Әліпби таңдаудағы ең дұрыс жол - Ахаңның жолы
Адал ниеттінің де, ала ниеттінің де Абай сөзінен мысал келтіріп, қарсыласына қару ететіні сияқты, тіл төңірегіндегі дау-дамай, талас-тартысқа келгенде Ахмет Байтұрсынұлының сөздерін қару етпейтіндер кемде кем. Алайда әліппе, емле төңірегіндегі Ақаңның ғылыми көзқарастары әдейі, кейде білместікпен бұрмаланып, ағат айтылып жүр. Сондықтан бүгінгі таңда латын төңірегінде талас тудырған бірнеше мәселе жөнінде А.Байтұрсынұлының шынайы ұстанымдарын көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік. Бұл, бір жағы, ғұлама ғалымның мұраларын зерттеу мен жинаудың сырмақ шетінде жүрген біздің де борышымыз. Ол үшін төмендегі сұрақтар төңірегінде жеке-жеке тоқталайық:
1. А.Байтұрсынұлы әліпбиінде апостроф қолданылған ба?
Апострофтың қызметі сияқты жұмсалатын белгі қолданған, бірақ ол дәл апострофтың өзіндей емес. Оны дәйекші деп атайды. Белгісі – «ﺀ». Бірақ мұның қызметі және сөз құрамында тұратын орны апострофтардан өзгешелеу. Яғни ол жіңішке сөздің басында бір-ақ жерде ғана қойылады. Бұл белгі бір ғана жіңішке (дауысты/дауыссыз) дыбысты білдіру үшін қойылмайды, тұтас жіңішке оқылатын сөзге қойылады десе де болады. Бұл туралы А.Байтұрсынұлы «Жазу тәртібі» деген мақаласында былай дейді: «Дауысты дыбыстарымыз (ﺁ (а), و (о), ۏ (ұ), ى (ы)-лердің жіңішке айтылуы үшін алатұғын белгіміз мынау «ﺀ» (знак предупреждаюший), бұл белгі дәйекші болып, сөздің алдына қойылады. Сөздің алдында тұрған жіңішкелік белгісін көріп ол сөздің ішіндегі дауысты дыбыстардың қаріптерін жіңішке оқимыз. Дауысты дыбыстар жіңішке оқылса, олармен қатар дауыссыз дыбыстар да жіңішке оқылады» [7]. Демек, бұл белгі жеке дыбыстардың жіңішкелігін ғана емес, сөз ішіндегі жіңішке дыбыстардың әсерінен тұтас сөздің жіңішке буынды сөз екенін білдіретін белгі. Апостроф жеке дыбыстардың жіңішкелігін білдірсе, дәйекші дыбыстармен қатар, тұтас сөздің жіңішке буынды екенін білдіреді. Дәйекшінің апострофтан бір өзгешелігі осында.
А.Байтұрсынұлының ережесі бойынша бұл дәйекші белгісі «г, к, е» дыбыстары бар сөздерге қойылмайды. Себебі бұл үш дыбыс қашан да жіңішке оқылады да, оның жуан нұсқалары жоқ. Онсыз да жіңішке оқылатын дыбысқа жіңішкерту белгісін қою – басы артық жұмыс. Ғалым «г, к» дыбыстары жуармай, қашан да жіңішке оқылады, ал «ғ, қ» дыбыстары жіңішкермей қашан да жуан оқылады дей келіп, оларды тоң дыбыстар деп атайды. Апострофшылар А.Байтұрсынұлының бұл ережелерімен жіті таныс болғаны және оның мәнін терең түсінгені абзал.
Біздің ойымызша, А.Байтұрсынұлының дәйекшісін апостроф деп түсініп, оны латын әліппесіне көшу тәжірибесінде пайдалану – сәтсіз қадам. Бекітілген латын әліпбиі жобасы болсын, одан бұрын ұсынылған апострофты жобалар болсын, бәрі де А.Байтұрсынұлы апостроф пайдаланған деген уәж айтады да, оны әр жіңішке дыбысқа немесе латын қарпі жетпеген төл дыбыстардың әрбіріне бірден қояды. Бұл жобаларда орфография мәселесі ескерілмей, тек дыбыстарға таңба арнау мақсаты ғана басты орынға қойылады.
