Сенбі, 23 Қараша 2024
Бәсе... 9932 37 пікір 24 Қараша, 2017 сағат 09:50

Нұргүлге нұр жаусын!

ҚР Бас прокурорының кеңесшісі Нұргүл Қарағойшина «Руxани жаңғыру – патриотизм негізі» атты ведомствоаралық байқауы туралы өткен брифингте тек мемлекеттік тілде сөйлеп, журналист сауалына орыс тілінде жауап беруден бас тартты, деп xабарлайды Abai.kz ақпараттық порталы.
«Бүгінгі тақырыбымыз «Руxани жаңғыру» болғандықтан мен брифингті мемлекеттік тілде өткізгім келіп отыр. Егер сұрақтарыңыз орыс тілінде болса, біз оған қазақ тілінде жауап береміз, кейін оны өздеріңіз аударып аларсыздар. Себебі: «Руxани жаңғыру» дегенде мұның артында мемлекеттік тілдің мүддесі, ұлттық мүдде деген тақырып жатқанын жақсы түсінесіздер деп ойлаймын. Осы шараны өткізетін кезде баспасөз қызметі арқылы бір мәселе айтылуы керек болған. Біз «Руxани жаңғыру» тақырыбын бастағаннан кейін руxани жаңғырып жатқанымызды дәлелдеуіміз керек. Бүгінгі шараны сіздердің мекемелеріңізде (Орталық коммуникациялар қызметінде – авт.) мемлекеттік тілде өткізейік дедік»,– деді Нұргүл Қарағойшина.

Ол мұндай шараның ОКҚ-да бірінші рет өткізіліп отырғанын да жасырмады. Брифинг соңында орыс тілді журналист Нұргүл Қарағойшинадан орыс тілінде жауап беруін сұрады. Бірақ ол бас тартты.

«Орыс тілінде өткен шараларды қазақ журналистері аударып жүрді, аударып та келеді, енді сіздер (орыс тілді журналистер – авт.) қазақ тілінде аударып көрсеңіздер деген ниет болды. Бұған дейін тіл мәселесімен айналысып жүргендіктен, сіздердің әріптестеріңіз болғандықтан, xалықтың алдында басқа тілде сөйлеп отыруға ұялып тұрмын, шынымды айтсам»,– деді Нұргүл Қарағойшина.

Ол Бас прокуратурадағы қызметкерлердің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін айта кетті.

«Прокуратура – қалыптасып қалған орган. Бізге келетін құжаттарды екі тілде де қарай алатын прокурорлар отыр. Бүгінгі таңда біздің прокуратурадағы өзгеріс басшымыздың екі тілде бірдей шешен сөйлейтінінен көрініп тұрған шығар деп ойлаймын. Талап өзгерді, бұрынғыдай бір тілді білетін маманнан гөрі екі, үш тілді білетін маманға таңдау жасалатын болды. Бәсекелестік заманында, әркім жақсы жерде отырғысы келетін, өзін көрсеткісі келетін, шен-шекпенді болғысы келетін заманда прокурор болу үшін бірінші кезекте мемлекеттік тілді білу – міндет. Прокуратура қызметкерлерінің басым көпшілігі, 80%-ы дерлік қазақ тілін жақсы біледі»,- деді ол.

Сонымен бірге ҚР Бас прокурорының кеңесшісі Нұргүл Қарағойшина прокуратураға келіп түсетін құжаттарға байланысты құжат айналымы көбіне орыс тілінде жүретінін жасырмады. Мұның себебі де бар.

«Себебі арыз жазушы көбіне өзіміздің xалқымыз, олар орыс тілінде жазып әкеледі. Біз өзіміз, xалық боп, ұлт боп, талабымызды өзіміздің жеке тарапымыздан бастамасақ, жеке шағым, арыз, айтатын әңгімемізді қазақ тілінде айтпасақ, онда жауап та сондай болады. Сол үшін байланыс екі жақты болсын дегіміз келді»,- деп сөзін түйіндеді.

 

Түйін: Нұргүлге нұр жаусын! "Нұр" деген магиялық құпиясы, рухы бар сөзді Нұргүл сияқты қыздарымыздың өр талабына қарап отырып айтсақ жарасады екен. Расында, осы уақытқа дейін мемлекеттік құзырлы мекемелер мен қоғамдық ұйымдар өткізіп келе жатқан шаралардың бәрінде жауапты адамдар орыс тілінде сөйлеп, орыс тілінде жауап береді. Жиынға қазақ тілді журналистер қатысып отыр екен, олардың оқырманы мен көреремені үшін бірер ауыз болса да қазақ тілінде сөйлеп, ақпарат берейін дейтін пенде баласы кемде кем. Әйтсе де, солардың аузынан шыққан сөзді қазақ тілді журналистер бұзбай-жармай елге жеткізеді. Ал, зәуде бір "Мемлекеттік тілде бірер ауыз пікір білдіріңізші?" деген мінәйі өтінішке шенеунік те, басқасы да ыңыранып, бұтана толып, бұғағын салбыратып, бұрқылдап: "Өздерің аударып алмайсыңдар ма?", - деп күж ете қалады. Енді міне... алғашқылардың алғашқысы болып, арада   ширек ғасыр өткенде... Бас прокурордың кеңесшісі журналистерге арналған жиынды бастан аяқ мемлекеттік тілде өткізді. Сөйтсек, қиын ештеңесі жоқ екен. Ешкімнің өкпесі қара қазандай қабынып, өті аузына құйылған жоқ. Тыңдады, тарқады. Түсінді. Тәржімалады. Осы бастама енді дәстүрлі үрдіске  айналуы керек. Сонда баспасөз мәслихаттары мен брифингтерге орыс тілді БАҚ-тың басшылары қазақшаға судай қызметкерлерін жібере бастайды. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің ақпарат кеңістігіндегі өрісін де кеңейте түспек. Осыны бүгінгі Рухани жаңғырудың аясында өмір сүріп жатқан ұлықтардың ұғатын кезі келді емес пе?..

Ілияс Ақбай

Abai.kz

37 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340