«Сәләфимін» деп жүргендер кімдер?
Бүгінде өзін "сәләфимін" деп жүрген ағымдағылар «сәләф» сөзінің түпкі мағынасын түсіне бермейді және олардың негізгі көзқарастарын төмендегідей үшке бөліп көрсетуге болады:
1. Олардың ойынша: барлық әлем тек мұсылмандарға қарсы жұмыс жасап отыр және әлем мұсылмандардың бұл өмірдегі дәрежесін төмен деп қарастырады. Әлемдегі көзге көріне бермейтін күштер бүткіл мұсылмандарға қарсы арнайы келісім шарт құрған және олардың негізгі мақсаты барлық мүмкіндіктерді мұсылмандарға қарсы жұмылдырылу болып табылады.
2. Осыған байланысты мұсылмандар бірігіп мұндай дұшпандарға қарсы тұруы керек. Сонымен қатар қазіргі мұсылман әлемінде болып жатқан келеңсіздіктерді ұйымдастырғаны үшін олардан кек алуы қажет. Оларға қарсы тұру екі жолмен жүзеге асады. Біріншісі, кәпірлерді өлтіру. Мұндағы кәпірлер дегеніміз -сәләфилермен санаспаған барлық адамзат. Екіншісі, діннен бас тартқандарды өлтіру. Діннен бас тартқандар деген мейлі ол мұсылман болсын Аллаһ Тағаланың шариғатымен жүрмегендер, Құранмен үкім шығармағандар.
3. Бүгінде сәләфилер үшін басты жұмыс – идеологиялық жұмыс. Бұл дегеніміз -сәләфизмді жақтаушылар арнайы бір ұйым немесе басқарма құрып жұмыс жасамайды деген сөз. Олар өздерінің идеологиясын жіпке тізген құмалақтай бірізді етіп, халықтың арасында тұрақты уағыздаумен айналысады. Сәләфизмді жақтаушыларадың осындай үш сатылы жұмысының нәтижесі жүзеге асу үшін біршама уақыт талап етіледі. Соның салдарынан уақыт өтумен бірге халықтың арасында бөлінушілік пайда болады да, сәләфизм идеологиясы тез тарап, бүгінде Ислам әлемінде болып жатқандай қантөгістерге алып келеді. Өкінішке орай мұндай идеологияның жетегінде жүргендер оның парқына бара бермейді және оның арғы жағында дін емес, саясат жатқанын көбісі аңғармайды.
Қазіргі таңда сәләфизм (уахабия) идеологиясы – ақиқаттың бетін жабушы болып қалыптасып үлгерді, сондай-ақ, мұсылмандардың өркендеуіне, діни тұрғыда ілгері дамуына және де Ислам әлемінің, соның ішінде Мысыр елінің әлемдік аренада барлық жағынан қалыс қалуына себеп тудырып, кері тартып жатыр. Ең сорақысы - аталмыш идеология экстремистер үшін тура ақиқатқа барар жол болып қалыптасқан. Мұндай көзқарастағы адамдар кез-келген елдің тыныштығын бұзуға, адами құндылықтардың жойылуына "ат салысуда". Ал белгісіз қияли армандармен өмір сүретін, өзгенің қалауымен жүретін қоғам өз ішінен дертті болып өседі. Демек, мұндай адамдар өзінен басқа айналасындағы адамдарға зиянын тигізеді және елдің болашағына балта шабады деген сөз. Сонымен қатар сәләфизм идеологиясының негізгі ұстанымы: ол өткен мәселені бүгінгі заманауи мәселелермен байланыстыру. Бұл дегеніміз - өткен заманғы қоғамның әдеп-ғұрпын, киім үлгісін, салт-дәстүрін, ішіп жеу мен жатып тұру және т.б. халықтың ұстанымы секілді әрекеттердің бәрін бүгінгі әрекеттермен байланыстыру деген сөз.