Әліпбидің ақиқатшыл сыншысы – орфография. Бұл жобаларды орфографиямен тексергенде қиындығы мен қайшылығының көптігі байқалады. Айталық, әлденеше жіңішке дауысты (4-5) бірден келетін кейбір жіңішке буынды төл сөздер мен ә, ғ, й, ң, ө, ш, ү, у төл дыбыстарымыздың бірнешеуі (3-4) бірден келетін төл түбір сөздерде қойылатын апострофтардың саны 3-4-ке дейін, ал оған қосымша жалғанғанда, тіпті, 10-ға дейін барады. Бұлай болғанда, графемалардың көзге сыйықсыз көрінгені былай тұрсын, тұрқы ұзарып, әдеттегі тұрқынан кейде екі есе ұзарады және таңба саны көбейеді. Өйткені әр апостроф бір таңбаның орнын алады. Төмендегі кестедегі мысалдар арқылы салыстырып қарайық:
Кирилл | таңба
саны |
Апостроф | апос./
таңба |
Диакритика | таңба
саны |
өңшең | 5 | o'n's'en' | 4/9 | öŋşeŋ | 5 |
шүңірею | 7 | s’u’n’irei’y’ | 5/13 | şüŋireyw | 8 |
үюшіңнің | 8 | u’i’y’s’in’nin’ | 6/15 | üywşiŋniŋ | 9 |
үңгушінің | 9 | u’n’gy’s’in’nin’ | 6/15 | üŋgwşiniŋ | 9 |
шәңк-шәңк | 8 | s’a’n’k-s’a’n’k | 6/14 | şäŋk-şäŋk | 8 |
шағушыңның | 10 | s’ag’y’s’yn’nyn’ | 6/16 | şağwşɪŋnɪŋ | 10 |
шағымданғышыңның | 16 | s’ag’ymdang’ys’yn’nyn’ | 6/22 | şağɪmdanğɪşɪŋnɪŋ | 16 |
шаңғышыңның | 11 | s’an’g’ys’yn’nyn’ | 6/17 | şaŋğɪşɪŋnɪŋ | 11 |
шаңғыр-шұңғыр | 12 | s’an’g’yr-s’un’g’yr | 6/18 | şaŋğɪr-şuŋğɪr | 12 |
шашушыңның | 10 | s’as’y’s’yn’nyn’ | 6/16 | şaşwşɪŋnɪŋ | 10 |
шәй-шәй (од.) | 6 | s’a’i’-s’a’i’ | 6/12 | şäy-şäy (od.) | 6 |
шәу-шәу | 6 | s’a’y’-s’a’y’ | 6/12 | şäw-şäw | 6 |
шойтаң-шойтаң | 12 | s’оi’tan’-s’оi’tan’ | 6/18 | şoytaŋ-şoytaŋ | 12 |
шаңғырлағышыңның | 16 | s'an’g’yrlag’ys’yn’nyn’ | 7/23 | şaŋğɪrlağɪşɪŋnɪŋ | 16 |
шашауланушыңның | 15 | s’as’ay’lany’s’yn’nyn’ | 7/22 | şaşawlanwşɪŋnɪŋ | 15 |
шашбуғышыңның | 13 | s’as’by’g’ys’yn’nyn’ | 7/20 | şaşbwğɪşɪŋnɪŋ | 13 |
шошайтушының | 12 | s’оs’ai’ty’s’yn’nyn’ | 7/19 | şoşaytwşɪnɪŋ | 12 |
шөмшеңдеушінің | 14 | s’o’ms’en’dey’s’inin’ | 7/21 | şömşeŋdewşiniŋ | 14 |
шөп-шөп сүю | 9 | s’o’p-s’o’p su’i’y’ | 7/16 | şöp-şöp süyw | 10 |
шүбәланушының | 13 | s’u’ba’lany’s’yn’nyn’ | 7/20 | şübälanwşɪnɪŋ | 13 |
ширығушының | 11 | s’i’ryg’y’s’yn’nyn’ | 7/18 | şyrɪğwşɪnɪŋ | 11 |
шыңғырушыңның | 13 | s’yn’g’yry’s’yn’nyn’ | 7/20 | şɪŋğɪrwşɪŋnɪŋ | 13 |
шүюшіңнің | 9 | s’u’i’y’s’in’nin’ | 7/16 | şüywşiŋniŋ | 10 |
шашу шашушыңның | 14 | s’as’y’ s’as’y’s’yn’nyn’ | 9/21 | şaşw şaşwşɪŋnɪŋ | 14 |
шүу-шүулеушіңнің | 15 | s’u’y’ s’u’y’ley’s’in’nin’ | 10/25 | şüw-şüwlewşiŋniŋ | 15 |
274 |
164/
438 |
278 |
|||
Ескерту: мысалдағы түбір сөздер Р.Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» кітабынан алынды |
Көріп отырғанымыздай, афострофты бағандағы сөздерді қай жағынан алсақ та, көңілге қонымды дей алмас едік. Апостроф сөздің басына бір-ақ жерде қойылса, аралас буынды төл сөздер мен қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына бағынбайтын, тілімізде әлдеқашан сіңісті болған аралас буынды кірме сөздерді оқуда қиындық келтіріп, шатастырады. Ал оларды қазақ тілінің үндестік заңына бағындыру тіптен қиын. ХХ ғасыр басында оны бағындыруға мүмкін де шығар. Бірақ дәл қазір ол мүлде бағынбайды.
