Жұма, 20 Қыркүйек 2019
Алаң 4876 35 пікір 21 Қараша, 2017 сағат 13:46

Адахан Мадумаров: Қалмақ бөле алмаған арамызды Атамбаев бөліп жатыр

Қырғыздың кетіп бара жатқан басшысы Алмасбек Атамбаев тағы да тулады. Атамбаевтың амбициясы екі елдің ресми билігін дауластырды. Бакиев билігін төңкеріп тастап, тізгінді қолына алған бұл байкеміз бейсауат сөздерімен қоңсылас жатқан қазақ пен қырғыздың ортасына от салған әккі провокатор болды.

Алмасбек Шаршеновичтің  қазақ халқының жүрегіне оқтай қадалған сөзі Хан Кененің әруағын тілдегені болды. Сонысымен бүтін ұлттың кешегі тарихына түкірді, ол.

Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаев Ала-Арша резиденциясында мұғалімдерге марапат тапсыру кезінде эмоцияға беріліп, Қазақ елінің көшбасшысына  тағы да тіл тигізді. Жеке адам ретінде, әрине, қандай ой айтса да құқылы еді. Бірақ, Алмазбек Атамбаев көрші елдің Президенті, мемлекеттің ресми бірінші адамы емес пе?. Осындай лауазымды тұлғаның өзін-өзі ұстай алмауының астарында не жатыр? Сауатсыздық па, жоқ әлде сыртқы күштердің ықпалы ма?

Әбден мүмкін. Жақында ғана Атамбаев Ресей Президенті Владимир Путиннен араша түсуді сұрады. "Егер сізге ЕАЭО керек болса, онда Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы дауға бейжай қарамаңыз!" деді.

2011 жылы қырғыз тағына үміткер болған Атамбаев Мәскеуге барған еді. Ол кезде "премьерзидент" лауазымында болған Путин Атамбаевтың бір ауыз сөзін жерге тастамады, қолдау көрсетті. Сөйтіп Алмасбек Президент болды. Батыспен жасаған келісімдерді бұзып, Солтүстікпен интеграция жасады.Одаққа кірді. Ортақ қазаннан ас ішуге мақұл болды.

Өткенде Атамбаевтың қолына шарап толы бокалды ұстап тұрып: "Мен Ресейді сүйемін!" деуі соның нәтижесі.

Күні кешеге дейін (қырғыздағы президенттік сайлауға дейін) сәлемі түзу Алмасбекті не түлен түртті?  Кезінде Алмасбектің өзі ағалап-жағалап, қолтығына кіріп, көлеңкесінен шықпай жүрген Президент Назарбаевтыианаттап, оған небір өкпесін айтып, ақырында кәрі сүйек, қубас деуге тілі жетті.

Елбасшысын тілдесе де Атамбаев дұрыс айтты деген "тобыр" да табылды, қазақтың арасында.

"Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі". Атамбаев "түйе-саясаткер" емес. Сондықтан да "атанға" барып сүйкенгенін түсініп, екі ел арасындағы түсініспеушілікті тез жоюға тырысуы керек. Көрші елдің билігін мінбеде тұрып алып Отынбаеваны, Текебаевті сөккендей сөгу - кешірілмейтін іс.

Айтпақшы, Атамбаевтың алжығанын біз түгілі туысқан қырғыздың өз тумалары айтып жатыр.

Кешегі сайлау додасында алғашқы үштікке кірген Адахан Мадумаров дейтін азамат бар қырғызда.

Қырғыз саясатындағы халықшыл тұлға. Оны қолдаушылар да көп. Биліктің әкімшілік ресурстарды емін-еркін пайдаланып, дауысты бұрмалап қол жеткізген Жиенбековтің жеңісін әшкерелеген алғашқы адам да осы - Мадумаров. Ошта тұрып сөйлегенде: "Мына жұртты ары тарт та, бері тарт қылмайық. Егер турашыл адам болса, мен-ақ беремін жолымды. Бірақ, жұдырықтай жұмылып, қырғызды аяққа тұрғызайық", деген еді.

Сол Адахан байке жақында қырғыздың "Шындық" сайтына сұхбат беріпті. Біз Адахан мырзаның қазаққа қатысты дегендерін қазақшаға қотарып бергенді жөн көрдік.

