Аялдар Күнтуған. Ленин түскенімен, Калинин түсер емес...
Кеше ғана Қарағандыдағы «тағынан» тапжылмайстай көрінген «күн көсемді» қаптап, қаумалап, біріміз етегінен, біріміз кәрі сақалынан он тоғыз жыл бойы сүйрелеп, әбден дігдіріміз құрып, «үһ» дегенде міне, енді алып тастайтын болдық деп масаттанып ек. Ленин түскенімен, Ильичтің иегінің астында ұзақ жылдар «малтыған» Михайлдің десі мығым секілді, оның түсер түрі жоқ. Әйтпесе, Алматының іргесіндегі Талғар ауданы Тұздыбастау ауылындағы ескерткішінде теке сақалын «созғылап», мықшырайып әлі отырар ма еді? Тура күре жолдың бойында, «Тұздыбастау - ырысты өлке, құт мекен!» деген жалаулы сөзге бет бұрып, ауылды артынан бағып қарап тұр. Қарағандының жайы бір басқа. Онда түсінде Володяны көретін коммунистер мен орыстардың қарасы мол дедік пе, әйтеуір итырғылжыңмен ұзаққа создық. Ал мына Талғар өңірі ондай мәселеден алыс қой. Демек, гәптің бәрі аудандық, облыстық басшыларда. Тұздыбастаулықтар биыл да Тәуелсіздіктің он тоғызыншы жылын Калининнің сақалына қарап қарсы алатын болды. Құдай-ау, басқа басқа, дәл осы Калининге емешегіміз үзіліп, оның ескерткішін сары майдай сақтайтындай басымызға не күн туды десеңізші. Қайдағы бір қызылдар үшін ғұмырын арнаған, талай ортаны қанды-қасап қылған Михайл емес пе бұл? Оның қазақ үшін, біздің даламыз үшін істеген бір жақсылығын біле ме жұрт? Бізге үш емес, отыз қайнаса да сорпасы қосыла ма? Жоқ!
Кеше ғана Қарағандыдағы «тағынан» тапжылмайстай көрінген «күн көсемді» қаптап, қаумалап, біріміз етегінен, біріміз кәрі сақалынан он тоғыз жыл бойы сүйрелеп, әбден дігдіріміз құрып, «үһ» дегенде міне, енді алып тастайтын болдық деп масаттанып ек. Ленин түскенімен, Ильичтің иегінің астында ұзақ жылдар «малтыған» Михайлдің десі мығым секілді, оның түсер түрі жоқ. Әйтпесе, Алматының іргесіндегі Талғар ауданы Тұздыбастау ауылындағы ескерткішінде теке сақалын «созғылап», мықшырайып әлі отырар ма еді? Тура күре жолдың бойында, «Тұздыбастау - ырысты өлке, құт мекен!» деген жалаулы сөзге бет бұрып, ауылды артынан бағып қарап тұр. Қарағандының жайы бір басқа. Онда түсінде Володяны көретін коммунистер мен орыстардың қарасы мол дедік пе, әйтеуір итырғылжыңмен ұзаққа создық. Ал мына Талғар өңірі ондай мәселеден алыс қой. Демек, гәптің бәрі аудандық, облыстық басшыларда. Тұздыбастаулықтар биыл да Тәуелсіздіктің он тоғызыншы жылын Калининнің сақалына қарап қарсы алатын болды. Құдай-ау, басқа басқа, дәл осы Калининге емешегіміз үзіліп, оның ескерткішін сары майдай сақтайтындай басымызға не күн туды десеңізші. Қайдағы бір қызылдар үшін ғұмырын арнаған, талай ортаны қанды-қасап қылған Михайл емес пе бұл? Оның қазақ үшін, біздің даламыз үшін істеген бір жақсылығын біле ме жұрт? Бізге үш емес, отыз қайнаса да сорпасы қосыла ма? Жоқ! Бірақ оның ескерткішін алып тастау соншалықты қиынға тиіп отырғандай. Солай болмағанда, басы қураған кеңестік одақпен бірге-ақ баяғыда сүйегін саудыратып күресінге лақтырып жіберуге болар еді ғой. Орнына Талғар ауданына кіреберістегі бір қуыста «бүрісіп» отырған жерінен «тауып» алып, Тұрар Рысқұловтың мүсінін тақ еткізіп отырғызуға қауқарымыз жетпей ме әлде дәл осы көрікті Жетісу өлкесінің Талғар, Есік өңірінен осы орынға малдас құрып отыруға лайықты қазақтың бір қара шалы ғұмыр кешпеді ме екен? Әшейінде ескерткіш тұрғызғыш Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов айға бата ғып жүр ме деп ойлайсыз осындайда. Ел бармайтын иен далаға қамшысын қолына ұстатып, батыр-бағландардың ескерткішін қойғанша, мына «кеңестік шалдың» орнына отырғызбай ма солардың бірін. Ескерткішінің алдындағы сарыкідір тасқа: «Сіздердің колхоз қазақтардың жерді қалай жасанта алатынын күллі әлемге паш ететін болады» деген «ұлағатты» сөзін ойып жазып қойыпты. Пай-пай-пой! Қазақшылын-ай сабаздың. Бәлкім, осы бір «ұлы да мағыналы» сөзі үшін әлі сақтап отырған шығармыз тас тұғырдан түсірмей. Мұнан да сорақысы, осы халықты түсінбей дал болам. Тұздыбастау, Белбұлақ ауылдарының аттары өзгергелі қашан?!.. Бірақ Талғар тұрғындары қашан көрсең «Калинин», «Мичурин» деп бақ-бақ етеді де жүреді. Ана бір шопырларды айтам-ау, осы сөздерді самбырлап құлақ етіңді жегенде, жерге кіре жаздайсың!
Ел санасындағы осындай «ауруды» сылып тастау үшін, әуелі мына ескерткіштердің қарасын құрту маңызды екенін аудан, облыс басшылығы қашан ойлар екен. Осыдан біраз бұрын Тұздыбастауда болған оқиға есіңізде ме? Екі бірдей мектеп оқушысының алқымын арқан қиып, ауыл түгел қара жамылып, күллі елдің назарын өзіне аударған болатын. Кесір бір иектесе, арылуы қиын деп ырымдайтын әдетіміз. Бәлкім, осы ауылды сары сақал, құдайсыз неменің «рухынан» тазартып, аластау керек шығар алдымен. Сонда елді үрейлендірген оқыс оқиғалар азаятын шығар.
Осы ойлардың жетегінде ауыл аралап бара жатып, тағы бір «тағзымға» көзім түсті. Тағы сол Тұздыбастаудың Талғар жақ шетінде Белбұлақ ауылымен жапсарлас тұста қызыл бесжұлдызды шекесіне қадап, «көненің көзі, ескінің сөзі» жазылған ескерткіш-тақта тұр екен. Оқыдық. «Жетісуда Совет одағын орнату жолында белсене күрескен большевиктерді А. П. Березовский мен К. В. Овчаров 1917 жылы 17 декабрьде нақ осы жерде ақгвардияшылар зұлымдықпен өлтірді». Ал сізге керек болса. Қазақты құдайсыздандыруды ойлаған, алаштың тең жарымын опат еткен кеңес одағына нәлет жаудырғанның орнына оның ескерткіштерін сол күйі «күтіп-баптап» отырғанымызға жол болсын!
Айттым ғой, аластау керек деп!
«Абай-ақпарат»