Апостров – диграфтардың таңбалық тұрқы кішірейіп, жетек таңбаның шекесіне шыққан түрі. Одан басқа ешқандай айырмашылығын біз байқамадық. Тілді тұтынушы халық бұрынғы диграфты жобаны қалай қабылдамаған болса, фпостроф та солай болмақ. Біз бұл мақалада қандай да бір жобаны тұқыртуды мақсат тұтпадық, керісінше ел игілігі үшін білгенімізді ортаға салып, «Мәңгілік Елдің Мәңгілік Тілін» тұғырлы ету үшін аз да болса, өз үлесімізді қосуды, тіл маманы ретінде өз міндетімізді атқарып, таза ғылыми пікір айтуды мақсат тұттық. Қандай да бір латын негізді қазақ әліпбиі жобаларының артықшылықтары латынға көшу тарихи шешімінің өзінде-ақ тұр, оған дау жоқ. Сондықтан біз кез келген жобаның кемшілігін талдағанда, оның ендігі бізге тигізер пайда-зияны көрінбек, әліпби жобасының ұтымды-ұтымсыздығы білінбек.
Біздің байқауымызша апострофтардың мынадай кемшіліктері бар:
1) Апостроф көбіне бірыңғай фонетикалық құбылыстарға қолданылады. Апострофтарды бірыңғай принципсіз таңба жетпеген дыбыстардың бәріне қою, яғни дауыстыға да, дауыссызға да, кірме дыбыстарға да, төл дыбыстарға да аралас қою – тілдің, орфографияның, әліппе түзудің ғылыми принцибіне қайшы.
2) Апострофты таңбалар дыбыстарды жоғалту қаупі ең жоғары таңбалардың санатына жатады. Бұл жағынан келгенде таңдалған әліпбиде 8 төл дыбыс бар.
3) Бірге жазылатын күрделі сөздерді екі сөз етіп оқуға ұрындырады, лексикалық графемалардың бүтін тұлғасын әр жерден жосықсыз ажыратады. Түбірге жымдасып кететін жалғамалы тілдің табиғатын бұзып, түбір мен қосымша арасында жік тудырады. Бұл тіпті тілдің жалғамалылық генетикалы табиғатын бұзуы мүмкін.
4) Сөз тұрқын ұзартады, таңба санын көбейтеді, жазуда, оқуда, үйренуде артық энергия жұмсалады.
5) Сөзде графикалық тұлға болмайды. Оқуда сөзді тұлғасынан (суретінен) танып оқуға кедергі келтіреді. Бұл оқуда, жазуда көп қиындық келтіреді. Көру қуаты нашар адамдарға, қарттарға аса қиындық тудырады.
6) Сиықсыз көрінеді және қолмен сиықсыз жазылады. Пернетақтада бір қазыққа байланған ат сияқты, бір пернеге (апострофқа) ұдайы қолымыз байланып, оралып отыруды қажет етеді. Жылдамдыққа айтарлықтай кедергі жасайды.
7) Апостроф тарихи принципке негізделген тілдердің (араб, ағылшын) жазу мәдениетіне үйлесімді, жалғамалы тілдерге, соның ішінде жуан-жіңішке буындар біріңғай келетін қазақ тілі сияқты тілдердің заңдылығына қайшы.
8) Таңбада, емле ережелерінде шарттылық көбейеді де, мектеп табалдырығын енді аттаған, ақыл-есі толықпаған жас балаға үйретуге қиындық тудырады. Сауаттылық пен сауат ашуды баяулатады.
9) Вирустық шабуылдарға жиі ұшырайды. Сканерде дұрыс көрінбейді, «ABBYY FineReader» мәтін тану бағдарламасында танылмайды не түсіп қалады.
10) Уақыттың өтуімен тозатын мұрағат қағаздарында апостроф ең алдымен өше бастайды. Қағаздың ескіруінен бетіне түскен түрлі кір дақтарымен шатасып, сөздің түпнұсқалығы мен дұрыстығына кері әсер етеді, текстологиялық қателерге ұрындырады.
11) Қазақ тілінің халықаралық аренада, цифрлы технологияларда, аса жауапты салаларда, қаржы, банк жүйесіне қолданылуына кедергі келтіреді.
12) Апострофтар ұлт психологиясына кері әсер етеді. Ұлттық әліппе, ұлттық графема, ұлттық пернетақта болмайды. Қазақ тілін ағылшын тілінің көлеңкесінде қалдырады.
Бұл аталған кемшіліктердің әрбірі де өте маңызды. Шын мәнінде апостроф тарихи принципке негізделген араб тілі, ағылшын тілі сияқты жазу мәдениеті ерте қалыптасқан тілдердің емлесіндегі ежелгі ерекшеліктерді сақтаудың нәтижесінде пайда болған. Ал оны фонологиялық принципке негізделген қазақ тіліне қолдану – тілдің табиғатына қайшы тәжірибе. Бұл туралы Ақаң да ХХ ғасыр басында өткен «Түрікшілер құрылтайында» айтқан. Дәйекші апостроф емес, нағыз апрстроф – араб жазуындағы харакаттар (әрекет). Дауысты дыбыстар жазылмай, түрлі апострофтар (харакат) арқылы берілетін араб тілінің заңдылығын ұлттық тілден түбегейлі аластатып, төл дауысты дыбыстарға жеке-жеке таңба арнаған да Ақаң болатын. Демек, Ақаң апострофтарға түбегейлі қарсы болған. Сондықтан Ақаңның дәйекшісін «ﺀ» апостроф деп, қарсыластарына ауызбастырық ететін бағдарламашылар байыпты болу керек.
