрлі дереккөзді пайдаланып, бұрын-соңды ашылмаған, кезінде айтуға тыйым салынған мәліметтерді қосқан. Трилогиядан тек экранға лайық көріністерді іріктеп алыпты.

Ал телесериал жанрына сәйкес келетін жалпы сюжетті өздері ойлап тапқан. Сценарий авторлары – Рүстем Әбдірашев, Смағұл Елубай және Тимур Жақсылықов ("Жаужүрек мың бала", "Рэкетир").

– Мысалы, Тимур Жақсылықов оқиғаны қазіргі заманның үрдісіне сай өрбітіп, қызықты қылып жаза біледі. Сол жағынан көп үлес қосты деп ойлаймын. Жас сценаристің пайдасы көп тиді. Енді баланс жағынан, тарихи менталитет, қазақ тілінің дәстүрі, әдебиет пен мәдениет дәстүрі жағынан Смағұл ағамыздың салмағы басым. Қай-қайсымыз болмасын қолымыздан келетін нәрсені осы жобаға алып келуге тырысып жатырмыз, – дейді Рүстем Әбдірашев.

 Байырғы қазақтың сөз саптау үлгісін Ерлан Төлеутай жетік біледі

Алайда қатып қалған қағида жоқ. Кино алаңы өз тәртібін орнатады. Түсірілім барысында сценарий жиі өзгереді. Кейде диалогтарды ширатып, фильмнің драмасын күшейту керек болады.

Ондайда Ерлан Төлеутай отыра қалып қағазға шұқшиып, жалма-жан қажетті диалогтарды жазып бере қояды. Ерланның өзі ескіше оралымға жүйрік. Байырғы қазақтың сөз саптауын жетік біледі.

 Жас актерлерді шеберлігін шыңдау да бір төбе іс

– Бұрынғы хан-сұлтандар мен би-шешендер сөздің майын тамызып, шырайын кіргізіп, мақалдап-мәтелдеп, тұспалдап сөйлеген. Әрине, бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Кейде қиналамыз. Әсіресе, өмірінде бірінші рет естіген көнерген сөздердің мәнін-мағынасын жас актерлар түсінбейді. Олардың түсінбегені экранда айқын көрініп қалады, кадрда сезіліп тұрады екен. Актердің көзі айтып тұрады. Содан кейін оларға шеберлік сабағын өткізіп: "Әй, шырағым, ол – мынандай сөз ғой. Сен оны мына себеппен, мынадай мағынада айтып тұрсың" деп түсіндіріп тұруға тура келеді, – дейді Ерлан Төлеутай.

Жәнібек хан – қазақ тарихындағы айрықша тұлға. Халық санасында әулиеге пара-пар әмірші ретінде таңбаланған, жай ғана Жәнібек емес, Әз-Жәнібек атанған адам. Ұлы ханның бейнесін Еркебұлан Дайыров сомдайды.Актер өз кейіпкерін зерттеп, көп ізденген, том-том кітап ақтарған. Оның айтуынша, образ деген – есігін ашып кіріп, қайтадан шығып кететін бөлме емес. Тарихи дүние зор ыждағаттылықты талап етеді.

– Қазіргі өскелең ұрпақ осы көгілдір экраннан көрген адамын жадында сақтайды ғой. Біз кезінде "Қыз Жібекте" Төлегенді, Бекежанды қалай көрдік, солай боп санамызға сіңіп қалды. Әр актер өзі сомдаған кейіпкердің халықтың есінде қалғанын тілейді. Сондықтан қолдан келгенше бар білген-түйгенімізді, қабілетімізді осы рөлді сомдауға салып жатқан жайымыз бар, – дейді Еркебұлан Дайыров.

Дереккөзі: https://informburo.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1532
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3312
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5987