"Мынау шекарада ондаған шақырымға созылған көш тұр. Қырғыз диқандарының 6 айғы маңдай терлері, өнімдері шекарада іріп-шіріп жатыр. Міне, жаңа президент шешуге тиіс бірінші мәселе осы болуы керек! Өйткені ол жерде 100 миллионның тауары күйіп жатыр.

Осыларды көре тұра, Жиенбековтің "мәселені шешемін" деудің орнына "досымның жолын жалғаймын" дегені сорлылық?!

Сол досы кетуіне 20 күн қалғанда демалысқа кетті. Айналайын, осынша халықты қинап қойып қалай дем аласың, сен?!",- дейді Адахан Мадумаров.

Шекарадағы шектеу мен Атамбаев билігінің Қазақстан тарапы ұсынған гуманитарлық көмектен бас тартуы туралы да айтқан Адахан байке, "бұл қырғыз билігіне емес, қырғыз халқына керек қаражат еді" дейді.

"Ресейдің қалаларына жеткізілген жеміс-жидектер қайтарылып жатыр. Кеше ғана Жаңа Сібірге жеткізілген алмалар қайтарылды. Қазақстан Қырғызстаннан шығатын сүт өнімдеріне шектеу қойды. Бұның барлығын есептесе, миллионердің қалтасы көтермейтін қыруар қаражат.

Оның үстіне Қазақстан ұсынған гуманитарлық көмектен бас тартты. Не,  қалтасын тесіп бара ма, Атамбаевтың? Бұл Атамбаевқа емес, қырғыз халқына керек ақша еді!", - дейді "Бүтін Қырғызстан" партиясының жетекшісі.

"Манаста айтылғандай, "Жаратқан Алла бөлмесе, басқа ешкім бөле алмағайды" деп. Біздің арамызды қалмақ та бөле алмаған.  Қазақ пен қырғыздың арасын аса залым дұшпан бөледі. Қазір кімнің бөліп отырғанын көріп отырсыздар!"

Бұл-  Адахан Мадумаровтың Атамбаев жайлы айтқан ащы пікірі. Алып-қосарымыз жоқ.Турасын айтты.

Сөзді Адахан байке Мадумаровтың мына бір пікірімен түйіндегенді жөн көрдік.

"Егер де Нұрсұлтан Әбішұлының орнында басқа біреу болғанда, тіпті, мен болсам да осыны жасар едім. Неге? Бөтен елдің адамы менің Мемлекетімді мазақ етіп, ұлттық намысыма тисе... оларды қандай хан басқарып келген, кімдер басқарып келген деп, менің елімнің тарихын тілдесе, кім болса да осылай жасайды.

Бұнда Назарбаевқа өкпелеуге себеп жоқ. Намысы бар, реакция көрсетті. Бірақ, Атамбаевқа көрсеткен реакциясының зардабын халық тартып жатыр. Осыған қапаланамын.

Нұрсұлтан Әбішұлы, елдің ішінде әрқандай адам болады. Өзіңіз айтпақшы, жетекші болу үшін пілдің терісіндей тері болуы керек.

Біздің балалардың ырызғысы қиылып жатыр. Осыған бір амал қылыңыз. Азапты Атамбаев тартсын. Қазір азапты халық тартып отыр, деп айтып ем. Қазір тағы айтамын...".

Иә, Назарбаев пен Атамбаев арасындағы даудың зардабы қазақ-қырғыз шекарасындағы шаруа жұртқа әбден тиді.

Ал Атамбаев болса, ақылға келер түрі жоқ. Мәскеуге мойын соза қарап, араша түспесең болмай кеттінің керін келтірді.

Жә, "Бетеге кетер, бел қалар, Бектер кетер, ел қалар!"  Президенттер келіп-кетіп жатады. Қазақ-қырғыз жақын елміз. Тату тұруымыз қажет. Бір-бірімізбен бет жыртысып, дүрдараз болып жүргеннің түбі жақсылыққа апармайтынын біз де, қырғыздар да біледі. Соны енді Президенттер түсінсе...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

35 пікір