2. А.Байтұрсынұлы әліпбиінде диграфтар (қосартаңба) бар ма?
А.Байтұрсынұлы қазақ әліппесін түзу тәжірибесінде ешқашан диграф қолданбаған. Диграф сияқты көрінетін жалғыз таңба бар, ол – сүйеу таяқ (ﺍ). Бірақ бұл диграф емес. Бұл таңба тек сөз басындағы дауысты дыбыс таңбасының алдына қойылады да («а» дан басқа), өзге орында қойылмайды. Сүйеу таяқтың қызметі – сөз басында дауысты дыбыстың бар екенін айқындау немесе дауысты дыбысқа сүйеу болу. Бұл туралы А.Байтұрсынұлы: ««А»-дан басқа дауысты дыбыстар – «ﻮ» (о), «ﯗ» (ұ), «ﻩ» (е), «ﯼ» (ы) – сөздің басында келсе, олардың харфтерінің алдында сүйеу таяқ «ﺍ» қойылып жазылады. Мысалы: ﺁﺮﯨﺱ (арыс), ﺍﻩﺱ (ес), ﺍﯗﺮ (ұр), ﺍﻮﻥ (он)» - деп жазады [2, 7]. Ғалым бұл жерде дауысты дыбыстар қосар таңбамен беріледі деп тұрған жоқ, тек сөз басында ғана дауысты дыбыс таңбасының алдына «сүйеу таяқ» (ﺍ) деген белгі қойылатынын айтады. Бұл туралы тағы: «Сөз басында «ﺁ» дыбысы жоқ жерде «ﺍ» харфі тұрса, ол басқа дауысты дыбысқа сүйеу үшін қойылған таяқ есебінде қойылса да айтылмайды», - деп нақты айтады [2, 9]. Ендеше сүйеу таяқ сөз басында «а» дыбысынан басқа дауысты дыбыстың бар екенін көрсетеді.
Осы арада оқырманның ойында «дауысты дыбыстардың жеке-жеке таңбалар бола тұра бұл таңбаларға тағы бір сүйеу таяқты қоюдың және тек қана сөз басында қосақтаудың қажеті қанша?» деген заңды сұрақ туады. Мұның мәні тым арыда. Бұл «сүйеу таяқ» орта ғасыр, тіпті одан бұрынғы түркі тілді, араб жазулы түркі жазба ескерткіштерінде де кездеседі. Түркінің тұңғыш лингвист ғалымы М.Қашқари да мұны «Түркі тілдер сөздігінде» жазу машығында жүйелі түрде қолданған. М.Қашқари бұл сүйеу таяқты «хамза» деп атайды. Сол кезеңде де тек сөз басындағы дауысты дыбыстардың алдына қойылған. Бұл сөзімізді Қ.Жұбановтың мына пікірі де дәлелдейді: «Сүйеу таяқ болса, бұл бұрыннан болатын. Бұрын болғанда, бұл – Қожа Ахмет Яассауи да да, шағатай жазуларында да болып отырған» [3, 343]. Қ.Жұбанов бұл сүйеу таяқтың арғы тегі көне ұйғыр жазуынан (соғды жазуы) келген болса керек деп болжайды. Көне жазба мұралардағы жазу ережелерін зерттей қарағанымызда, мынаған көз жеткіздік: Түркі топырағына көне түркі жазуының орнына араб жазуы келгеннен кейін түркі жұрты араб әліппесімен қатар, оның емле ережелерін де алған. Яғни түрік сөздері араб таңбаларымен және оның жазу ережелерінен шықпай жазылған. Айталық, араб жазуында дауысты дыбыстар жазылмайды да, дауыстылар түрлі харакаттар (әрекет) арқылы беріледі. Харакаттардың саны үшеу, олар: « ՜ » (фатха), «ﹳ » (кесрә), « ՚ » (зәмма). Бұл харакаттар сөздің басы мен аяғынан басқа жерде келетін барлық дауысты дыбыстардың дәл тұсына бірден қойылады. Ал сөздің басы мен аяғында келетін дауыстылар орнының тұсына қоюға ыңғайсыз болған. Харакаттар сөздің тұрқын (графиканы) бұзбай, сөздің тік қалпынан, қатардан шығып кетпей жазылған. Сол себепті сөз дауысты дыбыстан басталған немесе аяқталған сәтте, дауысты дыбыс жазылмайтындықтан, оның орны бос қалады да, сол бос орынның тұсына харакат қою түсініксіз әрі сөз тұрқын бұзатын болып шыққан. Сондықтан сөз басында дауысты дыбыс бар дегенді білдіру үшін бір ғана таңба «ﺍ» (хамза немесе сүйеу таяқ) қойылады да, оның үстіне харакат қойылып, қандай дауысты екені анықталады. Ал сөз аяғында «ﺎ», «ﻮ», «ﯼ» үш таңбаның бірі жазылады да, жол үсті харакаты қойылады. Бұл үш таңба, шын мәнінде, үш түрлі дауысты дыбыстар тобына балама болады. «ﺎ» таңбасы «- а, ә, е» дауыстыларын, «ﻮ» таңбасы «о, ө, ү, ұ» дауыстыларын, «ﯼ» таңбасы «ы/і, и» дауыстыларын білдіреді. Сонымен қатар бұл таңбалар сөз ортасында да келетін болған, сөз ортасында келгенде олар созылыңқылық қызметін атқарған, яғни өзінің алдындағы дауыссыз дыбысты созып айту қызметін атқарған. Бұл үш таңбаны М.Қашқари «мад белгі» деп атап, оның қызметін арнайы түсіндіреді [4, 32-43].