Осындай әрекеттерді салыстырумен айналысатын кез-келген сәләфизм жақтаушылары қоғамда көптеген келіспеушіліктер мен қысымдарға тап болады. Олардың көзқарастары қоршаған ортамен сәйкес бола бермейді және қоғам пікірімен санаспайды. Сондықтан мұндай адамдар өздерін қоғамның тұтастай дұшпаны санап, ондай қоғамнан арылу үшін өзін-өзі өлтіруге бейім болады немесе сол қоғамды реттеу үшін өз көзқарасына сәйкес барлық жағдайды жасайды. Осылайша олар саны көп болмаса да қоғамның ғасырлар бұрын қалыптасқан санасын өзгертуге тырысады және Ислам діні де аз мұсылмандардан тараған деген ұстанымдарды алға тартып өздерін жұбатумен айналысады. Сәләфизм идеологиясының негізгі ерекшелігі – діни ұстаным мәселесінде қатты болу. Себебі, мұндай адамдар өзі өніп өскен қоғамда қателіктер көп деп санайды және ол үшін өздерін тазартуға бейімдейді. Ал, бұл үшін ең бастысы ол қоғамнан оқшаулану болып табылады. Оқшауланған адам өзінің бағытын анықтау барысында көптеген жеке ізденістерге түседі. Алайда, ол өзінің көзқарасын қуаттау үшін оған сәйкес болған бір тәлімгер сайлайды.
Осындай жағдайға түскен кез-келген адам ақылдың емес, белгісіз бір тәлімгердің жетегінде кетері сөзсіз. Нәтижесіне ол өз тәлімгерінен өзгені тыңдамайды және ешбір ғалымды мойындамайды. Оның сөзінен, насихатынан бас тартады. Сөйтіп, сәләфизм идеологиясын құптайтын қоғамнан оқшауланған бір топ мұсылмандар бірігіп жұмыс жасай бастайды. Мұндай топтағы мұсылмандар өздерінің ұстанымдарын өзгеден дұрыс көріп, бойларында тәкәппарлық, менсінбеушілік мінездер қалыптасады. Дін мәселесінде олармен тартысқа түскен кез-келген адамның көзқарасы олар үшін жат әрі ешкімді қабылдамайтындай дәрежеге жетеді. Сондай-ақ, осындай топтағы адамдардың әрекеттері төмендегідей өзгеріске түседі:
Олар қоғамда болып жатқан кез-келген жағдайларды дінмен байланыстырып, олар үшін барлығы бидағат (дінге енгізілген жаңалық) болып шығады; Олар қашан да ақиқаттан гөрі өздерінің көзқарастарын жоғары қояды; Олар мұсылмандардың өмірін тарылтады да «харам» мәселелердің ауқымын кеңейтеді; Олар басқа діни ғұламаларды мойындамайды және өздерінің түсінік шеңберлерінде ғана діни мәселелерді талқылайды; Олар ең алғашқы сәләфизм идеологиясын насихаттаған тәлімгерлерге еліктейді және солардың айтуы бойынша жүреді; Олармен санаспағандарға қарсы және оларға қарсы тез үкім шығарады.
Бүгін барша мұсылмандарға мұндай идеологиямен күресуге уақыт туды. Ол үшін сан ғасырлар бойы діни сенімінде жаңылмай «Аһли сүннә уал жамаъ» жолында сондай-ақ, ұлы мәзхабттардың салған ізгі бағытын қолдап келген ұстанымына қайтуымыз керек. Осындай өмірдің мәнін кіргізетін құндылықтарды жоққа шығаратын сәләфизм секілді қоғам дертіне жұмыла қарсы тұруымыз керек. Алланың қалауымен сәләфизмге қарсы сіздерге түсіндірмек болған мәселе осы еді. Алла Тағала бәрін көріп, жақсы білуші!
Шейх Али Жумаъ, Мысырдың экс-мүфтиі
Редакциядан: Мысыр елінің бұрынғы мүфтиінің сәләфизмнің ерекше белгілері туралы мақаласы редакциямызға ҚМДБ тарапынан ұсынылғанын ескертеміз.
Abai.kz