Ал «қай дауысты қалай анықталады?» дегенге келсек, дауыстылар үш топқа бөлінген. Бірінші, «а, ә, е» ашық езуліктер тобы болып, жолүсті « ՜ » (фатха) харакаты қойылған. Екінші, «о, ө, ү, ұ» еріндіктер тобына жолүсті « ՚ » (зәмма) харакаты қойылған. Ал үшінші, «ы/і, и» қысаң езуліктерге тобына жоласты «ﹳ » (кесрә) харакаты сөз астынан қойылған.
Сүйеу таяқтың (хамза) жоғарыда айтылған функциясын одан кейінгі әр ғасырдағы жазба мұралардан да көруге болады. Тіпті А.Байтұрсынұлына дейін бұл таңбаны И.Гаспаралы (И.Гаспринский) да өзгеріссіз татар тілінің емлесіне енгізеді. Сол замандағы (19-20 ғ.) татар басылымдарының бәрінен де «сүйеу таяқты» және оның дәл сол қызметін көреміз. Ал А.Байтұрсынұлы да мұны алғашқы жылдары қазақ әліппесіне өзгеріссіз енгізеді. Алайда 1923 жылғы кезекті жазу реформасынан кейін алып тастайды. Себебі дауысты дыбыстар жазылмай, харакаттар арқылы берілетін араб емлесін тастап, дауысты дыбыстардың бәріне жеке-жеке таңба арнаған соң дауысты дыбыстарды сөз басында тағы әйгілеп отыру басы артық жұмыс екенін түсінген, онымен қоса, сөз басында дауысты дыбыстардың таңбалары мен сүйеу таяқ қатар келгенде дауыстының таңбалары бір мағына, сүйеу таяқ бір мағына («а» дыбысы) беріп, оқылу барысында көп шатасулар, үйрену барысында қиындықтар туғызған. А.Байтұрсынұлы көрсеткен 15 түрлі райдың бірі саналатын ызалы (ﺍﺯﺍﻟﻰ) рай бірде «азалы ырай», бірде «ызалы рай» болып жаңылыс оқылып жүргені осы себептен. Сүйеу таяқты алып тастағаннан кейін «төте жазу» көп оңтайланады, жеңілдейді.
Шын мәнінде, «сүйеу таяқты» А.Байтұрсынұлы ұлттық жазуға алып келген жоқ, керісінде жат тілдің жазу машығымен келген мың жылдық тарихы бар «сүйеу таяқты» ақсақ емлемізден тазартқан түркі тұқымынан шыққан тұңғыш ғалым А.Байтұрсынұлы болатын. Міне, бұдан А.Байтұрсынұлының диграфты қолдау мен қолдануы былай тұрсын, керісінше одан аулақ болғанын көруге болады. Сондықтан латынға көшу тәжірибесінде дыбыстық мәні халықтың жадында сіңісті болған таңбаларды қосарлау, ол жазу, оқу, үйрену барысында қиындық пен шатасуға апарады.
«Сүйеу таяқ» туралы ең соңғы айтуға тиіс нәрсе мынау. Шындығында А.Байтұрсынұлының «а» дыбысына арнаған таңбасы мен «сүйеу таяқ» таңбасы бірдей. Ол – (ﺍ). Бірақ бұл таңбаны сөз басынан басқа орында келген барлық «а» дыбысын таңбалауға арнаған. Өйткені, «сүйеу таяқ» тек сөз басында ғана қойылатындықтан, «а» дыбысының таңбасымен шатаспайды. Ал сөз басында «а» дыбысы келсе ше? Ондай жағдайда сол сүйеу таяқтың үстіне «мәт белгі» деп аталатын (~) белгіні қояды да, сүйеу таяқтан ерекшелеп, «ﺁ» таңба жасайды, ол сөз басындағы «а» болып оқылады. Мұны А.Байтұрсынұлының өз сөзімен айтсақ: ««А» дыбысының һәрпі (ﺍ) сөз басында мәт (~) белгісімен жазылады, басқа орындарда мәтсіз жазылады» [2, 9].
Мәт белгі демекші, осы ирек сызықты (~) да А.Байтұрсынұлы төте жазуда созылыққылықты білдіру үшін қолданған деп пікір айтушылар да бар. Бұл мүлде жаңсақтық. А.Байтұрсынұлы «Әдебиеттанытқыш» кітабында: «Сөзден өлең жасап шығару жағынан тіл үшке бөлінеді: 1. Дауысты дыбыстарда ұзын-қысқалығы бар тілдер; 2. Екпін буыны біріңғай келетін тілдер; 3. Екпін буыны біріңғай келмейтін тілдер. Бірінші түрдегі тілдерде, мәселен, араб, латын, юнан сияқты ескі жұрттардың тілдерінде дауысты дыбыстардың кейбіреулері созылып ұзын айтылады. Ондай дыбыстар қалыпты дыбыстардың екеуіне бара-бар», - дейді [5, 96]. Ғалым бірінші топтағы тілдерге қазақ тілін қоспайды, екінші топтағы тілдерге қосады да, фрацуз, полияк, чех тілдерімен бір топқа жатқызады. Аталған еңбекте тағы: «Қазақ тілінде дауысты дыбыстардың қатарынан бір сөздің ішінде келуі тіпті болмайды. Қатарынан келетін сөздер қос сөздер, не екі сөздің бірінің аяғы бірінің басы дауысты дыбыс болып келетін жерде болады», - деп нақты айтады [5, 75]. Жоғардағы сілтемелерден біз А.Байтұрсынұлы қазақ тілінде созылыңқы дауысты дыбыс жоқ деп нақты айтқанын түсінеміз. Ендеше қазақ тілінде «созылыңқы дыбыс жоқ» деп айта тұра «мәт белгісін» қазақ тілі дыбыстарының созылыңқылығын білдіру үшін қолданбаса керек. Рас, «мәд белгі» дыбыстардың созылып оқылуын білдірген. Бірақ А.Байтұрсынұлы бұны ол қызметінде қолданбаған. Қолданды да делік. Төте жазуда «мәд белгі» (~) тек сөз басындағы «а» дыбысын таңбалайтын сүйеу таяқтың (ﺍ) үстіне қойылады (ﺁ). Олай болса, осы жазу қағидасы бойынша қазақ тілінде тек сөздің басында және тек «а» дыбысында созылыңқылық қасиет бар болып шығады да, басқа дауысты дыбыстарда ондай қасиет жоқ, өз қалпынша оқылатын болып шығады. Мұны лингвистикалық сауаты толық зерттеуші дұрыс жазу қағидасы деп танымаса керек.
А.Байтұрсынұлы реформасынан бұрын қазақтың хат, сұлтандардың жарлығын жазатын ескіше, мұсылманша оқыған молдалар араб тілінің емлесі бойынша жазып, осы белгіні сол ретпен созылыңқылық үшін қолданды деу қисынға келеді. Ал А.Байтұрсынұлы әліппесінде дыбыстардың созылыңқылығын білдіретін белгілер, диграф мүлде қолданылмайды. Бұл ретте ғалым дауысты, дауыссыз дыбыстарды барынша даралау, бөлек таңба арнау «бір дыбыс – бір таңба» принципін қатаң ұстанған.
3. А.Байтұрсынұлы әліпбиінде диакритикалы таңбалар қолданған ба?
А.Байтұрсынұлы әліппе жасау тәжірибесінде диакритикалық белгіні пайдаланған. Диакритиканы жалпы араб жазуының өзіндік ерекшілігі десе де болады. А.Байтұрсынұлы түзген «Төте жазудың» 1912-1914 жылдардағы әліппе нұсқасында 24 дыбысқа арналған таңбалардың 13 таңбасында диакритика бар. Олар: (ب (б), پ (п), ت (т), ج (ж), ݘ (ш), ز (з), ﻍ (ғ), ق (қ), ك (к), گ (г), ڭ (ң), ن (н), ۏ (ұ/ү), ي (и) таңбалары. 9 дыбыстың таңбасында ешқандай диакритика жоқ. Олар: د (д), ر (р), س (с), ل (л), م (м), و (о/ө/у), ى (ы/і) таңбалары. Екі дыбыс таңбасы бірде диакритикалы, бірде диакритикасыз. Олар: «ﺁ , ﺎ» (а/ә), «ﻩ, ﻪ, ﻴ» (е). Яғни сөз басында «а/ә» дыбысы диакритикалы (ﺁ), басқа буындарында диакритикасыз (ﺎ). Сөз басындағы «е» дыбысы диакритикамен (ﻴ) жазылады, басқа буындарында диакритикасыз (ﻩ, ﻪ) жазылады. Шын мәнінде бұл таңбалардың көпшілігін А.Байтұрсынұлы жасамаған, араб әліппесінде бұл таңбалар бұрыннан бар. А.Байтұрсынұлы бұрыннан белгілі осы таңбаларды қазақ дыбыстарына сәйкестендіріп арнаған. Сөзіміз дәлелді болу үшін Ақаңның өз сөзін келтірейік: «Дауыссыз дыбыстар қазақ тілінде он жеті. Оларға тура келетін араб әліппесіндегі харіфтер он үш. Демек, төртеуі жетпейді. Бұл харіф жетпейтін дауыссыз төрт дыбыс үшін харіфтер бұрын арналған. Арналған харіфтер бәрібір араб харіфтері, бірақ олай-бұлай шет пұшпақтары ғана өзгертілген. Мәселен, ب (б) харфінің нүктесін өзгертіп پ (п) жасаған. ج (ж) харфінің нүктесін өзгертіп ﭺ (ш) жасаған, ﻛ (к) харфінің үстін қосарлап گ (г) жасаған, ك (к) харфінің үстіне үш нүкте қойып ڭ (ң) жасаған. Осы даяр харіфтерді біз де қабыл етеміз» [6, 32]. Араб әліппесінде 29 таңба бар. Бұл таңбалар қазақтың 24 дыбысын таңбалауға толық жеткілікті болса да, А.Байтұрсынұлы оның 13 таңбасы ғана жарамды екенін айтады. Ал түркі тектес халықтардың тіліне икемделіп кейіннен жасалған өзге 4 дауыссыздың таңбасы мен 2 жарты дауысты және 5 дауыстыны қосқанда 11 таңба жасанды таңба болып шығады. А.Байтұрсынұлы таңбалар дыбыстарды таңбалауға жеткілікті бола тұрса да, тек дыбысталу жағынан қазақ тіліне сәйкес келетін таңбаларды ғана алып, өзгесін қалдырған. Бұл нені түсіндіреді? Бұл арада әліппе жасауға құлшынып жүрген әліппешілердің ұғынып алуына тиісті үлкен бір принцп жатыр. Бұл – фонологиялық принцип. Оны Ақаңның өз тілімен айтсақ, «Әліппе дыбыс жолымен түзілуі керек». Яғни таңба алынатын тілдердегі сол таңбаның дыбыстық мәні қазақ тіліндегі дыбыстарға жақын, сәйкес келуі керек. Санада дыбыстық мәні ежелден сіңісті болған таңбаларды әуелгі мәнінен мүлде бөлек дыбыстарды таңбалауға қолдану оқуда, жазуда қиындық тудыратын, шатастыратын ең үлкен қателік болмақ. Бұл туралы А.Байтұрсынұлы былай дейді: «Бұлайша тілді бұзуға себеп болған нәрсе – жазу. Араб әліппесіндегі харіптер түрік тіліндегі кейбір дыбыстарға тура келмеген. Ол дыбыстарды жазуға басқа дыбыстардың харіптері жұмсалған. Мысалы, түрік тілінде «ﻭ» («о») дыбысы бар, араб әліппесінде оған харф жоқ. Түрік тілінде «ﻳ» (е) оған тура келетін арапта харф жоқ. Сондқтан «о» дыбысын «у» мен жазған, «е» дыбысын «ﻳ» мен жазған. Бұл дыбыстар айтылуынша оқылмай, жазылуынша оқылған. «ﺁ» (а) дыбысы «ﻳ» (и) дыбысына алмасуына себеп болған нәрсе. Түрік сөздерін де арап емлесімен жазамыз деген. Мысалы, қарамай – қарами» [7, 112 ]. Ғалымның бұл сөзінен дыбыстық мәні сәйкес келмейтін жеке таңба немесе диграфтарды төл дыбыстарды таңбалауға қолдану немесе бір таңбамен бірнеше дыбыстарды беру сол дыбысты жоғалтуға себеп болатын жол екенін түсіну қиын емес. Әрі мұнда да «бір дыбыс – бір таңба» принципін ұстанғанын байқаймыз. Ғалым латын әліппесінде қазақ тіліне тек 15 таңба сәйкес келгенін айтады [8].
Ақаң бүгінгі біздің латыншылар сияқты өзге жұрттың қысқа көрпесіне арыс тілдің алып бойын бүктеп, қабаттап әкеп зорлықпен тықпаған, керісінше жарамсыз көгін күңіренте сөгіп, қазақ тілінің бойына арнап қайта тіккен. Е.Тілешов мырза жүгінген: «Біздің, жерден жеті қоян тапқандай болып «апостроф» деп әріптің бір шекесін шертіп сәндеп, «диакритика» деп әріпті төбесіне сызықша қойып шендеп, о әрпінің белін тартып ө жасап мәндеп, ае-ні қосақтап ә деп егіздеп жүргеніміздің бәрі Ақаңнан қалған үлгі» (Ә.Жүнісбек) деген сәндеуік сілтемедегідей емес [9]. Бұлардың бәрі Ақаңа жат. Біз бұл сілтемені терістейтін тұжырымды бұл мақаланың он бойынан таба аламыз.
Жоғарыдағы дәйектерден 17 дауыссыз дыбыстың таңбасында Ақаңның еншісі жоқ екенін байқаймыз. Сонда Ақаңның жасаған таңбалары қайсы? Ол төмендегідей:
1) Орта ғасырдан бері белгілі дауыстының мәнінде жүретін (ﺍ, ﻮ, ﯼ) таңбаларды жетілдіріп, сәйкестендіру арқылы бес дауысты дыбыстың таңбасын жасайды.
2) Бірнеше дауыссыз дыбыстардың таңбаларындағы басы артық диакритикалық белгілерді алып тастайды.
3) Жіңішке дауыстылар мен жіңішке дауыссыздарды дәйекші «ﺀ» арқылы ажыратады.
А.Байтұрсынұлына әліппе реформасында не тиесілі дегенді ашып айтар болсақ: қазақтың 24/28 төл дыбысын анықтау, осы дыбсыстарға таңба арнау, басы артық кірме дыбыстар мен таңбаларды қысқарту, дауыстыларды жеке таңбамен таңбалай отырып, жазу машығына енгізу, ішінара таңбаларға түзетулер енгізу, қазақ тілінің үндестік заңы бойынша орфографиялық принциптерді, емле-ережелерді жасау т.б.
Ал таңбалардың жеке өзіне келсек, 1912-1922 жылдары «о» дыбысын таңбалау үшін жарты дауысты «у» дыбысының «ﻭ» таңбасын қолданады. 1923 жылғы кезекті реформадан кейін «у» жарты дауысты дыбысты таңбалау үшін «ﻭ» таңбаның үстіне үш нүкте қояды да, «ﯞ» (у) таңбасын жасайды. Жіңішке дауысты «е» дыбысымен қоса бірнеше дыбысты қатар таңбалайтын үстінде диакритикалық белгісі бар «ﻴ» таңбасын қысқартып, диакритикасыз ««ﻩ, ﻪ» екі түрін қалдырады. Дауыссыздардан «ﻍ» (ғ) таңбасының үстіндегі нүктені алып, «ﻉ» таңбасына өзгертеді. «Ш» дыбысын таңбалайтын барлық түркі тілдеріне ортақ «ﭺ» таңбасының орнына «ﺵ» таңбасын алады. Бірақ кейін «ﭺ» таңбасының орнына «ﺵ» таңбасын алады. « Кірме сөздерде келетін «ﺨ» (х) таңбасының үстіндегі ноқатын алып «ﺤ» (х) таңбасына өзгертеді. Бас-аяғы осы.
Бұдан біз А.Байтұрсынұлының диакритикалық белгілерді қолданғанымен, оны аса құптамағанын, мүмкіндік болса, ондай таңбаларды азайтып отырғанын көреміз. Және дыбыстардың таңбаларын мейлінше даралағанын, ұқсас элементтерді азайтқанын көреміз.
Сөзімізді қорыта келгенде, А.Байтұрсынұлы әліппе түзу тәжірибесінде диграф та, апостроф та қолданбаған, диакритикадан мүмкіндігінше аулақ болған. Тілді таңбаға емес, таңбаны тілге икемдеген. Сондықтан жаңа қазақ әліппесін жасау тәжірибесінде дұрысты да, бұрысты да «Ақаң жолы» деп елді адастыру азаматтық емес. Ақаңның жолы – ардың жолы. Ардың жолы – ауыр. Әліппе жасаушылар осыны сезіну керек, сонда ғана тозық емес, шын озық әліппе қазақтың бағына бұйырады. Ақаңның әліппеге қояр талабы мынау: «Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйренуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы» [8]. Олай болса, Ақаңның осы айтқанын толық орындайтын әліппе ғана қазақ тілін мәңгілік етенін, ұлт қалауынан шыққан әліппе болмақ.
Әдебиеттер:
- Байтұрсынұлы А. Жазу тәртібі. Айқап. №4-5
- Байтұрсынұлы. «Тіл – құрал», 1-жылдық, 3-басылуы. –Орынбор. «Қаз.М.Б», 1923ж. 46 б.
- Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1999. -581.
- Қашқари М. Түркі тілдер сөздігі. –Алматы: «Хант», 1997. I-588 б, II-585 б, III-597 б.
- Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш. – Қызылорда: «Қаз.мем.бас». 1926. 284 б.
- Байтұрсынұлы А. «Тіл – құрал». 1-жылдық/. Орынбор,1914ж. 53 б.
- А.Байтұрсынұлы. «Қазақша сөз жазушылар назарына сөзін жазушыға». «Шора» жұрналы. 1913 ж. №4, 110-113.
- Байтұрсынұлы Ақыметтің араб әліб-бійін жақтаған баяндамасы // «Әліппе айтысы». – Қызылорда: Қаз.мем.бас. 1927
- https://informburo.kz/interview/razrabotchik-alfavita-na-latinice-kogda-pravila-pravopisaniya-budut-vsyo-vernyotsya-na-krugi-svoya.html
- Сыздық Р. «Қазақ тілінің анықтағышы». –Астана: Елорда, 2000, -532 б.
Е.Маралбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің ғылыми қызметкері, PhD докторант
Abai.kz